Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

Ехоба куәгерлері

Тілді таңдау қазақ

Лұқа 14:1—35

14  Бірде Демалыс күні Иса парызшылдардың бір басшысының үйіне тамаққа келгенде, бәрі оны мұқият бақылап отырды.  Сол жерде шемен ауруына ұшыраған біреу бар еді.  Иса Мұса заңын жетік білетіндер мен парызшылдарға: “Демалыс күні адамды сауықтыруға бола ма, жоқ па?”— деді.  Олар тіс жармады. Сонда Иса әлгі кісіге қолын тигізіп, сауықтырды да, жөніне жіберді.  Сосын, оларға: “Егер біреуіңнің ұлың не өгізің Демалыс күні құдыққа түсіп кетсе, оны дереу шығарып алмас па едіңдер?”— деді.  Олар бұған жауап бере алмады.  Иса қонақтардың ең құрметті орындарды таңдап алып жатқанын байқап, мысал келтіріп, былай деді:  “Біреу тойға шақырса, ең құрметті орынға жантайма. Шақырылғандар арасында сенен де сыйлы біреу болуы мүмкін.  Сонда екеуіңді шақырған кісі келіп: —Мына кісіге орныңды бер,— дегенде, сен ұялып, ең төменгі орынға барып отырасың. 10  Қайта, қонаққа шақырылғанда, ең төменгі орынға барып жантай. Сонда сені шақырған кісі келіп: —Досым, жоғары шық,— дегенде, бүкіл қонақтардың алдында мәртебең өсіп қалады. 11  Өйткені өзін жоғарылатқан әркім төмендетіледі, ал өзін төмен тұтқан әркім жоғарылатылады”. 12  Сосын, өзін қонаққа шақырған кісіге былай деді: “Түскі не кешкі асқа дос, бауыр, туыстарыңды не бай көршілеріңді шақырма. Себебі олар да сені қонаққа шақырып, қарымтаңды қайтаруы мүмкін. 13  Керісінше, той жасағанда, кедей-кепшік, кемтар, ақсақтар мен соқырларды шақыр. 14  Олар саған қарымтаңды қайтара алмайтындықтан бақытты боласың. Өйткені қарымтаңды әділдер қайта тірілетін кезде аласың”. 15  Мұны естігенде, қонақтардың бірі Исаға: “Құдай патшалығында дәм-тұз тататындар бақытты!”— деді. 16  Иса оған мынаны айтты: “Біреу үлкен қонақасы жасап, көп адам шақырыпты. 17  Кешкі тамақ ішетін уақыт келгенде, ол шақырылғандарға құлын жіберіп: —Келіңдер, бәрі дайын тұр,— дегізеді. 18  Бірақ бәрі бірдей сылтау айта бастайды. Біреуі: —Егіндік жер сатып алдым, соны барып көруім керек. Өтінемін, маған кешірім ете көр!— десе, 19  келесі біреуі: —Бес пар өгіз сатып алып едім, соларды сынап көруге бара жатырмын. Өтінемін, мені кешір!— дейді. 20  Тағы біреуі: —Мен жаңа ғана үйленген едім, сондықтан бара алмаймын,— дейді. 21  Құлы қайта оралып, қожайынына осының бәрін айтып береді. Сонда үй иесі қатты ашуланып, оған: —Дереу қаланың үлкенді-кішілі көшелеріне барып, кедей-кепшік, кемтар, соқырлар мен ақсақтарды алып кел,— дейді. 22  Біраз уақыттан кейін құлы: —Қожайын, бұйрығыңызды орындадым, бірақ әлі де бос орын бар,— дейді. 23  Ал қожайыны мынаны айтады: —Менің үйім толу үшін, жол бойлары мен қоршалған жерлерге барып, сонда жүргендерді келмесіне қоймай алып кел. 24  Сендерге айтамын, алғашқыда шақырылғандардың ешқайсысы да кешкі қонақасымнан ауыз тимейді”. 25  Иса соңынан еріп келе жатқан қалың жұртқа бұрылып, былай деді: 26  “Кім маған келіп, бірақ әкесі мен шешесін, әйелі мен балаларын, аға-інісі мен әпке-қарындасын, тіпті өз жанын менен артық көрсе*, менің шәкіртім бола алмайды. 27  Кім азап бағанасын алып, соңымнан еріп жүрмесе, менің шәкіртім бола алмайды. 28  Араларыңдағы біреуің мұнара салғысы келсе, құрылысын аяқтауға қаражатының жетер-жетпесін білу үшін, алдымен, шығынын есептеп алмай ма? 29  Әйтпесе іргетасын қалағаннан кейін, құрылысын бітіре алмай қалса, мұны көргендердің бәрі мазақ етіп: 30  —Мынау құрылысын бастап алып, бітіре алмай қалды,— дейді. 31  Немесе өзге бір патшаға қарсы жорыққа шыққан патша келе жатқан қарсыласының 20 000 әскеріне өзінің 10 000 әскерімен төтеп бере алар-алмасын, алдымен, ақылдасып алмай ма? 32  Егер күші жетпейтінін көрсе, қарсыласы әлі алыста келе жатқанда, оған өкілдерін жіберіп, бітімге келуді сұрайды. 33  Сол сияқты, бар дүниесінен бас тартпайтын ешкім де менің шәкіртім бола алмайды. 34  Тұз, әрине, жақсы нәрсе. Бірақ ол күшінен айырылса, оның дәмін қалай қалпына келтіруге болады? 35  Ол топыраққа да, қиға да қосуға жарамай қалады. Жұрт оны лақтырып тастайды. Құлағы барлар тыңдап алсын!”

Сілтемелер

Сөзбе-сөз “жек көрмесе”.