“Жаратушының көз алдында бәрі аян, Бар жақсы мен жамандар айқын Оған” (НАҚ. С. 15:3).

1, 2. Ехобаның бізге көз қырын салып жүргені бейнекамералардың жіті бақылауынан қандай айырмашылығы бар?

БҮГІНДЕ көшелерден көлік қозғалысын бақылау үшін және жол апатын түсіріп алу үшін орнатылған бейнекамераларды барған сайын жиі байқаймыз. Осының арқасында жүргізуші апат болған жерден қашып кеткен жағдайда полиция қызметкерлері оны оңай таба алады. Әр жерде орнатылған осы “қырағы көздердің” арқасында кінәлі адамға жасаған ісінің салдарынан қашып құтылу әлдеқайда қиындай түсті.

2 Алайда кеңінен қолданылатын осындай бейнекамераларды сүйіспеншілігі мол Әкеміз Ехобамен салыстыруға бола ма? Киелі кітапта Ехобаның “көз алдында бәрі аян” екені айтылғаны рас (Нақ. с. 15:3). Бірақ бұл оның әрбір әрекетімізді аңдып отыратынын білдіре ме? Заңдарын бұзып қойған жағдайда ол бізді жазалауға дайын тұра ма? (Ерм. 16:17; Евр. 4:13). Мүлдем олай емес! Ехоба әрқайсысымызды жақсы көретіндіктен және қамымызды ойлайтындықтан бізді өз назарында ұстайды (Пет. 1-х. 3:12).

3. Ехоба бізге қандай бес жолмен қамқорлық көрсетеді?

3 Ехобаның бізді жақсы көргендіктен бақылайтынын қайдан білеміз? Мұны білу үшін оның бізге қандай 5 жолмен көз қырын салып, қамқорлық көрсететінін қарастырайық. 1) Ол бізді жаман істен алдын ала сақтандырады, 2) бұрыс қадам  жасағанда түзетеді, 3) Киелі кітаптағы принциптер арқылы басшылық береді, 4) түрлі қиындықтарға кезіккенде көмектеседі және 5) дұрыс әрекет еткенімізді байқап, батасын береді.

БӘРІН КӨРЕТІН ҚҰДАЙ БІЗДІ ЖАМАНДЫҚТАН САҚТАНДЫРАДЫ

4. Ехоба не үшін Қабылға “босағаңды күнә жағалап жүр” деп ескертті?

4 Біріншіден, Құдай бізді жаман істен қалай сақтандыратынын қарастырайық (Шеж. 1-ж. 28:9). Мысалы, Ехоба Қабылға риза болмай, құрбандығын қабыл алмағанда, ол “қатты ашуланған” болатын (Жаратылыс 4:3—7 оқы). Бірақ Ехоба оны “жақсылыққа бет бұруға” шақырды. “Ал жақсылыққа бет бұрмасаң,— деп ескертті ол,— онда біліп қой, босағаңды күнә жағалап жүр”. Сосын тағы: “Одан үстем болар ма екенсің?!”— деп ой тастады (7-тармақ ЖД *). Ехоба Қабылға “ықыласын түсіргісі” келді. Егер ол ескертуге құлақ асқанда, Ехобамен жақсы қарым-қатынасын сақтап қалар еді.

5. Ехоба бұрыс қалауларымызды байқағанда, бізді жамандықтан қалай сақтандырады?

5 Ал біз туралы не деуге болады? Ехоба біздің жүрегіміздің түбінде не жатқанын көре алады, сондықтан біз одан өзіміздің ойларымыз бен қалауларымызды жасыра алмаймыз. Сүюші Әкеміз біздің әділдіктің ақ жолынан таймағанымызды қалайды. Бірақ ол бізді бұған еш күштемейді. Ол біздің теріс жолға аяқ басқанымызды байқаған кезде, өзінің Сөзі Киелі кітап арқылы ескерту айтады. Қалай? Мысалы, Киелі кітапты күнделікті оқу барысында біз бұрыс қалауларымыз бен бейімділіктерімізді жеңуге көмектесетін тармақтарды жиі кездестіріп жатамыз. Сондай-ақ әдебиеттерімізде біз күресіп жүрген проблеманы қалай шешуге болатыны қарастырылуы мүмкін. Бұған қоса, қауым кездесулерінде бәріміз де дәл уақытында айтылған кеңестерді естиміз!

