Артта қалған толық уақытты қызметтің 65 жылына қарап, өмірім қуанышты күндерге толы болған деп сеніммен айта аламын. Сол арада мұңлы күндер мен жігерім құм болған кездердің де болғаны рас (Заб. 33:13; 93:19). Бірақ соған қарамастан өмірім мән-мағынаға әрі батаға толы болды.

ҚЫРКҮЙЕКТІҢ 7 жұлдызында 1950 жылы мен Бруклиндегі Бетел отбасының бір мүшесі атандым. Сол уақытта Бетел отбасы 19 бен 80 жас аралығындағы түрлі ұлттан шыққан 355 бауырластан тұратын. Олардың көбісі майланған мәсіхшілер еді.

ЕХОБАҒА ҚЫЗМЕТ ЕТУДІҢ БАСТАМАСЫ

10 жасымда шомылдыру рәсімінен өткен күнім

Мен “бақытты Құдайға” қызмет етуді анашымнан үйренген едім (Тім. 1-х. 1:11). Анам болса қызметін мен кішкентай болғанда бастаған еді. 1939 жылы 1 шілдеде мен Колумбус қаласында (АҚШ) өткен аймақтық конгресте (қазіргі аудандық конгресс) шомылдыру рәсімінен өттім. Ол кезде он жаста едім. Жүз шақты адам жалға алынған ғимаратта отырып, Джозеф Рутерфордтың “Фашизм немесе азаттық” атты баяндамасы жазылған аудионұсқаны тыңдады. Баяндаманың ортасына таман біз отырған жердің сыртында бір топ жиналып, баса-көктеп кірді де, кездесуімізді тоқтатып, қаладан қуып шықты. Бірақ біз сол қалаға жақын орналасқан бауырластың фермасында жиналып, бағдарламаны соңына дейін тыңдадық. Шомылдыру рәсімінен өткен осы күнді ешқашан ұмыта алмаспын.

Анам мені шындықта өсіру үшін бар күшін салды. Әкем жақсы адам болғанмен, оның дінге де, менің рухани өміріме де қызығушылығы жоқ еді. Анам және “Омаха” деген қауымның бауырластары маған қажетті жігердің көзі болды.

МАҢЫЗДЫ ШЕШІМ

Мектепті тамамдайын деп жатқанда, маған өмірімді не нәрсеге арнайтынымды шешу керек болды. Жазғы демалыс сайын, өзіммен жасты бауырластармен бірге қосалқы ізашар болып қызмет ететінмін.

Ғалақадтың жетінші сыныбын жаңадан бітіріп келген Джон Чимиклис пен Теодор Ярач есімді екі бойдақ бауырлас біздің жаққа аралаушылық қызметке тағайындалды. Олардың жастары небәрі 20-ларда екенін білгенде, мен таңғалдым. Мен болсам 18 жаста едім және мектепті бітіргелі жаттым. Сол уақытта Джон бауырластың өмірімді не нәрсеге арнайтыным жайлы сұрағаны әлі күнге дейін есімде. Жауабымды тыңдағаннан кейін ол маған: “Иә, толық уақытты қызметті баста. Оның саған не  дайындап қойғанын білмейсің”,— деді. Бұл кеңес пен осы екі бауырластың үлгісі маған қатты әсер етті. Сөйтіп, мектепті бітірген соң, 1948 жылы ізашарлардың қатарына қосылдым.

БЕТЕЛГЕ БАРУЫМ

1950 жылдың шілде айында мен ата-анаммен бірге Нью-Йорк қаласындағы Янки стадионында өткен халықаралық конгреске бардым. Конгресте Бетелде қызмет еткісі келетіндерге арналған кездесуге қатыстым. Сосын Бетелде қызмет еткім келетінін білдіріп, өтініш қағазын жазып жібердім.

