Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

Ехоба куәгерлері

Тілді таңдау қазақ

Марқа 5:1—43

5  Олар теңіздің арғы бетіндегі герасалықтардың жеріне келіп жетті.  Иса қайықтан түскен бойда, оған мола арасынан шыққан жын буған бір кісі кездесе кетті.  Ол молаларды паналап жүретін. Осы уақытқа дейін оны ешкім тіпті шынжырмен де байлап қоя алмаған.  Өйткені оның аяқ-қолын қаншама рет кісендермен, шынжырлармен бұғаулап тастаса да, ол шынжырларды үзіп, кісендерді сындырып тастайтын. Оны бағындыруға ешкімнің күші жетпейтін.  Ол күні-түні молалар мен тауларда айғайлап, өз-өзін таспен тілгілейтін.  Бірақ Исаны алыстан көре сала, ол жүгіріп келіп, тағзым етті де:  “Ең жоғарғы Құдайдың Ұлы Иса, менде нең бар? Мені азаптамаймын деп Құдай алдында ант бер!”— деп қатты дауыстады.  Себебі Иса: “Жын, шық бұл кісіден!”— деген еді.  Сосын, одан: “Атың кім?”— деп сұрағанда, әлгі кісі: “Атым Қалың қол*, өйткені біз көппіз”,— деп жауап берді. 10  Ол Исадан жындарды сол аймақтан қуып жібермеуді көп рет жалынып сұрады. 11  Сол жердегі тау беткейінде көп шошқа жайылып жүр еді. 12  Сондықтан олар: “Бізді шошқаларға жібере көр, соларға кірейік”,— деп өтінді. 13  Иса рұқсат еткенде, жындар әлгі кісінің бойынан шығып, шошқаларға кірді. Сонда олардың бәрі, 2000-дай шошқа, жардан теңізге қарғып, суға кетіп қырылып қалды. 14  Ал бақташылар қашып кетіп, болған жайтты қала мен ауылдарға таратты. Жұрт не болғанын көруге шықты. 15  Олар Исаға келгенде, бойын жындардың қалың қолы билеп алған әлгі кісінің ақыл-есі кіріп, үстіне киім киіп отырғанын көріп, зәрелері қалмады. 16  Осының бәрін өз көзімен көргендер оларға жын буған кісімен не болғанын және шошқалар туралы айтып берді. 17  Сонда жұрт Исадан өз жерлерінен кетуді өтіне бастады. 18  Иса қайыққа мініп жатқанда, жындардан арылған кісі онымен бірге жүруге рұқсат етуін жалынып сұрады. 19  Алайда Иса рұқсат етпей: “Үйіңе барып, туған-туысқандарыңа Ехобаның өзіңе не істегенін және қалай қайырымдылық көрсеткенін айтып бер”,— деді. 20  Ол барып, Исаның өзіне істегендерінің бәрін Декаполис* аймағында жариялай бастады. Мұны естігендердің бәрі қайран қалысты. 21  Иса қайықпен қайтадан теңіздің бергі бетіне өткенде, қасына көп жұрт жиналды. Ол теңіздің жағасында тұрды. 22  Сол жерге Жайыр есімді бір мәжілісхана жетекшісі келді. Исаны көргенде, ол аяғына жығылып: 23  “Жас қызым хал үстінде жатыр. Аман қалуы үшін барып, үстіне қолыңды қойып, айықтыра көр”,— деп қадала өтінді. 24  Иса оған ерді. Соңынан ілескен қалың жұрт оны жан-жақтан қыспақтады. 25  Тобыр арасында он екі жыл бойы қан кетіп ауырған бір әйел бар еді. 26  Ол көп дәрігерлерге емделіп талай азап шегіп, қолындағы бар мал-мүлкін жұмсаса да, еш ем қонбай, қайта, халі бұрынғысынан да нашарлай түскен болатын. 27  Иса жайлы естіген ол тобырдың арасымен өтіп, оның арт жағынан жамылғысына қолын тигізді. 28  Өйткені ол ішінен: “Ең болмағанда жамылғысына қолымды тигізсем, айығып кетем”,— деумен болды. 29  Әйел сол заматта-ақ қаны тоқтап, жанына батқан дертінен айыққанын сезді. 30  Иса да бойынан күш шыққанын бірден сезіп, жұртқа бұрылып: “Жамылғыма кім қолын тигізді?”— деп сұрады. 31  Сонда шәкірттері былай деді: “Жұрттың жан-жақтан қыспақтап жатқанын көре тұра: —Маған кім қолын тигізді?— дегенің қалай?” 32  Алайда ол мұны істеген адамды көру үшін айналасына қарады. 33  Өзіне не болғанын білген әйел қорыққаннан дірілдеп, оның алдына келді де, аяғына жығылып, шындықты түгелдей айтып берді. 34  Иса оған: “Қызым, сеніміңнің арқасында айықтың. Уайымдамай қайта бер, жаныңа батқан дерттен сауықтың”,— деді. 35  Ол әлі сөйлеп тұрғанда, мәжілісхана жетекшісінің үйінен бір кісілер келіп, былай деді: “Қызыңнан айырылып қалдық. Енді Ұстазды әурелемей-ақ қой”. 36  Мұны естіген Иса мәжілісхана жетекшісіне: “Қорықпа, тек сенімің болсын!”— деді. 37  Сөйтіп, ол Петір, Жақып пен оның бауыры Жоханнан басқа ешкімнің өзіне ілесуіне рұқсат етпеді. 38  Олар мәжілісхана жетекшісінің үйіне келгенде, Иса ондағылардың у-шу болып абыржып, зар еңіреп жылап жүргендерін көрді. 39  Үйге кіріп, оларға: “Неге у-шу болып абыржып, жылап жүрсіңдер? Қыз өлген жоқ, ұйықтап жатыр”,— деді. 40  Бұны естігенде, олар Исаны мазақ етіп күле бастады. Бірақ ол барлығын сыртқа шығарып жіберіп, қыздың әке-шешесін және өзімен келгендерді ғана ертіп, қыз жатқан бөлмеге кірді. 41  Қыздың қолынан ұстап: “Талифа куми”,— деді. Мұның мағынасы: “Қызым, саған айтамын, тұр!” 42  Сонда он екі жасар қыз бірден орнынан тұрып, жүре бастады. Мұны көрген сәтте, әке-шешесінің қуанышы қойнына сыймай, шат-шадыман болды. 43  Бірақ Иса оларға бұл туралы ешкімге тіс жармауды бірнеше рет қатаң ескертті, сосын, қызға тамақ беру керектігін айтты.

Сілтемелер

Сөзбе-сөз “Легион”. Легион — ежелгі Римнің әскери жасағы.
Түсіндірмені қараңыз.