Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

Ехоба куәгерлері

Тілді таңдау қазақ

Жеке шешімдерді ақылмен қабылда

Жеке шешімдерді ақылмен қабылда

“Өз ақыл-санаңа сүйеніп жүрме, Сенім арт шын жүректен Жаратқан Иеңе” (НАҚ. С. 3:5).

“ҚАЙТСЕМ ЕКЕН? Не істесем екен?” Біз күн сайын шешім қабылдағанда, өзімізге осындай сұрақтар қойып жатамыз. Ал сен қалай шешім қабылдайсың? Кейбір адамдар бәрін өздері шешкенді ұнатады. Олар өздерін құқылы санағандықтан, басқалар олар үшін шешім қабылдауы мүмкін деген ойдың өзінен шошиды. Ал кейбіреулер күрделі мәселелерге қатысты шешім қабылдауға қорқады. Басқа біреулер болса өздеріне қажет кеңес алу үшін әртүрлі кеңесшілер мен кітаптарға жүгініп, тіпті сол үшін қыруар ақша жұмсап жатады.

1, 2. Сен шешім қабылдағанды ұнатасың ба және кейбір шешімдерің жайлы не ойлайсың?

2 Әрине, көбіміз осы тектес адамдар сияқты бір шектен екінші шекке шықпайтын шығармыз. Кейбір мәселелер біздің құзырымызда болмағандықтан, оларға қатысты ештеңе істей алмайтынымызды түсінеміз. Десе де өмірдің көп саласында өз қалауымызша шешім қабылдай алатынымызға қуаныштымыз (Ғал. 6:5). Алайда қабылдаған шешімдеріміздің бәрі бірдей дұрыс бола бермейтінімен де келісерміз.

3. Бізде шешім қабылдауға көмектесетін қандай басшылық бар, алайда қандай қиындық туындауы мүмкін?

3 Ехобаның қызметшілері ретінде біз оның көптеген маңызды жайттарға қатысты нақты нұсқаулар бергеніне дән ризамыз. Осы нұсқауларға құлақ ассақ, Ехобаға ұнамды әрі өзіміз үшін пайдалы шешімдер қабылдаймыз. Алайда біз Құдай Сөзінде нақты айтылмаған мәселелер мен жағдайларға кезігуіміз мүмкін. Мұндайда не істегеніміз жөн? Мысалы, біз ұрлық жасауға болмайтынын білеміз (Ефес. 4:28). Алайда ұрлық жасауға нақты не жатады? Оны анықтау үшін алынған заттың құнын, адамның ниетін не басқа да жайттарды ескеру керек пе? Нақты нұсқаулар болмаған кезде, не нәрсеге жүгінгеніміз дұрыс?

 ЕСТІЛІКПЕН ШЕШІМ ҚАБЫЛДА

4. Дұрыс шешім қабылдауға не көмектеседі?

4 Маңызды шешім қабылдағанда есті болудың қаншалықты маңызды екенімен бәріміз келісетін шығармыз. Киелі кітапта асығыстық жасаған адамның ақыры қандай болатыны айтылған. Онда: “Тым асыққан тапшылыққа ұшырар”,— делінген (Нақ. с. 21:5). Ендеше есті болуға не жатады? Бұл тек бізді мазалаған мәселе жайлы жан-жақты ойланып, ақылға қонымды шешім қабылдауды ғана білдіре ме? Әрине, дұрыс шешім қабылдау үшін осылай еткеніміз дұрыс. Алайда есті болуға бұдан да көп нәрсе кіреді (Рим. 12:3; Пет. 1-х. 4:7).

5. Неге біз естілікті толық дәрежеде таныта алмаймыз?

5 Ешбір адам естілікті толық дәрежеде таныта алмайды. Бәріміз күнәкар болып туылғандықтан, біздің санамыз да, тәніміз де кемелсіз (Заб. 50:7; Рим. 3:23). Оған қоса, бір кездері көбіміз Шайтан саналарын соқыр қылып қойған адамдардың арасында болып, Ехобаны және оның әділ нормаларын елемедік (Қор. 2-х. 4:4; Тит. 3:3). Сондықтан ойланып-толғанып қабылдаған шешімдеріміз өзімізге қаншалықты дұрыс әрі ақылға қонымды болып көрінсе де, қателескен болуымыз әбден мүмкін (Нақ. с. 14:12).

