“Құдай дүниені сондай қатты сүйгендіктен, өзінің жалғыз Ұлын берді. Ол мұны Ұлына сенген әркім жойылмай, мәңгілік өмірге ие болсын деп істеді” (Жохан 3:16).

Бұл — Киелі жазбадағы ең танымал әрі жиі қолданылатын сөздер. Сондай-ақ бұл — “Құдайдың адамзатпен қарым-қатынасы мен құтқарылуға апаратын жолды бір ауыз сөзбен айтып жеткізетін” бірден-бір тармақ. Осы себеппен кей елдерде аталмыш сөздер қоғамдық шараларда, көліктерде, көшелерде жазылып жатады.

Соған қарағанда көп адам Құдайдың сүйіспеншілігі олардың мәңгілік құтқарылуларына кепілдік беретініне сенімді. Ал сіз жайлы не деуге болады? Сіз үшін Құдайдың сүйіспеншілігі деген не? Құдай сізге өз сүйіспеншілігін көрсету үшін не істеді деп ойлайсыз?

“ҚҰДАЙ ДҮНИЕНІ СОНДАЙ ҚАТТЫ СҮЙГЕНДІКТЕН...”

Көп адам күллі ғаламды, табиғатты және адамзатты Құдай жаратты дегенге сенеді. Тірі ағзалардың күрделілігі мен жақсы ойластырылғаны олардың артында даналығы зор әлдебіреудің шүбәсіз бар екенін көрсетеді. Күн сайын адамдар Құдайға өмір атты сый үшін алғыстарын білдіріп жатады. Сонымен қатар олар тіршілік етуге қажетті ауа, су, тамақ пен табиғаттағы айналымдар Құдайдан екенін және тек солардың арқасында ғана ғұмыр кешіп, еңбектерінің зейнетін көріп жүргендерін мойындайды.

Құдайдың беріп отырған барлық нәрселері үшін ризалық білдіргеніміз дұрыс, өйткені ол бізді жаратты әрі өмірімізді қолдап-қуаттайды (Забур 103:10—28; 144:15, 16; Елшілердің істері 4:24). Жаратушымыздың өмір сүруіміз үшін не істегені жайлы ойлағанда, оның бізге деген сүйіспеншілігі жайлы түсінігіміз молая түседі. Елші Пауыл былай деп жазған: “[Құдайдың] өзі барлығына өмір, тыныс және қажеттінің бәрін береді. Өйткені оның арқасында біз өмір сүріп, әрекет етіп, тірі жүрміз” (Елшілердің істері 17:25, 28).

 Алайда Құдайдың сүйіспеншілігі бізді физикалық жағынан қамтамасыз етумен ғана шектелмейді. Құдай бізді жан-жануарлардан артық, яғни саналы етіп жаратты, өзі жайлы білуге деген қажеттілік берді, әрі оны қанағаттандыруға көмектеседі (Матай 5:3). Осының арқасында мойынсұнғыш адамдарға Құдайдың отбасының мүшесі, яғни “балалары” болуға жол ашылды (Римдіктерге 8:19—21).

Жохан 3:16-да әрі қарай айтылғандай, Иса пайғамбар адамдарға Құдай жайлы үйрету үшін, сондай-ақ адамзаттың игілігіне өмірін беру үшін жерге жіберілді. Осылайша Құдай күллі адамзатқа деген сүйіспеншілігін танытты. Алайда көпшілік Иса пайғамбарға адамзат үшін неліктен өлу керек болғанын және қалайша оның өлімі Құдайдың бізге деген сүйіспеншілігінің белгісі бола алатынын түсінбейді. Олай болса, Киелі кітапта Исаның өлімі қалай түсіндірілгенін әрі бізге қандай пайдасы бар екенін көрейік.

“ӨЗІНІҢ ЖАЛҒЫЗ ҰЛЫН БЕРДІ”

Адамдардың барлығы аурудың, қартаю мен өлімнің құрсауында. Алайда әуел баста Ехоба Құдайдың адамзат үшін ниет еткені бұл емес. Ол алғашқы адамзат жұбын жер бетіндегі пейіште мәңгі өмір сүрсін деп жаратқан. Бірақ оларға бір талап қойылды: олар Құдайға мойынсұну керек еді. Олай етпеген жағдайда Құдай олардың өлімге кесілетінін айтты (Жаратылыс 2:17). Осы ескертуге қарамастан Адам ата Құдайдың билігіне қарсы шықты, осылайша өзін және келер ұрпағын өлімге душар етті. Елші Пауыл бұны былай түсіндірді: “Бір адам арқылы дүниеге күнә, ал күнә арқылы өлім келді, осылайша адамдардың бәрі өлетін болды, себебі бәрі күнә жасады” (Римдіктерге 5:12).

