Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

Ехоба куәгерлері

Тілді таңдау қазақ

Матай 21:1—46

21  Олар Иерусалимге таяп, Зәйтүн тауындағы Бетфагеге келгенде, Иса екі шәкіртін жұмсап,  былай деді: “Алдарыңда жатқан ауылға барыңдар. Оған кірген бойда байлаулы тұрған есек пен тайқарды көресіңдер. Екеуін де шешіп, маған әкеліңдер.  Егер біреу бірдеңе десе, “бұлар Иемізге қажет” деңдер. Сонда ол бірден рұқсат етеді”.  Бұл пайғамбар арқылы айтылған келесі сөздер орындалу үшін болды:  “Сион қызына былай деңдер: —Міне, есекке, жүк таситын жануардың тайқарына, мінген кішіпейіл* Патшаң саған келе жатыр”.  Сонымен екі шәкірті барып, Иса бұйырғандай істеді де,  есек пен тайқарды әкелді. Шәкірттері олардың үстеріне жамылғыларын жапқаннан кейін, Иса тайқарға отырды.  Жұрттың көбісі жолға жамылғыларын жайса, өзгелері ағаштардан бұтақтар кесіп, төсей бастады.  Исаның алды-артындағы жұрт былай деп дауыстап келе жатты: “Дәуіттің Ұлын құтқара көр! Ехобаның атынан келе жатқан ол жарылқанған! Заңғар көктегі, оны құтқара көр!” 10  Ол Иерусалимге кіргенде, бүкіл қала толқып: “Бұл кім?”— десті. 11  Бұған жұрт: “Бұл — Ғалилеядағы Назареттен шыққан Иса пайғамбар!”— деп жатты. 12  Иса ғибадатханаға кіріп, ондағы сатушылар мен алушылардың бәрін қуып шықты. Ал ақша айырбастаушылардың үстелдері мен көгершін сатушылардың орындықтарын аударып тастады. 13  Сосын, оларға: “Киелі жазбада “Менің үйім дұға ететін үй деп аталады” делінген, ал сендер оны қарақшылардың ордасына айналдырып жатырсыңдар!”— деді. 14  Ғибадатханада оның қасына соқырлар мен ақсақтар келді, Иса оларды сауықтырды. 15  Жоғарғы діни қызметкерлер мен заң мұғалімдері оның жасаған кереметтерін және балалардың ғибадатханада: “Дәуіттің Ұлын құтқара көр!”— деп айқайлап жатқанын көргенде, ашуланып: 16  “Мыналардың не деп жатқанын естисің бе?”— деді. Сонда Иса: “Иә. Сендер “Бөбектер мен емізулі балалардың аузымен өзіңді дәріптеттің” деген сөздерді ешқашан оқымап па едіңдер?”— деп жауап берді. 17  Бұдан кейін Иса қаладан шығып, Бетанияға келді де, сол жерде түнеді. 18  Таңертең қалаға қайтып келе жатқанда, оның қарны ашты. 19  Жол бойындағы бір інжір ағашын көріп, соған қарай жүрді. Бірақ жапырақтан басқа ештеңе таппай: “Бұдан былай ешқашан жемісің болмасын!”— деді. Сол сәтте інжір ағашы қурап қалды. 20  Мұны көрген шәкірттері: “Қалайша ағаш бірден қурап қалды?”— деп таңғалды. 21  Сонда Иса: “Сендерге шындығын айтамын, егер сенімдерің болса және еш күмәнданбасаңдар, менің осы інжір ағашына жасағанымнан да зор нәрсе істейсіңдер. Мына тауға: —Орныңнан көтеріліп, теңізге лақтырыл!— десеңдер, солай болады. 22  Осылайша сеніммен дұға етіп, не сұрасаңдар, соның бәрін аласыңдар”,— деді. 23  Иса ғибадатханаға кіріп, тәлім беріп жатқанда, қасына жоғарғы діни қызметкерлер мен ақсақалдар келіп: “Бұларды қандай билікпен істеп жүрсің? Мұндай билікті саған кім берді?”— деп сұрады. 