6, 7. а) Құдай жеке саған көз қырын салып жүретініне қандай дәлел бар? ә) Ехобаның жеке өзіңе көрсеткен қамқорлығын сезіну үшін не істеуің керек?

6 Осындай ескертулердің барлығы Ехобаның жеке әрқайсысымызға сүйіспеншілікпен көз қырын салып жүретінін дәлелдейді емес пе? Рас, Киелі кітап ғасырлар бұрын жазылған, әдебиеттеріміз миллиондаған адам үшін басып шығарылады, ал кездесулерде айтылатын кеңестер бүкіл қауымға арналады. Алайда Ехоба осы шаралардың барлығын сенің көңіліңді өзінің Сөзіне аударып, бұрыс қалауларыңды жеңуге көмектесу үшін жасады. Демек, бұл оның жеке сені сүйіспеншілікпен қамқорлайтынын дәлелдейді деуге болады.

Біздің Киелі кітап бойынша тәрбиеленген ар-ұжданымыз айналамыздағы қауіптен сақтайды (6, 7-абзацтарды қара)

7 Құдайдың ескертулері бізге пайдасын тигізу үшін ең алдымен оның шынымен біздің қамымызды ойлайтынын түсінуіміз керек. Сосын, оның Сөзінде айтылғандарға құлақ асып, Құдайға ұнамайтын кез келген ойдан арылуға тырысуымыз қажет (Ишая 55:6, 7 оқы). Айтылып жатқан кеңестерді орындасақ, көп қателікке жол бермейміз. Алайда жаман бейімділікке бой алдырып қойсақ ше? Мұндайда сүюші Әкеміз бізге қандай көмек береді?

ҚАМҚОР ӘКЕМІЗ БІЗДІ ТҮЗЕТЕДІ

8, 9. Ехобаның бізді қатты қамқорлайтыны қызметшілері арқылы кеңес беруінен қалай көрінеді? Мысал келтір.

8 Ехобаның қамқорлығын әсіресе бізге кеңес айтылғанда көбірек сезінетін шығармыз (Еврейлерге 12:5, 6 оқы). Әрине, біреудің кеңес бергені не түзеткені ешкімге де жақпайды (Евр. 12:11). Алайда сол адамның кеңес беруге қалай дайындалатыны жайлы ойланып көрейікші. Ол Ехоба Құдаймен қарым-қатынасымызды бұзуы мүмкін қандай нәрсе жасап жатқанымызды анықтайды,  біздің сезімдерімізді ескеруге тырысады және Құдайға ұнамды болуға көмектесетін қандай өзгеріс жасауымыз керектігін Киелі кітаптан көрсету үшін өзінің уақыты мен күшін даярлықпен жұмсайды. Сол кеңестің қайнар көзі Ехоба біз үшін дәл осылай қам жейді.

9 Осының бір мысалын қарастырайық. Бір ер бауырласымыз шындыққа келмес бұрын порнография көруге әуес болған екен. Кейіннен ол бұл әдетінен арылғанмен, оның бұрынғы қалаулары отынның бықсып жанған қалдығы сияқты жүрегінің түбінде жатқан еді. Жаңа ұялы телефон сатып алғанда, оның бұл жаман әдеті қайта тұтанып, жана бастады (Жақ. 1:14, 15). Ол осы телефоны арқылы порнографиялық сайттарға кіретін болды. Бір күні бауырласымыз ақсақалмен бірге телефон арқылы уағыздап жатып, ұялы телефонын оған қолдана тұруға берді. Ақсақал оны қолданып жатқанда, күмәнді сайттар шыға бастады. Бұл жағдай қауіпті жолға аяқ басқан ер бауырласымыз үшін Ехобаның батасына айналған еді. Ол ақсақалдың дер кезінде берген кеңесін қабылдап, ақырында жаман әдетін тастады. Көктегі қамқор Әкеміздің тіпті жасырын күнәларымызды көріп, бізді тым ары кетпей тұрғанда түзететініне қаншалықты ризамыз десеңдерші!

