НҰХ пен оның отбасы бір-біріне етене жақын отыр. Жаңбыр болса шелектеп жауып тұр. Майшамның жарығында отырған олардың жүздері әлсін-әлсін ғана көрінеді. Толастамай жауған жаңбыр кеменің шатыры мен қабырғасын ұрғылап жатқанын естігенде, олардың алақандай көздері жаутаңдап қоя бергенін елестетіп көріңізші. Иә, дүркіреп жауған жаңбырдың дауысы қатты болған болса керек.

Нұх пайғамбар сүйікті отбасы мүшелерінің — адал жұбайы, үш баласы мен келіндерінің — жүздеріне қарағанда, жүрегі ризашылыққа толы болғаны сөзсіз. Сол қиын уақытта жақын адамдарының өзімен бірге болғаны Нұхқа жұбаныш берген шығар. Олар аман-есен әрі қауіпсіздікте еді. Нұх отбасының басын қосып, сырттағы қатты шудан даусы естілетіндей етіп Құдайға ризашылық дұғасын айтқаны шүбәсіз.

Нұх пайғамбардың сенімі берік болды. Сол себепті де Ехоба Құдай Нұх пен оның отбасын қорғап қалды (Еврейлерге 11:7). Бірақ нөсер жауа бастағанда кемеде отырған оларға әлі де сенім таныту керек болды ма? Әрине, бұл қасиет оларға өте қажет болды, себебі алда оларды қиын кезеңдер күтіп тұрған еді. Бүгінгі аласапыран заманда бізге де берік сенім қажет. Олай болса, Нұхтың сеніміне қалай еліктей алатынымызды қарастырып көрейік.

“ҚЫРЫҚ КҮН, ҚЫРЫҚ ТҮН”

Кеменің сыртында жаңбыр “қырық күн, қырық түн бойы” толассыз жауып жатты (Жаратылыс 7:4, 11, 12). Су көтерілген үстіне көтеріле берді. Осы уақытта Нұх Ехобаның әділ адамдарды құтқарумен қатар, зұлымдарды жойып жатқанын да көрді.

Топан су періштелердің арасында пайда болған бүлікке нүкте қойды. Шайтанның өзімшіл көзқарасының әсеріне берілген көп періштелер көктегі “тиесілі тұрағын тастап кетті” де, адамдардың қыздарымен жақындасты әрі олардан нефилимдер деп аталатын алыптар туған болатын (Яһуда 6; Жаратылыс 6:4). Осы бүліктің өршіп жатқаны Шайтанды қуантқаны сөзсіз. Себебі бүлік Ехобаның жердегі жаратылыстарының шыңы болып есептелетін адамдарды әрі қарай да бұзар еді.

Алайда жер бетінде су көтерілгендіктен, бүлікшіл періштелер адами денелерін біржола тастап, көкке оралуға мәжбүр болды. Олар әйелдері мен балаларын басқа адамдармен бірге топан суда өлуге қалдырып кетті.

Ехоба шамамен жеті ғасыр бұрын, Енохтың күндерінен бастап, зұлым әрі құдайсыз дүниені жоятынын адамдарға ескертіп отырды (Жаратылыс 5:24; Яһуда 14, 15). Бірақ сол уақыттан бастап адамдар жерді құртып, оны қатыгездікке толтырды. Иә, олар бұзылған үстіне бұзыла түскен еді. Ал енді олар өлім құшуда. Нұх пен оның отбасы бұған қуанды ма?

Жоқ. Мейірімділікке толы Құдай да бұған қуанбады (Езекиел 33:11). Ехоба мүмкіндігінше көп адамның құтқарылғанын қалады. Ол Енохқа үкімі жайлы адамдарға ескертуді, ал Нұхқа кеме соғуды тапсырған болатын. Нұх пен оның отбасы осы үлкен тапсырманы көпшіліктің көз алдында ондаған жыл бойы орындады. Оның үстіне, Ехоба оған “әділдікті уағыздауды” тапсырған (Петірдің 2-хаты 2:5). Енох сияқты ол да адамдарға Ехобаның үкімін жариялады. Адамдар бұны қалай қабылдады? Бұл оқиғаларды  көктен бақылаған Иса Нұхтың күндеріндегі адамдар жайлы: “Топан су басып, бәрін алып кеткенше, олар еш ойланбады”,— деп айтқан еді (Матай 24:39).

