Некені қалай бақытты етуге болады?

Киелі жазбаларда некені бақытты етуге қатысты берілген кеңестер өте тиімді. Себебі оларды некенің негізін қалаған Ехоба Құдай берді. Жазбаларда некені баянды ететін қасиеттерді дамыту керектігі, сондай-ақ некенің шырқын бұзатын әрекеттерден аулақ болу керектігі айтылады. Бұған қоса, некені бақытты ете түсу үшін қалай пікір алысу керектігі де жазылған (Қолостықтарға 3:8—10, 12—14 оқыңыз).

Күйеу мен әйел бір-бірін құрметтеу керек. Екеуі Құдай белгілеген отбасылық міндеттерін атқаратын болса, олар бақытқа қол жеткізе алады (Қолостықтарға 3:18, 19 оқыңыз).

Некені баянды ететін не?

Жұбайлар бір-бірін сүйсе, олардың жұптары жазылмайды. Бұл орайда Құдай қалай сүю керектігін үйретеді. Құдай мен Иса пайғамбар жанқияр сүйіспеншіліктің нақ үлгісін көрсетті (Жоханның 1-хаты 4:7, 8, 19 оқыңыз).

Күйеулер мен әйелдер некені Құдай бастама берген одақ ретінде құрметтейтін болса, олардың шаңырақтары шайқалмайды. Құдайдың ниеті бойынша, неке ер мен әйелдің арасындағы мәңгілікке жалғасатын одақ болу керек, соның арқасында отбасылар берік те мықты құрылым болады. Құдай ер мен әйелді бір-бірін тәндік және эмоциялық жағынан толықтыратындай етіп жаратқандықтан, олардың некелері баянды бола алады. Сондай-ақ Құдай адамдарды өзіне ұқсас етіп, сүйіспеншілік қасиетіне еліктей алатындай етіп жаратқан (Жаратылыс 1:27; 2:18, 24 оқыңыз).