6. Есті болуды қалай үйрене аламыз?

6 Біздің санамыз бен тәніміз кемелсіз болғанмен, көктегі Әкеміз Ехоба барлық жағынан кемелді (Заң. қ. 32:4). Ол бізге ой қалпымызды өзгертіп, есті болуды үйренуіміз үшін барлық жағдай жасады (Тімөтеге 2-хат 1:7 оқы). Мәсіхші болғандықтан біз естілікпен ойланып, тұжырым жасап, соған сай әрекет етуіміз керек. Басқаша айтқанда, ойымыз бен сезімдерімізді жіті қадағалап, Ехобаның ой қалпына, сезімдері мен әрекеттеріне еліктеуіміз қажет.

7, 8. Қиындықтар мен қысымға қарамастан, естілікпен шешім қабылдауға болатыны қандай оқиғадан көрінеді?

7 Бір мысал қарастырайық. Кең тараған дәстүр бойынша, басқа елге аттанған кейбір иммигранттар балалы болған кезде, нәрестені елдерінде қалған туыстарының қолына береді. Осының арқасында олардың алаңдамай жұмыс істеуге мүмкіндіктері болады *. Осындай иммигранттардың бірі ретінде басқа елге көшіп барған бір әйел сүйкімді ұл баланы дүниеге әкеледі. Сол уақытта ол Куәгерлермен Киелі кітап зерттеу сабағын өтіп, рухани өсе бастайды. Достары мен туыстары күйеуі екеуіне қысым көрсетіп, баланы ата-әжесіне апарып тастауға көндірмек болады. Алайда бұл әйел Киелі кітапты зерттеудің арқасында Құдай алдында баланың тәрбиесі үшін жауапты екенін түсінеді (Заб. 126:3; Ефес. 6:4). Енді ол не істейді? Көп адамға ақылға қонымды болып көрінетін әдетті ұстана ма? Әлде өзгелердің сынап-мінеуі мен ақшадан қысылуы мүмкін екеніне қарамай, Киелі кітаптан білгендерін қолдана ма? Оның орнында болсаң, сен не істер едің?

8 Жан-жақтан қысым көріп, қиналған бұл жас ана Ехобаға көңіліндегісін ақтарып, одан басшылық беруін сұрайды. Ол өзімен зерттеу сабағын өтіп жүрген бауырласпен және қауымдағы басқа да бауырластармен сөйлескенде, Ехобаның бұл мәселеге қатысты көзқарасын түсіне бастайды. Сондай-ақ нәресте кезінде ата-анасынан ажыраған баланың эмоциялық жағынан қиындық көруі мүмкін екенін де ойлайды. Жазбалардағы осы жағдайға қатысты кеңестерді қарастырған соң, әйел баланы туысқандарының қолына бермеуді шешеді. Күйеуі қауымдағы  бауырластардың жабылып көмектесіп жүргенін және баланың да дені сау болып, жақсы өсіп келе жатқанын көргенде, зерттеу сабағын бастауға келіседі әрі әйелімен бірге қауым кездесулеріне бара бастайды.

9, 10. Есті болу деген не және есті болу үшін не істеуіміз керек?

9 Осы бір ғана оқиғадан көретініміз, естілікпен шешім қабылдау деген өзімізге я өзгелерге дұрыс әрі оңай болып көрінген нәрсені істеуді білдірмейді. Біздің кемелсіз санамыз бен жүрегіміз бірде қалып, бірде озып кететін сағат сияқты болып кетуі мүмкін. Мұндай сағатқа сенім артсаң, үлкен қиындыққа тап болуың ғажап емес (Ерм. 17:9). Сондықтан санамыз бен жүрегімізді Құдайдың сенімді басшылығы арқылы тексеріп отырғанымыз маңызды (Ишая 55:8, 9 оқы).