Әкем менің ізашар болып жүргеніме әрі олармен бірге тұрып жатқаныма қарсы болмағанмен, оларға қаржылай көмектесуім керектігін айтты. Сөйтіп, бір күні мен жұмыс іздеуге шықтым. Ол тамыз айының басы еді. Алдымен пошта жәшігін көрмекші болдым. Қарасам, маған Бруклиннен хат келген екен. Хат Нейтан Норрдың атынан болды. Ол жерде былай деп жазылған еді: “Сенің Бетелге жазған өтініш қағазың бізге жетті. Қалған өміріңді Бетелдік қызметке арнайсың деп ойлаймын. Сондықтан 1950 жылы 7 қыркүйек күні Нью-Йорк қаласы, Бруклин, Коламбия-Хайтс көшесі, 124 мекенжайы бойынша орналасқан Бетелге келуіңді сұраймыз”.

Сол күні әкем жұмыстан келгенде, оған жұмыс тапқанымды айттым. Ол менен: “Жақсы, қайда жұмыс істейсің?”— деп сұрады. “Бруклиндегі Бетелде. Айлығы — 10 доллар”,— деп жауап бердім. Әкем басында шошып кетті, бірақ менің қалаған жұмысым осы болса, оны жақсы атқаруға тырысуым керектігін айтты. Ал үш жылдан кейін әкем Янки стадионында өткен конгресте шомылдыру рәсімінен өтті!

Ізашар болған Альфред Нуссраллах есімді серігім

Қуанышыма орай, менің Альфред Нуссраллах есімді ізашар болған серігім де Бетелге шақырылды. Сөйтіп, екеуміз бірге жолға аттандық. Кейін ол үйленді. Әйелі Джоана екеуі Ғалақад мектебінде оқып, Ливанға миссионер болып тағайындалды. Ал содан кейін Құрама Штаттарға оралып, аралаушылық қызметті атқарды.

БЕТЕЛДЕГІ ҚЫЗМЕТІМ

Менің Бетелдегі алғашқы тағайындалуым түптеу бөлімінде кітаптарды біріктіріп тігу еді. Ең бірінші тіккен кітабым — “Дін адамзат үшін не істеді?” деген кітап. Шамамен 8 айдан соң, мені қызмет бөліміне тағайындады. Ол жақта мен Томас Салливан бауырластың қарамағында жұмыс істедім. Ұйымда көп жыл жүріп, даналық пен мол түсінікке ие болған осындай бауырласпен қызметтесу мен үшін бір ғанибет еді.

Қызмет бөлімінде үш жылдай уақыт жүргеннен кейін, баспахананың бақылаушысы Макс Ларсон маған жолығып, Нейтан Норр бауырластың мені көргісі келетінін айтты. Мен бірдеңе бүлдіріп қойдым ба деп қорқып кеттім. Бірақ Нейтан бауырлас Бетелден кету жоспарымда бар-жоғын ғана білгісі келетінін айтқанда, иығымнан жүк түскендей болды. Оның кеңсесіне уақытша жұмыс істейтін бауырластың қажет екенін айтып, бұны мен атқара аламын ба, жоқ па — соны сұрады. Бетелден кету менің жоспарымда жоқ екенін айттым. Осылайша мен 20 жыл бойы онымен бірге бір кеңседе қызмет ету мәртебесіне ие болдым.

Томас Салливан және Нейтан Норр бауырласпен, сондай-ақ Милтон Хеншель, Клаус Дженсен, Макс Ларсон, Хьюго Ример және Грант Сьютер сияқты Бетелдегі басқа да бауырластармен қызметтесіп жинақтаған тәжірибені мен ешқандай ақшаға сатып ала алмас едім *.

Мен қызметтес болған бауырластар ұйымның  игілігіне атқарып жүрген істерін өте тиянақты орындайтын. Нейтан бауырлас Патшалық ісі өрге басу үшін аянбай еңбек ететін. Онымен бірге бір кеңседе қызмет еткен бауырластар оған еркін жақындай алатын. Тіпті қандай да бір мәселеде ойымыз бір жерден шықпаса да, әрқайсысымыз өз пікірімізді бүкпесіз айтып, оның сенімінен айырылып қаламыз деп қорықпайтынбыз.

