Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

Ехоба куәгерлері

Тілді таңдау қазақ

Марқа 4:1—41

4  Иса қайтадан теңіз жағасында тәлім бере бастады. Қасына көп халық жиналғандықтан, ол қайыққа отырып, жағадан әрірек жүзіп барды. Ал барша халық жағада қалды.  Иса оларға мысалдармен көп тәлім беріп, былай деді:  “Тыңдаңдар. Бір диқан тұқым себуге шығыпты.  Ол сеуіп жүргенде, тұқымның кейбірі жол бойына түседі де, құстар келіп, шоқып жеп кетеді.  Ал өзге біреулері топырағы аз, тастақ жерге* түседі. Топырақ жұқа болғандықтан, тұқым тез өніп шығады.  Бірақ тамыр жаймаған соң, күн шыққанда күйіп, қурап қалады.  Тағы біреулері тікен арасына түседі. Тікен өсіп, тұншықтырып тастағандықтан, олар өнім бермейді.  Ал өзге тұқымдар жақсы топыраққа түседі. Олар көктеп, бой көтеріп, отыз, алпыс, жүз еседен өнім бере бастайды”.  Бұдан кейін ол: “Құлағы барлар тыңдап алсын!”— деп қосты. 10  Халық тараған соң, он екі елшісі мен басқа шәкірттері оған мысалдарына қатысты сұрақтар қоя бастады. 11  Ол былай деп жауап берді: “Құдай патшалығының қасиетті құпиясын сендер түсінесіңдер, ал басқалар үшін естігендерінің бәрі тек мысал күйінде қалады. 12  Бұл олар қараса да, көрмесін, естіп тұрса да, мәнін ұқпасын, ешқашан теріс жолдан қайтпасын және кешірімге ие болмасын деп істелінді”. 13  Содан кейін ол: “Осы мысалды түсінбесеңдер, басқаларын қалай түсінесіңдер?”— деді. 14  “Диқан Құдай сөзін себеді. 15  Жол бойына түскендері мынадай адамдарды бейнелейді: олар оны естісімен-ақ, Шайтан келіп, жүректеріне себілген сөзді алып кетеді. 16  Ал тастақ жерге түскендері мынаны білдіреді: олар сөзді естіген бойда, қуанышпен қабыл алады. 17  Бірақ тамыр жаймағандықтан ұзаққа бармайды: Құдай сөзі үшін қиындық пен қуғын-сүргінге кезіге сала, оған сенуден қалады. 18  Сондай-ақ тікен арасына түскендері де бар, олар мынаны бейнелейді: мұндайлар сөзді естігенмен, 19  осы заманның уайым-қайғысы және алдамшы байлық пен басқа да құмарлықтар жүректерін шырмап алып, сөзді тұншықтырып, өнімсіз етеді. 20  Ал жақсы топыраққа түскендер сөзді тыңдап, шын көңілмен қабылдағандарды білдіреді. Олар отыз, алпыс және жүз еседен өнім береді”. 21  Ол тағы былай деді: “Жағылған шамды ыдыстың не төсектің астына қоя ма? Оны шамдалға қояды емес пе? 22  Жасырын нәрсенің бәрі ақырында мәлім болады, жақсылап тығылған нәрсе ашылады. 23  Құлағы барлар тыңдап алсын!” 24  Сосын, ол мынаны айтты: “Не естіп тұрғандарыңа ден қойыңдар. Қандай өлшеммен өлшеп берсеңдер, сендерге де сондай өлшеммен беріледі, тіпті қосып беріледі. 25  Өйткені кімде бар болса, соған тағы беріледі, ал кімде жоқ болса, өзінде бары да алынып қойылады”. 26  Иса сөзін былай деп жалғады: “Құдай патшалығы мынаған ұқсас: біреу жерге тұқым тастайды да, 27  түнде ұйықтап, таңертең тұрып, тіршілік ете береді. Ал тұқым көктеп шығып, өсе бастайды. Әлгі кісі оның қалай өсіп жатқанын білмейді. 28  Жер өздігінен бірте-бірте өнім әкеледі: алдымен, көк өскін, сосын, масақ шығады, ал ақырында, масақ дәнмен толысады. 29  Егін пісіп, науқан уақыты келгенде, ол дереу орақ салады”. 30  Сосын, Иса былай деді: “Құдай патшалығын неге теңеп, қандай мысалмен түсіндіруге болады? 31  Ол қыша дәніне ұқсайды. Жерге себілгенде тұқым атаулының ең кішкентайы болса да, 32  ол өсіп шыққанда, басқа дақылдардың бәрінен биік болып, бұтақтарын кең жаяды да, оған аспан құстары қонақтап, саясын паналай алады”. 33  Иса Құдай сөзін осы сияқты көптеген мысалдармен жұрт тыңдай алғанша айтатын. 34  Оларға мысалсыз ештеңе айтпайтын, бірақ шәкірттеріне оңашада бәрін түсіндіріп отыратын. 35  Сол күні кеш бата Иса оларға: “Арғы жағаға өтейік”,— деді. 36  Олар жұртты таратып жіберді де, Исамен қайыққа отырып жүзіп кетті. Сол жерде басқа да қайықтар тұрған еді. 37  Бір уақытта сұрапыл дауыл көтерілді де, толқындар қайықты соққылап, оның іші суға толуға шақ қалды. 38  Иса қайықтың арт жағында көпшік жастанып ұйықтап жатты. Шәкірттері оны оятып: “Ұстаз, құритын болдық! Саған бәрібір ме?”— деді. 39  Ол тұрып, желге тыйым салды да, теңізге: “Тына қал, басыл!”— деп бұйырды. Сонда жел басылып, жым-жырт тыныштық орнады. 40  Сосын, шәкірттеріне: “Неге сонша қорқасыңдар? Әлі де сенімдерің жоқ па?”— деді. 41  Бірақ оларды қатты үрей билеп, өзара: “Жел де, теңіз де бағынатын бұл кім өзі?”— десті.

Сілтемелер

Лқ 8:6-ның сілтемесін қараңыз.