Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

Ехоба куәгерлері

Тілді таңдау қазақ

Марқа 9:1—50

9  Иса тағы былай деді: “Сендерге шындығын айтамын, осында тұрғандардың кейбірі Құдай патшалығының құдіретпен келгенін көрмейінше, өлмейді”.  Алты күннен соң ол Петір, Жақып және Жоханды ертіп, өздері ғана бір биік тауға көтерілді. Сонда олардың алдында Исаның сырт көрінісі өзгеріске түсіп,  киімі жер бетіндегі ешбір киім тазалаушы ағарта алмайтындай аппақ болып жарқырап кетті.  Сондай-ақ Ілияс пен Мұса пайда болып, Исамен сөйлесіп тұрды.  Сол кезде Петір оған: “Ұстаз*, осында болғанымыз қандай жақсы! Біз біреуін саған, біреуін Мұсаға, тағы біреуін Ілиясқа арнап үш күрке жасайық”,— деді.  Петір мұны не дерін білмегендіктен айтты, өйткені оларды үрей билеген еді.  Сонда бір бұлт пайда болып, оларды орап алды. Бұлт арасынан: “Бұл — менің сүйікті Ұлым. Оны тыңдаңдар!”— деген дауыс шықты.  Кенет олар айналасына қарап, Исадан басқа ешкімді көрмеді.  Таудан түсіп келе жатқанда, Иса оларға Адам Ұлы өлімнен қайта тірілгенше, осы көргендері туралы ешкімге айтпауды бұйырды. 10  Шәкірттері оның айтқандарын көңілдеріне түйіп алды, бірақ өлімнен қайта тірілу деген нені білдіретіні жайлы өзара пікірлесті. 11  Сосын, одан былай деп сұрай бастады: “Неліктен заң мұғалімдері алдымен Ілияс келу керек дейді?” 12  Ол былай деді: “Ілиястың алдымен келіп, бәрін қалпына келтіретіні рас. Бірақ мұның Адам Ұлы көптеген қасіретті басынан өткізіп, қорлық көретіні жайлы Киелі жазбаларда айтылғандарға қандай қатысы бар? 13  Сендерге айтамын, Ілияс келді де. Алайда, Киелі жазбаларда айтылғандай, олар оған ойларына келгенін істеді”. 14  Содан олар басқа шәкірттерге қарай келе жатып, жиналған қалың тобырды және шәкірттермен айтысып жатқан заң мұғалімдерін көрді. 15  Оны көрген бойда жұрттың бәрі таңғалып, қасына жүгіріп барып, амандаса бастады. 16  Иса: “Олармен не туралы айтысып жатырсыңдар?”— деп сұрады. 17  Тобырдың ішінен біреу былай деді: “Ұстаз, сізге баламды алып келген едім. Оның бойында мылқау ететін жын бар. 18  Жын қайда қысса, сол жерде оны алып ұрады да, баламның аузынан көбік ағып, тістерін қышырлатады, содан ол әлсіреп қалады. Шәкірттеріңізден жынды қуып шығаруын сұраған едім, бірақ қолдарынан келмеді”. 19  Сонда Иса: “Ей, сенімі жоқ ұрпақ-ай! Қашанға дейін қастарыңда болмақпын? Сендерге қанша төзбекпін? Баланы маған әкеліңдер”,— деді. 20  Оны әкелгенде, жын Исаны көре сала, баланы дереу қалшылдата бастады. Ол жерге құлап түсіп, аузынан көбік ағып, аунай берді. 21  Иса оның әкесінен: “Ұлың қашаннан бері мұндай?”— деп сұрады. Әкесі: “Кішкентай кезінен бері. 22  Жын оны құртпақ болып, талай рет отқа да, суға да лақтырды. Қолыңыздан келсе, бізді аяп, көмектесе көріңіз”,— деді. 23  Иса оған: “Қолыңыздан келсе” дегенің не? Сенетін адам үшін бәрі мүмкін”,— деді. 24  Сол сәтте баланың әкесі қатты дауыстап: “Мен сенемін! Сенімім жетпей жатса, нығайта көріңіз!”