Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

Ехоба куәгерлері

Тілді таңдау қазақ

Орта ғасырларда Құдай Сөзінің Испанияда танымал болуы

Орта ғасырларда Құдай Сөзінің Испанияда танымал болуы

“Испанияға барар жолда сендерді көріп, өздеріңмен біраз уақыт бірге болып, мауқымды басқаннан кейін, мені солай қарай кішкене шығарып саларсыңдар деп үміттенемін” (Римдіктерге 15:24).

БҰЛ сөздерді елші Пауыл шамамен б. з. 56 жылы Римдегі мәсіхшілерге жазған болатын. Киелі кітапта Пауылдың Испанияға барған-бармағаны жайлы ештеңе жазылмаған. Қалай болған күнде де, Пауылдың не басқа мәсіхші миссионерлердің арқасында Құдай Сөзіндегі, яғни Киелі кітаптағы ізгі хабар б. з. II ғасырына таман Испанияға да жетті.

Көп ұзамай мәсіхшілер қауымы Испанияда көбейіп, қанатын кеңге жая бастады. Бірақ бұнымен қатар Испанияда Киелі кітапты латын тіліне аударатын аудармашыларға да сұраныс өсті. Себебі Испания II ғасырға дейін ұзақ уақыт бойы Рим империясының қол астында болған, ал латын тілі сол империяда кеңінен таралған тіл болатын.

ЛАТЫН ТІЛІНДЕГІ КИЕЛІ КІТАПТЫҢ ЖАРЫҚ КӨРУІ

Ертедегі испан мәсіхшілері латын тілінде Киелі кітаптың бірнеше аудармасын жарыққа шығарды. Бұл аудармалардың жиынтығы “Ескі латын нұсқасы” (“Vetus Latina Hispana”) деген атпен танымал. Осы латын тіліндегі аудармалар б. з. V ғасырының басында Иероним латын тілінде атақты “Вульгатасын” тамамдағанға дейін Испанияда көптеген жылдар бойы кең қолданыста болған.

Палестинаның Бетлехем қаласында тәржімеленген Иеронимнің еңбегі Испанияға көзді ашып-жұмғанша жетті. Киелі кітап зерттеушісі болған Лициний есімді бір ауқатты кісі Иеронимнің Киелі кітапты латын тіліне аударып жатқанын естігенде, сол жаңа аударманың көшірмесіне тез арада ие болғысы келді. Аударманың көшірмесін Испанияға алып келу үшін, Лициний Бетлехемге алты көшірмешіні жібереді. Бұдан кейінгі ғасырларда “Вульгата” бірте-бірте “Ескі латын нұсқасын” қолданыстан ығыстырып жіберді. Осы латын аудармаларының арқасында Испанияның тұрғындары Киелі кітапты оқып, ондағы хабарды түсіне алды. Алайда Рим империясы құлдырағаннан кейін, Киелі кітапты жаңа тілге аударуға қажеттілік туындады.

ТАҚТАШАЛАРДАҒЫ КИЕЛІ КІТАП

V ғасырда вестготтар мен өзге герман тайпалары Испанияны жаулап алды, осылайша түбекке жаңа тіл — гот тілі енді. Жаулап алушылар Үштік ілімін жоққа шығаратын мәсіхшіліктің бір ағымы — арианизмді ұстанатын. Олар гот тіліндегі Ульфила атты өздерінің Киелі кітаптарын да қолданысқа енгізді. Испандықтар бұл Киелі кітапты VI ғасырдың соңында вестготтық патша Реккаред арианизмнен бас тартқанға дейін оқып келді. Ал патша католик дінін қабылдаған соң, Ульфила Киелі кітабымен бірге барлық ариандық кітаптарды жинап, олардың күлін көкке ұшырды. Нәтижесінде Испанияда гот тіліндегі барлық кітаптар атымен жоқ болып кетті.

Латын диалектісіндегі Киелі кітаптың мәтіні жазылған тас тақташаның бір бөлігі (б. з. VI ғасыры)

Десе де сол уақытта Испанияда Құдай Сөзінің таралуы тоқтаған жоқ. Гот тілінен бөлек онда кең етек жайған латын диалектісі қолданыста болған. Уақыт өте сол диалектіден Пиреней түбегінде роман тілдері пайда болған *. Аталмыш диалектідегі ежелгі құжаттар тастардың сынықтарында  қашалып жазылғандықтан, олар вестготтық тас тақташалар деген атпен танымал. Олар VI және VII ғасырларда жазылған. Солардың кейбірінде Забур мен Інжілден үзінділер кездеседі. Мысалы, бір тақташада Забурдың 16-тарауының толық нұсқасы жазылған.

