Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

Ехоба куәгерлері

Тілді таңдау қазақ

Жохан 4:1—54

4  Парызшылдарға Иса Жақиядан гөрі көбірек шәкірт дайындап, шомылдыру рәсімінен өткізіп жатыр деген хабар жетті.  (Шын мәнінде бұл рәсімді жасап жүрген Исаның өзі емес, шәкірттері болатын.)  Мұны білген Иеміз Яһудея аймағынан қайтадан Ғалилеяға жол тартты.  Бірақ оған Самария арқылы жүруге тура келді.  Содан ол Сихар деген самариялық қалаға келді. Бұл қала Жақыптың өз ұлы Жүсіпке берген танабына жақын орналасқан.  Сол жерде “Жақып құдығы” бар еді. Жолдан шаршаған Иса құдық басына отыра кетті. Бұл шамамен алтыншы сағат* болатын.  Осы жерге самариялық бір әйел су алуға келді. Иса оған: “Маған ішетін су берші”,— деді.  (Ал шәкірттері қалаға тамақ сатып алуға кеткен еді.)  Әйел: “Яһуди бола тұра, қалайша менен, самариялық әйелден, су сұрайсыз”,— деді. (Себебі яһудилер самариялықтармен араласпайтын.) 10  Сонда Иса: “Егер Құдайдың өзіңе беретін сыйын және “ішетін су берші” дегеннің кім екенін білсең, одан өзің сұрар едің, ал ол саған өмір суын берер еді”,— деп жауап берді. 11  Әйел: “Мырза, су алатын шелегіңіз де жоқ, ал құдық терең. Онда сол өмір суын қайдан аласыз? 12  Сіз бізге осы құдықты қалдырған және өзі де, балалары да, малы да одан су ішкен бабамыз Жақыптан да зорсыз ба?”— деді. 13  Бұған Иса былай жауап қатты: “Мына судан ішкен адам тағы шөлдейді. 14  Ал мен беретін судан ішкен адам ешқашан шөлдемейді. Бұл су оның ішінде мәңгілік өмір беретін бұрқылдап жатқан бұлаққа айналады”. 15  Сонда әйел: “Мырза, бұдан былай шөлдеп, су алуға осында келе бермеуім үшін маған сол судан беріңізші”,— деді. 16  Иса оған: “Барып, күйеуіңді шақырып кел”,— деді. 17  Ол: “Күйеуім жоқ”,— дегенде, Иса: “Күйеуім жоқ” деп дұрыс айттың. 18  Сенің бес күйеуің болған, ал қазір бірге тұрып жатқаның күйеуің емес. Сен шын айтып тұрсың”,— деді. 19  Сонда әйел: “Мырза, сіз пайғамбар екенсіз! 20  Біздің ата-бабамыз мына тауда ғибадат еткен, ал сіздер Құдайға ғибадат ететін орын Иерусалимде болуы тиіс дейсіздер”,— деді. 21  Иса мынаны айтты: “Айтқаныма сен, адамдар Әкеге осы тауда да, Иерусалимде де ғибадат етпейтін уақыт келе жатыр. 22  Сендер білместікпен ғибадат етіп жүрсіңдер, ал біздің ғибадатымыз білімге негізделген, өйткені Құдай құтқарылу туралы білімді алдымен яһудилерге ашқан. 23  Шынайы ғибадат етушілер Әкеге киелі рухтың басшылығымен және шындыққа сай ғибадат ететін уақыт келе жатыр, тіпті келіп те қойды. Құдай өзіне осылай ғибадат еткісі келетіндерді іздеуде. 24  Құдай — Рух. Сондықтан оған ғибадат ететіндер киелі рухтың басшылығымен және шындыққа сай ғибадат етуі тиіс”. 25  Сонда әйел: “Мәсіх деп аталатын құтқарушының келетінін білемін. Ол келгенде, бізге бәрін ашық айтады”,— деді. 26  Иса: “Сенімен сөйлесіп тұрған мен — соның өзімін”,— деп жауап қатты. 27  Осы кезде шәкірттері қайтып келіп, оның әйелмен сөйлесіп жатқанына таңғалды. Әйтсе де ешқайсысы “саған не қажет болды?”, “онымен неге сөйлесесің?” демеді. 