Ехоба Құдай кеменің есігін жапқаннан кейін Нұх пен оның отбасы алғашқы 40 күн бойы не сезінгенін елестетіп көріңізші. Күн сайын шелектеп жауған жаңбыр кемені ұрғылап жатты. Ал кемедегілер күнделікті тірліктерімен айналысып жатты, мысалы бір-біріне қамқорлық көрсетіп, кемені таза етіп ұстады және қорадағы жануарларға күтім жасады. Алайда бір сәтте үлкен кеме дір-дір етіп орнынан қозғала бастады. Су көбейген сайын кеме де көтеріліп, ақыр соңында “су бетінде қалқып жүрді” (Жаратылыс 7:17). Бұл Құдіреті шексіз Құдай Ехобаның зор күштің иесі екенін көрсетеді емес пе?!

Нұх отбасымен бірге аман қалғаны үшін ғана емес, Ехобаның мейірімділік танытып, кеменің сыртындағы адамдарды ескерту үшін оларды қолданғанына да риза болған болса керек. Бәлкім, кезінде осы істе тер төккендері оларға бекер болғандай көрінген шығар, себебі адамдар ескертулерге еш құлақ аспаған еді. Мына жайлы ойлап көріңізші, Нұхтың аға-інілері, әпке-қарындастары мен жиендері болған шығар, бірақ Нұхтың отбасы ғана оның айтқандарына құлақ асып, аман қалған (Жаратылыс 5:30). Ал енді кемеде қауіпсіздікте отырған бұл сегіз жан адамдарды ескерту үшін қолдарынан келгеннің бәрін істегендері жайлы ойлап, жантыныштығын сезінгендері сөзсіз.

Нұхтың күндерінен бері Ехоба өзгерген жоқ (Малахи 3:6). Иса пайғамбар біздің күндеріміз “Нұхтың заманына” ұқсас екенін айтқан (Матай 24:37). Біз ерекше кезеңде, яғни бұзылған дүниенің жойылуымен аяқталатын қиын-қыстау күндері өмір сүрудеміз. Бүгінде Құдай халқы барлық адамдарға ескерту болып табылатын хабарды жеткізуде. Сіз бұл хабарға құлақ асасыз ба? Егер құлақ асқан болсаңыз, өмір беретін бұл хабармен басқалармен бөлісесіз бе? Осы жағынан Нұх пен оның отбасы біз үшін жақсы үлгі қалдырды.

 “ТОПАН СУДАН АМАН ҚАЛДЫ”

Су бетімен қалқып жүрген ағаштан жасалған кеменің шиқылдап, сықырлағанын Нұх пен оның отбасы естіген болса керек. Сол кезде Нұх толқындардың қаншалықты қатты болғаны не кеменің мықтылығы жайлы уайымдады ма? Әрине, жоқ. Мұндай сұрақтар бәріне күмәнмен қарайтын адамдарда туындауы мүмкін, бірақ Нұх мұндай адамдардың қатарына жатпайды. Киелі кітапта: “Сенімі болғандықтан Нұх... кеме салды”,— делінген (Еврейлерге 11:7). Оның не нәрсеге деген сенімі болды? Ехоба Нұх пен онымен бірге болғандарды топан судан аман алып қалатынын уәде етіп, онымен келісім жасасқан болатын (Жаратылыс 6:18, 19). Бүкіл әлемді жаратқан Құдайдың кеме мен ондағылардың бәрін аман алып қалуға құдіреті жетеді емес пе?! Нұх Ехобаның уәдесін орындайтынына сенімді болды. Расында да, Нұх пен оның отбасы “топан судан аман қалды” (Петірдің 1-хаты 3:20).

40 күн мен 40 түн өткеннен кейін ақыры жаңбыр тоқтады. Қазіргі күнтізбе бойынша, бұл шамамен б. з. б. 2370 жылдың желтоқсан айында болды. Бірақ Нұх пен оның отбасы біраз уақыт кемеде қала беруі керек еді. Өйткені судың көбейгені сонша — тау шыңдарын басып қалды және судың үстінде жалғыз осы кеме ғана жүзіп жүрді (Жаратылыс 7:19, 20). Нұхтың Шам, Хам және Япші деген ұлдарымен бірге кемедегі жануарлардың сау, таза да тоқ болуы үшін ауыр еңбек еткенін елестетіп көрейікші. Әрине, Құдай аңдарды кемеге кіргізу үшін жуасытқан болса, Топан су кезінде де олардың осындай күйде қалуларына қам жасай алған *.

