Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

Ехоба куәгерлері

Тілді таңдау қазақ

 КИЕЛІ КІТАП АДАМНЫҢ ӨМІРІН ӨЗГЕРТЕДІ

Олар кез келген сұраққа Киелі кітаптан жауап берді!

Олар кез келген сұраққа Киелі кітаптан жауап берді!
  • ТУҒАН ЖЫЛЫ: 1950

  • ЕЛІ: ИСПАНИЯ

  • БҰРЫНДА: КАТОЛИК ДІНІН ҰСТАНҒАН МОНАХ ӘЙЕЛ БОЛҒАН

ӨМІРБАЯНЫМ:

Мен туылғанда, ата-анам Испанияның солтүстік-батысындағы Галисия облысының бір ауылында, өздерінің шағын фермасында тұрып жатқан еді. Мен сегіз баланың төртіншісімін. Отбасымыз біз үшін қашан да жылы ұя болатын. Ол кезде Испанияда қалыптасқан әдет бойынша, әр үйден кем дегенде бір бала діни мектепке не монастырьге бару керек-тін. Ал біздің үйден екеуіміз монастырьге, біреуіміз діни мектепке оқуға бардық.

Он үш жасқа толғанымда Мадридтегі монастырьде болған әпкеме мен де қосылдым. Монастырьде адамдар арасындағы қарым-қатынас суық болғандықтан, біреумен достасу өте қиын болды. Онда тек ережелер, дұғалар және қатаң тәртіп бар еді. Біз таңертеңмен шіркеуге Құдай жайлы терең ойлану үшін жиналатынбыз, бірақ мен жиі ешнәрсе жайлы ойланбайтынмын. Сосын діни әндер айтып, месса рәсімін атап өтетінбіз. Бірақ мұның бәрі латын тілінде өтетіндіктен, мен ештеңені дұрыстап түсінбейтінмін және Құдай менен алыста деп ойлайтынмын. Ол жақтағы өмірім тым-тырыс өтіп жатты. Тіпті әпкем екеуміз жолығып қалған кезде, жай ғана: “Аса пәк Мария мадақталсын”,— деп амандасып қана қоятынбыз. Монах әйелдер монастырьдегі қыздарға тамақтанған соң жарты сағатқа ғана араласуға рұқсат беретін. Бұл отбасымдағы бақытты өміріме мүлде ұқсамайтын. Мен өзімді ешкімге керек еместей сезініп, жиі көзіме жас алатынмын.

Ешқашан өзімді Құдайға жақын сезінбесем де, 17 жасымда монах әйел болуды шештім. Шынымды айтсам, басқалар менен осыны күткендіктен ғана солай істедім. Алайда көп ұзамай Құдай мені осы іске таңдағанына күмәндана бастадым. Монах әйелдер болса бұлай күмәнданатындар ақырында тозаққа кететінін айтты! Сонда да менің күмәнім сейілмеді. Мен Иса Мәсіхтің басқалардан бөлектенбегенін, қайта, адамдарға тәлім беріп, оларға көмектесуден қолы босамағанын білетінмін (Матай 4:23—25). 20 жасқа келгенде, монастырьде қалудың ешқандай келелі себебін таппадым. Бір қызығы, монастырьдегі жетекші әйел маған сенімсіз болсам, мүмкіндігінше тезірек бұл қызметтен кеткенім дұрыс екенін айтты. Меніңше, ол басқалардың ойын өзгертуім мүмкін деп қорыққан болса керек. Сөйтіп, мен монастырьден кетіп қалдым.

 Үйге оралғанымда, ата-анам маған түсінушілікпен қарады. Бірақ ауылда жұмыс болмағандықтан, мен Германияға, інім тұратын елге, көшіп бардым. Інім елдегі эмигрант испандықтардың белсенді коммунистік тобында болатын. Жұмысшылардың құқықтары және ерлер мен әйелдердің теңдігі үшін күрескен осы адамдардың арасында өзімді еркін сезінгендіктен, мен де коммунист болуды шештім. Кейін сол топтың бір мүшесіне тұрмысқа шықтым. Коммунистік әдебиеттерді таратып, қарсылық көрсету марштарына қатысу арқылы пайдалы іспен айналысып жүрмін деп ойладым.