Бірде Нейтан бауырлас маған маңызсыз болып көрінетін істерді де атқару керектігін айтты. Мысал ретінде ол бір оқиғаны айтып берді. Бұрында ол баспахананың бақылаушысы болғанда, Рутерфорд бауырлас жиі оған қоңырау шалып: “Нейтан, баспаханадан түскі асқа бара жатқанда, маған бірнеше өшіргіш ала келші. Олар маған қажет болып тұр”,— дейді екен. Сонда Нейтан бауырлас бірден қоймаға барып, өшіргіштерді алады да, қалтасына салып қояды. Сосын оларды Рутерфорд бауырластың кеңсесіне апарып береді екен. Иә, бұл майда-шүйде нәрсе болғанмен, Рутерфорд бауырлас оны қажетіне жарататын. Сонда Нейтан бауырлас маған қарап: “Үстелімде ұшталған қарындаштар болса екен деймін. Күн сайын таңертең олардың ұшталған-ұшталмағанын қадағалап жүруіңді өтінемін”. Осылайша мен көптеген жыл бойы Нейтан бауырластың үстеліндегі қарындаштардың ұшталған-ұшталмағанын қадағалап жүрдім.

Бізге қандай да бір тапсырма берілгенде, мұқият тыңдау керектігін Нейтан бауырлас жиі айтатын. Бірде ол маған бір тапсырмаға қатысты егжей-тегжейлі нұсқаулар беріп жатқанда, мен оны мұқият тыңдаған жоқ едім. Нәтижесінде мен оны ыңғайсыз жағдайға қалдырдым. Өзімді кінәлі сезінгендіктен, оған қысқа етіп хат жаздым. Қателігім үшін кешірім сұрап, мені басқа жаққа ауыстырған дұрыс болатын шығар деп айттым. Сол күні таңертең Нейтан бауырлас маған келіп, былай деді: “Роберт, хатыңды алдым. Сен қателік жасадың. Екеуміз бұл жайлы бұрын сөйлескен едік қой, болашақта сенің мұқият болатыныңа сенемін. Ал қазір екеуміз де жұмысымызға оралайық”. Оның мейіріммен осылай әрекет еткеніне мен өте риза болдым.

ҮЙЛЕНУДІ ҚАЛАДЫМ

Бетелде сегіз жылдай қызмет еткеннен кейін де менің бар мақсатым сол қызмет түрін жалғастыру еді. Алайда бәрі күрт өзгерді. 1958 жылы “Янки” және “Поло Граундс” стадионында халықаралық конгресс өтер алдында мен Лорран Брукс есімді қыз бауырласты көріп қалдым. Лорранмен 1955 жылы Монреальда (Канада) ол ізашар болып жүргенде кездескенмін. Маған оның толық уақытты қызметке деген көзқарасы мен Ехобаның ұйымы жіберген жаққа баруға дайын болғаны терең әсер қалдырды. Оның мақсаты Ғалақад мектебі еді. 1956 жылы 22 жасында ол 27-сыныпқа шақырылған. Мектептен кейін оны Бразилияға миссионер етіп тағайындады. 1958 жылы Лорран екеуміз кездесе бастадық, сосын ол маған тұрмысқа шығуға келісті.  Келесі жылы үйлену тойын жоспарлап, миссионер болуға үміттенген едік.

Осы мақсатым жайлы Нейтан бауырласқа айтқанда, ол маған үш жыл күте тұруға, ал үйленгеннен кейін Бруклиндегі Бетелде қызмет етуге кеңес берді. Ол кезде үйленген бауырластарға Бетелде қалу үшін, жұбайлардың біреуі он не одан да көп жыл, ал екіншісі кем дегенде үш жыл қызмет ету керек еді. Сөйтіп, Лорран үйленгенге дейін екі жыл Бразилиядағы Бетелде, ал бір жыл Бруклиндегі Бетелде қызмет етуге келісті.