КИЕЛІ КІТАПТАҒЫ ПРИНЦИПТЕРДІ ҚОЛДАНУДЫҢ ПАЙДАСЫ

10, 11. а) Ехобаның басшылығын қалай іздеуіміз қажет? ә) Бір отбасы Ехобаның басшылығына сай әрекет етудің пайдасын қалай көрді?

10 Забур жыршысы Ехобаға сөзін арнап: “Ақыл-кеңесіңмен мені бастайсың”,— деп жырлаған (Заб. 72:24). Қандай да бір мәселеге қатысты басшылыққа мұқтаж болғанда, Ехобаның Сөзіне жүгініп, оның бұған қатысты көзқарасы қандай екенін білуге тырысқанымыз дұрыс. Киелі кітап принциптерін қолданғанымыз тек рухани жағынан емес, кейде материалдық қажеттіліктерімізді қамдау жағынан да көп пайдасын тигізеді (Нақ. с. 3:6).

11 Ехобаның қалай басшылық беретінін көру үшін бір отбасымен болған оқиғаны қарастырайық. Бұл отбасы Филиппиннің Масбате провинциясының таулы өңіріндегі бір ферманы жалға алып тұрады. Отағасы үлкен отбасын асырап әрі әйелімен бірге жалпы ізашар болып қызмет етеді. Бір күні олар ферманың иесінен үйді босату туралы хабар алып, аң-таң болады. Сөйтсе, біреу оларға “арамдық жасады” деген жала жапқан екен. Отағасы басқа тұратын  жерлері болмағанын ойлап, біраз уайымдайды. Бірақ ол сенімділікпен былай дейді: “Ехоба бізді тастамайды. Басымызға қандай жағдай түспесін, ол біздің қажеттіліктерімізді әрдайым қамдайды”. Оның бұл сөздері бекер айтылмаған еді. Бірнеше күннен кейін бұл отбасы бір қуанышты жаңалық естиді: оларға сол үйде қалуға рұқсат етіледі! Бұған не себеп болды екен? Өздеріне жала жабылғанына қарамастан, бұл Куәгер отбасы Киелі кітап принциптерін ұстанып, басқаларға құрметпен қараған әрі татулық сақтаған еді. Мұның үй иесіне қатты әсер еткені соншалық, ол бұл отбасына фермада қалуға рұқсат берумен қатар, өңдеуге қосымша жер береді (Петірдің 1-хаты 2:12 оқы). Иә, Ехобаның бізге өзінің Сөзі арқылы басшылық беріп, өмірдің қиындықтарымен күресуге көмектесетіні шүбәсіз.

ҚИЫН ШАҚТА ҚОЛ ҰШЫН БЕРЕТІН ДОСЫМЫЗ

12, 13. Кейбіреулер қандай қиындықтарға кезіккенде Құдайдың қамқорлығына күмәндануы мүмкін?

12 Бәлкім, саған қандай да бір қиындық ұзақ уақыт бойы маза бермей жүрген шығар. Бұл созылмалы ауру, үздіксіз қудалау не отбасы мүшелерінің үнемі қарсылық көрсетуі болуы мүмкін. Бұған қоса, мінезіміз әртүрлі болғандықтан, кейде қауымда бауырластардың арасында үлкен түсініспеушіліктер туындап жатады.

