Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

Ехоба куәгерлері

Тілді таңдау қазақ

Сарепталық жесір әйел сенімі үшін жарылқанды

Сарепталық жесір әйел сенімі үшін жарылқанды

КЕДЕЙ жесір әйел өзінің жалғыз баласын құшағына алды. Ол өз көзіне өзі сенер емес. Біраз уақыт бұрын ғана ол баласының жансыз денесіне емірене қарап, жылап отырған еді. Ал енді қайта тірілген ұлының күлімдеген жүзін көрген ананың қуанышында шек жоқ! “Міне, ұлыңыз тірі!”— деді оның үйіне тоқтаған қонағы.

Осы ғажайып қайта тірілу шамамен 3000 жыл бұрын болды. Бұл жайлы Патшалықтар 3-жазбаның 17-тарауында жазылған. Қонақ болған кісі Құдайдың пайғамбары Ілияс еді. Ал баланың анасының есімі Киелі кітапта аталмаған. Ол Сарепта қаласында тұрған жесір әйел болатын. Ұлының қайта тірілуі оның өміріндегі сенімін нығайтқан бірден-бір оқиға болды. Осы әйелдің үлгісін қарастыра отырып, бірнеше маңызды сабақ алуымызға болады.

ІЛИЯС СЕНІМІ БАР ЖЕСІР ӘЙЕЛДІ КЕЗДЕСТІРДІ

Ехоба Исраилдің зұлым патшасы Ахабтың тұсында ұзақ уақытқа созылатын қуаңшылық жіберуді шешті. Ілияс осы хабарды халыққа жария еткен соң, Ехоба оны Ахаб патшадан жасырып, қарғалар арқылы нанмен және етпен керемет түрде тамақтандырды. Сосын Ехоба Ілиясқа: “Енді Сидонның маңындағы Сарептаға барып, сонда тұр. Сол жердегі бір жесір әйелге сені тамақтандыруды тапсырып отырмын”,— деді (Пат. 3-ж. 17:1—9).

Ілияс Сарептаға келгенде, отын жинап жүрген кедей жесір әйелді көрді. Пайғамбарды тамақтандыратын әйел осы болуы мүмкін бе? Тақыр кедей бола тұра, ол пайғамбарды қалай қамтамасыз етер еді? Ілияс осылай іштей күмәнданған шығар, бірақ сонда да әйелге тіл қатып: “Маған ішуге құмырамен біразырақ су алып келіңізші,— деп сұрады. Әйел су алуға кетіп бара жатқанда, Ілияс одан дауыстап: — Маған жейтін нан да ала келсеңіз екен,— деп өтінді” (Пат. 3-ж. 17:10, 11). Жесір әйелге  бейтаныс адамға су әкелу қиынға соқпағанмен, оны тамақтандыру оңай емес-тін.

Әйел оған былай жауап берді: “Мәңгі тірі Құдайыңыз Жаратқан Ие алдында шын айтамын: менде бір күлше нан да жоқ. Үйде кеспегімнің түбінде тек бір уыс ұн мен құмырамның түбінде біразырақ май ғана қалды. Содан ұлым екеуімізге нан пісіру үшін отын жинауға осы жерге келген едім. Соны жеп болған соң бізге өлу ғана қалды” (Пат. 3-ж. 17:12). Осы әңгімеден не білеміз?

Жесір әйел Ілиястың Құдайдан қорқатын исраилдік екенін білді. Бұл оның “Мәңгі тірі Құдайыңыз Жаратқан Ие” деген сөздерінен көрінеді. Ол Исраилдің Құдайы туралы аз-маз білген шығар, алайда Ехобаны “менің Құдайым” деп атаған жоқ. Бұл әйел Финикия аймағындағы Сидон қаласына қарасты Сарептада тұрған. Ал Сарептаның тұрғындары Бағалға табынған болса керек. Десе де Ехоба осы әйелден ерекше бір нәрсені байқады.

Пұтқа табынушылардың арасында тұрғанына қарамастан, сарепталық жесір әйелдің сенімі болды. Ехоба Ілиясты бұл әйелге жіберуімен екеуінің де қамын жасаған еді. Осыдан бір маңызды сабақ алуымызға болады.

Бағалға табынған Сарепта тұрғындарының барлығы бірдей зұлымдыққа белшесінен батпаған еді. Ілиясты осы жесір әйелге жіберуімен Ехоба өзіне әлі қызмет етпесе де, ниеті игі адамдарға назар аударатынын көрсетті. Шынында да, “ол өзінен қорқатын және әділ әрекет ететін әрбір адамды, қай ұлттан шықса да, қабыл алады” (Ел. іс. 10:35).

