Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

Ехоба куәгерлері

Тілді таңдау қазақ

Матай 14:1—36

14  Сол кезде аймақ әкімі Ирод* Иса туралы естіп,  қызметшілеріне: “Бұл — шомылдыру рәсімін жасаушы Жақия. Ол қайта тіріліпті, сондықтан да құдіретті істер жасап жүр”,— деді.  Өйткені Ирод өз бауыры Філіптің әйелі Иродияға бола Жақияны байлатып, түрмеге жаптырған еді.  Себебі Жақия Иродқа: “Бұл әйелді алғаныңыз заңға қайшы”,— дейтін.  Ирод оны өлтіргісі келді, бірақ халықтан қорықты. Өйткені халық оны пайғамбар санайтын.  Бірде Ирод туған күнін тойлап жатқанда, Иродияның қызы қонақтардың алдында би биледі. Би Иродқа қатты ұнап,  қызға сұрағанының бәрін беруді ант етті.  Ал қыз шешесінің үйретуімен: “Маған шомылдыру рәсімін жасаушы Жақияның басын табаққа салып беріңіз”,— деп сұрады.  Патшаның еңсесі түсіп кетті, бірақ берген антына және өзімен бірге жантайған қонақтарына бола қыздың өтінішін орындауды бұйырды. 10  Ол түрмеге кісі жіберіп, Жақияның басын алдырды. 11  Бас табаққа салынып, қызға әкелінді. Қыз болса оны шешесіне апарып берді. 12  Кейінірек Жақияның шәкірттері келді де, оның денесін алып кетіп, қабірге қойды. Сосын, Исаға барып, болған жайтты жеткізді. 13  Бұны естігенде, Иса оңаша болу үшін бір елсіз жерге қайықпен жүзіп кетті. Бірақ мұны білген жұрт қалалардан шығып, жаяу соңынан ілесті. 14  Иса қайықтан түскенде, қалың жұртты көрді. Оларды аяп кетіп, араларындағы ауруларды сауықтырды. 15  Кеш түсе шәкірттері келіп, оған: “Бұл — елсіз жер, кеш те түсіп қалды. Халықты таратып жібер. Ауылдарға барып, өздеріне тамақ сатып алсын”,— деді. 16  Бірақ Иса: “Оларға ешқайда кетудің қажеті жоқ. Тамақты сендер беріңдер”,— деп жауап қатты. 17  Шәкірттері: “Бізде бес нан мен екі балықтан басқа ештеңе жоқ”,— дегенде, 18  Иса: “Соларды маған әкеліңдер”,— деді. 19  Сөйтіп, халыққа көгалға жайғасуды бұйырды да, бес нан мен екі балықты алып, көкке қарап дұға етті. Сосын, нанды сындырып шәкірттеріне бере бастады, ал олар халыққа үлестірді. 20  Содан бәрі тамақтанып, тойып алды. Артылғанын жинап алғанда, он екі себет толды. 21  Әйелдер мен балаларды қоспағанда, тамақтанған ер кісілердің саны 5000-дай еді. 22  Бұдан кейін Иса бірден шәкірттеріне қайықпен арғы жағаға өте беруді тапсырып, өзі халықты тарату үшін сонда қалды. 23  Жұртты таратып болған соң, ол дұға ету үшін тауға көтерілді. Ымырт түсіп қалса да, сол жерде жалғыз қала берді. 24  Бұл кезде қайық жағадан бірталай алыстап кеткен болатын. Жел қарсы соғып тұрғандықтан, толқындар оны соққылап жатты. 25  Ал түннің төртінші күзетінде* Иса теңіз бетімен шәкірттеріне қарай жүрді. 26  Оның теңіз бетімен жүріп келе жатқанын көріп, шәкірттері абыржып: “Мынау елес қой!”— деді де, қорыққандарынан айқайлап жіберді. 27  Бірақ Иса оларға дереу тіл қатып: “Батыл болыңдар, бұл менмін! Қорықпаңдар!”— деді. 28  Петір оған: “Ием, егер бұл сен болсаң, өзіңе су бетімен келуге бұйыра көр”,— дегенде, 29  Иса: “Кел!”— деді. Сонда ол қайықтан шығып, су бетімен оған қарай жүрді. 30  Бірақ дауылды көріп, қорқып кеткен Петір суға бата бастағанда: “Ием, құтқара көр!”— деп айқайлап жіберді. 31  Иса дереу қолын созып, оны ұстай алды да: “Сенімі аз-ау, неге күмәндандың?”— деді. 32  Олар қайыққа мінгенде, дауыл басылды. 33  Сонда қайықтағы шәкірттері: “Сен шынымен де Құдайдың Ұлысың!”— деп, оған тағзым етті. 34  Олар теңізден өтіп, Генесәрет жеріне келді. 35  Сол жердің тұрғындары Исаны танып, бүкіл төңірекке хабар жіберді. Жұрт оған барлық ауру-сырқауларын алып келді. 36  Олар одан, ең болмағанда, жамылғысының шашағына қол тигізуге рұқсат етуін өтінді. Қол тигізгендердің бәрі құлантаза жазылып кетіп жатты.

Сілтемелер

Яғни Ұлы Ирод патшаның баласы Ирод Антипас.
Түсіндірмені қараңыз.