Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

Ехоба куәгерлері

Тілді таңдау қазақ

Матай 25:1—46

25  Сондай-ақ Көк патшалығы қолдарына шам алып, күйеу жігітті қарсы алуға шыққан он қызға ұқсайды.  Олардың бесеуі ақымақ, бесеуі ақылды болыпты.  Ақылсыз қыздар шамдарын алғанмен, құятын артық май алмайды,  ал ақылдылары шамдарымен қоса, май құйылған құтыларын да ала шығады.  Күйеу жігіт кешігіп жатқандықтан, барлығы қалғып, ұйқыға кетеді.  Түннің дәл ортасында: —Күйеу жігіт келе жатыр! Оны қарсы алуға шығыңдар!— деп айғайлаған дауыс естіледі.  Сол кезде қыздардың бәрі орындарынан тұрып, шамдарын дайындайды.  Сонда ақылсыз қыздар ақылдыларына: —Майларыңнан біраз беріңдерші, шамдарымыз сөнейін деп жатыр,— дейді.  Ақылдылары болса: —Бізге де, сендерге де жетпей қалуы мүмкін. Оданда сатушыларға барып, сатып алыңдар,— деп жауап береді. 10  Олар май сатып алуға кеткенде, күйеу жігіт келіп, дайын тұрған қыздар онымен бірге той болатын үйге кіреді де, арттарынан есік жабылады. 11  Кейіннен, қалған бесеуі келіп: —Мырза, мырза! Есікті аша көріңіз!— деп өтінеді. 12  Ал күйеу жігіт: —Шын айтамын, мен сендерді танымаймын!— деп жауап береді. 13  Сондықтан сергек болыңдар! Өйткені сендер сол күнді де, сағатты да білмейсіңдер. 14  Сондай-ақ Көк патшалығын басқа елге сапарға шығарда құлдарын шақырып алып, өз мүлкін аманаттап тапсырған адамға теңеуге болады. 15  Ол әрқайсысына қабілетіне қарай, біреуіне бес, екіншісіне екі, үшіншісіне бір талант* беріп, сапарына аттанады. 16  Бес талант алғаны дереу барып, оны айналымға жіберіп, тағы бес талант табады. 17  Екі талант алғаны да дәл осылай істеп, тағы екі талант табады. 18  Ал бір ғана талант алғаны барып, қожайынының күміс ақшасын жерге көміп тастайды. 19  Арада көп уақыт өткен соң қожайыны келіп, құлдарынан есеп беруді талап етеді. 20  Сонда бес талант алған құл тағы да бесеуін әкеліп: —Қожайын, сіз маған бес талант аманаттап едіңіз, міне, үстінен тағы бесеуін көрдім,— дейді. 21  Қожайыны оған: —Жарайсың, жақсы да адал құл! Аз істе сенімді болғаның үшін, сені көп істің басына тағайындаймын. Қожайыныңның қуанышына ортақтас,— дейді. 22  Сосын, екі талант алғаны келіп, оған: —Қожайын, сіз маған екі талант аманаттап едіңіз, міне, оның үстінен тағы екеуін көрдім,— деп есеп береді. 23  Қожайыны оған: —Жарайсың, жақсы да адал құл! Аз істе сенімді болғаның үшін, сені көп істің басына тағайындаймын. Қожайыныңның қуанышына ортақтас,— дейді. 24  Ақырында, бір талант алған құл келіп: —Қожайын, сіздің өзіңіз екпеген жерден орып, желпімеген жерден жинайтын қатал адам екеніңізді білетінмін. 25  Сондықтан сізден қорықтым да, барып, талантыңызды жерге көміп тастадым. Мінеки, соныңыз,— дейді. 26  Бұған қожайыны: —Әй, зұлым да жалқау құл! Менің екпеген жерден орып, желпімеген жерден жинайтынымды білдің емес пе? 27  Олай болса, күміс ақшаларымды айналымға жіберуің керек еді. Сонда қайтып келгенімде, өзімдікін өсімімен қайтарып алатын едім,— дейді. 28  Сонан соң, қызметшілеріне: —Одан талантын алып, он таланты барға беріңдер. 29  Өйткені кімде бар болса, оған тағы да беріліп, сол адамда молынан болады, ал кімде жоқ болса, тіпті өзінде бары да алынып қойылады. 30  Ал мына түк пайдасы жоқ құлды сырттағы қара түнекке лақтырыңдар! Сол жерде ол заң еңіреп, қинала тістенетін болады,— дейді. 31  Ұлылыққа бөленген Адам Ұлы періштелерімен бірге келген кезде, салтанатты тағына отырады. 32  Сол уақытта оның алдына барлық халықтар жиналып әкелінеді. Сонда ол шопанның қойларды серкелерден бөлгеніндей, адамдарды екі топқа бөліп, 33  қойларды оң жағына, серкелерді сол жағына қояды. 34  Сонда Патша оң жағындағыларға былай дейді: —Әкемнің батасына ие болғандар, келіңдер! Дүниенің негізі қаланғаннан* бері сендер үшін Әкем даярлаған Патшалықты мұра етіңдер. 35  Өйткені сендер мен аш болғанда тамақ, шөлдегенде су бердіңдер. Бейтаныс болсам да, маған қонақжайлылық таныттыңдар. 36  Киімсіз қалғанымда, киіндірдіңдер. Ауырғанымда, қамқорлық жасадыңдар. Түрмеде отырғанымда, маған келдіңдер. 37  Сонда әділдер одан: —Ием, қашан біз сіздің аш болғаныңызды көріп, тамақ, шөлдегеніңізді көріп, су бердік? 38  Қашан бейтаныс болғаныңызда, сізге қонақжайлылық таныттық не киімсіз қалғаныңызда, киіндірдік? 39  Қашан ауырғаныңызда не түрмеде отырғаныңызда, сізге бардық?— деп сұрайтын болады. 40  Бұған Патша: —Сендерге шындығын айтамын, бұларды ең кішкене деген бауырларымның біріне жасағандарың — маған жасағандарың,— деп жауап береді. 41  Бұдан кейін Патша сол жағындағыларға былай дейді: —Менен аулақ кетіңдер, қарғыс атқандар! Сендер Ібіліс пен оның періштелеріне дайындалған мәңгілік отқа түсесіңдер! 42  Өйткені сендер мен аш болғанда тамақ, шөлдегенде су бермедіңдер. 43  Бейтаныс болғанымда, қонақжайлылық танытпадыңдар, киімсіз қалғанымда, киіндірмедіңдер, ауырғанымда және түрмеде отырғанымда, маған қамқорлық жасамадыңдар. 44  Сонда олар да: —Ием, қашан біз сіздің ашыққаныңызды не шөлдегеніңізді, бейтаныс болғаныңызды не жалаңаш қалғаныңызды, ауырғаныңызды не түрмеде отырғаныңызды көріп, сізге қызмет көрсетпедік?— деп сұрайтын болады. 45  Сол кезде патша: —Сендерге шындығын айтамын, бұларды ең кішкене деген бауырларымның біріне жасамағандарың — маған жасамағандарың,— деп жауап береді. 46  Сонымен, олар мәңгілікке жойылады, ал әділдер мәңгілік өмірді иемденеді”.

Сілтемелер

Мт 18:24-тің сілтемесін қараңыз.
Мт 13:35-тің сілтемесін қараңыз.