Нұх пайғамбар болған оқиғаларды мұқият жазып отырған болса керек. Бұл жазбалардан біз жаңбырдың қашан жауып бастағанын және қашан аяқталғанын білеміз. Сондай-ақ онда жер беті 150 күн бойы су астында қалғаны да жазылған. Ақырында су тартыла бастады. Бәлкім, б. з. б. 2369 жылдың сәуір айында кеме қазіргі Түркия елінде орналасқан “Арарат тауларының үстіне тоқтады”. 73 күннен кейін, маусым айында тау төбелері көріне бастады. Ал үш айдан кейін, қыркүйек айында Нұх кеме шатырының бір бөлігін ашуды жөн көрді. Сөйтіп, кемеге жарық пен таза ауа кірді. Бұдан ертерек Нұх жердің кеуіп, өмір сүруге жарамды болған-болмағанын тексере бастаған болатын. Ол алғашында сыртқа қарғаны ұшырды, қарға біраз уақыт келіп-кетіп ұшып жүрді, бәлкім, арагідік кеменің төбесіне қонған болар. Кейін Нұх көгершінді ұшырды, ол қонатын жер таппағанша қайта орала берді (Жаратылыс 7:24—8:13).

Қиын уақытта да Нұх пайғамбар отбасылық ғибадатты өткізгенінде күмән жоқ

Нұх күнделікті тірліктерге қарағанда рухани нәрселерді басты орынға қойғаны сөзсіз. Нұх пен оның отбасы дұға ету үшін жиі бас қосып, өздерін құтқарған көктегі Әкелері жайлы әңгімелесіп отырғанын елестетіп көрейікші. Маңызды шешім қабылдағанда Нұх әрдайым Ехобаға арқа сүйеп отырған. Тіпті кемеде болғандарына бір жылдан астам уақыт өтіп, жер бетінің “мүлдем құрғақ болғанына” көзі жетсе де, ол кеменің есігін ашып, ішіндегілерді алып шығуға асыққан жоқ (Жаратылыс 8:14). Иә, Нұх Ехобаның басшылығын күтті!

Бүгінде отағалары Құдайдың осы адал қызметшісінен көп нәрсеге үйрене алады. Нұх ұқыпты, еңбекқор, шыдамды болған әрі қарамағындағыларды қамқорлап отырған. Бірақ ол барлық істерден гөрі Ехоба Құдайдың еркін жоғары қойған. Осы салаларда Нұх пайғамбардың сеніміне еліктейтін болсақ, жақын адамдарымыз бұның көп игілігін көретін болады.

“КЕМЕДЕН ШЫҒЫҢДАР”

Міне, Ехоба өз нұсқауын берген кез де келіп жетті. Ехоба Нұхқа: “Әйелің екеуің кемеден шығыңдар, ұлдарың мен келіндерің де шықсын”,— деді. Нұх отбасымен бірге бұл нұсқауға құлақ асып, кемеден шықты әрі жануарлар да оларға ілесті. Олар кемеден ретсіз, абыр-сабыр болып шықты ма? Жоқ, мүлдем ойлай емес! Жазбаларға сай, олар “түр-түрімен, үйірімен түгел кемеден сыртқа шықты” (Жаратылыс 8:15—19). Сонда Нұх пен оның отбасы таудың мөп-мөлдір таза ауасымен демалып, Арарат тауының төбесінен алдарында кең жайылған тазарған жерді көрді. Нефилимдерден, бүлікшіл періштелер мен қатыгездіктен тазарған жерде сол зұлым қоғамның ізі де қалмады *. Енді адамзатқа тарихты жаңа парақтан бастауға мүмкіндік берілді.

Кемеден шыққан пайғамбар не істеу керектігін  білді. Ол ең алдымен Құдайға ғибадат етуді шешті. Ол құрбандық орнын жасап, кемеге “жеті жұптан” кіргізген әрі Құдай таза деп есептеген жануарларды алып, Ехоба Құдайға құрбандық шалды (Жаратылыс 7:2; 8:20). Мұндай ғибадат Ехобаға ұнамды болды ма?