Сенің учаскеңде сарепталық жесір әйел сияқты адамдар бар ма? Олар жалған дінді ұстанатын адамдардың арасында тұрса да, әділдікті аңсап жүрген шығар. Мұндай адамдар Ехоба жайлы азды-кем білуі не мүлдем білмеуі мүмкін. Сондықтан шынайы ғибадатты қабылдау үшін оларға көмек қажет. Сен осындай адамдарды іздеп, оларға көмектесіп жүрсің бе?

“ЕҢ АЛДЫМЕН МАҒАН КІШКЕНТАЙ КҮЛШЕ НАН ПІСІРІП АЛЫП КЕЛІҢІЗ”

Ілияс жесір әйелден не сұрағаны жайлы ой жүгіртіп көрші. Әйел оған қолында бар соңғы ұннан нан пісіріп жеген соң, ұлы екеуіне өлу ғана қалатынын айтты. Әйтсе де Ілияс оған былай деді: “Уайымдамаңыз! Барып, айтқаныңыздай істеңіз! Бірақ ең алдымен өзіңіздегі бардан маған кішкентай күлше нан пісіріп алып келіңіз, содан кейін ұлыңыз екеуіңізге нан пісірерсіз. Себебі Исраилдің Құдайы Жаратқан Ие мынаны айтады: Жаратқан Ие жерге қайтадан жаңбыр жаудырып, өнім шығарған күнге дейін кеспектегі ұның мен құмырадағы майың еш таусылмайды!” (Пат. 3-ж. 17:11—14).

Мұндайда басқа біреу: “Соңғы асымды өзгеге қалай бере салмақпын!”— дейтін шығар. Бірақ жесір әйелдің жауабы мұндай болған жоқ. Ехоба жайлы білімі шамалы болса да, ол Ілиясқа сеніп, айтқанын орындады. Бұл оның сенімі үшін үлкен сынақ болса да, ол өте дұрыс шешім қабылдады.

Ілиястың Құдайы Ехобаға сенгеннің арқасында жесір әйелдің өзі де, баласы да аман қалды

Құдай бұл кедей жесір әйелді тастаған жоқ. Дәл Ілияс айтқандай, Ехоба әйелдің азын-аулақ асын көбейтіп тұрғанның арқасында оның өзі де, ұлы да және Ілияс та қуаңшылық аяқталғанша еш мұқтаждық көрмеді. Иә, “Жаратқан Ие Ілияс арқылы уәде еткендей, кеспектегі ұн мен құмырадағы май таусылмады” (Пат. 3-ж. 17:16; 18:1). Жесір әйел басқаша әрекет еткенде, азын-аулақ ұн мен майдан жасаған наны шынымен де оның  соңғы тамағы болар еді. Алайда Ехобаға арқа сүйеген бұл әйел сеніммен әрекет етіп, алдымен Ілиясты тамақтандырған болатын.

Осыдан алатын сабағымыз — Ехоба өзіне сенім артатын адамдарға мол батасын береді. Мінсіздігіміз сыналған кезде сеніммен әрекет етсек, Ехоба бізге қол ұшын береді. Ол біздің Қамқоршымыз, Қорғаушымыз әрі Досымыз болып, сынақтарға төтеп беруге көмектеседі (Мыс. ш. 3:13—15 ЖД).

1898 жылғы “Сион күзет мұнарасында” жесір әйелдің оқиғасынан келесідей сабақ алуымызға болатыны жазылған: “Бұл әйел сенім танытып, мойынсұнған жағдайда Иеміздің пайғамбар арқылы көрсететін көмегіне лайық болмақ еді. Ал сенім танытпаған жағдайда бұған лайық болатын басқа жесір әйел табылар еді. Бізбен де солай болуы мүмкін. Өмір жолымыздың әртүрлі кезеңінде Иеміз сеніміміз сыналатын жағдайларға жол береді. Мұндайда сенім танытсақ, батаға кенелеміз. Ал сенім танытпасақ, батадан құр алақан қаламыз”.

Қандай да бір сынақтарға кезіккенде, бізге Киелі кітаптан және оған негізделген әдебиеттерден Ехобаның басшылығын іздеу керек. Содан кейін қаншалықты қиын болып көрінсе де, оның басшылығына сай әрекет етуіміз керек. Келесі дана сөздерге сай әрекет етсек, біз міндетті түрде мол батаға ие боламыз: “Өз ақыл-санаңа сүйеніп жүрме, Сенім арт шын жүректен Жаратқан Иеңе. Бар жағдайда да мойында Тәңір Иеңді, Сонда Ол тура жолмен жетелер сені” (Нақ. с. 3:5, 6).

