Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

Ехоба куәгерлері

Тілді таңдау қазақ

Еврейлерге 13:1—25

13  Бауырластарға сүйіспеншілік көрсете беріңдер.  Қонақжайлылық танытуды ұмытпаңдар. Өйткені кейбіреулер өздері білмей, періштелерді қонақ еткен.  Түрмедегі бауырластармен бірге отырғандай оларды есте ұстаңдар. Жәбір көріп жүргендерді де ұмытпаңдар, себебі өздерің де жәбір көрулерің мүмкін.  Некеге барлығың да құрметпен қарап, жар төсегін былғамаңдар! Азғындар мен неке адалдығын бұзушыларды Құдай соттайды.  Ақшақұмар болмай өмір сүріп, қолда барды қанағат тұтыңдар. Өйткені Құдай: “Мен сені ешқашан қалдырмаймын, ешқашан тастамаймын”,— деген.  Сондықтан да біз: “Ехоба менің көмекшім. Мен ештеңеден қорықпаймын. Адам баласы маған не істей алады?”— деп батылдықпен айта аламыз.  Өздеріңе Құдай сөзін айтқан әрі араларыңда басшылықты қолға алғандарды ұмытпаңдар. Жүріс-тұрыстарының игілікті нәтижесі туралы ой жүгіртіп, олардың сеніміне еліктеңдер.  Иса Мәсіх кеше қандай болса, бүгін де, мәңгілік бойы да сондай болып қала бермек.  Түрлі бөтен ілімдерге ілесіп, адасып кетпеңдер! Жүректі тағаммен емес, Құдай рақымымен нығайтқан абзал. Өйткені тағамға тым көп мән беретіндер еш пайда таппайды. 10  Бізде құрбандық орны бар, бірақ оның үстіндегіні жеуге шатырда қасиетті қызмет атқаратындардың қақы жоқ. 11  Бас діни қызметкер күнә үшін ұсынылған малдың қанын ең қасиетті бөлмеге алып кіреді, ал денесі қос сыртында өртеледі. 12  Сондықтан Иса да адамдарды өз қанымен қасиетті ету үшін қала қақпасының сыртында жапа шекті. 13  Ендеше ол көрген қорлықты көріп, қостың сыртына, Исаға барайық. 14  Себебі бұл жерде тұрақты қаламыз жоқ, біз келешекте болатын қаланы асыға күтудеміз. 15  Иса арқылы Құдайға ұдайы мадақтау құрбандығын ұсынайық, яғни оның есімін жариялайтын аузымыздан шыққан сөзімізбен оны мадақтайық. 16  Сондай-ақ жақсылық істеуді және өзгелермен қолда барларыңмен бөлісуді ұмытпаңдар. Өйткені мұндай құрбандықтар Құдайға ұнамды. 17  Араларыңда басшылықты қолға алғандарға мойынсұныңдар әрі бағыныңдар. Себебі олар үнемі жандарыңның қамын ойлайды әрі бұл үшін есеп береді. Олар күрсініп емес, қуана қамдарыңды ойлау үшін солай етіңдер, әйтпесе бұдан өздерің зиян көресіңдер. 18  Біз үшін дұға ете беріңдер, өйткені барлық жағдайда адал жүріп-тұрғымыз келетіндіктен, ар-ұжданымыз таза екеніне сенімдіміз. 19  Әсіресе өздеріңе тезірек келуім үшін дұға етулеріңді өтінемін. 20  Ұлы бағушы әрі бойында мәңгілік келісім қаны болған Иеміз Исаны қайта тірілткен тыныштықтың Құдайы 21  өз еркін орындауларың үшін бар жақсымен жабдықтасын. Ол бізді Иса Мәсіх арқылы өзіне ұнамдыны істеуге талпындырады. Құдай мәңгі бақи даңқтала берсін! Аумин. 22  Бауырластар, жігер беретін осы сөздерді сабырмен тыңдауларыңды өтінемін, өйткені сендерге бір-екі ауыз сөз ғана жазып отырмын. 23  Бауырласымыз Тімөтенің тұтқыннан босатылғанынан хабардар болыңдар. Егер ол жақында келсе, өздеріңе бірге барамыз. 24  Араларыңда басшылықты қолға алғандардың және қасиеттілердің бәріне сәлемімді жеткізіңдер. Италиядағылар сендерге сәлем айтуда. 25  Барлығыңа Құдайдың рақымы жаусын!

Сілтемелер