КОТ-Д’ИВУАРДЫҢ кедей ауданында өскен Паскаль ауқатты өмір сүруді қатты қалаған еді. Әуесқой боксшы болған ол қай елде спорт жұлдызы болып, баюға мүмкіндігі болатыны жайлы ойлады. Жиырмадан асқан кезінде оған Еуропаға бару туралы ой келді. Шетелге шығуға қажетті құжаттары болмағандықтан, ол Еуропаға заңсыз түрде кірмек болды.

1998 жылы Паскаль 27 жасқа келгенде, өзінің сапарын бастады. Ол Гананың шегарасынан өтіп, Того мен Бенин мемлекеттері арқылы Нигер еліндегі Бирни-Нконни қаласына жетті. Әрі қарай оның сапары өте қауіпті болмақ еді. Солтүстікке жету үшін ол бір жүк көлігіне мініп, Сахара шөлінен өту керек болатын. Кейін ол кемеге отырып, Жерорта теңізі арқылы Еуропаға жетпекші еді. Оның құрған жоспары осындай болды, алайда Нигерде болған екі жағдай оны тоқтатты.

Біріншіден, оның ақшасы таусылып қалды. Екіншіден, ол Ноуа есімді ізашарды кездестіріп, Киелі кітапты зерттеу сабағын бастады. Алған білімі оған қатты әсер етіп, оның өмірге деген көзқарасын өзгертті. Енді ол байлыққа емес, рухани нәрселерге ұмтылатын болды. 1999 жылдың желтоқсан айында Паскаль шомылдыру рәсімінен өтті. Ехобаға деген ризашылығын білдіру үшін ол 2001 жылы Нигердегі өзі шындықты білген қалада ізашар болып қызмет ете бастады. Паскаль өзінің қызметі жайлы былай дейді: “Мен өмірден барынша қанағат алудамын!”

АФРИКАДАҒЫ ҚЫЗМЕТ КӨБІРЕК ҚАНАҒАТ ӘКЕЛУДЕ

Анна-Ракель

Басқа бауырластар да Паскаль сияқты рухани мақсаттарға ұмтылу өмірден көбірек қанағат алуға көмектесетінін байқаған. Осындай мақсатқа қол жеткізу үшін кейбіреулер Еуропадан Африкадағы жариялаушылар аз жерлерге көшкен. Еуропада тұратын 17 мен 70 жастың аралығындағы 65-ке жуық Куәгер Батыс Африканың Бенин, Буркина-Фасо, Нигер және Того мемлекеттеріне қызмет аясын кеңейту үшін көшіп барған *. Оларды осындай үлкен өзгеріс жасауға не талпындырды және мұның нәтижесі қандай болды?

Даниядан келген Анна-Ракель есімді бауырлас былай дейді: “Менің ата-анам Сенегалда миссионер болып қызмет еткен. Олар миссионерлік өмірлері туралы зор құлшыныспен айтатындары сонша — менің де солар сияқты өмір сүргім келіп кететін”. Анна-Ракель шамамен 15 жыл бұрын, 20-дан енді асқан кезінде Того еліне көшіп барды.  Ол қазір ым тілінде өтетін қауымда қызмет етеді. Оның үлгісі басқаларға қалай әсер етті? Ол былай дейді: “Кейінірек сіңлім мен інім де Тогоға көшіп келді”.

Альберт-Фейетта мен Орель

Франциядан келген 70 жасар Орель бауырлас былай дейді: “Бес жыл бұрын зейнетке шыққанымда, маған таңдау жасау керек болды: Францияда тыныш өмір кешіп, жұмақтың орнағанын күтіп отыру немесе қызмет аясын кеңейту үшін қадамдар жасау”. Орель соңғысын таңдады. Ол әйелі Альберт-Фейеттамен шамамен үш жыл бұрын Бенинге көшіп барды. “Осы жерде Ехобаға қызмет етуге өзімізді дайындықпен ұсынғанымыз өміріміздегі ең дұрыс шешім болды”,— дейді Орель. Ол жүзіне күлкі үйіріліп, тағы былай дейді: “Жағалауда орналасқан учаскеміздің кейбір жерлері тура жұмақ сияқты”.

Клодомир мен оның әйелі Лисиан Франциядан Бенинге осыдан 16 жыл бұрын көшіп барды. Алғашқы кездері олар Францияда қалған туыстары мен достарын қатты сағынды және жаңа өмір салтына бейімделе алмаймыз деп қорықты. Алайда олардың қорқуына еш негіз болмаған еді. Олар сол жерде көп қуанышқа кенелді. Клодомир былай дейді: “Осы 16 жыл ішінде орта есеппен жыл сайын бір адамға шындықты қабылдауға көмектестік. Бұл біз үшін үлкен мәртебе болды”.

