Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

Ехоба куәгерлері

Тілді таңдау қазақ

Матай 22:1—46

22  Иса оларға мысалдар келтіре отырып, сөзін жалғап былай деді:  “Көк патшалығы ұлына үйлену тойын жасамақ болған патшаға ұқсайды.  Ол қонақтарды шақыруға құлдарын жібереді, бірақ тойға шақырылғандар келгілері келмейді.  Патша тағы басқа құлдарын жіберіп, шақырылғандарға: —Міне, қонақасын әзірлеп қойдым. Бұқалар мен бордақыланған мал сойылып, бәрі дайын тұр. Тойға келе беріңдер,— деуді тапсырады.  Бірақ олар шақыруды елемей, бірі егіндігіне, екіншісі саудасына кетіп қалады.  Ал қалғандары құлдарды ұстап алып, қорлап, өлтіріп тастайды.  Сонда патша қаһарланып, әскерін жібереді де, кісі өлтірушілердің көзін құртады, қалаларын болса өртеп жібереді.  Сосын, құлдарына: —Той дайын, бірақ шақырылғандар лайықсыз болып шықты.  Сондықтан қаладан шығатын жолдарға барып, кездескендердің бәрін тойға шақырыңдар,— дейді. 10  Құлдары көшелерге шығып, жақсылы-жаманды кісілердің бәрін жинап әкеледі де, той өтетін жер дастарқан басына жантайған адамдарға толады. 11  Патша қонақтарды көруге келгенде, той киімін кимеген бір кісіні байқап, 12  оған: —Достым, той киімінсіз мұнда қалай кірдің?— дейді. Ол үнсіз қалады. 13  Сонда патша қызметшілеріне: —Оның қол-аяғын байлап, сырттағы қара түнекке тастаңдар. Сол жерде ол зар еңіреп, қинала тістенетін болады,— дейді. 14  Сонымен, шақырылғандар көп, ал таңдап алынғандар аз”. 15  Сол кезде парызшылдар ол жерден кетіп, Исаны сөзден ұстау үшін кеңес құрды. 16  Сөйтіп, оған өздерінің шәкірттері мен Иродтың жақтастарын жіберіп, мынаны сұратты: “Ұстаз, біз сенің шыншыл екеніңді әрі шынымен Құдай жолына үйрететініңді, сондай-ақ өзгенің пікірінен қорықпайтыныңды білеміз, өйткені сен ешкімнің атақ-дәрежесіне қарамайсың. 17  Сондықтан, ойыңды айтшы, патшаға* алым-салық төлеу заңды ма, жоқ па?” 18  Бірақ Иса олардың арам ойларын біліп: “Мені неге сынайсыңдар, екіжүзділер? 19  Маған салыққа төлейтін тиынды көрсетіңдер”,— деді. Олар динар әкеліп бергенде, 20  ол: “Мына сурет пен жазу кімдікі?”— деп сұрады. 21  Олар: “Патшанікі”,— деп жауап берді. Сонда Иса: “Ендеше патшанікін патшаға, ал Құдайдікін Құдайға беріңдер!”— деді. 22  Мұны естігенде олар қайран қалып, оны тастап, жөндеріне кетті. 23  Сол күні оған қайта тірілу жоқ деуші саддукейлер келіп, мынадай сұрақ қойды: 24  “Ұстаз, Мұса пайғамбар “Егер біреу бала көрмей өліп кетсе, бауыры оның жесіріне үйленіп, марқұмның ұрпағын жалғастыру керек” деген ғой. 25  Арамызда жеті ағайынды бар еді. Солардың үлкені үйленіп, артында ұрпақ қалдырмай көз жұмды. Ал оның әйеліне бауыры үйленді. 26  Бірақ бұнысымен де, үшіншісімен де, тіпті жетеуінің бәрімен дәл осылай болды. 27  Соңында әйел де дүние салды. 28  Ендеше өлгендер қайта тірілгенде, ол қайсысының әйелі болады? Жетеуі де оған үйленген еді ғой”. 29  Исаның жауабы мынау болды: “Сендер Жазбаларды да, Құдайдың құдіретін де білмегендіктен қателесіп тұрсыңдар. 30  Өйткені қайта тірілу болғанда адамдар үйленбейді де, күйеуге де шықпайды. Олар көктегі періштелер іспетті болады. 31  Қайта тірілгендер жөнінде Құдайдың сендерге 32  “Мен Ыбырайым, Ысқақ және Жақыптың Құдайымын” дегенін оқымап па едіңдер? Ол өлгендердің емес, тірілердің Құдайы”. 33  Мұны естіген халық оның тәліміне қайран қалды. 34  Исаның саддукейлерді жым қылғанын естіген парызшылдар жиналып, оның қасына келді. 35  Сонда Мұса заңын жетік білетін біреуі оны сынамақ болып: 36  “Ұстаз, Мұса заңындағы ең басты өсиет қайсысы?”— деп сұрады. 37  Ол былай деді: “Ехоба Құдайыңды шын жүректен, бүкіл жан-тәніңмен, барлық ақыл-ойыңмен сүй!” 38  Ең ұлы әрі бірінші өсиет — осы. 39  Екіншісі де сол сияқты: “Жақыныңды* өзіңді сүйгендей сүй”. 40  Бүкіл Мұса заңы мен пайғамбарлардың сөздері осы екі өсиетке негізделген”. 41  Парызшылдар қасына жиналып тұрғанда, Иса олардан: 42  “Мәсіх туралы не ойлайсыңдар, ол кімнің ұлы?”— деп сұрады. Олар: “Дәуіттің”,— дегенде, 43  ол мынаны айтты: “Ендеше неге Дәуіт киелі рухтың жетелеуімен оны Ием деп атайды? Ол: 44  “Ехоба менің Иеме былай деді: —Жауларыңды аяғыңның астына салып бергенімше, оң жағымда отыр”,— деген ғой. 45  Егер Дәуіт оны Ием деп атаса, қалайша ол оның ұлы болады?” 46  Ешқайсысы оған бірде-бір сөз айта алмады. Сол күннен бастап оған сұрақ қоюға ешкімнің батылы бармады.

Сілтемелер

Немесе “цезарьға”.
Мт 5:43-тің сілтемесін қараңыз.