24  Иса оларға былай деді: “Мен де сендерден бірдеңе сұрайын, соған жауап берсеңдер, бұларды қандай билікпен істеп жүргенімді мен де айтамын. 25  Жақия шомылдыру рәсімін жасауға билікті қайдан алды, көктен бе, әлде адамдардан ба?” Олар өзара былай деп пікірлесе бастады: “Егер: —Көктен,— десек, ол бізге: —Онда неге оған сенбедіңдер?— дейді. 26  Ал: —Адамдардан,— дейін десек, жұрттан қорқамыз, өйткені олар Жақияны пайғамбар санайды”. 27  Сондықтан Исаға: “Білмейміз”,— деп жауап берді. Сонда ол былай деді: “Ендеше бұларды қандай билікпен істеп жүргенімді мен де айтпаймын. 28  Мынау туралы не ойлайсыңдар: бір адамның екі ұлы болыпты. Ол біреуіне келіп: —Балам, бүгін жүзімдікке барып, жұмыс істеші,— дегенде, 29  ұлы: —Барамын, мырза,— дейді, бірақ бармай қояды. 30  Әкесі екіншісіне келіп те, осылай айтады. Сонда ол: —Бармаймын,— дейді, бірақ артынан бұған өкініп, жүзімдікке барады. 31  Осы екеуінің қайсысы әкесінің еркін орындады?” Олар: “Екіншісі”,— деп жауап берді. Бұған Иса былай деді: “Шындығын айтамын, салықшылар мен жезөкшелер Құдай патшалығына сендерден бұрын кіреді. 32  Себебі Жақия әділдік жолын көрсету үшін келген еді, бірақ сендер оған сенбедіңдер. Салықшылар мен жезөкшелер болса сенді, ал сендер мұны көрсеңдер де, артынан өкініп, оған сенген жоқсыңдар. 33  Тағы бір мысалды тыңдаңдар: бір кісі жүзім бағын отырғызып, оны айналдыра қоршау орнатады. Сосын, жүзім сығатын орын жасап, мұнара тұрғызады. Бұдан кейін бағын жүзімшілерге жалға беріп, өзі басқа елге сапарға аттанады. 34  Өнім жинайтын кез келгенде, ол өз үлесін алу үшін жүзімшілерге құлдарын жұмсайды. 35  Алайда жүзімшілер оларды ұстап алып, бірін ұрып-соғып, өзгесін өлтіріп, тағы басқасын таспен атқылайды. 36  Сонда жүзімдік иесі алғашқысынан да көбірек құлдарын жібереді. Бірақ жүзімшілер оларға да тап солай істейді. 37  Ақырында, ол: —Менің ұлымды сыйлар,— деп ойлап, ұлын жібереді. 38  Оны көрген жүзімшілер өзара: —Бұл — мұрагер ғой! Жүріңдер, оны өлтіріп, мұрасын иемденейік!— десіп, 39  оны ұстап алып, жүзімдіктің сыртына сүйреп шығарып, өлтіріп тастайды. 40  Енді жүзімдіктің иесі келгенде, оларға не істейді?” 41  Сонда әлгілер: “Ол зұлым жүзімшілердің көзін құртып, жүзімдігін мезгілі жеткенде өнімнен үлесін беретін басқа жүзімшілерге береді”,— деп жауап берді. 42  Иса оларға былай деді: “Жазбалардағы “Құрылысшылар бас тартқан тас негізгі бұрыштық тасқа айналды. Біздің көз алдымыздағы бұл керемет істі жасаған — Ехоба” деген сөздерді ешқашан оқымап па едіңдер? 43  Міне, сондықтан да мен сендерге былай деймін: Құдай патшалығы сендерден алынып қойылып, оған лайық өнім әкелетін басқа халыққа беріледі. 44  Сондай-ақ осы тасқа құлаған адам быт-шыт болады, ал үстіне осы тас түскен адам жаншылып қалады”. 45  Бұл мысалдарды естігенде, жоғарғы діни қызметкерлер мен парызшылдар оның өздері жайлы айтып тұрғанын түсінді. 46  Олар Исаны ұстап алудың амалын іздеді, бірақ халықтан қорықты. Өйткені халық оны пайғамбар санайтын.

Сілтемелер

Сөзбе-сөз “жұмсақ”.