Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

Ехоба куәгерлері

Тілді таңдау қазақ

Лұқа 17:1—37

17  Сосын, шәкірттеріне былай деді: “Адамдарды сенімнен тайдыратын* жайттардың орын алары сөзсіз. Бірақ олар кімнің кесірінен болса, сол қасіретке қалады!  Оның осы кішкенелердің бірін сенімнен тайдырғанынан гөрі мойнына диірмен тасы байланып, теңізге лақтырылғаны жақсырақ болар еді.  Сақ болыңдар! Бауырласың саған қарсы күнә жасаса, ескерт. Егер күнәсіна өкінсе, оны кешір.  Ол саған қарсы тіпті күніне жеті рет күнә жасап, жеті рет келіп: —Күнәма өкінемін,— десе, сен кешіруге тиіссің”.  Сонда елшілер Иемізден: “Сенімімізді арттыра көр”,— деп сұрады.  Бұған Иеміз былай деді: “Егер қыша дәніндей сенімдерің болып, мына тұт ағашына: —Тамырыңмен жұлынып, теңізге отырғызыл,— десеңдер, бұл солай болады.  Қайсысың жер жыртып не мал бағып даладан қайтқан құлыңа: —Кел, тезірек дастарқан басына жантай,— дейсіңдер?  Керісінше, оған: —Маған кешкі ас дайындап, мен ішіп-жеп болғанша, алжапқышыңды байлап алып, қызмет көрсет. Содан кейін өзің ішіп-жейсің,— дейсіңдер ғой.  Ол тек өз міндетін атқарды, бұл үшін оған алғыс айтпасаңдар керек? 10  Сендер де өздеріңе тапсырылған істің бәрін атқарған соң: —Біз небәрі түкке тұрғысыз құлмыз, істеуге тиістіні ғана істедік,— деңдер”. 11  Иса Иерусалимге бара жатқанда, Самария мен Ғалилея аймақтары арқылы жүрді. 12  Бір ауылға келгенде, оған үстін алапес басқан он кісі кезікті. Олар алыста тұрып, 13  қатты дауыстап: “Иса, Ұстаз, бізге мейіріміңізді түсіре көріңіз!”— деді. 14  Иса оларды көргенде: “Барып, өздеріңді діни қызметкерлерге көрсетіңдер”,— деді. Олар бара жатқан жолда алапестерінен айығып кетті. 15  Өзінің сауығып кеткенін көрген біреуі бар даусымен Құдайды мадақтап, қайта оралды. 16  Ол Исаның аяғына жығылып, алғысын жаудырды. Бұл кісі самариялық болатын. 17  Сонда Иса: “Сауыққандар он кісі емес пе еді, тоғызы қайда? 18  Құдайды мадақтауға басқа ұлттық мына кісіден басқа ешкім қайтып келмеді ме?”— деді. 19  Сосын, оған: “Тұр да, жөніңе бара бер. Сеніміңнің арқасында айықтың!”— деді. 20  Бірде парызшылдар одан Құдай патшалығының қашан келетінін сұрағанда, Иса былай деді: “Құдай патшалығы байқалмай келеді. 21  Сондай-ақ жұрт: —Міне, ол мұнда!— немесе: —Ол анда!— демейді. Себебі Құдай патшалығы сендердің араларыңда”. 22  Бұдан кейін шәкірттеріне мынаны айтты: “Адам Ұлының бір күнін болса да көруді аңсайтын кездерің келеді, бірақ көрмейсіңдер. 23  Жұрт сендерге: —Міне, ол анда!— немесе: —Ол мұнда!— дейді. Ол жерге бармаңдар, оларға ермеңдер! 24  Себебі найзағайдың жарқ етіп, аспанды о шетінен бұ шетіне дейін жарқыратып жіберетініндей, Адам Ұлының күндерінде де сондай болады. 25  Алайда, алдымен, ол көп қасірет шегуі және бұл ұрпақ одан бас тартуы тиіс. 26  Нұх пайғамбардың заманында жағдай қандай болған болса, Адам Ұлының күндерінде де сондай болады. 27  Нұх кемеге кірген күнге дейін адамдар ішіп-жеп, әйел алып, қыздарын ұзатып өмір сүруде еді. Сол уақытта топан су басып, бәрін қырып салды. 28  Лұттың заманында да адамдар ішіп-жеп, сауда-саттық жасап, егін егіп, үй салып өмір кешуде еді. 29  Бірақ Лұт Содомнан шыққан күні көктен от пен күкірт жауып, бәрін де жойып жіберді. 30  Адам Ұлы көрінетін күні де солай болады. 31  Сол күні кім үй төбесінде болса, мүлкін алу үшін төмен түспесін, ал кім танапта жүрсе, тастап кеткен затына қайтып оралмасын. 32  Лұттың әйелін есте ұстаңдар! 33  Жанын* сақтауға ұмтылған адам одан айырылады, ал кім жанынан айырылса, оны сақтап қалады. 34  Сендерге айтамын, сол түні төсекте жатқан екі кісінің бірі алынып, екіншісі қалдырылады. 35  Бір диірмен тартып отырған екі әйелдің бірі алынып, екіншісі қалдырылады”. 36 * —— 37  Сонда шәкірттері: “Ием, бұл қайда болады?”— дегенде, Иса: “Өлексе қайда болса, бүркіттер де сонда жиналады”,— деп жауап берді.

Сілтемелер

Сөзбе-сөз “сүріндіретін”.
Немесе “өмір”. 7-қосымшаны қараңыз.
Мт 17:21-дің сілтемесін қараңыз.