Иса жер бетінде өмір сүрген ең ұлы Ұстаз екенімен келісетін шығарсың? Бәлкім, сен оның сұрақтар мен мысалдарды қолдану сияқты тәлім беру тәсілдеріне еліктеген боларсың? Алайда тәлім бергенде Исаның жиі қарама-қарсы қойып салыстыру әдісін қолданғанына назар аударғансың ба?

Көп адам сөйлегенде қандай да бір нәрсені қарама-қарсы қою арқылы салыстырып жатады. Бұлай ететіндерін олардың өздері де байқамауы мүмкін. Мысалы, адамдар жиі былай дейді: “Олар жемістердің бәрі піскен деген еді, бірақ мына біреуі әлі де қатты ғой” не “Ол бала кезінде ұяң еді, ал қазір ашық мінезді болып кетіпті”.

Мұндай жағдайларда адам алдымен қандай да бір ойды айтады да, қарама-қарсы қойып салыстыру үшін бірақ, алайда, емес, ал, қайта деген сияқты сөздерді қолданады. Сосын қосымша мәлімет келтіреді. Бұл тәсілді қолданып сөйлеу кәдімгі нәрсе және бұл өзгелерге ойды тура түсінуге көмектеседі.

Мұндай салыстыру кей мәдениет пен тілдерде жиі қолданылмаса да, оның қаншалықты пайдалы екенін түсінгеніміз жақсы. Неге? Өйткені мұндай тәсіл Құдай Сөзінде көптеп кездеседі. Иса жиі қарама-қарсы қойып салыстыру әдісін қолданған. Олардың кейбірі мыналар: “Шам жаққан адам оны ыдыспен бүркеп қоймайды, қайта, шамдалға қояды”, “Мен оларды [Мұса заңын] жоққа шығару үшін емес, қайта, орындау үшін келдім”, “Сендер “Неке адалдығын бұзба!” дегенді естігенсіңдер. Ал мен сендерге былай деймін: кімде-кім бір әйелге құмарта қарап тұра берсе, өз жүрегінде сол әйелмен неке адалдығын бұзғаны”, “Сендер “Көзге — көз, тіске — тіс” дегенді естігенсіңдер. Ал мен сендерге былай деймін: зұлым адамға қарсыласпа. Біреу оң жағыңнан салып жіберсе, оған сол жағыңды да тос” (Мат. 5:15, 17, 27, 28, 38, 39).

Мұндай салыстырулар Киелі кітаптың басқа да кітаптарында кездеседі. Олар бізге ойды түсінуге не белгілі бір істің басқасына қарағанда жақсырақ екенін көруге көмектеседі. Егер сен ата-ана болсаң, мына салыстыру жайлы ойланып көр: “Сендер, әкелер, балаларыңды ызаландырмаңдар, керісінше, Ехоба айтқандай тәрбиелеп, оның ақыл-кеңесін беріп өсіріңдер” (Ефес. 6:4). Елші Пауыл әкеге (не анаға) балаларына Құдайдың тәрбиесін беру керектігін айтып қана қойған жоқ. Ол “ызаландырмаңдар, керісінше, Ехобаның ақыл-кеңесін беріңдер” деп салыстыру арқылы бұл ойды анағұрлым түсініктірек етті.

Кейінірек сол тарауда Пауыл былай жазған: “Өйткені біз адам баласына қарсы емес,.. көктегі зұлым рухтарға қарсы күресудеміз” (Ефес. 6:12). Бұл салыстыру жүргізіп жатқан соғысымыздың қаншалықты қиын екенін түсінуге көмектеседі емес пе?! Шынында да, біз адамдарға қарсы емес, қайта, зұлым рухтарға қарсы күресудеміз.

 ҚАРАМА-ҚАРСЫ ҚОЙЫП САЛЫСТЫРУДЫҢ ПАЙДАСЫ

Ефестіктерге арналған хатта Пауылдың салыстыру тәсілін қолданған жазба орындарын көптеп кездестіруге болады. Олар жайлы ойланғанымыз Пауылдың жазғандарын түсінуге және қалай әрекет етуіміз керектігін ұғынуға көмектеседі.

Ефестіктерге 4 және 5-інші тарауларда Пауылдың салыстыру тәсілін қолданған жазба орындарының кестесін қарастыруды қызықты да пайдалы деп табатын шығарсың. Әрбір салыстыруды оқығанда, оларды өзіңе қатыстырып, былай деп сұрап көр: “Шын мәнінде, менің көзқарасым қандай? Осы не осыған ұқсас жағдайларда мен қалай әрекет етемін? Өзгелер бұл жазба орындарының қай бөлігін маған қатыстырар еді?” Егер қандай да бір жазба орны саған өз болмысыңның өзгерту керек жақтарын көруге көмектессе, онда мұны іске асыр. Қарама-қарсы қойып салыстыру әдісі саған өзгерістер жасауға көмектессін.

Сондай-ақ бұл кестені отбасылық ғибадат кезінде қолдансаң болады. Алдымен, отбасы мүшелерінің әрқайсысы кестедегі жазба орындарын мұқият оқып шықсын. Сосын отбасы мүшелерінің біреуі салыстырулардың бірінші жартысын айтсын. Бұл өзгелерге оның екінші жартысында жазылған басты ойды еске түсіруге мүмкіндік береді. Мұндай тәсіл отбасы мүшелерінің бәріне жазба орнының екінші жартысын қалай жақсырақ қолдануға болатынын қызықты етіп талқылауға көмектеседі. Иә, салыстыруларды осындай жолмен қарастыру жастарға да, үлкендерге де өмірдің барлық саласында мәсіхшілік жүріс-тұрысты ұстануға көмектеседі.

Салыстырулардың екінші жартысын еске түсіре аласың ба?

Бұл тәсілдің қаншалықты пайдалы екенін түсінген сайын, оларды Киелі кітаптан көбірек байқайтын боласың. Сондай-ақ бұл тәсілді қызметте қолданудың тиімді екенін көре аласың. Мысалы, үй иесіне былай дерсің: “Көбісі адамның жаны өлмейді дегенге сенеді. Алайда Құдай Сөзінде бұған қатысты былай делінген екен”. Ал Киелі кітапты зерттеу сабағында зерттеушіден былай деп сұрасаң болады: “Көп адам тозаққа сенеді, бірақ Киелі кітапта бұған қатысты не делінген екен? Ал сен қайсысына сенесің?”

Иә, Жазбаларда бізге тәлім болатын әрі Құдай жолында жүруге көмектесетін салыстыру тәсілі қолданылған жазба орындары аз емес. Біз де өз кезегінде оларды адамдарға Киелі кітаптағы шындықты білуге көмектесу үшін қолдана аламыз.