Алғашқы екі жыл біз тек хат арқылы араластық. Ол кезде телефон арқылы сөйлесу тым қымбат болатын, ал электронды хат атымен жоқ еді. 1961 жылы 16 қыркүйекте екеуміз үйлендік, жас жұбайларға арналған баяндаманы Нейтан бауырластың өзінен есту мәртебесіне ие болдық. Рас, тойға дейін күтуге тура келген бірнеше жыл бітпестей көрінген еді. Алайда қазір артта қалған қуаныш пен шаттыққа толы некелік өмірдің 50 жылына қарап, күткен уақыт соған тұрарлық екенін сеніммен айта аламын.

Үйленген күніміз. Сол жақтан: Нейтан Норр, Патриша Брукс (Лорранның сіңлісі), Лорран екеуміз, Кёртис Джонсон, Фей және Рой Уоллен (менің ата-анам)

МӘРТЕБЕЛІ МІНДЕТТЕР

1964 жылы маған басқа елдерді аралайтын аймақтық бақылаушы болу мәртебесі берілді. Сол уақытта әйелдер күйеулерімен бірге сапарға бармайтын. Бірақ 1977 жылы өзгеріс енгізіліп, әйелдер күйеулерімен бірге баратын болды. Сол жылы Лорран екеуміз Грант пен Эдит Сьютермен бірге Германия, Австрия, Грекия, Кипр, Түркия мен Израильдегі филиалдарға бардық. Бәрін бірге қосқанда 70-ке жуық елге сапармен барып шықтым.

1980 жылы Бразилияға сапар шеккенде, экваторда орналасқан Белен қаласына бардық. Бұл қалада Лорран миссионер болып қызмет еткен. Манаус қаласындағы бауырластарға да бардық. Мен стадионда баяндама айтып жатқанда, топ болып отырған адамдарды көрдім. Бір қызығы, олар бразилиялықтардың әдетіне ермей, әйелдер бір-бірінің беттерін сүймеді, ал ер бауырластары қол алыспады. Неге дейсіздер ғой?

Олар Амазон жаңбыр орманының түкпірінде тұратын алапеске шалдыққан аяулы бауырластарымыз екен. Қауіпсіздік мақсатында олар ешкіммен араласпай отырған екен. Бірақ олардың қуанышты бет-жүздері жүрегімізге жылы тиіп, еш ұмытылмастай әсер қалдырды. “Олар көтеріңкі көңілмен ән шырқайды”,— деп Ишая қалайша дәл айтты десеңші! (Ишая 65:14).

МӘН-МАҒЫНАЛЫ ДА БАТАҒА ТОЛЫ ӨМІР

Лорран екеуміз Ехобаның қызметіне арнаған 60-тан аса жылдарымыз жайлы жиі ой жүгіртеміз. Ұйымы арқылы жетелеуіне жол бергеніміз үшін Ехоба бізді түрлі жолмен жарылқағанына қатты қуанамыз. Бұрынғыдай жер-жаһанды аралай алмасам да, Қызмет комитеті мен Үйлестірушілер комитетінде қызмет ету арқылы Басқарушы кеңеске көмектесуге мүмкіндігім бар. Дүниежүзілік бауырластықты аз да болса осылайша қолдай алғанымды өте бағалаймын. Көптеген жас бауырластың Ишаяның “Мен бармын, Ием. Мені жібере гөр” деген көзқарасын ұстанып, толық уақытты қызметте жүргенін көру бізді таң-тамаша етеді (Ишая 6:8). Саны жағынан осы жамағаттың таңдап алған бағыттары кезінде аудандық бақылаушының маған айтқан сөздерімен үндеседі: “Толық уақытты қызметті баста. Оның саған не дайындап қойғанын білмейсің”.

^ абзац 20 Есімдері аталған кейбір бауырластардың өмірбаяндарын оқу үшін “Күзет мұнарасы” (ағ.) журналының келесі сандарын қара: Томас Салливан (15 тамыз, 1965 жыл), Клаус Дженсен (15 қазан, 1969 жыл), Макс Ларсон (1 қыркүйек, 1989 жыл), Хьюго Ример (15 қыркүйек, 1964 жыл) және Грант Сьютер (1 қыркүйек, 1983 жыл).