Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

Ехоба куәгерлері

Тілді таңдау қазақ

 НЕГІЗГІ ТАҚЫРЫП АДАМЗАТ | ҚҰДАЙҒА МҰҚТАЖ БА?

Неліктен адамзат Құдайға мұқтаж?

Неліктен адамзат Құдайға мұқтаж?

Психология мамандары адамдар шынайы бақытқа қол жеткізу үшін рухани жағынан бай болулары қажет екенін айтады. Мұның растығын адамдардың күнделікті тұрмыс-тіршіліктерінен бөлек, мақсатты істерге ұмтылатындарынан көруге болады. Мысалы, кейбір адамдар осы қажеттілігін қанағаттандыру үшін бос уақыттарын табиғатты тамашалауға не қорғауға, я болмаса өнер, музыка сияқты істерге арнайды. Десе де мұндай істермен айналысатын адамдардың көбісі бұдан терең әрі нағыз қанағат таппайды.

Құдай адамдардың қазір де және болашақта да бақытты болғандарын қалайды

Адамдардың туа біткен рухани қажеттіліктері бар екені Киелі кітапты оқитын адамдарды таңғалдырмайды. Жаратылыстың басталуы кітабының кіріспе тарауларында Құдай алғашқы адам жұбын жаратқаннан кейін, олармен үнемі сөйлесіп, өзімен рухани қарым-қатынаста болуларына мүмкіндік бергені жазылған (Жаратылыс 3:8—10). Құдай адамдарды өзінен тәуелсіз өмір сүретіндей етіп жаратпаған. Олар Жаратушыларымен қарым-қатынаста болуға мұқтаж. Киелі кітапта адамдардың осы қажеттілігі жайлы жиі сөз етіледі.

Мысалы, Иса пайғамбар: “Құдай жайлы білімге сусағандар бақытты”,— деген болатын (Матай 5:3). Демек, бақытты да мағыналы өмірдің негізгі кілті Құдай туралы білуге ұмтылу болып табылады. Бұл үшін біз не істей аламыз? “Адам нанмен ғана емес, Ехобаның * аузынан шыққан әрбір сөзімен де өмір сүруі тиіс”,— деді Иса пайғамбар (Матай 4:4). Қалайша Құдайдың аузынан шыққан сөздері, яғни Киелі кітапта жазылған оның ойлары мен нұсқаулары бақытты да мағыналы өмір сүруімізге жол ашады? Қазір мұның негізгі үш жолын қарастырып көрейік.

Біз Құдайдың басшылығына мұқтажбыз

Бүгінде қарым-қатынасқа, махаббат пен отбасы мәселелеріне, келіспеушіліктерді шешуге, бақытқа, тіпті өмірдің мағынасына қатысты ақыл айтуға дайын сарапшылар мен мамандар өте көп. Алайда тек Жаратушымыз Ехоба Құдай ғана өмірдің осы салаларына қатысты ең жақсы әрі тиімді басшылық бере алады емес пе?!

Киелі кітап тұтынушыларға арналған нұсқаулыққа ұқсайды. Онда дұрыс өмір сүруімізге көмектесетін басшылық жазылған

Мысалы, сіз фотоаппарат не компьютер сияқты құрал-жабдық сатып алсаңыз, оның тұтынушыларға  арналған нұсқаулығы не басшылығы болады деп күтесіз ғой. Себебі мұндай басшылық сатып алған затты дұрыс әрі қанағат әкелетіндей етіп қолдануыңызға көмектеседі. Киелі кітапты да осындай басшылыққа теңеуге болады, ал Құдай өнімнің өндірушісі сияқты. Ол бізге, яғни тұтынушыларға, Киелі кітапты өмірімізге арналған басшылық ретінде берді. Бұл “басшылықта” қандай мақсатпен жаратылғанымыз және дұрыс өмір сүру үшін не істеуіміз керектігі жазылған.

Жақсылап жазылған нұсқаулықтағыдай, Киелі кітапта да өмірімізге зиян келтіруі мүмкін істерден сақтандыратын ескертулер жазылған. Алайда басқалардың айтқан кеңестері не мәселені шешудің оңай жолдары жанымызға жағымды не тіпті ыңғайлы болып көрінуі мүмкін. Бірақ ең жақсы нәтижеге жетіп, қиындықтарды айналып өту үшін Жаратушының өзі беріп отырған басшылыққа құлақ асқанымыз дұрыс емес пе?

“Мен, Құдай Иелерің, сендерге пайдалыны үйретіп, түзу жолмен бастап алып жүремін. О, егер өсиеттеріме құлақ ассаңдар ғой, шіркін! Сонда сендердегі амандық пен тыныштық сарқылмас өзендей, әділдік те теңіз толқындарындай шексіз болар еді!” (Ишая 48:17, 18).