Киелі кітап үзінділерінің қыш тақташаларында болғаны қарапайым халықтың сол уақытта Құдай Сөзін оқып, оны көшіріп отырғанын көрсетеді. Мұғалімдер сол Киелі кітап мәтіндерін қолданып, оқушыларға оқу мен жазуды үйреткен болса керек. Орта ғасырларда монастырьлер Киелі кітапты суретімен бірге басып шығару үшін қолданылған қымбат пергаменттің қасында бұл тақташалардың бағасы арзанырақ болған.

Әдемі көркемделген Леон Киелі кітабының бір үзіндісі. Бірақ қанша жерден көркемделсе де, аталған Киелі кітаптар адамдарға Құдай Сөзіндегі хабарды жеткізуге көп үлес қоспады

Суреттері бар баға жетпес Киелі кітаптардың бірі Испанияның Леон қаласындағы Сан-Исидор шіркеуінде тұр. Б. з. 960 жылы жарық көрген бұл кітап 1028 беттен тұрады, көлемі — 47х34 см, салмағы — 18 келі. Ал шамамен б. з. 1020 жылына сәйкес келетін Риполь Киелі кітабы болса Ватикан кітапханасында сақтаулы тұр. Бұл — орта ғасырларда көркемделіп безендірілген ең әдемі Киелі кітаптардың бірі. Монахтар көркемдеу жұмыстарына көп уақыт жұмсайтын. Мысалы, басты әрпін жазу үшін бір күн, ал бірінші бетін дайындау үшін бүкіл апта кетуі мүмкін еді. Бірақ қанша жерден көркемделсе де, аталған Киелі кітаптар адамдарға Құдай Сөзіндегі хабарды жеткізуде көп үлес қоспады.

АРАБ ТІЛІНДЕГІ КИЕЛІ КІТАП

VIII ғасырға таман ислам дінінің ұстанушылары түбекті жаулап алғанның нәтижесінде Испанияда өзге бір тіл тамыр жая бастады. Мұсылмандар қоныс тепкен жерлерде араб тілі латын тілінен басым бола бастады. Сондықтан Киелі кітапты осы жаңа тілге де тәржімелеу қажет болды.

Б. з. V—VIII ғасырлар аралығында Киелі кітап латын және араб тілдеріне аударылғанның арқасында испандықтар Құдай Сөзін оқи алды

Араб тіліндегі көптеген Киелі кітап аудармалары, әсіресе Інжіл орта ғасырларда Испанияның жер-жеріне таралғаны даусыз. Соған қарағанда VIII ғасырда Севилья қаласындағы Хуан есімді епископ Киелі кітапты араб тіліне толық аударған көрінеді. Өкінішке қарай, араб тіліндегі  аударма жұмыстарының көбісі жоғалып кетті. Алайда Испанияның Леон қаласының соборында оныншы ғасырдың ортасында жарық көрген араб тіліндегі Інжілдің бір аудармасы әлі күнге дейін сақтаулы.

Інжілдің араб тіліндегі нұсқасы (б. з. X ғасыры)

КИЕЛІ КІТАПТЫҢ ИСПАН ТІЛІНДЕ ШЫҒУЫ

XIII ғасырға таман кастиль, не испан, тілі Пиреней түбегінде қылаң берді. Осы жаңа тіл арқылы Құдай Сөзі кеңінен таралмақ еді *. Ең алғашқы испан тіліндегі Киелі кітап (“La Fazienda de Ultra Mar”) XIII ғасырдың басында дүниеге келді. Бұл еңбекте Исраилге сапар жайлы оқиғалар, сондай-ақ Таурат пен Еврей жазбаларынан, Інжіл мен елшілердің хаттарынан кейбір мәліметтер бар.

X Альфонс патша Киелі кітаптың испан тіліне аудару ісін қолдады

Алайда шіркеудің басшылары бұл аудармаға разы болмады. 1234 жылы Таррагонадағы собор Киелі кітаптың үзінділері бар барлық кітаптар діни қызметкерлерге беріліп, өртелсін деген жарлық шығарды. Бірақ бұл жарлық Киелі кітаптың әрі қарай да аударылуына тосқауыл болмады. Испан прозасының негізін қалаушы деп саналатын X Альфонс патша (1252—1284) Жазбалардың жаңа тілге тәржімеленуін қолдады. Сол кезеңде испан тіліне аударылған еңбектердің қатарында Альфонс патшаға дейінгі Киелі кітап пен содан көп ұзамай жарық көріп, өз дәуірінің толық аудармасы болып есептелген “Альфонстың Киелі кітабы” бар.