13 Мысалы, біреудің айтқан ескертуі саған ауыр тиюі мүмкін. Мұндайда сен: “Құдайдың ұйымында бұлай болмау керек қой!”— деп ойлайтын шығарсың. Алайда саған ескерту айтқан ер бауырлас қауымда жауапкершіліктерге ие және басқа бауырластар да ол туралы жақсы пікірде. Бәлкім, сен: “Бұл қалай мүмкін болды?! Ехоба мұны көріп тұрған жоқ па? Ол неге араласпай жатыр?”— деп мазаланатын шығарсың (Заб. 12:2, 3; Абб. 1:2, 3).

14. Құдайдың кейбір қиындықтарға араласпауының бір себебі қандай болуы мүмкін?

14 Ехобаның қандай да бір жағдайға араласпауына келелі себептері болуы мүмкін. Бәлкім, біз ренжіткен жақтың кінәсі көбірек деп есептейтін шығармыз, алайда Құдай мәселеге басқаша қарайтын болар. Ехобаның көзқарасы бойынша, сенің кінәң өзің ойлағаннан көбірек болуы мүмкін және бауырластың саған айтқан кеңесі әбден орынды шығар. Басқарушы кеңесте қызмет еткен Карл Клейн бауырлас өзінің өмірбаянында Рутерфорд бауырластан бірде қатаң ескерту алғаны жайлы айтып берді. Осы жағдайдан кейін Рутерфорд бауырлас онымен жарқын да жылы жүзбен: “Сәлем, Карл!”— деп амандасқан еді. Бірақ әлі өкпесі жазылмаған Карл оған селқос жауап берді. Оның әлі реніш сақтап жүргенін түсінген Рутерфорд бауырлас оған Шайтанның тұзағына түсіп қалудан сақ болуды ескертті. Кейіннен Карл бауырлас жауапты ер бауырластардың басқаларға ескерту айтуға құқы бар екенін және кеңес айтқандары үшін оларды жек көрсек, Шайтанның оңай олжасына айналатынымызды түсінді.

15. Қиындыққа кезіккенде нені есте ұстауымыз қажет?

15 Десе де басымызға түскен қиындық шешілмей жатқандай көрінгенде, шыдамымыз таусылуы мүмкін. Мұндайда не істей аламыз? Мысалы, сен көлік айдап келе жатып, кептелісте тұрып қалдың делік. Кептелісте қанша уақыт тұратының белгісіз. Егер ашуға беріліп, басқа жолға бұрылып кетсең, адасып кетуің ғажап емес. Сөйтіп жолға көбірек уақыт кетіріп аласың. Ал бастапқы жолда қалып, шыдамдылықпен күтсең, діттеген жеріңе уақытында жетуің әбден мүмкін. Дәл сол сияқты шыдамдылық танытып, Құдай Сөзінде көрсетілген жолдан ауытқымасаң, Ехоба саған табанды болып, діттеген жеріңе жетуге көмектеседі.

16. Ехобаның басымызға түскен қиындыққа араласпауының тағы бір себебі қандай болуы мүмкін?

 16 Ехоба басымызға түскен жағдайдан маңызды сабақ алғанымызды қалағандықтан оған араласпауы мүмкін (Петірдің 1-хаты 5:6—10 оқы). Әрине, Құдай бізге әдейі қиындық жібермейді (Жақ. 1:13). Қайғы-қасіретке көбіне “жауымыз Ібіліс” кінәлі. Десе де Құдай қиын жағдайларды бізге рухани өсуге көмектесу үшін қолдануы мүмкін. Ол біздің жапа шегіп жатқанымызды көріп тұр әрі біздің “қамымызды ойлайтындықтан” мұның “аз уақытқа” ғана созылатынын уәде етеді. Ехобаның саған көз қырын салып жүргеніне әрі сені шарасыз күйде қалдырмайтынына сенімді бол (Қор. 2-х. 4:7—9).

ЕХОБАНЫҢ БАТАСЫНА КЕНЕЛ

17. Ехоба біздің жүрегімізді не үшін тексереді?

