“Әке,.. ұлың сені даңқтау үшін, өзің де ұлыңды даңқтай көр” (ЖОХ. 17:1).

1, 2. Б. з. 33 жылы Құтқарылу мейрамын тойлағаннан кейін, Иса өзінің адал елшілері үшін не істеді?

БІЗДІҢ ЗАМАНЫМЫЗДЫҢ 33 жылының 14 нисаны. Әбден кеш батқан кез. Иса шәкірттерімен бірге Құтқарылу мейрамын тойлап болған еді. Бұл мейрам олардың ата-бабаларының Мысыр құлдығынан қалай азат етілгенін тағы да естеріне салды. Алайда Исаның адал шәкірттері бұдан да зор “мәңгілік азатқа” жетпек еді. Көп ұзамай олардың Жетекшілері жауларының қолынан қаза болу керек-тін. Бірақ бұл сорақы әрекеттің арты батаға ұласпақ еді. Исаның төгілген қаны адамзатты күнә мен өлімнің құлдығынан азат ету керек болды (Евр. 9:12—14).

2 Сүйіспеншілікпен жасалған осы шараны ұмытып кетпеуіміз үшін Иса Құтқарылу мейрамының орнына жыл сайын атап өтілуі қажет жаңа мейрамды енгізді. Ол ашытқысыз пісірілген нанды үзді де, 11 адал елшісінің әрқайсысына беріп жатып: “Бұл сендер үшін ұсынылатын денемді білдіреді. Мені еске алу үшін, осылай істеп тұрыңдар”,— деді. Сондай-ақ қызыл шарап құйылған тостағанды алып: “Мына тостаған сендер үшін төгілетін қаныма негізделген жаңа келісімді білдіреді”,— деді (Лұқа 22:19, 20).

3. а) Исаның өлімінен кейін қандай үлкен өзгеріс орын алды? ә) Жоханның 17-тарауында жазылған Исаның дұғасына қатысты қандай сұрақтарды қарастырғанымыз жөн?

3 Көп ұзамай Құдай мен исраилдіктердің арасында жасалған Заң келісімі күшін жойып, оның орнына Ехоба мен Исаның майланған ізбасарларының арасындағы жаңа келісім өз күшіне енбек еді. Иса рухани Исраилдің жағдайын ойлап, қатты уайымдады. Не себепті? Өйткені исраилдіктер діни және әлеуметтік жағынан жікке бөлініп, Ехобаның киелі есімін қатты қорлаған еді (Жох. 7:45—49; Ел. іс. 23:6—9). Ал Иса шәкірттерінің әрдайым бірлікте болып, осылайша Құдайдың есімін  даңқтағандарын қалады. Бұл үшін Иса не істеді? Ол дұға етті әрі оның бұл дұғасы бұрын-соңды айтылған дұғалардың ішіндегі ең кереметі болды (Жох. 17:1—26; мақаланың басындағы суретті қара). Қазір өткенге ойша оралып, “Құдай Исаның дұғасына жауап берді ме?” деген сұрақтың жауабын іздеп көрейік. Сондай-ақ “Исаның осы дұғасына сай әрекет етіп жүрмін бе?” деп, өз-өзімізді тексерейік.

ИСА ҮШІН НЕ НӘРСЕ БАСТЫ ОРЫНДА БОЛДЫ?

4, 5. а) Иса дұғасын қалай бастағанынан не нәрсеге үйренеміз? ә) Ехоба Исаның жеке өтінішіне қалай жауап берді?

4 Иса түннің бір уағына дейін шәкірттеріне тәлім берді. Сосын көкке қарап, былай деп дұға ете бастады: “Әке, уақыт келді. Ұлың сені даңқтау үшін, өзің де ұлыңды даңқтай көр: сен оған күллі адамдардың үстінен билік бердің ғой, ол да өзіне тапсырғандарыңның бәріне мәңгілік өмір берсін... Маған тапсырған ісіңді аяқтап, жер бетінде сені даңқтадым. Енді, Әке, дүние жаратылмай тұрып қасыңда болғанымда бөленген даңққа мені қайтадан бөлей көр” (Жох. 17:1—5).

