Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

Ехоба куәгерлері

Тілді таңдау қазақ

Марқа 2:1—28

2  Бірнеше күннен соң Иса қайтадан Қапарнаумға келді. Оның үйде екенін білгенде,  жұрттың бәрі сол жерге жиналды. Адамның көп болғаны сонша — тіпті есік алдында тұратын орын да қалмады. Ол жиналғандарға Құдай сөзін айта бастады.  Сонда оған бір сал адамды төрт кісі көтеріп алып келді.  Халықтың көптігінен олар науқасты Исаның алдына апара алмай, үйдің шатырын ашты да, ол отырған тұсты ойып, оны зембілімен төмен түсірді.  Иса олардың сенімін көріп, сал кісіге: “Балам, күнәларың кешірілді”,— деді.  Сол жерде отырған бірнеше заң мұғалімі іштерінен:  “Бұл кісі неге бұлай дейді? Құдайды қорлап тұр ғой. Күнәларды Құдайдан басқа кім кешіре алады?”— деп ойлады.  Иса бірден олардың ойын біле қойып: “Неге бұлай ойлап отырсыңдар?  Сал адамға не деп айту оңай, “күнәларың кешірілді” деу ме, әлде “орныңнан тұрып, зембіліңді ал да, жүре бер” деу ме? 10  Бірақ Адам Ұлының* жер бетінде күнәларды кешіруге билігі бар екенін білулерің үшін...— деді де, сал кісіге: 11  —Саған айтамын, орныңнан тұр да, зембіліңді алып, үйіңе бар”,— деді. 12  Сонда ол орнынан тұрды да, бірден зембілін алып, жұрттың көз алдында шығып кетті. Бұған бәрі таңғалып: “Біз ешқашан мұндайды көрген емеспіз!”— деп, Құдайды мадақтады. 13  Ол тағы да көл жағасына барды. Барлық жұрт оның қасына жиналып, Иса оларға тәлім бере бастады. 14  Ал сол жерден кетіп бара жатқанда, салық кеңсесінде отырған Әлпей ұлы Леуіні көріп, оған: “Менің ізбасарым бол!”— деді. Ол орнынан тұрып, соңынан ерді. 15  Кейінірек, Иса шәкірттерімен бірге Леуінің үйіне барып, дастарқан басына жантайды. Олармен бірге дастарқан басына жантайған салықшылар мен күнәкарлар да көп еді. Өйткені олардың көбісі оның соңынан еріп жүрді. 16  Бірақ парызшылдар* арасынан шыққан заң мұғалімдері оның күнәкарлар және салықшылармен тамақтанып жатқанын көріп, шәкірттеріне: “Ол не, салықшылармен және күнәкарлармен бірге тамақ жей бере ме?”— дей бастады. 17  Мұны естіген Иса оларға былай деді: “Дәрігер денсаулығы жақсы адамдарға емес, ауруларға қажет. Мен әділдерді емес, күнәкарларды өкінуге шақыру үшін келдім”. 18  Жақияның шәкірттері мен парызшылдар ораза тұтатын. Сондықтан Жақияның шәкірттері Исаға келіп: “Біз де, парызшылдардың шәкірттері де ораза ұстаймыз, ал сенің шәкірттерің неге ұстамайды?”— деп сұрады. 19  Иса былай деп жауап берді: “Күйеу жігіт қастарында болғанда достары ораза ұстай ала ма? Қастарында күйеу жігіт болғанда олар ораза ұстай алмайды. 20  Бірақ күйеу жігітті қастарынан алып кететін кез келеді, сонда олар ораза ұстайтын болады. 21  Ешкім ескі киімді жаңа матамен жамамайды, әйтпесе ол шуып, жұлынып қалады да, жыртық одан бетер үлкейіп кетеді. 22  Сондай-ақ ешкім жаңа шарапты ескі торсыққа құймайды, әйтпесе шарап торсықты жарып жібереді. Сонда шарап та ағып кетеді, торсық та жарамсыз болып қалады. Қайта, жаңа шарапты жаңа торсыққа құяды”. 23  Бір Демалыс күні ол егіндік арқылы өтіп бара жатқанда, шәкірттері масақ үзіп жей бастады. 24  Сонда парызшылдар оған: “Қарашы, неге олар Демалыс күні істеуге болмайтын нәрсені істеп жатыр?”— деді. 25  Ол былай деп жауап қайырды: “Дәуіттің жейтін азығы таусылып, өзінің де, қасындағылардың да қарны ашқанда не істегені туралы оқымап па едіңдер? 26  Жоғарғы діни қызметкер* Әбиятар туралы жазылғандарға сай, Дәуіт Құдай үйіне кіріп, діни қызметкерлерден басқа ешкімнің жеуіне болмайтын тарту ретінде ұсынылған нандарды өзі де жеп, қасындағыларға да бергенін білмейсіңдер ме?” 27  Сосын, былай деп қосты: “Адам Демалыс күні үшін жаратылмаған, қайта, Демалыс күні адам үшін орнатылған. 28  Сондықтан Адам Ұлы — Демалыс күнінің де Иесі”.

Сілтемелер

Түсіндірмені қараңыз.
Түсіндірмені қараңыз.
Түсіндірмені қараңыз.