Киелі кітаптан өзімізге қажетті басшылық пен көмекті таба аламыз

Ехоба Құдай бізге басшылық пен нұсқаулар бергенмен, оларды орындауға мәжбүрлемейді. Қайта, ол бізді жақсы көреді әрі көмектескісі келеді. Сондықтан ол адамдарды былай деп шақырады: “Мен, Құдай Иелерің, сендерге пайдалыны үйретіп, түзу жолмен бастап алып жүремін. О, егер өсиеттеріме құлақ ассаңдар ғой, шіркін! Сонда сендердегі амандық пен тыныштық сарқылмас өзендей, әділдік те теңіз толқындарындай шексіз болар еді!” (Ишая 48:17, 18). Иә, дұрыс өмір сүріп, бақытты болу үшін біз Құдайға мұқтажбыз.

Біз маңызды сұрақтардың жауабын білгіміз келеді

Кейбір адамдар Құдайды мүлдем қажет етпеуі мүмкін. Өйткені олар өмірде болатын көптеген жайттарға қарап, Құдайдың адамдарды жақсы көретініне сене алмайды. Мысалы, оларды “Неге жақсы адамдар жапа шегеді? Неге бейкүнә сәбилер мүгедек болып туылады? Өмір неге сондай әділетсіз?” деген сұрақтар мазалауы мүмкін. Иә, бұл — шынында да маңызды сұрақтар, әрі олардың жауабын білгеніміз өмірімізге қатты әсер ете алады. Қайғы-қасіреттің болып жатқаны үшін бірден Құдайды кінәлаудың орнына, Құдай Сөзінде мұның себебі қалай түсіндірілгеніне көңіл қойып көрейік.

Жаратылыс кітабының 3-тарауында жылан кейпінде көрінген Шайтанның алғашқы адам жұбын Ехоба Құдайға қарсы шығуға азғырғаны жайлы айтылады. Шайтан оларды жақсылық пен жамандықты танытатын ағаштың жемісін жемеуге қатысты Құдайдың бұйрығына құлақ аспауға итермелейді. Ал Құдай олар оны жейтін болса, тіпті өлетіндерін айтқан болатын. Шайтан Хауаға былай деді: “Жоқ, тіпті де олай емес, өлмейсіңдер! Қайта, Құдай сендер осы жемісті жеген кезде көздеріңнің ашылатынын жақсы біледі. Сонда сендер ненің жақсы, ненің жаман екенін айыра алып, Құдай сияқты боласыңдар!” (Жаратылыс 2:16, 17; 3:4, 5).

Осы сөздерімен Шайтан Құдайды өтірікші деп қана қоймай, ол әділетсіз билік етеді дегенге меңзеді. Сондай-ақ ол адамдар өзін тыңдайтын болса, анағұрлым жақсы өмір сүретіндеріне иландыруға тырысты. Бұл мәселе қалай шешілмек еді?  Ехоба Құдай өзіне қарсы тағылған айыптардың рас-өтірігін барлығы көре алу үшін, жағдайдың өз ретімен өрбуіне жол беруді шешті. Осылайша Құдай — Шайтан мен оның жағына шыққандарға “адамзат Құдайсыз жақсы өмір сүре алады” дегенді дәлелдеулеріне мүмкіндік берді.

Шайтан көтерген мәселелердің жауабы қандай деп ойлайсыз? Адамдар Құдайсыз жақсы өмір сүріп, өз-өздеріне дұрыс басшылық ете ала ма? Адамзат ғасырлар бойы қайғы-қасірет, әділетсіздік, ауру мен өлім, қылмыс, құлықтылық өнегесіздік, соғыстар, геноцид сияқты түрлі қатыгездіктен көз ашпай келеді. Бұның бәрі адамның Құдайдан тәуелсіз болып, өзіне-өзі басшылық беруге тырысқаны ешқандай жақсы нәтиже әкелмегенінің бұлтартпас дәлелі болып табылады. Киелі кітапта адамзаттың қайғы-қасіретіне Құдай жауапты делінбеген, қайта, онда мұның басты себебі көрсетіліп: “Адамдар басқаларға билік жүргізіп, зор зиян келтіреді”,— деп жазылған (Уағыздаушы 8:9).

Осыдан келесі жайт айқын бола түседі: біз өмірге қатысты туындайтын маңызды сұрақтардың жауабын білу үшін ғана емес, солардың шешімін табу үшін де Құдайға мұқтажбыз. Ал Құдай бұл үшін не істейді?

Біз Құдайдың көмегіне мұқтажбыз

Адамдар бұрыннан ауру, қартаю мен өлімнен құтылғысы келген. Осыған қол жеткізу үшін олар қаншама уақыт, күш пен қаражат жұмсағанмен, айтарлықтай нәтижеге қол жеткізе алмады. Кейбірі әртүрлі қоспалар мен сиқырлы сусындарды ішу арқылы немесе қандай да бір жерлерге көшіп бару арқылы мәңгі жасаймыз деп сенген. Алайда бұл жай ғана арман болып қала берді.

