Айналаңыздағы дүниеге көз тастағанда, көзіңіз бен ой-санаңыз бірлесе жұмыс істеп, қандай да бір мәліметті қабылдайды. Мысалы, алдыңызда тұрған жемісті көргенде оны жегіңіз келе ме, жоқ па — соны ойлайсыз. Аспанға қарап, жаңбырдың жауатынын не жаумайтынын анықтай аласыз. Ал қазір оқып отырған сөздерді көргенде, олардың мағынасын түсіне аласыз. Демек, түстер шешім қабылдауыңызға әсер етеді. Неге олай деуге болады?

Жемістің түсі оның піскен-піспегенін және оны жеуге деген қалауыңыздың бар-жоғын анықтауға көмектеседі. Аспан мен бұлттардың түсі болса ауа-райының қандай болатынын білуге мүмкіндік береді. Ал осы мақаладағы қағаз бен әріп түстерінің арасындағы айырмашылық көзді ауыртпай, оқуды жеңілдетеді. Иә, өзіміз байқамасақ та, түстер айналадағы мәліметті қабылдауға көмектеседі. Бұған қоса, түстердің эмоциямызға тигізетін әсері зор.

ТҮСТЕРДІҢ ЭМОЦИЯМЫЗҒА ӘСЕРІ

Дүкендегі сөреге қойылған тауарлардың түсі мен пішіні көздің жауын алатындай етіп жасалған. Жарнама берушілер болса тауарларды тартымды ету үшін адамның ерекше қалауларын, жынысы мен жасын ескеріп, түстерді мұқият таңдайды да, оларды жақсылап үйлестіруге тырысады. Сондай-ақ үйді безендірушілер, киім дизайнерлері мен суретшілер де түстердің эмоциямызға әсер ететінін біледі.

Адамдар түстерді мәдениеттеріне, салт-дәстүрлеріне қарай әртүрлі қабылдап жатады. Мысалы, Азиядағы кейбір адамдар қызыл түсті сәттілік пен мейраммен байланыстырса, Африканың кейбір жерлерінде бұл түс қайғының белгісі болып табылады. Алайда тәрбиесі әртүрлі адамдар белгілі бір түстерді бірдей қабылдап жататыны да рас. Қазір үш түсті және олардың бізге қалай әсер ететінін қарастырып көрейік.

ҚЫЗЫЛ түс адамның көзіне бірден түседі. Жиі қызыл түс күш-жігер, соғыс және қауіппен байланыстырылады. Бұл түс адамның көңіл-күйіне қатты әсер етіп, зат алмасу процесі мен тыныс алуын тездетуі және қан қысымын жоғарылатуы мүмкін.

Киелі кітапта “қызыл” деп аударылған еврей сөзі “қан” деген мағынаны беретін сөзден шыққан. Киелі кітапта бейнелі мағынада айтылған жезөкшені суреттеу үшін ал қызыл түс қолданылған. Онда күрең қызыл және ал қызыл киім киген бұл жезөкше “Құдайды қорлайтын есімдерге толы... ал қызыл жыртқыш аңның үстінде отырғаны” сипатталады (Аян 17:1—6).

ЖАСЫЛ түс қызыл түске қарағанда басқа әсер тудырады. Ол зат алмасуды бәсеңдетеді және адамның жайбарақат сезінуіне көмектеседі. Жасыл көңілге жай беретін түс және жиі жантыныштығымен байланыстырылады. Мысалы, біз бақтар мен жасыл қыраттарға қарағанда, өзімізді жайлы сезінеміз. Бұл тыныштық сыйлайтын түс қалай пайда болды? Киелі кітаптың Жаратылыс кітабында Құдай адамзатқа жасыл өсімдіктер мен жемістер бергені жазылған (Жаратылыс 1:11, 12, 29, 30).

АҚ түс көп жағдайда жарық, қауіпсіздік пен тазалықты білдіреді. Сондай-ақ бұл түс ізгілік, пәктік пен мінсіздік сияқты қасиеттермен байланыстырылады. Киелі кітапта ақ түс өте көп қолданылған. Мысалы, аяндарда әділдік пен рухани тазалыққа баса назар аудару үшін ақ киім киген адамдар мен  періштелер көрсетілген (Жохан 20:12; Аян 3:4; 7:9, 13, 14). Ал аппақ, таза зығырдан киім киген адамдардың ақ боз аттарға мінгендері әділ соғысты білдіреді (Аян 19:14). Құдай күнәларды кешіруге дайын екеніне айрықша мән беру үшін ақ түсті қолданып, былай дейді: “Күнәларың ал қызыл болса да, рақым етіп, сендерді қардай аппақ қылмақпын” (Ишая 1:18).

ТҮСТЕРДІ ҚОЛДАНУ — ҰТЫМДЫ ТӘСІЛ

Құдай түстердің бізге әсері бар екенін жақсы біледі. Бұл Киелі кітапта түстердің қолданылғанынан көрінеді. Мәселен, Киелі кітаптың Аян кітабында біздің күнімізде адамзат бастан кешіп жатқан жайттар, мысалы соғыс, ашаршылық, індеттің кесірінен және астықтың тапшылығынан болатын өлім, жайлы алдын ала айтылған болатын. Бұл оқиғалар Аян кітабында аттар ретінде бейнеленген. Есімізде қалу үшін олар кәдімгі аттар ретінде емес, салт аттылар мінген түстері әртүрлі аттар ретінде көрсетілген.

Бірінші болып аттанатын ақ боз ат Иса Мәсіх жүргізетін әділ соғысты бейнелейді. Келесі болып шығатын оттай қызыл ат ұлтаралық соғысты білдіреді. Ашаршылықтың белгісі болып табылатын қара ат үшінші болып аттанады. Соңғы болып сұп-сұр ат шығады, ал “атта отырғанның есімі “Өлім” еді” (Аян 6:1—8). Әр аттың түсі эмоциямызға әсер етіп, нені бейнелейтінін түсінуге көмектеседі. Осылайша біз түстері әртүрлі осы аттар мен олардың біздің күнімізде нені бейнелейтінін есімізде оңай сақтай аламыз.

Киелі кітапта қандай да бір жайттарды жарқын суреттеп, сипаттау үшін түстер көптеп қолданылған. Жарықты, әртүрлі түстерді және адам баласына көру қабілетін сыйлаған Құдай бейнелердің түсінікті де есте қаларлықтай болуы үшін түстерді шеберлікпен қолданады. Түстер бізге мәліметті қабылдауға және оны ой елегінен өткізуге көмектеседі. Олар эмоциямызға әсер етпей қоймайды. Осының арқасында маңызды ұғымдар санамызда жатталып қалады. Иә, түстер — өмірден қуаныш алуымыз үшін сүйіспеншілікпен берілген Жаратушымыздың сыйы.