XIII ғасырдың Альфонсқа дейінгі (сол жақта) және “Альфонстың Киелі кітабынан” алынған беттер (оң жақта)

Жоғарыда аталған екі еңбек те жаңадан бастау алып келе жатқан испан тілін байытып, оның орнығуына септігін тигізді. Томас Монтгомери деген ғалым Альфонс патшаға дейінгі Киелі кітап жайында былай дейді: “Бұл Киелі кітаптың туралығы мен тіл байлығы аудармашының ерен еңбек атқарғанын көрсетеді... Тілі қарапайым да анық. Бұл латын тілін білмейтін адамдарға нағыз қажет Киелі кітап болды”.

Алайда испан тіліндегі аталмыш Киелі кітаптар түпнұсқа тілдерден емес, латын тіліндегі Вульгатадан аударылды. XIV ғасырдың басында яһуди ғалымдары тікелей еврей тілінен аударылған бірнеше испан тіліндегі Еврей жазбаларын жария етті. Сол уақытта Испания Еуропадағы яһудилер ең көп шоғырланған жер болатын және яһуди аудармашылар үшін еш бұрмаланбаған еврей қолжазбалары қолжетімді еді *.

Керемет аударылған Киелі кітаптардың тағы бірі XV ғасырда шыққан Альбаның Киелі кітабы болған. Атақты испан магистрі Луис де Гусман Киелі кітапты кастиль тіліне аудару міндетін Моше Аррагел есімді раввинге жүктейді. Бұл жаңа аударманы талап етуіне ол екі себеп келтірді. Біріншіден, оның айтуынша, сол кездегі Киелі кітапта қолданылған роман тілі қатты бұрмаланған еді, ал екіншіден, олар сияқты қарапайым адамдарға түсініксіз үзінділерге қосымша түсініктемелер аса қажет болған. Оның бұл талабынан сол кездегі адамдардың Киелі кітапты оқып, оны түсінуді қатты қалағаны көрінеді. Бұған қоса, жергілікті тілдегі Жазбалар Испанияда кеңінен таралып қойғанын көрсетеді.

Орта ғасырлардағы аудармашылар мен көшірмешілердің арқасында Испаниядағы сауатты  адамдар Киелі кітапты өздерінің ана тілдерінде еш қиналмай оқи алған. Тарихшы Хуан Ортс Гонсалестың байқауынша, Лютердің заманына дейінгі немістер не ағылшындарға қарағанда, испандықтар Киелі кітапты анағұрлым жақсы білген.

“Лютердің заманына дейін немістер мен ағылшындарға қарағанда, испандықтар Киелі кітапты анағұрлым жақсы білген” (Тарихшы Хуан Ортс Гонсалес)

Бірақ XV ғасырдың соңына таман испандық инквизиция кез келген жергілікті тілдегі Жазбаларды аударуға және сақтауға тыйым салды. Сөйтіп, Испания елінде Киелі кітаптың үстінен ұзақ уақытқа қара түнек жамылды. Салынған тыйымның күші тек үш ғасырдан кейін ғана жойылды. Сол бір қысылтаяң кезеңде бірнеше жүрек жұтқан аудармашы шетелде испан тілінде Киелі кітаптың жаңа нұсқаларын шығарып, Испанияға жасырын түрде алып кірді *.

Киелі кітаптың орта ғасырлардағы Испания еліндегі тарихынан Құдай Сөзінің дұшпандары сан қилы жолдармен бөгет қоюға тырысқанын көрдік. Бірақ олар Жаратушының сөзіне қақпақ қоя алмады (Забур 82:2; 93:20).

Көптеген ғалымдардың аянбай атқарған еңбектері Киелі кітаптың тамырын кеңге жайып, орта ғасырларда Испанияның түкпір-түкпіріне таралуына жағдай жасады. Киелі жазбаларды латын, гот, араб және испан тілдеріне тәржімелеген аудармашылардың ізін бүгіндегі аудармашылар да қуып келеді. Нәтижесінде испан тілінде сөйлейтін миллиондаған адам бүгінгі таңда Құдай Сөзін жүректеріне жақын тілде оқи алады.

^ абзац 10 Бұған кастиль, каталан, галис және португал тілдері кіреді.

^ абзац 17 Бүгінде испан тілі — шамамен 540 миллион адамның ана тілі.

^ абзац 20 “Күзет мұнарасының” 2011 жылғы 1 желтоқсан айындағы (ор.) “Альфонсо де Самора мен оның Киелі кітаптың аударылуына қосқан үлесі” деген мақаласын қараңыз.

^ абзац 23 “Күзет мұнарасының” (ор.) 1996 жылы, 1 маусым айындағы “Касиодоро де Рейнаның Киелі кітап үшін күресі” деген мақаланы қараңыз.