Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

Ехоба куәгерлері

Тілді таңдау қазақ

Олар дайындық рухын танытты. Филиппин

Олар дайындық рухын танытты. Филиппин

ҚАЗІР 40 жастағы Григорио мен Марилу есімді ерлі-зайыпты шамамен он жыл бұрын Манила қаласында ізашарлық қызметті атқарып, толық уақытты жұмыстарын да істеп жүрді. Бұлай ету қиын болса да, олар екі істі қатар алып жүрді. Кейінірек Марилу жұмысында жоғарылатылып, банктің меңгерушісі болды. “Табысы жоғары жұмысымыздың арқасында біз жайлы өмір сүрдік”,— дейді Марилу. Қаржы жағынан табысты болғандықтан, олар Маниланың шығысынан 19 шақырым жердегі өте жақсы аймақта армандаған үйлерін салуды шешеді. Содан олар бір құрылыс компаниясымен шарт жасасып, үйдің құрылысы үшін он жыл бойы айма-ай ақша төлеп отыруға келіседі.

“ЕХОБАНЫ ТОНАП ЖАТҚАНДАЙ СЕЗІНДІМ”

Марилу былай деп есіне алады: “Жаңа жұмысым көп күш пен уақытты талап ететін. Ал бұл менің рухани істерге деген құлшынысымды бәсеңдетті. Мен Ехобаны тонап жатқандай сезіндім. Өйткені оған қызмет етуге арнаймын деген уақытымды енді оған бере алмайтын болдым”. Бұлай болып жатқанына көңілдері түскен Григорио мен Марилу бір күні отырып, уақыттарын не нәрсеге жұмсап  жүргендері жайлы сөйлеседі. Григорио былай дейді: “Біз өмірімізде өзгеріс жасағымыз келді, бірақ нақты не істеу керектігін білмеген едік. Балаларымыз болмағандықтан, Ехобаға көбірек қызмет ету үшін не істей алатынымыз жайлы сөйлестік. Сөйтіп, Ехобаға дұға етіп, басшылық беруін сұрадық”.

Сол уақыттары олар жариялаушылар жетіспейтін аймақтарда қызмет ету жайлы бірнеше баяндама естіді. “Бұл баяндамалар Ехобаның дұғаларымызға берген жауабы екенін сездік”,— дейді Григорио. Бұл ерлі-зайыпты дұрыс шешімді батылдықпен қабылдау үшін көбірек сенім сұрап, дұға етті. Оларға кедергі еткен ең үлкен қиындық — соғылып жатқан үйлері еді. Өйткені олар құрылыс компаниясына үш жылдың қаржысын төлеп қойған болатын. Григорио мен Марилу не істеді? Марилу былай дейді: “Келісімшартты бұзсақ, сол уақытқа дейін төлеп келген қомақты соманы жоғалтар едік. Бұл мәселеде қабылдайтын шешіміміз бірінші орынға Ехобаның еркін қоямыз ба, әлде өзіміздің қалауымызды ма — соны көрсетеді деп қарастырдық”. Елші Пауылдың “Мәсіх үшін бәрінен айырылдым” деген сөздерін ойда тұтқан бұл ерлі-зайыпты үйлерінің құрылыс жұмысын тоқтатты және жұмыстарынан шығып, дүние-мүліктерінің көбісін сатып, Маниланың оңтүстігінен 480 шақырымдай жердегі Палаван аралындағы бір шалғай ауылға көшіп кетті (Філіп. 3:8).

ОЛАР “ҚҰПИЯНЫ БІЛІП АЛДЫ”

Григорио мен Марилу көшіп кетпей тұрып, өздерін қарапайым өмір сүруге дайындамақ болады. Бірақ өмірлерінің қаншалықты қарапайым болатынын сол аралға көшіп келгенде ғана білді. “Төбемнен жай түскендей болды,— дейді Марилу.— Аралда электр қуаты да, өмірді жайлы ететін басқа да нәрселер болған жоқ. Күрішті арнайы пісіргіште емес, отын жарып пісіретін болдық. Мен дүкен аралауды, кафеде тамақ ішуді және қалалық өмір ұсынатын басқа да істерді сағындым”. Десе де бұл ерлі-зайыпты сол жерге не үшін көшіп келгендерін есте ұстап, көп ұзамай жаңа ортаға бейімделе алды. Марилу былай дейді: “Мен әсем табиғат пен жұлдызды аспанды тамашалаудан қуаныш табамын. Ал адамдарға уағыздағанда олардың жайнаған жүздерін көру — мен үшін зор бақыт. Мұнда қызмет ету арқылы біз қанағат етудің “құпиясын біліп алдық” (Філіп. 4:12).