Клодомир мен Лисиан және олар шындыққа келуге көмектескен адамдар

Жоанна мен Себастьен

Франциядан келген Себастьен мен Жоанна есімді ерлі-зайыпты болса Бенинге 2010 жылы көшіп барды. Себастьен былай дейді: “Қауымда жұмыс өте көп болғандықтан, теократиялық істерді атқаруды тез үйреніп кетесің”. Ал уағыздау ісі қалай жүріп жатыр? “Бұл жердегі адамдар рухани аш. Біз тіпті уағыздап жүрмеген кездері де адамдар бізді көшеде тоқтатып, Киелі кітапқа негізделген сұрақтар қояды және әдебиеттер сұрайды”,— дейді Жоанна. Бұл өзгеріс олардың некесіне қалай әсер етті? Себастьен: “Біздің некеміз нығая түсті. Әйеліммен бірге күні бойы уағызда жүру мен үшін бір ғанибет!”— дейді.

Эрик пен әйелі Кэти солтүстік Бениндегі адамдар сирек қоныстанған жерде ізашар ретінде қызмет етеді. Олар осыдан он жыл бұрын, әлі Францияда тұрған кездерінде, көбірек қажеттілік бар жерде қызмет ету жайлы мақалаларды оқып, толық уақытты қызмет ететін бауырластармен көбірек араласа бастады. Нәтижесінде олардың шетелге көшуге деген қалаулары арта түсті. Сөйтіп, 2005 жылы олар қызмет аясын кеңейтіп, Франциядан Бенинге көшіп кетті. Сол жақта олар таңғаларлық өсімнің куәсі болды. Эрик былай дейді: “Екі жыл бұрын Тангиета қаласындағы тобымызда тоғыз-ақ жариялаушы болған еді. Қазір санымыз 30-ға жетті. Жексенбі күндері қауым кездесуіне 50—80 адам келеді. Осындай өсімге куә болу қаншалықты зор қуаныш әкеледі десеңші!”

Кэти мен Эрик

 ТУЫНДАЙТЫН ҚИЫНДЫҚТАРМЕН КҮРЕСУ

Бенжамин

Қызмет аясын кеңейткендердің кейбірі қандай қиындықтарға кезікті? Мысалы, Анна-Ракельдің 33 жастағы інісі Бенжаминді алайық. Ол 2000 жылы Данияда жүргенде, Того елінде қызмет еткен бір миссионерді кездестірді. Бенжамин былай деп есіне алады: “Сол бауырласқа ізашар болғым келетінін айтқанымда, ол маған: — Білесің бе, сен Тогода ізашар болып қызмет ете алар едің,— деді”. Бенжамин бұл туралы ойланып қалды. Ол былай дейді: “Ол кезде мен әлі 20-ға да толмаған едім, бірақ менің екі әпкем де Тогода қызмет етіп жүрген еді. Сондықтан сол жерге көшіп бару мен үшін әлдеқайда оңай болды”. Содан Бенжамин Тогоға көшіп барды. Десе де ол онда бір қиындыққа кезікті. “Мен французша бірде-бір сөз білмейтінмін. Алғашқы алты айда өте қиын болды, себебі адамдармен дұрыстап сөйлесе алмайтынмын”,— дейді ол. Алайда уақыт өте келе ол жетістіктерге қол жеткізе бастады. Қазір Бенжамин Бениндегі филиалда қызмет етеді. Ол Бетелде компьютер бөліміне және әдебиеттерді жөнелтуге көмектеседі.

Мари-Аньес пен Мишель

Бенинге көшпес бұрын жоғарыда аталып кеткен Эрик пен Кэти Францияда шет тіліндегі танапта қызмет еткен. Африкада қызмет етудің ерекшелігі қандай? “Ыңғайлы болатын баспана табу қиын болды. Біз айлар бойы электр жарығы мен су құбыры жоқ үйде тұрдық”,— дейді Кэти. Ал Эрик былай деп қосты: “Көрші үйде түннің бір уағына дейін музыканың даусы қатты шығып тұратын. Осындайда шыдамды болып, бейімделуге дайын болуың қажет”. Алайда екеуі де бірауыздан мынаны айтты: “Ізгі хабарды ешқашан естімеген осындай аумақта қызмет етуден келетін қуаныш кез келген қиындықтан асып түседі”.

