Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

Ехоба куәгерлері

Тілді таңдау қазақ

Лұқа 13:1—35

13  Сол кезде біреулер Исаға Пилаттың ғалилеялықтарды өлтіріп, олардың қанын құрбандықтарының қанымен араластырып жібергенін айтып берді.  Иса оларға былай деді: “Осындай жағдайға тап болғаны үшін олардың күнәсі өзге ғалилеялықтардың күнәсінан көп болды деп ойлайсыңдар ма?  Сендерге айтамын, олай емес. Егер күнәларыңа өкінбесеңдер, солар сияқты бәрің де құрисыңдар.  Әлде Силоғамдағы мұнара үстеріне құлап өлген он сегіз адамның кінәсі Иерусалимдегі өзге адамдардың кінәсінан көбірек болды деп ойлайсыңдар ма?  Сендерге айтамын, олай емес. Егер күнәларыңа өкінбесеңдер, солар сияқты бәрің де құрисыңдар”.  Содан ол мына мысалды келтірді: “Бір кісінің жүзімдігінде інжір ағашы болыпты. Ол одан жеміс іздей келіп, түк таппайды да,  жүзімшіге: —Мына ағашқа үш жыл бойы келіп, жемісін көрмедім. Оны кесіп таста! Бекер орын алып тұрғанынан не пайда?— дейді.  Жүзімші болса: —Қожайын, оны биылша қалдырыңыз. Мен айналасын қопсытып, қи төгейін.  Бұдан кейін жеміс берсе, онда жақсы. Ал бермесе, кестіріп тастарсыз,— деп жауап береді”. 10  Демалыс күні Иса бір мәжілісханада тәлім беріп жатты. 11  Сол жерде бойында жыны болғандықтан он сегіз жылдан бері ауырып, бойын жаза алмай бүкірейіп қалған бір әйел бар еді. 12  Иса бұл әйелді көргенде, оған: “Ауруыңнан арылдың”,— деді де, 13  үстіне қолын қойды. Сол сәтте әйел бойын жазып, Құдайды мадақтай бастады. 14  Исаның Демалыс күні адамды айықтырғанын жақтырмаған мәжілісхана жетекшісі жұртқа: “Жұмыс істеуге алты күн бар ғой. Ауруларыңнан сауығуға Демалыс күні емес, сол күндері келіңдер”,— деді. 15  Бірақ Иеміз оған былай жауап берді: “Екіжүзділер, Демалыс күні бәрің де қорадағы өгізіңді не есегіңді шешіп, суғаруға апарасыңдар ғой?! 16  Олай болса, он сегіз жыл бойы Шайтанның бұғауында болған осы әйелді, Ыбырайымның ұрпағын, Демалыс күні аурудың құрсауынан босатуға болмай ма?” 17  Бұл сөздерді айтқанда, қарсыластарының бәрі ұялып қалды. Ал барша жұрт оның жасаған керемет істеріне қуанды. 18  Сосын, ол былай деді: “Құдай патшалығы неге ұқсайды? Оны неге теңесем екен? 19  Ол бақшаға егілген қыша дәніне ұқсайды. Дән өсіп, ағашқа айналады да, аспандағы құстар келіп, бұталарына ұя салады”. 20  Иса тағы былай деді: “Құдай патшалығын неге теңесем екен? 21  Ол ашытқыға ұқсайды. Әйел ашытқыны үш тегеш* ұнға қосып араластырғанда*, ол бүкіл қамырды ашытады”. 22  Иерусалимге бара жатқан жолында Иса қалалар мен ауылдарды аралап, жұртқа тәлім берді. 23  Біреу одан: “Ием, құтқарылатындар аз болатыны рас па?”— деп сұрады. Иса оларға былай деді: 24  “Тар есіктен кіруге барынша тырысыңдар. Өйткені, сендерге айтамын, көп адам кіруге ұмтылатын болады, бірақ кіре алмайды. 25  Үй иесі тұрып, есікті бекіткенде, сыртта қалып қойған сендер есікті қағып: —Ием, есікті аша көріңіз,— дейтін боласыңдар. Бірақ ол: —Мен сендерді танымаймын,— деп жауап береді. 26  Сонда сендер: —Біз өзіңізбен бірге ішіп-жеген едік, сіз басты көшелерімізде тәлім берген едіңіз,— дей бастайсыңдар. 27  Ал ол: —Мен сендерді танымаймын. Заңсыздық жасаушылар, бәрің де менен аулақ кетіңдер!— дейді. 28  Сендер сыртта қалып, ал Ыбырайым, Ысқақ, Жақып және басқа да пайғамбарлардың Құдай патшалығында екенін көргенде, зар еңіреп, қинала тістенетін боласыңдар. 29  Сонда адамдар шығыс пен батыстан, солтүстік пен оңтүстіктен келіп, Құдай патшалығында дастарқан басына жайғасады. 30  Біріншілердің кейбірі соңғы, ал соңғылардың кейбірі бірінші болады”. 31  Сол уақытта кейбір парызшылдар келіп, оған: “Бұл жерден кет, Ирод* сені өлтірмекші”,— деді. 32  Ал Иса былай деді: “Барыңдар да, ол түлкіге бүгін және ертең жындарды қуып шығаратынымды, ауруларды сауықтыратынымды, ал үшінші күні ісімді аяқтайтынымды айтыңдар. 33  Мен бүгін, ертең және бүрсігүні сапарымды жалғастыруым керек, өйткені пайғамбардың Иерусалимнен басқа жерде өлтірілуі мүмкін емес. 34  Иерусалим, пайғамбарлардың көзін құртып, өзіне жіберілгендерді тас лақтырып өлтіретін Иерусалим-ай! Балапандарын қанатының астына жинайтын мекиен сияқты, мен де сенің балаларыңды қанша рет жинамақшы болдым. Бірақ сендер мұны қаламадыңдар! 35  Міне, сендердің үйлерің* қаңырап бос қалдырылады. Сендерге айтамын: “Ехобаның атынан келе жатқан ол жарылқанған!” демейінше, мені көрмейсіңдер”.

Сілтемелер

Бұл шамамен 22 литрге тең.
Немесе “жасырып қойғанда”.
Лқ 3:1-дің сілтемесін қараңыз.
Яғни ғибадатханаларың.