Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

Ехоба куәгерлері

Тілді таңдау қазақ

Аян 17:1—18

17  Жеті тостағаны бар жеті періштенің бірі қасыма келіп, былай деді: “Кел, мен саған көп сулар үстінде отырған ұлы жезөкшенің қалай жазаланатынын көрсетейін.  Жер бетіндегі патшалар онымен азғындық жасады, ал жержүзінің тұрғындары оның азғындығының шарабына мас болды”.  Содан періште мені киелі рух арқылы айдалаға апарды. Сол жерде тұла бойы Құдайды қорлайтын есімдерге толы, жеті басты, он мүйізді ал қызыл жыртқыш аңның үстінде отырған әйелді көрдім.  Ол күрең қызыл және ал қызыл киім киіп, алтынмен, асыл тастармен және інжу-маржанмен әрленіпті. Ал қолында жеркенішті және азғындығынан туған арам нәрселерге толы алтын тостаған бар екен.  Маңдайына “Ұлы Бабыл — жезөкшелердің және жер бетіндегі жеркенішті нәрселердің анасы” деген құпия есім жазылыпты.  Мен оның қасиеттілер мен Исаның куәгерлерінің қанына мас екенін көрдім. Оны көргенде, қатты таңырқадым.  Сонда періште маған былай деді: “Неге таңырқадың? Мен саған осы әйелдің және ол отырған жеті басты он мүйізді жыртқыш аңның құпиясын айтып берейін:  өзің көрген жыртқыш аң бұрын болған, қазір жоқ, бірақ таяуда тұңғиықтан шығады, сосын, жойылады. Жер бетінің тұрғындары — дүниенің негізі қаланғаннан* бері есімдері өмір шиыршығына жазылмағандар — жыртқыш аңның бұрын болғанына, қазір жоқ екеніне, бірақ қайтадан пайда болатынына таңғалады.  Бұл дана ой-сананы қажет етеді: жеті бас — төбесінде әйел отырған жеті тауды білдіреді. 10  Сондай-ақ жеті патшаны білдіреді. Олардың бесеуі құлады, біреуі бар, тағы біреуі әлі келген жоқ, ал келгенде аз уақыт қана болуы тиіс. 11  Бұрын болған, қазір жоқ жыртқыш аң сегізінші патша да болып табылады, бірақ ол әлгі жетеуінен шыққан, әрі жойылады. 12  Ал өзің көрген он мүйіз әлі патшалық құрмаған он патшаны білдіреді. Олар жыртқыш аңмен бірге патшалық билікке ие болады, бірақ бір сағатқа ғана. 13  Олардың ой-мақсаты бір, сондықтан күш-қуаты мен билігін жыртқыш аңға береді. 14  Олар Тоқтыға қарсы шайқасқа шығады, бірақ иелердің Иесі, патшалардың Патшасы болғандықтан Тоқты жеңіп шығады. Шақырылған, таңдап алынған, сондай-ақ адал болғандар да онымен бірге жеңіп шығады”. 15  Періште маған мынаны да айтты: “Өзің көрген үстінде жезөкше отырған сулар болса халықтар мен қалың жұртты, ұлттар мен тілдерді білдіреді. 16  Өзің көрген он мүйіз бен жыртқыш аң жезөкшені жек көріп кетеді, оны талан-тараж етіп, жалаңаштайды және тәнін жалмап, түгелдей өртеп жібереді. 17  Себебі Құдай олардың жүректеріне өз ойын салып, жүзеге асыртады, яғни өз сөздері орындалғанша, патшалық биліктерін жыртқыш аңға бергізу арқылы оларға ортақ ойларын жүзеге асыртады. 18  Ал сен көрген әйел жер бетіндегі патшаларға үстемдік ететін ұлы қаланы білдіреді”.

Сілтемелер

Мт 13:35-тің сілтемесін қараңыз.