Киелі кітапта: “Құрбандықтардың жағымды иісі Жаратқан Иеге жетті”,— делінген. Адамдар жер бетін зұлымдыққа толтырғанда Құдайдың сезінген қайғысы енді қуанышқа ұласқан болатын. Себебі ол жер бетіне қарағанда өзінің еркін орындауға бел буған адал қызметшілерден тұратын отбасын көрді. Бірақ Ехоба олардан кемелділікті күтпеді. Жоғарыдағы тармақта: “Адамның жүрегіндегі ой-ниеті бала кезден-ақ зұлымдыққа бейім”,— деген Ехобаның сөздері де жазылған (Жаратылыс 8:21). Ендеше Ехобаның кейінгі уақыттары да адамдарға қалай шыдамдылық пен жанашырлық танытқаны жайлы қарастырып көрейік.

Құдай жерді қарғыстан босатты. Адам ата мен Хауа ана бүлік шығарғанда, Құдай жерді қарғысқа ұшыратқан еді, ал бұл жер бетін өңдеуді қиындатқан болатын. Нұхтың әкесі Ләмех оған есім бергенде, Нұх адамдарды жер беті қарғыстан босайтын уақытқа бастап апаратынын пайғамбарлық еткен болатын. Өйткені бұл есім “тыным” не “жұбаныш” деген мағынаны білдірсе керек. Әкесінің алдын ала айтқандары орындалып, жердің бұдан былай жақсы өнім беретініне Нұх қалай қуанды десеңізші! Сол себепті де Нұхтың көп ұзамай егін шаруашылығымен айналыса бастағаны таңғалдырмайды (Жаратылыс 3:17, 18; 5:28, 29; 9:20).

Нұх пен оның отбасы кемеден шыққанда жер беті толықтай тазарған болатын

Сол уақыттары Ехоба Нұхтың ұрпақтарына басшылық ретінде адам өлтірмеу және қанды бұрыс қолданбау сияқты нақты да қарапайым заңдарды берген. Сондай-ақ Құдай енді дүниені топан су жіберіп жоймайтынын уәде етіп, адамдармен келісім жасасқан. Уәдесінің орындалатынына кепілдік ретінде Ехоба белгі берген болатын. Бұл белгі таңғажайып табиғат құбылысы — кемпірқосақ еді. Бүгінгі күні де кемпірқосақты көргенде біздің есімізге Ехобаның сүйіспеншілікпен берген уәдесі түседі (Жаратылыс 9:1—17).

Нұх пайғамбардың оқиғасы жай ғана аңыз болса, ол жайлы оқиға “кемпірқосақ пайда болды” деген сөздермен ғана аяқталар еді. Бірақ Нұх шын мәнінде өмір сүрген тұлға еді және оның өмірі қиын болды. Сол уақытта адамдардың ғұмырлары ұзақ болғандықтан, Нұх тағы 350 жыл өмір сүріп, көп қайғыға төзген. Бірде ол мас болып, өмірінде үлкен қателік жасады және оның бұл күнәсі немересі Қанаханның одан да сорақы күнә жасауына түрткі болды. Осының салдары Қанахан ұрпақтары үшін қайғылы болды. Нұх көзі тірісінде ұрпақтарының Нымродтың кезінде пұтқа табынғанын, зорлық-зомбылық пен басқа да күнәлар жасағанын көрді. Десе де ол ұлы Шамның берік сенім танытып, отбасына жақсы үлгі қалдырғанын да көрді (Жаратылыс 9:21—28; 10:8—11; 11:1—11).

Нұх пайғамбар сияқты бізге де қиыншылықтарға қарамастан сенім жолында берік болып қалу керек. Айналамыздағы адамдар шынайы Құдайды елемей не тіпті оған қызмет етуді доғарып жатса да, Нұхқа еліктеп осы жолдан таймауымыз керек. Ехоба Құдай табандылық танытқанымызды жоғары бағалайды. Иса пайғамбар да: “Соңына дейін табандылық танытқан адам құтқарылады”,— деген (Матай 24:13).

^ 17-абзац Кейбір адамдардың болжамы бойынша, Құдай жануарлардың қысқы ұйқыға кеткендей күйде болуларына қам жасап, асқа деген қажеттіліктерін азайтқан. Құдайдың бұлай еткен-етпегені анық болмаса да, оның кемедегілер қауіпсіздікте болып, аман қалады деген уәдесін орындағаны сөзсіз.

^ 22-абзац Топан су бәрін шайып жібергендіктен, Едем бағы да ғайып болған болса керек. Сондықтан жұмақ бағына кіретін жолды күзеткен керубтердің 1600 жылға созылған қызметтері аяқталып, олар көкке қайта оралды (Жаратылыс 3:22—24).