Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

Ехоба куәгерлері

Тілді таңдау қазақ

Ефестіктерге 4:1—32

4  Сонымен, Иеміз үшін түрмеде отырған мен мынаны өтініп сұраймын: шақырылғандарыңа сай өмір сүріңдер,  әрдайым кішіпейіл, жұмсақ, шыдамды болыңдар әрі сүйіспеншілік көрсетіп, бір-біріңе төзімділік танытыңдар,  киелі рух арқылы иемденген бірліктеріңді өзара тату болып, сақтап қалуға барынша ұмтылыңдар.  Өздерің ие болуға шақырылған үміттің біреу болғаны сияқты, дене де біреу, рух та біреу,  Ие де біреу, сенім де біреу, шомылдыру рәсімі де біреу,  бәрінің Әкесі — Құдай да біреу. Ол бәрінен жоғары, бәрі арқылы және бәрінің бойында әрекет етеді.  Әрқайсысымызға Мәсіх белгілеген мөлшерде сый ретінде рақым берілді.  Сондықтан Құдай: “Ол көкке көтеріліп, тұтқындарды алып кетті, сый ретінде адамдар берді”,— деді.  “Ол көкке көтерілді” деген нені білдіреді? Бұл оның төменге, яғни жерге, түскенін де білдіреді. 10  Ал төменге түскен ол бәрін толық жүзеге асыру үшін көктің ең биігіне де көтерілді. 11  Ол біреулерін елші, біреулерін пайғамбар, біреулерін ізгі хабарды жариялаушы, тағы біреулерін бағушы және ұстаз ретінде берді. 12  Олар қасиеттілерді түзету, өзгелерге қызмет көрсету және Мәсіхтің денесін нығайту үшін берілді. 13  Мұны олар сенім жағынан және Құдай Ұлы туралы тура білім жағынан бәріміз бірлікке жеткенге дейін, сондай-ақ Мәсіхтің кемеліне сай келетін ересек адам болғанымызға дейін істемек. 14  Сонда біз бұдан былай айлакер адамдардың алдап-арбауынан туған әрбір ілімнің желіне тербеліп, толқынға тәлкек болған жас бала іспетті болмаймыз. 15  Шындықты айтып, дененің басы — Мәсіхтің деңгейіне дейін сүйіспеншілікпен жан-жақты өсіп жетіле берейік. 16  Себебі Мәсіх арқылы дененің барлық мүшесі өзара үйлесе бірігіп, әртүрлі қажетті буындар арқылы бірлесе әрекет етеді. Әр мүшесі өз міндетін дұрыс атқарғанда, дене өсіп, сүйіспеншіліктің көмегімен нығая түседі. 17  Сондықтан Иеміздің атынан сөйлеп, сендерді мынаған шақырамын: түкке тұрғысыз ойларының жетегінде жүретін осы дүниеліктер іспетті өмір сүруді қойыңдар. 18  Олар надан әрі жүректері сезімсіз болғандықтан саналарын қараңғылық басып, Құдайдан келетін өмірден шет қалған. 19  Ұяттан әбден безген олар әдепсіздікке* салынып, тойымсыздықпен әрқилы арам істер жасайды. 20  Бірақ сендер танып білген Мәсіх мұндай емес еді ғой: 21  сендер оның айтқандарын естіп, одан тәлім алдыңдар, өйткені шындық Исада. 22  Ендеше алған тәлімдерің бойынша, бұрынғы өмір салттарыңа тән әрі алдамшы құмарлықтардың әсерінен бүлініп жатқан ескі болмыстарыңнан арылыңдар* да, 23  ой-саналарыңды әрекетке талпындыратын күшті жаңартып, 24  Құдайдың еркіне сай жаратылған әрі шынайы әділдік пен адалдыққа сай келетін жаңа болмысқа ие болыңдар*. 25  Өтірікті тастағандықтан, енді әрқайсысың жақыныңа* шындықты айтыңдар, өйткені біз бір дененің мүшесіміз. 26  Ашуланғанда, күнә жасамаңдар. Күн батпай тұрып, ашуларыңды басыңдар. 27  Ібілістің өздеріңе әсер етуіне жол бермеңдер! 28  Ұры болған енді ұрламасын, қайта, мұқтаждармен бөлісетін нәрсесі болу үшін өз қолымен адал еңбек етсін. 29  Ауыздарыңнан шіріген емес, тек жақсы сөз шықсын. Осылайша тыңдап тұрғандарды қажет кезінде нығайтып, пайдаларына ассын. 30  Құдайдың киелі рухын ренжітпеңдер. Құтқарылатын күн келгенде, төлем арқылы азат етілулерің үшін, сендерге сол киелі рухпен мөр басылған ғой. 31  Әрқилы өшпенділік, ашу, ыза, айқайласу, қорлық сөздер және бүкіл жамандық атаулыдан арылыңдар! 32  Қайта, бір-біріңе мейірімді де барынша жанашыр болыңдар. Құдай өздеріңді Мәсіх арқылы кеңпейілмен кешіргендей, сендер де бір-біріңді солай кешіріңдер.

Сілтемелер

Ғл 5:19-дың сілтемесін қараңыз.
Сөзбе-сөз “шешіп тастаңдар”.
Сөзбе-сөз “киіп алыңдар”.
Мұндағы “жақының” деп аударылған грек сөзі тек туған-туыс не дос-жаранды емес, кез келген адамды білдіреді.