— деді. 25  Жұрттың жүгіріп келіп, жиналып жатқанын байқаған Иса жынға: “Мылқау әрі саңырау ететін жын, саған бұйырамын: оның бойынан шық және ендігәрі кірме!”— деп қатаң тыйым салды. 26  Жын айғайлап, баланы қатты қалшылдатты да, бойынан шығып кетті. Бала өліп қалғандай сұлық жатқандықтан, жұрттың көбі: “Ол өліп қалды!”— десті. 27  Бірақ Иса қолынан ұстап тұрғызғанда, бала орнынан тұрды. 28  Үйге кіргеннен кейін, шәкірттері оңашада Исадан: “Неге біз жынды қуып шығара алмадық?”— деп сұрады. 29  Ол: “Мұндай жынды тек дұға арқылы қуып шығаруға болады”,— деді. 30  Олар сол жерден шығып, Ғалилея арқылы жүрді, бірақ Иса бұны ешкімнің білгенін қаламады. 31  Себебі ол шәкірттеріне тәлім беріп, былай деп жүрген еді: “Адам Ұлын жауларының қолына ұстап беріп, олар оны өлтіреді. Бірақ өлтірілсе де, үш күннен кейін қайта тіріледі”. 32  Шәкірттері оның сөздерін түсінбеді, алайда сұрақ қоюға қорықты. 33  Содан олар Қапарнаумға келді. Иса үйде болғанда шәкірттерінен: “Жолда не жайлы дауластыңдар?”— деп сұрады. 34  Шәкірттері үндемеді, өйткені жолшыбай араларындағы ең ұлысы кім екені жөнінде дауласқан болатын. 35  Иса жайғасып отырды да, он екі елшісін шақырып алып: “Кім ұлы болғысы келсе, сол бәрінен де кішік болып, бәріне қызмет етсін”,— деді. 36  Ол бір кішкентай баланы ортаға тұрғызды да, құшақтап тұрып: 37  “Кімде-кім менің атымнан осындай кішкентай балалардың бірін қабылдаса, мені де қабылдағаны. Ал кім мені қабылдаса, мені ғана емес, мені жібергенді де қабылдағаны”,— деді. 38  Жохан оған: “Ұстаз, сенің атыңмен жындарды қуып шығарып жүрген біреуді көрдік, бізбен бірге жүрмегендіктен оған тыйым салуға тырыстық”,— деді. 39  Иса былай деді: “Оған кедергі жасамаңдар, өйткені менің атымнан құдіретті істер жасаған адам артынша мені жамандай қоймас. 40  Бізге қарсы болмаған адам бізге жақ. 41  Мәсіхтікі болғандарың үшін кім сендерге бір тостаған су берсе, шын айтамын, ол алатын сыйынан құр қалмайды. 42  Ал кімде-кім маған сенетін осы кішкенелердің біреуін сенімнен тайдырса*, мойнына диірмен тасы* байланып, теңізге тасталғаны жақсырақ болар еді. 43  Егер қолың күнәға азғырса*, оны кесіп таста. Өйткені екі қолыңмен жаһаннамға* — ешқашан сөнбейтін отқа — кеткеннен гөрі кемтар болып өмірді иеленгенің артық. 44 * —— 45  Егер аяғың күнәға азғырса, оны кесіп таста. Өйткені екі аяқпен жаһаннамға кеткеннен гөрі шолақ болып өмірді иеленгенің артық. 46 * —— 47  Ал көзің күнәға азғырса, ойып ал да, лақтырып таста. Себебі екі көзбен жаһаннамға кеткеннен гөрі жалғыз көзбен Құдай патшалығына кіргенің артық. 48  Жаһаннамда құрттар да өлмейді, от та сөнбейді. 49  Өйткені мұндай адамдар отпен тұздалуы тиіс. 50  Тұз — жақсы нәрсе. Бірақ ол күшінен айырылса, оның дәмін қалай қалпына келтіруге болады? Ендеше бойларыңда тұз болып, өзара татулық сақтаңдар”.

Сілтемелер

Сөзбе-сөз “Равви”.
Сөзбе-сөз “сүріндірсе”.
Мт 18:6-ның сілтемесін қараңыз.
Сөзбе-сөз “сүріндірсе”. 45, 47-тармақтарда да осы сөз қолданылған.
9-қосымшаны қараңыз.
Мт 17:21-дің сілтемесін қараңыз.
Мт 17:21-дің сілтемесін қараңыз.