Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

Ехоба куәгерлері

Тілді таңдау қазақ

Елшілердің істері 2:1—47

2  Елуінші күн мейрамында барлық шәкірттер бір үйге жиналды.  Кенеттен көктен қатты жел соққандай шу естіліп, бүкіл үйдің іші жаңғырып кетті.  Сонда оларға оттай жалындаған тілдер көрінді. Тілдер бөлініп, әрқайсысының үстіне бір-бірден қонды.  Сөйтіп, бәрі киелі рухқа кенелді де, рухтың дарытуымен әртүрлі тілде сөйлей бастады.  Осы уақытта Иерусалимде жердің түкпір-түкпірінен келген Құдайды қастерлейтін яһудилер жүрген еді.  Қатты шуды естіп, сол жерге қалың жұрт жиналды. Олар шәкірттердің өздерінің тілдерінде сөйлеп жатқанын естіп, аң-таң болды.  Қатты таңырқаған жұрт былай десті: “Қараңдар, мына сөйлеп тұрғандардың барлығы ғалилеялықтар емес пе?  Олар қалайша әрбіріміздің ана тілімізде сөйлеп жатыр?  Парттықтар, мидиялықтар, еламдықтар және Месопотамия, Яһудея, Кападокия, Понт, Азия аймағы* мен 10  Фригия, Памфилия, Мысыр, Күренеге шегаралас Ливия тұрғындары, Римнен келген яһудилер мен яһуди дінін қабылдағандар, 11  криттіктер, арабтар — бәріміз де бұлардың біздің тілдерімізде Құдайдың ғажайып істері жайлы айтып жатқанын естіп тұрмыз”. 12  Барлығы таңырқап, абдырап қалды да: “Мұнда не болып жатыр?”— десті. 13  Ал өзге біреулері: “Олар шарапқа тойып алған”,— деп мазақ ете бастады. 14  Сонда Петір он бір елшімен бірге тұрып, былай деп дауыстады: “Яһудея мен Иерусалим тұрғындары, мынаны біліп алыңдар әрі айтқандарыма құлақ салыңдар: 15  бұл адамдар, сендер ойлағандай, мас емес. Қазір үшінші сағат* қой. 16  Жоел пайғамбар арқылы алдын ала: 17  —Соңғы күндері киелі рухымды әрбір адамға төгемін,— дейді Құдай. —Сонда ұл-қыздарың пайғамбарлық етеді, жас жігіттерің аян алып, қарттарың түс көреді. 18  Тіпті құлдарым мен күңдеріме киелі рухымды төгемін, сонда олар пайғамбарлық етеді. 19  Көкте кереметтерді, ал жерде белгілерді — қан, от пен будақтаған түтінді — көрсетемін. 20  Ехобаның ұлы да салтанатты күні келмес бұрын, күн түнекке, ай қанға айналады. 21  Сонда Ехобаны атын атап көмекке шақырған әркім құтқарылады,— деп айтылған. 22  Исраилдіктер, мына сөздерге құлақ түріңдер! Өздерің білетіндей, Құдай назареттік Иса арқылы араларыңда құдіретті істер, кереметтер мен белгілер көрсетіп, оны сендерге танытты. 23  Ал сендер оны тұтқындап, зұлым адамдардың қолымен бағанаға іліп өлтірдіңдер. Құдай осылай боларын алдын ала білгендіктен бұған жол берді. 24  Бірақ оны тірілтіп, өлімнің құрсауынан босатты, өйткені сонда қалуы мүмкін емес еді. 25  Ол жайлы Дәуіт былай деген: —Ехобаны әрдайым көз алдымда ұстаймын, ешқашан шайқалмауым үшін ол менің оң жағымда тұр. 26  Сондықтан жүрегім шаттыққа толып, зор қуанышпен сөйлеймін. Тіпті тәнім үмітпен тыншиды. 27  Өйткені сен мені* молада* қалдырмайсың, адал қызметшіңнің тәнін шірітпейсің. 28  Сен маған өмірге апаратын жолды көрсетіп, мені көз алдыңда қуанышқа бөлейсің. 29  Ағайындар, сендерге бабамыз Дәуіт туралы ашық айта аламын: ол дүниеден өтіп, жерленді, ал қабірі бүгінге дейін осы қалада тұр. 30  Ол ұрпақтарының бірін Құдай таққа отырғызуды ант еткенін білгендіктен әрі пайғамбар болғандықтан 31  Мәсіхтің қайта тірілетінін алдын ала біліп, Құдайдың оны молада қалдырмайтынын және тәні шірімейтінін айтқан болатын. 32  Құдай осы Исаны қайта тірілтті, бұған бәріміз де куәміз. 33  Ол көкке көтеріліп, Құдайдың оң жағына отырды да, Әкесі уәде еткен киелі рухты алды. Осылайша өздерің көріп, естіп тұрғандай, осы рухты бізге төкті. 34  Дәуіт болса көкке көтерілген жоқ. Бірақ ол: —Ехоба менің Иеме былай деді: 35  “Жауларыңды аяғыңның астына салып бергенімше, оң жағымда отыр”,— деген ғой. 36  Сондықтан бүкіл Исраил үйі мынаны біліп қойсын: Құдай өздерің бағанаға ілген Исаны Иеміз әрі Мәсіх етті”. 37  Бұл сөздер олардың жүректеріне инедей қадалып, Петір мен өзге елшілерден: “Ағайындар, енді біз не істеуіміз керек?”— деп сұрады. 38  Петір оларға былай деп жауап берді: “Күнәларың кешірілу үшін өкініп, әрбірің Мәсіх Исаның атынан шомылдыру рәсімінен өтіңдер, сонда сый ретінде киелі рухты аласыңдар. 39  Себебі бұл уәде сендерге, балаларыңа, шалғайдағы адамдарға және Құдайымыз Ехоба өзіне шақырып жатқандардың барлығына берілді”. 40  Петір тағы біраз жайттарды айтып, түбегейлі куәлік берді. Сондай-ақ: “Мына бұзылған ұрпақпен бірге жойылып кетіп жүрмеңдер”,— деп қайта-қайта ескертті. 41  Оның сөздерін шын көңілмен қабылдағандар шомылдыру рәсімінен өтті. Сол күні шәкірттердің қатарына шамамен 3000 жан қосылды. 42  Олар елшілерден тәлім алды, әрі барларымен бөлісіп, бірге ас ішіп, ұдайы дұға етумен болды. 43  Елшілер көптеген белгілер мен кереметтер көрсетті. Мұны көрген әрбір жан Құдайды қастерлей бастады. 44  Исаның ізбасары болғандардың барлығы бірге жиналып, бар нәрселерімен ортақтасты, 45  әрі өз меншіктерін сатып, түскен қаражатты әркімге қажетіне қарай үлестірді. 46  Олар күн сайын ғибадатханада жиналып жүрді, сондай-ақ бір-бірінің үйіне барып, шын көңілден әрі зор қуанышпен дастарқандас болып, 47  Құдайды мадақтады және барша жұрттың ықыласына бөленді. Ал Ехоба құтқарылатындардың санын күннен-күнге көбейтіп, шәкірттердің қатарына қосып отырды.

Сілтемелер

“Азия аймағы” деген тіркес Азия континентіне емес, ертедегі Римге қарасты аумаққа нұсқайды. Ол қазіргі Түркияның бір бөлігін алып жатқан болатын.
Күн шыққаннан бастап есептегендегі үшінші сағат, яғни шамамен таңғы тоғыз.
Сөзбе-сөз “менің жанымды”. 7-қосымшаны қараңыз.
8-қосымшаны қараңыз.