5 Иса дұғасын қалай бастағанына назар аударшы. Ол ең алдымен көктегі Әкесінің мадақталуын қалаған әрі бұл оның үлгілі дұғасындағы “Әке, сенің есімің киелі тұтылсын!” деген алғашқы өтінішінен көрінеді (Лұқа 11:2). Сосын ол шәкірттеріне мәңгілік өмір бергісі келетінін айтып, олар үшін қам жейтінін көрсетті. Осыдан кейін Иса Әкесіне жеке өтініш білдіріп: “Әке, дүние жаратылмай тұрып қасыңда болғанымда бөленген даңққа мені қайтадан бөлей көр”,— деді. Ехоба адал Ұлына өзі сұрағаннан да көп нәрсе сыйлады. Ол Исаға “періштелердікінен анағұрлым жоғары есімді мұраға” берді (Евр. 1:4).

“ЖАЛҒЫЗ ШЫНАЙЫ ҚҰДАЙ... ТУРАЛЫ БІЛІМ АЛА БЕР”

6. Елшілер мәңгі өмірге ие болу үшін не істеулері керек еді және олардың солай еткеніне неге күмәнданбасақ болады?

6 Иса дұғасында мәңгі өмір сыйына ие болу үшін күнәкар адамдардан не талап етілетінін де айтып кетті (Жохан 17:3 оқы). Біз Құдай мен Мәсіх жайлы “білім ала беруіміз керек”. Бұл үшін ең алдымен білім алуға бар күшімізді салуымыз қажет. Құдай жайлы білім алуға үйренгендерімізді өмірімізде қолданып, содан қуаныш алу да жатады. Елшілердің өмір сыйлайтын осындай қадамдарды жасағаны Исаның “маған айтқандарыңды соларға айттым, олар оны қабыл алды” деген сөздерінен көрінеді (Жох. 17:8). Алайда мәңгілік өмірге ие болу үшін олар әрі қарай да Құдайдың сөздері жайлы ой жүгіртіп, оларды күнделікті өмірлерінде қолдана берулері қажет еді. Елшілер өмірлерінің соңына дейін осылай етті ме? Бұған еш күмәнданбасақ болады. Өйткені олардың әрқайсысының есімі көктегі жаңа Иерусалимнің 12 іргетасына мәңгіге жазылып қойылды (Аян 21:14).

7. Құдайды “білуге” не жатады және бұлай еткеніміз неге өте маңызды?

7 Жохан 17:3-тегі “білім ала беру” деп аударылған грек сөзін “білім алуды жалғастыру” деп те аударуға болады. Бұл екі тіркес бір-бірін толықтырып тұр әрі екеуі де бір маңызды ойды береді. Бұдан шығатыны, “білім ала беру” — үздіксіз процесс және мұның нәтижесінде адам Құдай жайлы білімге ие болады. Алайда ғаламдағы ең ұлы Тұлғаны білуге оның қасиеттері мен ниетін білуден әлдеқайда көп нәрсе кіреді. Біз оны және бауырластарды қатты жақсы көруіміз қажет. Бұған қоса, онымен де, бауырластармен де тығыз қарым-қатынас дамытуымыз керек. Киелі кітапта: “Сүймейтін  адам Құдайды білмейді”,— делінген (Жох. 1-х. 4:8). Құдайды білуге оған мойынсұну да жатады (Жоханның 1-хаты 2:3—5 оқы). Ехобаны білетін адамдардың қатарында болу неткен зор мәртебе десеңші! Алайда Яһуда Исқариот сияқты Ехобамен бағалы достығымыздан айырылып қалуымыз мүмкін. Сондықтан оны сақтап қалуға бар күшімізді салуымыз қажет. Сонда ғана мәңгі өмір сыйына ие бола аламыз (Мат. 24:13).

“ӨЗ ЕСІМІҢ ҮШІН”

8, 9. Жердегі қызметі кезінде Иса ең алдымен нені көздеді және ол қандай діни дәстүрді еш мақұлдамады?

8 Исаның Жоханның 17-тарауында жазылған дұғасынан оның тек қасында болған елшілерін ғана емес, болашақ ізбасарларын да қатты жақсы көретіні анық байқалады (Жох. 17:20). Алайда Исаның басты уайымы біздің құтқарылуымыз емес екенін түсінгеніміз жөн. Жердегі қызметі кезінде ол ең алдымен Әкесінің есімін даңқтауды көздеді. Мысалы, Назареттегі мәжілісханада өзінің қандай тапсырмамен келгенін жария еткенде, Иса Ишая пайғамбардың жазбасын ашып: “Ехоба маған өз рухын қондырды, өйткені ол мені кедейлерге ізгі хабарды жариялауға тағайындады”,— деген сөздерді оқып берді. Осыны оқығанда Исаның Құдай есімін анық етіп айтқаны шүбәсіз (Лұқа 4:16—21).