Құдай адамдардың жақсы әрі бақытты өмір сүргендерін қалайды. Ол әуел бастан-ақ адамдарды осындай ниетпен жаратқан еді әрі мұны ұмытқан жоқ (Жаратылыс 1:27, 28; Ишая 45:18). Ехоба Құдай кез келген ниетінің міндетті түрде орындалатынына кепілдік берген болатын (Ишая 55:10, 11). Мысалы, Киелі кітапта алғашқы адам жұбы айырылып қалған жұмақты жер бетіне қайтадан орнататыны жайлы Құдайдың уәдесі жазылған. Киелі кітаптың Аян деп аталатын соңғы кітабында былай делінеді: “Сонда Құдай олардың көздеріндегі әрбір жасты сүртіп тастайды, енді қайтып өлім, жоқтау, зар еңіреу мен ауру болмайды. Бұрынғы жайттар құрып жоқ болды” (Аян 21:4). Құдай мұндай керемет өмірді қалай орнатады және осы уәденің игілігін көру үшін не істеуіміз керек?

Құдайдың рухани Ұлы Иса Мәсіх өз ізбасарларына Құдай еркінің орындалуын сұрап дұға етуді үйреткен. Кейбір жерлерде “Иеміздің дұғасы” немесе “Көктегі Әкеміз” деп аталып кеткен бұл дұғаны көбісі біледі не жатқа айтып жүреді. Онда мынадай сөздер бар: “Көктегі Әкеміз, сенің есімің киелі тұтылсын! Сенің Патшалығың келсін! Сенің еркің көктегідей жер бетінде де орындалсын!” (Матай 6:9, 10). Иә, Ехоба Құдай өзінің Патшалығы арқылы адамзат билігінің кесірінен туған қайғы-қасіретті жояды да, өз уәдесіне сай жер бетіне әділдік орнаған жаңа дүниені орнатады * (Даниял  2:44; Петірдің 2-хаты 3:13). Осындай өмірге ие болу үшін біз не істеуіміз қажет?

Иса Мәсіх мұның қарапайым жолына нұсқап былай деді: “Мәңгілік өмірге ие болу үшін өзің, яғни жалғыз шынайы Құдай және өзің жіберген Иса Мәсіх туралы білім ала беру керек” (Жохан 17:3). Иә, Құдайдың көмегімен біз уәде етілген жаңа дүниеде мәңгі өмір сүре аламыз. Бұндай мүмкіндіктің болғаны Құдайдың көмегіне мұқтаж екендігіміздің тағы бір дәлелі болып табылады емес пе?!

Құдайды іздейтін уақыт

Осыдан екі мың жыл бұрын Афины қаласындағы Ареопаг төбесінде тұрғанда, Құдайдың қызметшісі Пауыл еркін ойлы афинылықтарға Құдай туралы мынадай сөздерді айтты: “Оның өзі барлығына өмір, тыныс және қажеттінің бәрін береді. Өйткені оның арқасында біз өмір сүріп, әрекет етіп, тірі жүрміз. Араларыңыздағы кейбір ақындар “біз оның ұрпағымыз” деген ғой” (Елшілердің істері 17:25, 28).

Пауылдың кезінде айтқан бұл сөздері біздің күндерімізде де шындық болып табылады. Жаратушымыз бізге әлі де тыныс алу үшін ауаны, жейтін тағамды және ішетін суды беруде. Ехоба Құдай өмір сүруге қажетті осы игі нәрселерді бермесе, біз тіршілік ете алмас та едік. Бірақ неге Құдай адамдардың өзі туралы ойланған-ойланбағанына қарамастан, барлығын осындай игіліктермен қамтамасыз етуін доғарған жоқ? “Құдай мұны адамдар өзін іздесін әрі сезініп, тауып алсын деп істеді. Бірақ шындығында ол әрқайсымыздан алыс емес”,— деді Пауыл (Елшілердің істері 17:27).

Сіз Құдай туралы, яғни оның ниеті және оның бүгін де, болашақта да жақсы өмір сүруге көмектесетін кеңестері жайлы көбірек білгіңіз келе ме? Білгіңіз келсе, сізбен осы мәліметпен бөліскен адаммен немесе осы журналдың баспагерлерімен байланыссаңыз болады. Олар сізге қуана көмектеседі.

^ абзац 5 Ехоба — Киелі кітапта ашылған Құдайдың есімі.

^ абзац 20 Патшалық арқылы жер бетінде Құдай еркі қалай орындалатыны туралы көбірек білу үшін, Ехоба куәгерлері басып шығарған “Киелі кітап шын мәнінде неге үйретеді?” деген кітаптың 8-тарауын қараңыз. Бұл кітапты www.jw.org. сайтынан онлайн оқуға және тегін жүктеп алуға болады.