Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

Ехоба куәгерлері

Тілді таңдау қазақ

Матай 20:1—34

20  “Көк патшалығы таң сәріде жұмысшылар жалдау үшін шыққан жүзімдік иесіне ұқсайды.  Ол жұмысшылармен күніне бір динар төлейтін болып келісіп, оларды жүзімдігіне жібереді.  Үшінші сағатта* тағы шығып, базар алаңында жұмыссыз тұрған басқа да адамдарды көреді де,  оларға: —Сендер де жүзімдігіме барыңдар. Тиісті ақыларыңды төлеймін,— дейді.  Олар сонда барады. Ол алтыншы* және тоғызыншы* сағат шамасында да солай етеді.  Он бірінші* сағат шамасында тағы барып, жұмыссыз тұрған басқаларды көреді де: —Неге күні бойы бос тұрсыңдар?— деп сұрайды.  Олар: —Бізді ешкім жалдаған жоқ,— дегенде, ол: —Сендер де жүзімдігіме барыңдар,— дейді.  Кеш түскенде жүзімдік иесі іс басқарушысына: —Жұмысшыларды шақырып, жалақыларын бер. Соңғыларынан бастап, біріншілерімен аяқта,— дейді.  Содан он бірінші сағаттан бастап жалданғандар келіп, әрқайсысы бір-бір динардан алады. 10  Сондықтан бірінші болып жалданғандар көбірек алармыз деп ойлайды, бірақ оларға да бір динардан беріледі. 11  Ақыларын алған соң, олар жүзімдік иесіне күңкілдеп: 12  —Мына соңғылар бір-ақ сағат жұмыс істеді, сөйтсе де сен оларды күні бойы аптап ыстықта ауыр еңбек еткен бізбен тең қойдың,— дейді. 13  Бірақ ол біреуіне: —Достым, саған әділетсіздік жасаған жоқпын ғой. Біз бір динарға келіспеп пе едік? 14  Ендеше ақыңды ал да, кете бер. Мен саған қанша төлесем, соңғы жалданғандарға да сонша бергім келіп тұр. 15  Әлде ақшамды өз қалауымша жұмсауға қақым жоқ па? Жоқ әлде менің ізгі екенімді көре алмайсың ба?*— деді. 16  Осылайша соңғылар бірінші, ал біріншілер соңғы болады”. 17  Иерусалимге өрлеп бара жатқан жолда Иса он екі шәкіртін былайырақ шығарып, мынаны айтты: 18  “Міне, Иерусалимге өрлеп келеміз. Сол жерде Адам Ұлы жоғарғы діни қызметкерлер мен заң мұғалімдерінің қолына ұстап беріледі. Олар оны өлімге кесіп, 19  басқа ұлт адамдарының қолына тапсырады. Ал олар болса оны мазақ етіп, қамшымен сабап, бағанаға іліп өлтіреді, бірақ ол үшінші күні қайта тіріледі”. 20  Сонда Зебедейдің әйелі екі ұлымен Исаның қасына келді де, тағзым етіп, өтінішін білдірмек болды. 21  Иса одан: “Не қалайсың?”— деп сұрағанда, ол: “Патшалығыңда екі ұлымның бірін оң, екіншісін сол жағыңа отырғызамын деп уәде етші”,— деді. 22  Сонда ол ағайынды екеуіне: “Не сұрап тұрғандарыңды өздерің білмейсіңдер. Мен ішетін тостағаннан іше аласыңдар ма?”— деді. Олар: “Іше аламыз”,— деп жауап бергенде, 23  Иса: “Мен ішетін тостағаннан ішесіңдер, бірақ менің оң не сол жағыма кім отыратынын мен шешпеймін. Бұл орындарды Әкем кімге дайындаса, солар отырады”,— деді. 24  Қалған он елші мұны естігенде, ағайынды екеуіне ашуланды. 25  Бірақ Иса оларды шақырып алып, былай деді: “Билеушілер қол астындағы халықтарды билеп-төстейтінін, ұлықтары да оларға қатаң әмір жүргізетінін білесіңдер. 26  Ал сендердің араларыңда бұлай болмау керек, қайта, кім ұлы болғысы келсе, сол сендерге қызметші болуы тиіс. 27  Кім бастыларың болғысы келсе, сол сендерге құл болу керек. 28  Осы сияқты, Адам Ұлы да өзіне қызмет еткізуге емес, өзі қызмет етіп, көптеген адамдар үшін жанын төлем ретінде беруге келді”. 29  Иерихоннан шығып бара жатқанда, олардың соңынан қалың жұрт ілесті. 30  Сол кезде жол бойында екі зағип кісі отыр еді. Исаның өтіп бара жатқанын естіп, олар: “Ием, Дәуіт Ұлы, бізге мейіріміңізді түсіре көріңіз!”— деп айқайлады. 31  Бірақ жұрт оларға үндемеуді бұйырды. Алайда олар одан бетер айғайлап: “Ием, Дәуіт Ұлы, бізге мейіріміңізді түсіре көріңіз!”— деді. 32  Сонда Иса тоқтап, оларды шақырып алып: “Сендерге не істегенімді қалайсыңдар?”— деп сұрағанда, 33  екеуі: “Ием, көзімізді аша көріңіз”,— деп өтінді. 34  Иса оларды аяп кетіп, екеуінің көзіне қолын тигізді. Сол сәтте көздері көретін болып, олар оның соңынан ерді.

Сілтемелер

Күн шыққаннан бастап есептегендегі үшінші сағат, яғни шамамен таңғы тоғыз.
Күн шыққаннан бастап есептегендегі алтыншы сағат, яғни он екі шамасы.
Күндізгі үштер шамасы.
Түстен кейінгі бестер шамасы.
Сөзбе-сөз “менің ізгі болғаным үшін көзің зұлым ба?”