Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

Ехоба куәгерлері

Тілді таңдау қазақ

Лұқа 10:1—42

10  Бұдан кейін Иеміз Иса тағы басқа жетпіс шәкіртін таңдап алып, оларды өзі баратын әрбір қала мен басқа да жерлерге өзінен бұрын екі-екіден жіберіп,  былай деді: “Расында да, жинайтын егін көп, бірақ жұмысшылар аз. Сондықтан егіннің Иесінен оны жинауға жұмысшылар жіберуін өтініңдер.  Барыңдар, мен сендерді қасқырлар арасына жіберілген қозылар сияқты жіберіп отырмын.  Жолға ақша салатын қалта да, дорба да, артық сандал да алмаңдар, сондай-ақ жол-жөнекей біреуге сәлем беріп кідіріп қалмаңдар.  Бір үйге кіргенде әуелі: —Осы үйде татулық болсын!— деңдер.  Егер сол жерде татулықты сүйетін адам бар болса, оған тілегендерің орындалсын, ал жоқ болса, өздеріңе қайтсын.  Сол үйде қалып, бергенін ішіп-жеңдер, өйткені еңбек еткен ақысын алуға лайық. Үйден-үйге көшіп жүрмеңдер.  Сондай-ақ қандай да бір қалада сендерді қабылдаса, алдарыңа қойылған тамақты ішіп-жеңдер,  ондағы ауруларды сауықтырыңдар және оларға: —Құдай патшалығы таяп қалды!— деңдер. 10  Ал егер қабылдамаса, басты көшелеріне шығып: 11  —Сендерге қарсы куәлік болу үшін тіпті аяғымызға жұққан қалаларыңның шаңын да қағып тастаймыз. Бірақ естеріңде болсын, Құдай патшалығы таяп қалды!— деңдер. 12  Сендерге айтамын, Сот күні сол қаланың жазасынан гөрі Содом қаласының жазасы жеңілірек болады! 13  Ей, Хоразин қаласы, қасіретке қаласың! Ей, Бетсайда қаласы, сен де қасіретке қаласың! Өйткені сендерде жасалған құдіретті істер Тир мен Сидон қалаларында жасалса, олар әлдеқашан кенептен киім киіп, күлде отырып* күнәларына өкінер еді. 14  Сондықтан Сот күні сендердікінен гөрі Тир мен Сидонның жазасы жеңілірек болады! 15  Қапарнаум қаласы, бәлкім, сен көкке жетерсің? Жоқ, сен молаға* тасталасың! 16  Кімде-кім сендерді тыңдаса, мені де тыңдағаны. Кім сендерді тыңдаудан бас тартса, оның мені де тыңдаудан бас тартқаны. Ал кім менен бас тартса, оның мені жібергеннен де бас тартқаны”. 17  Содан жетпіс шәкірті қайта оралғанда, қуана: “Ием, сенің атыңнан бұйырғанда, тіпті жындар да бағынды”,— деді. 18  Иса оларға былай деді: “Шайтанның көктен найзағайша құлап түскенін көрдім. 19  Міне, мен сендерге жыландар мен шаяндарды таптайтын және жаудың барлық күшін жеңетін билік бердім. Сендерге еш нәрсе де зиянын тигізбейді. 20  Бірақ жындардың өздеріңе бағынғанына емес, есімдеріңнің көкте жазылғанына қуаныңдар”. 21  Сол кезде Иса киелі рух пен қуанышқа кенеліп, былай деді: “Көк пен жердің Иесі — Әке, сені ел алдында мадақтаймын! Себебі сен бұларды данышпандар мен білімпаздардан мұқият жасырып, нәрестелерге аштың. Иә, Әке, өйткені бұл сенің еркіңе сай болды. 22  Әкем маған барлығын ашты. Ұлының кім екенін Әкеден басқа ешкім білмейді. Әкенің кім екенін Ұлынан және Ұлы ашқысы келген адамнан басқа ешкім білмейді”. 23  Сосын, бұрылды да, шәкірттеріне ғана арнап мынаны айтты: “Сендер көріп жүрген нәрселерді көргендер бақытты. 24  Сендерге айтамын, көптеген пайғамбарлар мен патшалар сендер көріп жатқандарды көргісі келген, бірақ көрген жоқ. Сендер естіп жатқандарды естігісі келген, бірақ естіген жоқ”. 25  Сонда Мұса заңын жетік білетін бір адам тұрып, оны сынағысы келіп: “Ұстаз, мәңгілік өмірге ие болуым үшін не істеуім керек?”— деп сұрады. 26  Иса: “Заңда не деп жазылған? Қалай түсіндің?”— деді. 27  Әлгі адам: “Ехоба Құдайыңды шын жүректен, бүкіл жан-тәніңмен, бар күш-қуатыңмен және барлық ақыл-ойыңмен сүй!” Сондай-ақ “жақыныңды* өзіңді сүйгендей сүй”,— деп жауап берді. 28  Иса: “Дұрыс жауап бердің. “Осылай істей бер, сонда мәңгілік өмірге ие боласың”,— деді. 29  Бірақ өзін ақтағысы келген әлгі кісі Исадан: “Сонда менің жақыным кім болғаны?”— деп сұрады. 30  Бұған Исаның жауабы мынау болды: “Бір адам Иерусалимнен Иерихонға ылдилап бара жатып, қарақшылардың қолына түсіпті. Қарақшылар оны тонап, ұрып-соғып, шала-жансар етіп тастап кетеді. 31  Сонда сол жолмен келе жатқан бір діни қызметкер оны көреді де, жолдың арғы бетіне өтіп, кете береді. 32  Сол сияқты, жаңағы жермен өтіп бара жатқан бір леуілік оны көреді де, ол да жолдың арғы бетіне өтіп, кете береді. 33  Ал сол жолмен жолаушылап бара жатқан бір самариялық кісі оны көріп, аяп кетеді. 34  Жанына барып, жараларына май мен шарап құйып, таңады. Сосын, есегіне отырғызып, бір қонақ үйге әкеліп, қамын жасайды. 35  Ертесіне қонақ үйдің иесіне екі динар беріп: —Мына кісіге қамқорлық көрсет. Егер артық шығын шығарсаң, қайтып оралғанда төлеймін,— дейді. 36  Сонымен, осы үшеуінің қайсысы қарақшылардың қолына түскен кісінің жақыны болды деп ойлайсың?” 37  Әлгі кісі: “Оған мейірімділік көрсеткені”,— деп жауап бергенде, Иса: “Ендеше бар да, сен де солай істе”,— деді. 38  Иса шәкірттерімен бірге жол жүріп бара жатып, бір ауылға кірді. Сол жерде оны Марта есімді әйел үйіне шақырды. 39  Оның Мәриям деген сіңлісі бар еді. Ол Иеміз Исаның аяқ жағында тапжылмай отырып сөзін тыңдады. 40  Ал Мартаның әуре-сарсаңы көп болды. Ол Исаға келіп: “Ием, сіңлімнің барлық жұмысты маған қалдырғанын көрмейсің бе? Айтшы, маған көмектессін”,— деді. 41  Ал Иса: “Марта, Марта, сен көп нәрсені уайымдап, тыным таппайсың. 42  Көп нәрсенің қажеті жоқ, керегі біреу-ақ қой. Мәриям дұрыс таңдау жасады, одан оны ешкім де айыра алмайды”,— деді.

Сілтемелер

Бұлай ету қайғырудың белгісі болған.
8-қосымшаны қараңыз.
Мұндағы “жақының” деп аударылған грек сөзі тек туған-туыс не дос-жаранды емес, кез келген адамды білдіреді.