Бірақ Жаратушы “әділдікті қалайды” (Забур 36:28). Құдай Адам атаның әдейі жасаған күнәсіна көз жұмбады. Алайда сол бір адамның тілазарлығы үшін бүкіл адамзатты мәңгі бақи қайғы-қасірет пен өлімге душар еткен жоқ. Ол “жанға жан” деген принципті заңды түрде қолданып, әділдік таразысын теңестірді де, мойынсұнғыш адамдарға мәңгі өмір сүруге мүмкіндік ашты (Мысырдан шығу 21:23). Бірақ Адам атаның жоғалтқан мінсіз өмірі қалайша қайтарылмақ еді? Бұл үшін біреу Адам атаның өміріне пара-пар келетін мінсіз, күнәнің дағы түспеген өмірін ұсынуы, яғни құрбан етуі қажет болды.

Иса пайғамбар адамзатты күнә мен өлімнің құрсауынан азат ету үшін жерге өз еркімен келді

Осындай өмірді Адам атадан тараған күнәкар ұрпақтың ешқайсысы да құрбандыққа ұсына алмағаны түсінікті (Забур 48:6—10). Ал Иса пайғамбар күнәні мұра етпей туылған, сондықтан ол Адам ата күнә жасамас бұрын қандай болса, дәл сондай мінсіз болған. Өзінің өмірін қиып, Иса адамзатты күнәнің құлдығынан азат етті. Осылайша ол адамзат баласына түпкі ата-аналары ие болған мінсіз өмірге иемденуге жол ашты (Римдіктерге 3:23, 24; 6:23). Бізге көрсетілген осындай зор сүйіспеншіліктің игілігін көру үшін өз тарапымыздан не істегеніміз абзал?

 “ҰЛЫНА СЕНГЕН ӘРКІМ...”

Жохан 3:16-дағы сөздерге оралар болсақ, “Ұлына сенген әркім жойылмай, мәңгілік өмірге ие болады” деген сөздерді оқимыз. Бұдан көрінетіндей, мәңгі өмірге ие болу үшін бір талап бар. Иә, біз Иса пайғамбарға сенуіміз әрі оған мойынсұнуымыз қажет.

Бәлкім, сіз: “Мойынсұнудың қажеті не? Иса пайғамбар оған “сенген әркім” мәңгі өмірге ие болады деген жоқ па еді?”— дерсіз. Иә, оған сену керек. Бірақ Киелі кітапта сенім деген жай ғана бір нәрсеге сенуді білдірмейтінін де есте ұстаған абзал. Құдайдың ықыласына ие болу үшін адамға Исаның Құтқарушы екенін саналы түрде түсіну ғана жеткіліксіз. Сенімі бар адам сондай-ақ Исаның үйреткенін шын жүректен орындауға тырысу керек. Егер адамның сенімі іс-әрекетінен көрінбесе, “сенемін” дегені бос сөз болар еді. Киелі кітапта: “Іс-әрекетсіз сенім өлі”,— деп жазылған (Жақып 2:26). Басқаша айтқанда, сенімі бар адамнан Исаға сенім таныту талап етіледі, ал бұл Исаның үйреткендеріне сай өмір сүруді білдіреді.

Пауыл бұны былай деп түсіндірді: “Бізді талпындырушы күш — Мәсіхтің сүйіспеншілігі. Өйткені мынадай қорытындыға келдік: бір адам [Иса] бәрінің игілігі үшін өлді... Оның бәрі үшін өлгендегі мақсаты — өмір сүріп жатқандар енді өздері үшін емес, өздерінің игілігі үшін өліп, қайта тірілген Мәсіх үшін өмір сүрулері” (Қорынттықтарға 2-хат 5:14, 15). Исаның құрбандығына деген ризалық сезімі бізді өмірімізде өзгеріс жасауға талпындыру керек. Біз өзіміз үшін емес, қайта, бізге өмірін берген Иса Мәсіх үшін өмір сүруіміз керек. Бұл — Исаның нұсқауларын орындау өмірімізде ең маңызды болу керек деген сөз. Ал бұл құндылықтарымызға, шешімдерімізге және кез келген іс-әрекетімізге әсер етпей қоймайды. Иса пайғамбарға сенетін және бұны іс жүзінде көрсететін адамдарды қандай жарылқаулар күтіп тұр?

“ЖОЙЫЛМАЙ, МӘҢГІЛІК ӨМІРГЕ ИЕ БОЛСЫН”

Жохан 3:16-ның соңында төлем құрбандығына сенім танытатын және Құдайдың талаптарына сай өмір сүретін адамдарды қандай жарылқаулар күтіп тұрғаны жазылған. Құдай сондай адамдардың “жойылмай, мәңгілік өмірге ие болғанын” қалайды. Ал қазір Құдайдың сүйіспеншілігінің игілігін көретін адамдарды қандай екі түрлі мәңгілік өмір сыйы күтіп тұрғанын көрейік.

