Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

Ехоба куәгерлері

Тілді таңдау қазақ

Аян 18:1—24

18  Бұлардан кейін көктен төмен түсіп келе жатқан зор билігі бар басқа бір періштені көрдім. Оның салтанатынан жер жарқырап кетті.  Періште қатты дауыстап былай деді: “Ол құлады! Ұлы Бабыл құлады! Ол жындардың ордасына және арам рухтар мен арам да жексұрын құстардың тұрағына айналды!  Күллі халықтар оның азғындығының құмарлығына толы шарапқа мас болды. Жержүзінің патшалары онымен азғындық жасады, ал жер бетіндегі саудагерлер оның ұятсыздықпен шалқып өмір сүргенінің және мол дәулетінің арқасында байыды”.  Көктен былай деген басқа бір дауысты да естідім: “Менің халқым, оның күнәларына ортақтасып, басына түсетін пәлелерге душар болмас үшін одан шық!  Себебі күнәлары көбейіп көкке жеткендіктен, Құдай оның әділетсіз істерін еске алды.  Оның басқаларға істегені өзіне істеліп, қарымтасы екі есе қайтарылсын. Өзі ішімдік араластырған тостағанға екі есе етіп араластырылып берілсін.  Өзін қаншалықты мадақтап, ұятсыздықпен молшылыққа кенелген болса, оған соншама азап пен қайғы-қасірет тартқызылсын. Өйткені ол іштей: —Мен тақта отырған патшайыммын. Жесір емеспін, қайғы-қасірет те шекпеймін,— деуін қоймайды.  Сондықтан ол бір күннің ішінде пәлеге — өлім, қайғы-қасірет пен аштыққа — ұшырап, түгі қалмай отқа өртеніп кетеді, себебі оны соттаушы Ехоба Құдай құдіретті.  Сонда онымен азғындық жасаған әрі онымен бірге ұятсыздықпен шалқып өмір сүрген жержүзінің патшалары ол өртеніп жатқан оттың түтінін көргенде, зар еңіреп, қайғыдан көкіректерін ұрып жылайтын болады. 10  Оның басына түскен азабынан зәрелері ұшқан олар алыста тұрып: —Қаралы күн туды! Ұлы қала, күшті қала Бабыл, басыңа қаралы күн туды, себебі бір сағат ішінде саған шығарылған үкім жүзеге асты!— дейді. 11  Жер бетіндегі саудагерлер де жылап, қайғырады, өйткені енді олардың бар жиғанын: 12  алтын, күміс, асыл тастар, інжу-маржан, жақсы зығыр, жібек пен ал қызыл матасын және жұпар иісті ағаштан, піл сүйегінен, қымбат ағаштан, темір және мәрмәрдан жасалған неше түрлі заттарын, 13  сондай-ақ даршын, үнді дәмдеуіші, хош иісті заттар, иісмай, ладан, шарап, зәйтүн майын, жақсы ұн, бидай және ірілі-ұсақты малын, жылқы мен күймелерін, құлдары мен адамдарын ешкім сатып алмайды. 14  Иә, жаның сондай қалаған керемет нәрселерден құр қалдың, жеңсік тағамдарың мен салтанатың да ғайып болды, енді қайтып оларды таппайсың. 15  Осылардың бәрімен сауда-саттық жасап, Бабылдың арқасында байып алған саудагерлер оның басына түскен азабынан зәрелері қалмай, алыста тұрып, қайғыра жылап: 16  —Қаралы күн туды! Жақсы зығырдан, күрең қызыл және ал қызыл матадан киім киіп, алтын, асыл тастар және інжу-маржанмен молынан безендірілген ұлы қалаға қаралы күн туды, 17  себебі соншама мол байлық бір сағат ішінде талан-тараж болды!— дейді. Кеме басшылары мен жолаушылар, теңізшілер және теңіздің арқасында күн көретіндердің бәрі алыста тұрып, 18  өртеніп жатқан оның түтінін көргенде: —Ешқашан мұндай ұлы қала болған емес!— деп зарлайды. 19  Бастарына топырақ шашып, қайғыра жылап: —Оған қаралы күн туды! Теңіздегі кеме иелерінің бәрі соның дәулетінің арқасында байыған еді. Ұлы қалаға қаралы күн туды, себебі ол бір сағат ішінде талан-тараж болды!— деп айқайлайды. 20  Көк, қуан! Қасиеттілер, елшілер мен пайғамбарлар, сендер де қуаныңдар, өйткені Құдай сендердің игіліктерің үшін оған шығарған үкімін жүзеге асырды!” 21  Сонда күшті періште үлкен диірмен тасындай бір тасты алып, теңізге лақтырып кеп жіберді де, былай деді: “Ұлы Бабыл қаласы да осындай екпінмен лақтырылады, әрі енді қайтып табылмайды. 22  Бұдан былай сенен, Бабыл, арфамен ән айтқан адамның даусы, сыбызғышы мен кернейшінің не басқа аспапта ойнайтындардың әуені естілмейді; қолөнермен айналысатын ешбір шебер де болмайды, диірменнің шуы да естілмейді; 23  шам жарық сәулесін түсірмейді, күйеу жігіт пен қалыңдықтың да дауысы естілмейді, өйткені саудагерлерің жер бетінің мықтылары болған еді, ал сен сиқырлықпен* айналысып, күллі халықтарды адастырдың. 24  Иә, пайғамбарлар мен қасиеттілердің және барлық өлтірілгендердің қаны осы қаладан табылды”.

Сілтемелер

Немесе “спиритизм, яки жын-перілермен байланысу”.