“Рухани өсімді көру бізді зор қуанышқа бөлейді. Қазір өміріміз анағұрлым мағыналы бола түсті”. Григорио мен Марилу

Ал Григорио былай дейді: “Біз көшіп келгенде мұнда төрт Куәгер ғана болатын. Мен апта сайын көпшілікке арналған баяндама айтып, Патшалық әндерін гитарамен сүйемелдегенде олар қатты қуанып қалатын”. Бір жылдың ішінде-ақ бұл ерлі-зайыпты кішкентай ғана топтың 24 жариялаушысы бар өсіп жатқан қауымға айналғанын көрді. “Қауымның танытқан сүйіспеншілігі бізге қатты әсер етті”,— дейді Григорио. Бұл ерлі-зайыпты шалғай аймақта алты жылдан аса уақыт қызмет еткендері жайлы ойлап, былай дейді: “Рухани  өсімді көру бізді зор қуанышқа бөлейді. Қазір өміріміз анағұрлым мағыналы бола түсті”.

“МЕН ЕХОБАНЫҢ ІЗГІЛІГІНЕ КӨЗ ЖЕТКІЗДІМ!”

Филиппинде 3000-ға жуық бауырласымыз Патшалықтың жариялаушылары жетіспейтін аймақтарға көшіп барды. Олардың ішіндегі 500-ге жуығы тұрмыс құрмаған әйел бауырластар. Мысалы, Каренді алайық.

Сол жақтағы суретте: Карен

Жасы 20-дан асқан Карен Кагаяндағы Баго қаласында туып-өскен. Ол жасөспірім шағында-ақ қызмет аясын кеңейту туралы жиі ойлайтын. Ол былай дейді: “Уақыттың аз қалғанын және әртүрлі адамдардың Патшалық туралы хабарды естулері керек екенін білгендіктен, жариялаушылар жетіспейтін аймаққа көшіп барғым келетін”. Кареннің отбасы мүшелерінің кейбірі оны уағыздау үшін шалғай аймаққа көшіп баруға емес, жоғары оқу орнына түсуге талпындыратын. Десе де ол Ехобадан басшылық сұрап, дұға етті. Сондай-ақ қажеттілік бар жерде қызмет ететін бауырластармен сөйлесті. Сөйтіп, ол 18 жасында үйінен 64 шақырымдай жерде орналасқан шалғай аймаққа көшіп барды.

Карен Тынық мұхиттың жағалауына жақын жатқан таулы өлкеде уағыздайтын кішігірім қауымға қолдау көрсетуге барды. Ол былай дейді: “Багодан жаңа қауымға жету үшін біз тауларға шығып-түсіп және 30-дан аса рет өзендерден өтіп, үш күн бойы жол жүрдік”. Карен тағы былай деп қосты: “Кейбір Киелі кітапты зерттеушілерге жету үшін мен алты сағат бойы жаяу жүріп, зерттеушілердің бірінің үйінде түнеп шығамын. Ал келесі күні үйге жету үшін тағы да алты сағат жаяу жүріп барамын”. Кареннің осыншама күш салғаны нәтиже әкелді ме? “Әрине, кейде менің аяғым ауырады,— дейді Карен жүзіне күлкі үйіріліп.— Бірақ қазір 18 адаммен Киелі кітапты зерттеймін. Мен Ехобаның ізгілігіне көз жеткіздім!” (Заб. 33:9).

“ЕХОБАҒА АРҚА СҮЙЕУДІ ҮЙРЕНДІМ”

Оң жақтағы суретте: Сукхи

Құрама Штаттарда тұратын жасы 40-тан асқан Сукхи есімді салтбасты әйел бауырласты Филиппинге көшіп баруға не талпындырды? 2011 жылы аудандық конгресте болғанда, ол бір ерлі-зайыптының сұхбатын тыңдайды. Бұл ерлі-зайыптылар дүние-мүліктерінің көбісін сатып, уағыздау ісіне қолғабыс ету үшін Мексикаға көшіп барғандары жайлы айтып береді. “Сол сұхбат,— дейді Сукхи,— мені бұрын мақсат етпеген жайттар туралы ойлануға талпындырды”. Өзі үнділік болған Сукхи Филиппиндегі панджабиліктерге уағыздайтын жариялаушылардың қажет екенін біліп, сол жерге баруды шешеді. Ол қиындықтарға кезікті ме?