9 Иса жерге келмей тұрғанда, діни жетекшілер өздерінің баяғыдан келе жатқан дәстүрлері бойынша жұртқа Құдай есімін қолданбауды насихаттайтын. Бірақ Исаның Жазбаларға негізделмеген бұл дәстүрді еш мақұлдамағаны даусыз. Ол қарсыластарына былай деді: “Әкемнің атынан келсем де, мені қабылдамайсыңдар. Ал басқа біреу өз атынан келсе, оны қабылдар едіңдер” (Жох. 5:43). Өліміне бірнеше күн қалғанда, ол өзінің ең басты уайымын айтып: “Әке, есіміңді даңқтай көр”,— деп дұға етті (Жох. 12:28). Сол себепті Исаның біз қарастырып жатқан дұғада қайта-қайта Әкесінің есімінің даңқталуын сұрағаны таңғалдырмайды.

10, 11. а) Иса Әкесінің есімін қалай ашты? ә) Исаның шәкірттері не нәрсені мақсат етулері керек?

 10 Иса дұғасында тағы былай деді: “Осы дүниеден таңдап, маған берген адамдарыңа есіміңді аштым. Олар сенікі еді, маған бердің. Олар сөзіңді ұстанып жүр. Мен осы дүниеден кетіп, саған бара жатырмын, бірақ олар осы дүниеде қалады. Киелі Әке, маған берген өз есімің үшін оларды қорғай көр. Осылай екеуміздің біртұтас екеніміздей, олар да біртұтас болсын” (Жох. 17:6, 11).

11 Иса шәкірттеріне Әкесінің есімін ашқанда, сол есімді атап қана қойған жоқ. Ол бұл есімнің артында тұрған Тұлғаның болмысын ашты, атап айтқанда, оның керемет қасиеттері мен адамзатқа қаншалықты мейіріммен қарайтынын түсіндірді (Мыс. ш. 34:5—7). Бүгінде көкте патша болып отырған Иса өзінің шәкірттеріне Ехобаның есімін бүкіл дүниежүзіне жариялауға әлі де көмектесуде. Бұл іс қандай мақсатпен атқарылып жатыр? Мұның бірден бір мақсаты — осы зұлым дүниенің ақыры келгенше көбірек шәкірт жинау. Ал сол уақыт келгенде, Ехоба адал куәгерлерін аман алып қалып, өзінің ұлы есімін күллі адамзатқа паш ететін болады (Езек. 36:23).

“ОСЫ ДҮНИЕ МЕНІ ӨЗІҢ ЖІБЕРГЕНІҢЕ СЕНСІН”

12. Өмірді құтқаратын хабарды жариялай алуымыз үшін қандай үш қадам жасауымыз қажет?

12 Иса шәкірттеріне өзі бастаған істі аяқтауды тапсырған. Ол Ехобаға: “Мені осы дүниеге жібергеніңдей, мен де оларды осы дүниеге жібердім”,— деп дұға етті. Алайда Иса бұл істі атқару үшін шәкірттеріне көмек қажет болатынын білген. Сол үшін де ол жердегі қызметі кезінде шәкірттеріне әлсіздіктерін жеңуге барынша көмектескен. Өмірді құтқаратын хабарды жариялау үшін Иса олардың қандай үш қадам жасаулары керектігін айрықша атап өтті. Біріншіден, ол шәкірттерінің осы дүниелік болмауларын сұрады. Екіншіден, олардың Құдай Сөзіндегі шындықты өмірлерінде қолдану арқылы қасиетті болуларын өтінді. Үшіншіден, өзі Әкесімен бірлікте болғанындай, шәкірттерінің де бір-бірін жақсы көріп, өзара бірлікте болғанын қайта-қайта сұрады. Әрқайсысымыз “Исаның осы үш өтінішіне сай өмір сүріп жүрмін бе?” деп, өз-өзімізді тексеріп отырғанымыз маңызды. Иса шәкірттерінің аталмыш үш қадамды жасауының арқасында көп адамның ізгі хабарды қабыл алатынына сенімділік білдірген (Жохан 17:15—21 оқы).

Бірінші ғасырдағы мәсіхшілер киелі рухтың өздеріне әсер етуіне жол беріп, бірлікті сақтауға тырысқан (13-абзацты қара)

13. Ехобаның Исаның дұғасына жауап бергені бірінші ғасырда қалай көрінді?