28  Ал әйел құмырасын қалдырып, қалаға барды да, адамдарға: 29  “Жүріңдер, менің істерімнің бәрін дәл айтып берген кісіні көріңдер! Ол Мәсіх емес пе екен?”— деді. 30  Олар қаладан шығып, Исаға қарай бет алды. 31  Осы екі арада шәкірттері: “Ұстаз, тамақ жеп алсаңшы”,— деп өтінді. 32  Бірақ Иса: “Менің сендер білмейтін тамағым бар”,— деді. 33  Сонда шәкірттері: “Оған біреу тамақ әкеп берген бе?”— десті. 34  Иса оларға мынаны айтты: “Менің тамағым — өзімді жібергеннің еркін орындау және оның тапсырған ісін аяқтау. 35  Сендер егін оруға әлі төрт ай бар дейсіңдер. Ал мен сендерге айтамын, бастарыңды көтеріп, егіндікке көз салыңдар, ол пісіп, жинауға дайын тұр. 36  Қазірдің өзінде егін орушылар жалақыларын алып, мәңгілік өмірге арналған өнімді жинап жатыр. Осылай егінді еккен де, жинаған да бірге қуанады. 37  Осы орайда “Біреу егеді, ал өзге біреу жинайды” деген сөз рас болып тұр. 38  Мен сендерді өздерің еңбек етпеген жерден өнім жинауға жұмсадым. Басқалар еңбек етті, ал сендер олардың еңбегінің жемісін көрудесіңдер”. 39  Сол қаладағы көп самариялықтар әлгі әйелдің “ол менің істерімнің бәрін дәл айтып берді” деген куәлігі арқылы Исаға сенді. 40  Сондықтан Исаның қасына келгенде, одан өздерімен бірге қалуын өтінді. Содан ол екі күн сол жерде болды. 41  Оның айтқандарын естіген тағы да көп адам Исаға сеніп, 42  әлгі әйелге: “Біз енді тек сенің айтқаның бойынша сеніп қоймай, оны өзіміз тыңдап, оның шынымен де дүниенің құтқарушысы екенін білдік”,— деді. 43  Екі күннен кейін Иса сол жерден шығып, Ғалилеяға кетті. 44  Исаның өзі пайғамбардың өз елінде қадірі болмайтынын айтқан болатын. 45  Бірақ Ғалилеяға келгенде, сол жердегілер оны жылы қабылдады. Өйткені олар да Иерусалимдегі мейрамға барып, оның істеген барлық кереметтерін көрген еді. 46  Ол үйлену тойында суды шарапқа айналдырған Ғалилеядағы Қана қаласына тағы да келді. Сол жерде Қапарнаумда баласы ауырып жатқан патша сарайының бір қызметкері бар еді. 47  Ол Исаның Яһудеядан Ғалилеяға келгенін естігенде, оған барып, өлім аузында жатқан ұлын сауықтыруын өтінді. 48  Алайда Иса оған: “Сендер белгілер мен кереметтер көрмейінше, еш сенбейсіңдер”,— деді. 49  Ал қызметкер: “Мырза, балам өлмей тұрғанда, менімен жүріңізші”,— деп еді, 50  Иса: “Үйіңе қайта бер, балаң аман-есен”,— деді. Әлгі кісі оның сөзіне сеніп, қайтып кетті. 51  Жолда оған құлдары кездесіп, баласының аман-есен екенін айтты. 52  Ұлының қай уақытта тәуір болғанын сұрастырғанда, олар: “Кеше жетінші сағатта* қызуы басылды”,— деп жауап берді. 53  Сонда әкесі Исаның “балаң аман-есен” деген кезі дәл сол уақыт екенін біліп, үй ішімен оған сенді. 54  Бұл Исаның Яһудеядан Ғалилеяға келгенде жасаған екінші кереметі еді.

Сілтемелер

Күн шыққаннан бастап есептегендегі алтыншы сағат, яғни түскі он екілер шамасы.
Күн шыққаннан бастап есептегендегі жетінші сағат, яғни түскі бірлер шамасы.