Алайда уақыт өте келе қайтадан салым суға кете бастады. Себебі коммунистер жиі өздері насихаттайтын нәрселерді ұстанбайтындай көрінетін. 1971 жылы тобымыздың кейбір жас мүшелері Франкфурттегі Испания консулдығын өртеп жібергенде, бұған көзім жете түсті. Олар Испаниядағы әділетсіз диктаторлық билікке наразылық білдіру үшін осылай істеген болатын. Бірақ мен бұны еш құптамаған едім.

Бірінші ұлымды дүниеге әкелген соң, күйеуіме коммунистік жиналыстарға енді қатысқым келмейтінін айттым. Бұрынғы достарымның ешқайсысы балам екеуміздің хал-жағдайымызды сұрауға келмегендіктен, өзімді жападан-жалғыз сезіндім. Мен өмірдің мағынасы жайлы ойлана бастадым. Сондай-ақ мені “Қоғамды жақсартуға тырысудың мәні бар ма осы?” деген сұрақ мазалады.

КИЕЛІ КІТАП ӨМІРІМДІ ӨЗГЕРТТІ:

1976 жылы екі испандық Ехоба куәгері үйімізге келді. Мен олар ұсынған Киелі кітапқа негізделген әдебиеттерді алып қалдым. Екінші рет келгенде, оларға қайғы-қасірет, теңсіздік пен әділетсіздікке қатысты сұрақтарымды бірінен соң бірін жаудырдым. Олардың кез келген сұрағыма Киелі кітаптан жауап бергендеріне қайран қалдым! Содан, Киелі кітапты зерттеу сабағына қуана келістім.

Алғашында олармен білім алу үшін ғана зерттеген едім. Алайда күйеуім екеуміз Ехоба куәгерлерінің Патшалық сарайындағы қауым кездесулеріне бара бастағанда, ойым өзгерді. Ол уақытта екінші ұлымыз да дүниеге келіп қойған еді. Куәгерлер бізді қауым кездесулеріне көлікпен апаратын және кездесу барысында балаларымызға қарауға жәрдемдесетін. Маған осылайша мейірімділік көрсеткендіктен, оларды жақын тұтып кеттім.

Сонда да кейбір діни сұрақтарға қатысты күмәнім болды. Содан Испаниядағы төркініме барып-қайтуды шештім. Шіркеуде діни қызметкер болған туысқан ағам мені Киелі кітапты зерттеуден айнытқысы келді. Бірақ жергілікті Куәгерлер маған көп көмектесті. Олар тура Германиядағы Куәгерлер сияқты, сұрақтарыма Киелі кітаптан жауап берді. Германияға оралған соң, Киелі кітапты зерттеуді жалғастыруды шештім. Жұбайым зерттеу сабағын доғарса да, мен бұл шешімімнен таймадым. Сөйтіп, 1978 жылы Ехоба куәгері болу үшін шомылдыру рәсімінен өттім.

ТИГІЗГЕН ПАЙДАСЫ:

Киелі кітаптан тура білім алғанымның арқасында өмірімде бағыт-бағдар мен мағына пайда болды. Мысалы, Петірдің 1-хаты 3:1—4 тармақтарда әйелдер күйеулеріне “мойынсұнып”, оларды “барынша құрметтеуге” және “Құдайдың көз алдында аса бағалы саналатын... жұмсақ мінезге” ие болуға шақырылады. Бұл кеңестер жақсы ана және жақсы әйел бола білуіме көмектесті.

Ехоба куәгері болғаныма 35 жылдай болды. Мен Құдайға құлшылық ететін осындай рухани отбасында болғаныма өте қуаныштымын және бес баламның төртеуі Құдайға қызмет ететініне қатты ризамын.