13 Ехоба Исаның дұғасына қалай жауап берді? Бұл жайында төрт Ізгі хабардан кейін келетін Елшілердің істерінен оқимыз. Бірінші ғасырдағы мәсіхшілердің арасында яһудилер мен басқа ұлт өкілдері, байлар мен кедейлер, құлдар мен қожайындар да болған. Сондықтан да олардың жікке бөлініп кетуі әбден мүмкін еді. Алайда олардың ауызбірлікті сақтай алғандары соншалық, Пауыл оларды басы Иса болып табылатын бір дененің мүшелеріне теңеген (Ефес. 4:15, 16). Шайтанның жікке бөлінген дүниесінде мұндай бірліктің болуы нағыз керемет емес пе?! Бұл Ехобаның құдіреті зор киелі рухының арқасында ғана мүмкін болды (Қор. 1-х. 3:5—7).

Дүниенің төрт бұрышындағы Ехобаның халқының арасында бірлік орнаған (14-абзацты қара)

14. Ехобаның Исаның дұғасына жауап бергені біздің күнімізде қалай көрінеді?

14 Бір өкініштісі, елшілер дүниеден өткеннен кейін, мәсіхшілердің ауызбірлігі бұзыла бастады. Алдын ала айтылғандай, жолдан таюшылық белең алды. Қауымның ішінен жалған ілімді тарататындар шығып, түрлі секталар  құрды (Ел. іс. 20:29, 30). Алайда 1919 жылы Иса майланған ізбасарларын жалған діннің құрсауынан босатып, оларды “толықтай біріктірді” (Қол. 3:14). Олардың бүкіл дүниежүзіне жариялаған уағыз ісі қандай нәтиже әкелді? “Әрбір ұлттан, рудан, халықтан, тілден шыққан” жеті миллионнан аса басқа қойлар Құдайдың майланғандарымен бір отарға бірікті (Жох. 10:16; Аян 7:9). Исаның “мені өзің жібергеніңді және мені қалай сүйсең, оларды да солай сүйетініңді осы дүние білсін” деген дұғасына Ехобаның осындай керемет жолмен жауап бергені қандай тамаша! (Жох. 17:23).

ЖАНҒА ЖАЙ БЕРЕТІН ҚОРЫТЫНДЫ

15. Иса майланған шәкірттері үшін не деп дұға етті?

15 Нисанның 14-і күні дұға етердің алдында Иса көкте өзімен бірге билік етуге қатысты елшілерімен келісім жасасып, оларды даңқ пен құрметке бөлеген еді (Лұқа 22:28—30; Жох. 17:22). Сондықтан ол барлық болашақ майланған ізбасарлары үшін былай деп дұға етті: “Әке, маған берген адамдарың мен болатын жерде болып, маған берген ұлылығыңды көрсе екен деймін. Өйткені сен мені дүниенің негізі қаланбай тұрып сүйдің” (Жох. 17:24). Исаның басқа қойлары майланған бауырластарына қызғанышпен қарамайды, қайта, солар үшін қуанады. Бұл барлық шынайы мәсіхшілердің арасында бірлік бар екенін анық көрсетеді емес пе?

16, 17. а) Дұғасының соңында Иса не нәрсеге бел буғанын айтты? ә) Біз не істеуге бел бууымыз қажет?

16 Бүгінде адамдардың басым көпшілігі дінбасыларының ықпалына беріліп, Құдайға бірлікте ғибадат ететін әрі оны шынымен білетін халық бар екенін мойындағысы келмейді. Исаның күндерінде де дәл осылай болған. Сондықтан ол дұғасын жанға жай беретін мынадай сөздермен аяқтады: “Әділетті Әке, осы дүние сені білмейді, ал мен білемін. Бұлар да мені өзің жібергеніңді біледі. Сен мені қалай сүйсең, бұлар да өзгелерді солай сүю үшін әрі олармен бірлікте болуым үшін, оларға есіміңді аштым және аша беремін” (Жох. 17:25, 26).

17 Исаның өз дұғасына сай әрекет еткеніне кім күмән келтіре алады? Қауымның басы ретінде ол бізге Ехобаның есімі мен ниетін жұртқа паш етуге әлі күнге дейін көмектесіп келеді. Ал біз оның уағыздау мен шәкірт дайындауға қатысты тапсырмасын құлшыныспен орындау арқылы басшылығына әрі қарай да мойынсұна берейік (Мат. 28:19, 20; Ел. іс. 10:42). Сонымен қатар бірлігімізді сақтауға барынша тырысайық. Осылай етуімізбен Исаның дұғасына сай әрекет ететінімізді көрсетіп, Ехобаның есімін мадақтаймыз әрі баянды да бақытты өмірге қол жеткіземіз!