Кениядағы екі ізашар ер бауырлас уағыздап жүріп, бір үйге кіргенде төсек тартып жатқан кішкентай денелі адамды көреді. Бұл адамның кеуде жағы өте кішкентай, ал қолдары қысқа еді. Ізашарлар “Ақсақ адам енді бұғыдай секіреді” деген Құдайдың уәдесін айтқанда, бұл жарымжанның жүзіне күлкі үйіріледі (Ишая 35:6).

Онесмес есімді бұл кісі аяқталмаған остеогенезбен, яғни сүйек сынғыш ауруымен туылған. Оның сүйектерінің өте нәзік те сынғыш болғаны соншалық — аз ғана салмақ түсірілсе, сүйектері сынып қалатын. Ауруының емі жоқ болғандықтан, Онесмес өмірінің соңына дейін аурудан көз ашпай, мүгедектер арбасына таңылып өтемін деп ойлаған екен.

Онесмес Киелі кітапты зерттеуге келіседі. Алайда анасы оның қауым кездесулеріне баруына қарсы болады, өйткені онда барғаны денсаулығына зақым келтіріп, одан бетер ауырып қалуына түрткі болады деп ойлады. Сондықтан бауырластар кездесулерде айтылғандарды үнтаспаға жазып алатын, ал Онесмес оны үйінде тыңдайтын. Киелі кітапты бес ай зерттеген соң, ол денсаулығына қауіпті болуы мүмкін екеніне қарамастан, кездесулерге баруды шешеді.

Онесместің қауым кездесулеріне барғаны ауруына ауру қосты ма? Жоқ, керісінше. “Жаныма үнемі батып тұратын ауруым кездесулер кезінде басылғандай болатын”,— дейді Онесмес. Ол жаңадан ие болған үміті өзін жақсы сезінуіне көмектесті деп есептеді. Ал анасы баласының көңіл-күйінің жақсарғанын байқап, қуанышты болғаны сонша — ол да Киелі кітапты зерттеуді бастайды. Ол былай дейді: “Құдайға қызмет ету баламның дертіне шипа болды!”

Көп ұзамай Онесмес шомылдыру рәсімінен өтпеген жариялаушы болып, кейінірек шомылдыру рәсімінен өтеді. Қазір болса ол қызмет көмекшісінің міндетін атқарады. Жүре алмайтынына және бір қолымен жұмыс істей алмайтынына қарамастан, Онесмес Ехобаға қолынан келгенше қызмет етуге ықыласты болады. Ол қосалқы ізашар болып қызмет еткісі келеді, бірақ өтініш жазуға тартыншақтайды. Неге? Басқа біреу оның мүгедектер арбасын итеріп жүру керек болғандықтан, ол бауырластарға ауыртпалық саламын деп ойлайды. Осы уайымын бауырластарға айтқанда, олар оған қолдау көрсетуге дайын екендеріне сендіреді. Сөйтіп, бауырластардың көмегінің арқасында Онесмес қосалқы ізашар болып қызмет етеді.

Онесмес жалпы ізашар болуды қалаған кезде де, сол бір уайымы оған маза бермейді. Алайда бір күні ол күнделікті жазба орнын оқи отырып, Забур 33:9-дағы “Жаратқанның ізгілігіне көз жеткізіңдер” деген сөздерден жігер алады. Осы тармақ жайлы ой жүгіртіп, ол жалпы ізашар болып қызмет етуді шешеді. Қазір Онесмес аптасына төрт күн қызметке шығады және онымен Киелі кітапты зерттеп жүрген бірнеше адам рухани қадамдар жасауда. 2010 жылы ол Ізашарлық қызмет мектебінде білім алады. Үйіне алғаш рет келген бауырластың бірі сол мектепте оның оқытушысы болғанына Онесмес қатты қуанады.

Бүгінде Онесместің жасы қырыққа таяп қалды. Оның ата-анасы қайтыс болды, бірақ қауымдағы бауырластар оның күнделікті қажеттіліктерін қамтамасыз етуге көмектесуде. Көріп жатқан баталары үшін Онесместің ризашылығы шексіз және ол бірде-бір жан мен “ауырып жатырмын” демейтін кезді асыға күтуде (Ишая 33:24 ЖД).