“Заттарымның қайсысын сатып, қайсысын қалдыру керектігін шешу мен ойлағаннан да қиын болып шықты,— дейді Сукхи.— Оның үстіне, мен барлық жағдайы жасалған өз пәтерімде 13 жыл бойы тұрдым, ал сол жерге көшіп барғанда отбасыммен бірге үйді жалға алып тұрдық. Әрине, бұлай  ету оңай болған жоқ, бірақ осының арқасында мен қарапайым өмір сүруді үйрендім”. Филиппинге көшіп барғанда Сукхи үшін әсіресе не қиын болды? “Мен құрт-құмырсқа мен шыбын-шіркей атаулыдан қорқатынмын және үйімді сағынатынмын. Бірақ Ехобаға көбірек арқа сүйеуді үйрендім!”— дейді Сукхи. Ол қандай батаға кенелді? Сукхи күлімдеп, былай дейді: “Ехоба бізге “Мені сынап көріңдер, сонда сендерді жарылқауым ағыл-тегіл болады” дейді. Қызығушылық білдірген адам маған “Қашан қайтып келесің? Менің көп сұрақтарым бар” дегенде, Ехобаның сол сөздерінің мәнін толықтай түсіндім. Рухани аш адамдарға көмектесе алатыным маған зор қуаныш пен қанағат сыйлайды!” (Малх. 3:10). Ол тағы да былай деп қосты: “Шынымды айтсам, көшу жайлы шешім қабылдау — мен үшін қиынның қиыны болды. Бірақ көшкеннен кейін Ехоба менің қажеттіліктерімді керемет түрде қамтамасыз етті”.

“МЕН ҚОРҚЫНЫШТЫ ЖЕҢДІМ”

Жасы 40-қа таяп қалған Симэй есімді үйленген ер бауырлас Филипиннен көшіп кетіп, Таяу шығыстағы бір елде табысы жоғары жұмыс істейді. Сонда болғанда аудандық бақылаушымен әңгімелескені және Басқарушы кеңес мүшесінің баяндамасын тыңдағаны Симэйді Ехобаның еркін бірінші орынға қоюға талпындырды. “Бірақ жұмысымды тастау туралы ойдың өзінен мазам қашатын”,— дейді Симэй. Десе де ол жұмысынан шығып, Филиппинге оралады. Бүгінде Симэй әйелі Хайдимен бірге елдің оңтүстігіндегі жариялаушылар жетіспейтін Давао дел Сур деген үлкен аймақта қызмет етуде. “Артқа қарап,— дейді Симэй,— жұмысымнан айырылып қаламын деген қорқынышты жеңгеніме және Ехобаның еркін бірінші орынға қойғаныма қатты қуанамын. Ехобаға өзіңде бардың ең жақсысын беру еш нәрсемен салыстыруға келмейтін қанағат сыйлайды!”

Сол жақтағы суретте: Симэй мен Хайди

“БҰЛ БІЗДІ ЗОР ҚАНАҒАТҚА БӨЛЕЙДІ”

Жастары 30-дан енді асқан Рамилио мен Джулиет есімді ерлі-зайыпты өздері тұрып жатқан жерден 30 шақырымдай жерде қажеттіліктің бар екенін естіп, қолдау көрсеткісі келеді. Содан олар апта сайын күннің ыстық-суығына қарамастан, қауым кездесулері мен уағыз ісіне қатысу үшін сол жерге мотоциклдерімен жол жүреді. Ойлы-қырлы жолмен жүру және аспалы көпірлерден өту қиын болғанмен, олар қызмет аясын кеңейткендері үшін қуанышты. Рамилио былай дейді: “Әйелім екеуіміз 11 Киелі кітап зерттеу сабағын өткіземіз! Әрине, қажеттілік бар жерге көшіп бару құрбандықтарға баруды талап етеді, бірақ бұл бізді зор қанағатқа бөлейді!” (Қор. 1-х. 15:58).

Оң жақтағы суретте: Джулиет пен Рамилио

Өз еліңде не шетелде қажеттілік бар жерде қызмет ету жайлы көбірек білгің келе ме? Олай болса, бұл жайлы аудандық бақылаушыңмен сөйлесіп, “Біздің патшалық қызметіміздің” 2011 жылдың тамыз айындағы санының “Македонияға” көшіп бара аласың ба?” деген мақаласынан оқысаң болады.