Бір топтағы адамдарға Иса пайғамбар көкте мәңгі өмір сүруді уәде еткен. Кезінде ол адал ізбасарларына олар үшін көкте орын дайындайтынын және олар онымен бірге салтанатпен билік ететінін анық айтқан (Жохан 14:2, 3; Філіпіліктерге 3:20, 21). Көктегі өмір үшін қайта тірілетін осы жандар “Құдай мен Мәсіхтің діни қызметкерлері болып, Мәсіхпен бірге 1000 жыл бойы патшалық етеді” (Аян 20:6).

Бұл мәртебеге Исаның ізбасарларының тек шектеулі саны ғана ие болады. Өйткені Иса: “Қорықпа, кішкене отар, себебі Әкелерің сендерге патшалықты беруді дұрыс деп тапты”,— деген (Лұқа 12:32). Бұл “кішкене отар” қанша адамнан тұрады? Аян 14:1, 4-те былай делінген: “Сосын, қарадым да, [көктегі] Сион тауында тұрған Тоқтыны [қайта тірілген Иса Мәсіхті] көрдім. Қасында маңдайларына Тоқтының есімі мен оның Әкесінің есімі жазылған 144 000 тұр екен... Олар адамдар арасынан алғашқы өнім ретінде Құдай мен Тоқтыға арнап сатып алынды”. Осы уақытқа дейін жер бетінде өмір сүріп келген миллиардтаған адамдармен салыстырғанда 144 000 адам расында да “кішкене отар” емес пе? Патша болатын олар кімнің үстінен билік етпек?

Иса пайғамбар 144 000 патшамен бірге көктен билік еткенде, соның игілігін көретін басқа бір топтың болатынын айтқан. Жохан 10:16-да көретініміздей, ол былай деген: “Менің бұл қорадағыдан басқа да қойларым бар. Соларды да алып келуім керек, олар менің дауысыма құлақ салады. Сонда бәрі бір бағушысы бар бір отар болады”. “Қойлар” тобына кіретін адамдар Адам ата мен Хауа ана о баста ие болған мүмкіндікке, яғни жерде мәңгі өмір сүру мүмкіндігіне ие. Олардың шын мәнінде жерде өмір сүретінін біз қайдан білеміз?

 Киелі кітапта жұмақтың жер бетінде орнайтыны жайлы көп рет айтылған. Соған көз жеткізу үшін сіз Киелі кітабыңыздан не www.jw.org сайтынан келесі жазба орындарын оқысаңыз болады: Забур 36:9—11; 45:9, 10; 71:7, 8, 16; Ишая 35:5, 6; 65:21—23; Матай 5:5; Жохан 5:28, 29; Аян 21:4. Осы үзінділерде соғыстың, аштықтың, ауру мен өлімнің соңы келетіні алдын ала айтылған. Сонымен қатар әділ адамдардың әрқайсысы өзіне үй соғатыны, өз жерін өңдеп, бала-шағасын тыныштық жайлаған жерде бағып-қағатын уақыттың келетіні жазылған *. Сіз де осындай жерде өмір сүргіңіз келер ме еді? Осы айтылған уәделердің барлығы жақын арада жүзеге асатынына бізде негіз жоқ емес.

ҚҰДАЙ СІЗГЕ КӨП ЖАҚСЫЛЫҚ ЖАСАҒАН

Бір сәтке кідіріп, Құдайдың сізге және барша адамзатқа жасаған жақсылықтары жөнінде ой жүгіртсеңіз, олардың шын мәнінде көп екенін аңғарасыз. Өмір, ақыл-ой, денсаулық және өмірге қажет басқа да нәрселер оның берген сыйларының кейбірі ғана. Бірақ, ең бастысы, Жохан 3:16-дан білгеніміздей, біз үшін өлген Исаның төлем құрбандығы арқылы Құдай әлдеқайда зор баталарға жол ашты.

Ауру-сырқау, соғыс, аштық пен өлім атаулы жоқ мамыра-жай, жанға жай беретін жұмақтағы мәңгілік өмір шексіз бақыт пен көл-көсір баталарға есік ашатыны сөзсіз. Осы жарылқауларға ие болу өз қолыңызда. Ендеше келесі сұрақ жайлы ойланып көріңіз: сіз Құдай үшін не істеп жатырсыз?

^ абзац 24 Көбірек мәлімет алу үшін Ехоба куәгерлері басып шығарған “Киелі кітап шын мәнінде неге үйретеді?” кітабының 3-тарауын қараңыз.