“ЖАЛҒЫЗ ҰЛЫМДЫ ӨЛТІРУГЕ КЕЛІП ПЕ ЕДІҢІЗ?”

Жесір әйелдің сенімі тағы да сыналмақ еді. Киелі кітапта былай деп жазылған: “Осы оқиғалардан кейін үй иесі жесір әйелдің ұлы табан астынан ауырып қалды. Оның халі нашарлай беріп, ақыры демі бітіп қайтыс болды”. Жүрегі қарс айырылған анасы қайғылы жағдайға не себеп болғанын білгісі келіп, Ілиясқа былай деді: “Уа, Құдайдың жіберген адамы, менде неңіз кетіп еді? Жасаған күнәларымды әшкерелеп, жалғыз ұлымды өлтіруге келіп пе едіңіз?” (Пат. 3-ж. 17:17, 18). Ол мұнысымен не айтқысы келді?

Бұл әйел ар-ұжданын мазалаған күнәсін есіне алып, баласының өлімін Құдайдың жазасы, ал Ілиясты Құдайдың өлімді жариялайтын хабаршысы деп қабылдады ма екен? Киелі кітапта бұл жайлы нақты ештеңе айтылмаған, десе де бір нәрсеге сенімді бола аламыз. Бұл жесір әйел “Құдай әділетсіз әрекет етті” деп оған еш кінә тақпады.

Оның баласы аяқ астынан қаза болғанда, Ілиястың не сезінгенін елестетіп көрші. Жесір әйел бұл қасірет үшін Ілиясты кінәлі санаған еді. Мұның да оған ауыр тигені шүбәсіз. Ілияс баланың жансыз денесін шатырдағы бөлмеге көтеріп апарып: “Уа, Құдайым Ехоба, маған пана берген мына жесірдің баласын өлімге ұшыратып, оны да зардап шектіресің бе?”— деп зар иледі. “Құдай осы мейірімді де қонақжай әйелдің әрі қарай да қасірет шегуіне жол берсе, оның атына кір келеді ғой” деп қорыққан ол: “Уа, Құдайым Жаратқан Ие, мына баланы қайта тірілте гөр!”— деп жалынды (Пат. 3-ж. 17:20 ЖД, 21).

“МІНЕ, ҰЛЫҢЫЗ ТІРІ!”

Ехоба Ілиястың дұғасын естіді. Жесір әйел сенім танытып, оның пайғамбарына қамқорлық көрсеткен еді. Алайда Ехоба белгілі бір себеппен баланың өліміне жол берген көрінеді. Ол баланың қайта тірілетінін және Жазбалардағы осы алғашқы қайта тірілудің болашақ ұрпаққа үміт сыйлайтынын білді. Содан Ілияс жалбарынған кезде, Ехоба баланы қайта тірілтті. Ілиястың: “Міне, ұлыңыз тірі!”— дегенін естігенде, жесір әйелдің қалай қуанғанын елестетіп көрші! Сонда ол пайғамбарға былай деді: “Сіздің расында Құдайдың жіберген адамы екеніңізге, әрі шынымен аузыңыздан Жаратқан Иенің сөздерінің шыққанына енді көзім жетіп отыр!” (Пат. 3-ж. 17:22—24).

Патшалықтар 3-жазбаның 17-тарауында бұл әйел жайлы осыдан басқа мәлімет жоқ. Десе де Исаның ол туралы жақсы сөздер айтқанына қарағанда ол өмірінің соңына дейін Ехобаға адал қызмет еткен болса керек (Лұқа 4:25, 26). Бұл оқиғадан біз көп нәрсеге үйрене аламыз. Біріншіден, Құдай өзінің қызметшілеріне жақсылық жасағандарды молынан жарылқайды (Мат. 25:34—40). Екіншіден, Құдай қиын жағдайға ұшыраған адал қызметшілерін қамқорлайды (Мат. 6:25—34). Үшіншіден, Ехобаның қайтыс болған адамдарға қайта өмір сыйлауға құдіреті жетеді, әрі ол мұны қалайды да (Ел. іс. 24:15). Осының бәрі бізді сарепталық жесір әйелдің үлгісін есте ұстауға талпындырады емес пе?