17 Ақырында, Құдай біздің жүрегімізді жанымызға жай беретін тағы бір себеппен тексереді. Ол Ханани пайғамбар арқылы Аса патшаға былай деген болатын: “Жаратқан Ие Өзіне шын жүректен бағышталып, адал болып жүргендерді күш-қуат беріп қолдау үшін, бүкіл жер жүзін назарында ұстап отырады” (Шеж. 2-ж. 16:9). Демек, Ехоба дұрыс деп санайтын нәрселерді істейтін болсаң, ол сені “күш-қуат беріп қолдайды”.

18. Жасаған игі істерімізді ешкім бағаламайтындай көрінгенде нені есте ұстауымыз керек? (Мақаланың басындағы суретті қара.)

18 “Жақсылыққа ұмтылсақ”, “жақсылық жасауды ұнатсақ” әрі оны істеуге “асық болсақ”, Ехоба бізге “рақымды болады” (Амос 5:14, 15; Пет. 1-х. 3:11, 12). Иә, Ехоба әділ жанды байқап, оған батасын береді (Заб. 33:16). Шипыра мен Пуа есімді исраилдік босандырушы әйелдердің мысалын қарастырайық. Перғауын бұл екі әйелге исраилдіктердің жаңадан туылған әрбір ұл баласын өлтіруді бұйырған болатын. Алайда олар перғауыннан гөрі Құдайдан көбірек қорыққандықтан туылған ұл балаларды тірі қалдырып отырды. Кейіннен Құдай Шипыра мен Пуаның үйлерін жарылқап, ұрпақ сыйлады (Мыс. ш. 1:15—17, 20, 21). Иә, олардың игі істері Ехобаның назарынан тыс қалмаған еді. Кейде біздің жасаған игі істерімізді ешкім байқамайтындай көрінуі мүмкін. Бірақ Ехоба біздің әрбір игі ісімізді байқайды және сол үшін батасын береді (Мат. 6:4, 6; Тім. 1-х. 5:25; Евр. 6:10).

19. Бір әйел бауырлас игі істердің Ехобаның назарынан тыс қалмайтынын қалай түсінді?

19 Ерен еңбегі Құдайдың мұқият назарынан тыс қалмағанын түсінген бір әйел бауырластың оқиғасына назар аударайық. Австрияда тұратын бұл бауырластың ұлты венгр болғандықтан, бауырластар оған венгр тілінде сөйлейтін бір әйелге барып, уағыздауды тапсырады. Ол бірден оның үйіне барады, бірақ үйде ешкім жоқ болып шығады. Ол сол үйге қайта-қайта барады. Кейде үйде біреу бар екенін сезеді, бірақ есікті ешкім ашпайды. Бауырласымыз сол үйге бір жарым жыл бойы барып, бірнеше әдебиетті, өзі жазған хаттар мен телефон нөмірін қалдырып кетеді. Ақыры күндердің күнінде есікті бір әйел ашып, жылы шыраймен: “Қош келдіңіз! Мен сіз әкелген барлық мәліметті оқып шықтым және сізді күтіп жүрген едім”,— дейді. Бұл әйел химиялық терапия қабылдап жүргендіктен, адамдармен сөйлесуге әрдайым шамасы келе бермеген екен. Содан ол зерттеу сабағын бастауға келіседі. Ехоба бауырласымызға көп күш салғаны үшін батасын берген еді!

20. Ехобаның қамқорлығы саған қалай әсер етеді?

20 Ехоба біздің барлық ісімізді көреді. Бірақ ол бізді бойымыздан қандай да бір кінәрат табу үшін не әрбір қателігімізді есінде сақтау үшін бақыламайды. Қайта, ол біздің қамымызды ойлайды әрі істеген игі істеріміз үшін батасын береді. Сол үшін де оған жақындай түскіміз келеді емес пе?!

^ абзац 4 Жаратылыс 4:7 ЖД: “Егер жақсылыққа бет бұратын болсаң, саған ықыласымды түсірмей қоямын ба? Ал жақсылыққа бет бұрмасаң, онда біліп қой, босағаңды күнә жағалап жүр, ол сені иемденуді көксейді. Бірақ одан үстем болар ма екенсің?!”— деді”.