Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

Ехоба куәгерлері

Тілді таңдау қазақ

Матай 1:1—25

1  Бұл — Ыбырайымның ұрпағы әрі Дәуіттің әулетінен шыққан Иса Мәсіхтің* өмірі туралы жазылған кітап.   Ыбырайымнан Ысқақ, Ысқақтан Жақып, Жақыптан Яһуда мен оның бауырлары туды,   Яһудадан Парес пен Зарах туды, олардың анасы Тамар еді. Парестен Хесрон, Хесроннан Рам,   Рамнан Әминадап, Әминадаптан Нағасон, Нағасоннан Салмон,   Салмоннан Боғоз туды, оның анасы Рахаб болатын. Боғоздан Ғабит туды, оның анасы Рут еді. Ғабиттен Есей,   Есейден Дәуіт патша,  ал Дәуіттен Сүлеймен туды, оның анасы бұрын Ұрияның әйелі болатын.   Сүлейменнен Робоғам, Робоғамнан Әбия, Әбиядан Аса,   Асадан Жосафат, Жосафаттан Жорам, Жорамнан Ұзиях,   Ұзияхтан Жохатам, Жохатамнан Ахаз, Ахаздан Езекия, 10  Езекиядан Манаса, Манасадан Амон, Амоннан Жосия, 11  Жосиядан Ехония мен оның бауырлары туды. Олар яһудилер Бабыл еліне жер аударылған кезеңде өмір сүрген еді. 12  Бабыл елінде Ехониядан Салател, Салателден Зоробабел, 13  Зоробабелден Әбиуд, Әбиудтан Елиәкім, Елиәкімнен Азор, 14  Азордан Садық, Садықтан Ахим, Ахимнан Елиуд, 15  Елиудтен Елазар, Елазардан Матан, Матаннан Жақып, 16  Жақыптан Мәриямның күйеуі Жүсіп туды. Ал Мәриямнан Мәсіх болған Иса дүниеге келді. 17  Осылайша барлығы, яғни Ыбырайымнан Дәуітке дейін он төрт ата, Дәуіттен яһудилердің Бабыл еліне жер аударылғанына дейін он төрт ата, Бабыл еліне жер аударылғанынан Мәсіхке дейін он төрт ата болды. 18  Иса Мәсіхтің дүниеге келуі былай болды: оның анасы Мәриям Жүсіпке айттырылған еді. Олар әлі қосылмай тұрып, Мәриямның киелі рухтың құдіретімен бала көтергені белгілі болды. 19  Оның күйеуі* Жүсіп әділ кісі еді. Сондықтан қалыңдығын ел алдында масқара еткісі келмей, онымен жасырын түрде ажыраспақ* болды. 20  Бірақ ол осылай ойлағаннан кейін, Ехобаның* періштесі түсіне еніп былай деді: “Дәуіт ұлы Жүсіп, әйелің Мәриямды үйіңе алып келуге қорықпа! Өйткені ол киелі рухтың құдіретімен жүкті болды. 21  Ол ұл табады, сен оның атын Иса* деп қой. Себебі ол өз халқын күнәларынан құтқаратын болады”. 22  Мұның бәрі Ехобаның өз пайғамбары арқылы айтқан мына сөздері жүзеге асу үшін болды: 23  “Міне, пәк қыз құрсақ көтеріп, ұл табады. Оған Еммануил деген ат қояды”. Бұл “Құдай бізбен бірге” дегенді білдіреді. 24  Содан Жүсіп ұйқысынан оянған соң, Ехобаның періштесінің бұйрығын орындап, әйелі Мәриямды үйіне алып келді. 25  Бірақ ол босанып, ұл тапқанша, Жүсіп онымен жақындасқан жоқ. Ал нәресте туылғанда, оған Иса деп ат қойды.

Сілтемелер

4-қосымшаны қараңыз.
Яһудилердің салты бойынша, күйеужігіт күйеу деп аталатын.
Мұндағы ажырасу, яһудилердің салты бойынша, айттырылғанда жасалған уағдадан бас тартуды білдіреді.
2-қосымшаны қараңыз.
Еврейше Ешуа. Мағынасы: “Ехоба — Құтқарушы”.