Жастары 60-қа таяған Мишель мен Мари-Аньес деген ерлі-зайыпты бес жыл бұрын Франциядан Бенинге көшіп барған еді. Бастапқыда олар бұл жайлы біраз уайымдады. Мишель былай дейді: “Кейбіреулер біздің көшуімізді мынадай мысалмен салыстырды: арқанның үстімен жүріп келе жатқан адам бір дөңгелекті қол арбаны итеріп келеді, ал біз — сол арбада отырған адамдармыз. Арқанмен жүрушінің Ехоба екенін білмегенде, арбаға отыру қорқынышты болар еді. Бірақ біз Ехоба үшін және Ехобамен бірге көштік”.

ӨЗІҢДІ ҚАЛАЙ ДАЙЫНДАЙ АЛАСЫҢ?

Қызмет аясын кеңейткендер өз тәжірибелерімен бөлісіп, дайындық үшін келесі қадамдарды жасаудың аса маңызды екенін айтады: Алдын ала жоспарлау. Бейімделе білу. Қаражатты жоспарланған мөлшерінен артық жұмсамау. Ехобаға арқа сүйеу (Лұқа 14:28—30).

Жоғарыда аталып кеткен Себастьен былай дейді: “Көшпес бұрын Жоанна екеуміз екі жыл бойы ақша жинадық. Бұл үшін біз көңіл көтеруге кететін шығындарды қысқарттық және аса қажеті жоқ нәрселерді сатып алмадық”. Шетелде әрі қарай да қызмет ету үшін олар жыл сайын Еуропаға бірнеше айға жұмыс істеуге барып тұрады. Осының арқасында олар қалған уақытта Бенинде ізашар болып қызмет ете алады.

Мари-Тереза

Мари-Тереза — қызмет аясын кеңейтіп, Батыс Африкаға көшіп барған 20-ға жуық салтбасты қыз бауырластардың бірі. Ол Францияда автобус жүргізушісі болып істейтін. 2006 жылы ол жұмыстан бір жылға уақытша кетіп, Нигерде ізашар болып қызмет етеді. Ол көп ұзамай сол жерде қызмет етудің өзіне қатты ұнайтынын түсінді. Мари-Тереза былай дейді: “Францияға қайтып оралған соң, бастығыммен сөйлесіп, жұмыс кестемді өзгерткім келетінін айттым. Ол бұған қарсы болмады. Қазір мен мамырдан тамызға дейін Францияда автобус жүргізушісі болып жұмыс істеймін, ал қыркүйек пен сәуір аралығында Нигерде ізашар болып қызмет етемін”.

Сафира

“Құдай патшалығын... бірінші орынға қоятындар” Ехобаның оларға қажетті нәрселерінің “бәрін қосып беретініне” сенімді бола алады (Мат. 6:33). Мысалы, Бенинде ізашар болып қызмет ететін, жасы 30-ға таяп қалған Сафира есімді франциялық қыз бауырласпен болған оқиғаны алайық. Африкадағы қызметін келесі алтыншы жылы да жалғастыруға жететіндей ақша табу үшін ол 2011 жылы Францияға қайтып келеді. Сафира былай дейді: “Сол жұма күні менің жұмыстағы соңғы күнім болатын. Бірақ келесі жылға жетерліктей ақша табу үшін маған тағы 10 күн жұмыс істеу қажет еді. Ал Бенинге кетуіме әлі екі апта бар еді. Мен дұғамда Ехобаға осы жағдайды түгел айттым. Содан көп ұзамай оған жұмысқа орналастыру жөніндегі агенттіктен хабарласып, біреудің орнына екі апта жұмыс істеуді ұсынды”. Дүйсенбі күні Сафира жұмыс орнына барып, өзі алмастыратын жұмысшыдан не істеу керектігіне үйренді. Ол былай дейді: “Сол жұмысшының бауырлас екенін және оның Ізашарлық қызмет мектебіне бару үшін он күнге сұранғанын білгенімде, қатты таңғалдым. Бастығы оған орнына біреу табылмайынша жұмыстан жібермейтінін айтыпты. Сонда ол тура мен сияқты Ехобадан көмек сұрап жалбарынған екен”.

НАҒЫЗ ҚАНАҒАТ ӘКЕЛЕТІН ІС

Кейбір бауырластар Батыс Африкада көп жылдан бері қызмет етеді, тіпті сол жерде тұрақтап қалғандары да бар. Кейбіреулер бірнеше жыл қызмет етіп, кейін өз елдеріне қайтқан. Кезінде шетелде жылдар бойы қызмет еткен бауырластар әліге дейін сол қызметтерінің пайдасын көруде. Олар нағыз қанағаттың Ехобаға қызмет етуден келетініне көз жеткізді.

^ абзац 6 Бениндегі филиал француз тілі кең таралған осы төрт мемлекеттегі уағыз ісіне бақылау жүргізеді.