10 Киелі кітапта мынадай жақсы кеңес жазылған: “Өз ақыл-санаңа сүйеніп жүрме, Сенім арт шын жүректен Жаратқан Иеңе. Бар жағдайда да мойында Тәңір Иеңді, Сонда Ол тура жолмен жетелер сені” (Нақ. с. 3:5, 6). “Өз ақыл-санаңа сүйеніп жүрме” деген сөздерге назар аударшы. Содан кейін “мойында Тәңір Иеңді” деп жазылған. Тек Ехоба ғана естілікті кемелді түрде таныта алады. Сондықтан шешім қабылдау керек болғанда, Киелі кітапқа жүгініп, Құдайдың көзқарасын біліп алғанымыз жөн. Сосын соған сай шешім қабылдағанымыз дұрыс. Демек, есті болу деген Ехобаның көзқарасын танытуды білдіреді.

ТҮЙСІНУ ҚАБІЛЕТІҢДІ МАШЫҚТАНДЫР

11. Ақылмен шешім қабылдауды қалай үйрене аламыз?

11 Ақылмен шешім қабылдауды үйреніп, соған сай әрекет ету әрдайым оңай бола бермейді. Шындыққа жаңадан келгендерге не енді рухани толысып келе жатқандарға бұлай ету әсіресе қиын болуы мүмкін. Алайда рухани өсу — олардың қолынан келмейтін нәрсе емес. Мұндай адамдар жүруді енді ғана үйреніп жатқан сәби сияқты болғандықтан, Киелі кітапта олар “балаға” теңеледі. Сәби жүріп кету үшін кішкентай қадамдар жасап, қайта-қайта жүруге тырысады. Ақылмен  шешім қабылдауды үйреніп жүрген рухани балалар да дәл солай етеді. Есіңде болар, елші Пауыл рухани толысқан адам деп “түйсіну қабілетін қолдану арқылы машықтандырып, жаман мен жақсыны ажырата алатын” адамды айтқан. “Қолдану” және “машықтандыру” деген сөздер үнемі күш салып отыру керектігін білдіреді. Жаңадан келгендер дәл осылай етулері қажет (Еврейлерге 5:13, 14 оқы).

Күнделікті шешімдерді ақылмен қабылдау арқылы түйсіну қабілетімізді машықтандырамыз (11-абзацты қара)

12. Дұрыс шешім қабылдауды қалай үйрене алатынымызды мысалмен түсіндір.

12 Мақаланың басында айтылып кеткендей, бізге күн сайын үлкенді-кішілі шешімдер қабылдауға тура келеді. Бір зерттеуге сай, біз істеріміздің 40 пайызын әдетіміз бойынша ойланбай істейміз. Мысалы, күн сайын таңертең не киетінімізді шешеміз. Бәлкім, мұны маңызсыз деп санап, киім таңдауға аса бас қатырмайтын шығармыз. Әсіресе асыққанда жиі осылай етеміз. Бірақ таңдаған киіміміз Ехобаның қызметшісі екенімізді көрсете ме, жоқ па — сол жайлы ойланғанымыз абзал (Қор. 2-х. 6:3, 4). Киім сатып аларда оның сәні мен брендіне назар аударатын шығарсың. Алайда оның қарапайымдылығы мен бағасы жайлы не деуге болады? Осындай мәселелерде дұрыс шешім қабылдағанымыз түйсіну қабілетімізді машықтандырып, үлкен мәселелерде дұрыс шешім қабылдай алуымызға көмектеседі (Лұқа 16:10; Қор. 1-х. 10:31).

ДҰРЫС НӘРСЕНІ ІСТЕУГЕ БЕЛ БУ

13. Қабылдаған шешімімізді ұстануға не көмектеседі?

13 Бәріміз де дұрыс шешім қабылдау бір бөлек, ал оны ұстану бір бөлек екенімен келісетін шығармыз. Мысалы, кейбіреулер темекі шегуді қойғысы келгенмен, ерік-жігердің жоқтығынан осы әдеттерін тастай алмай жүреді. Бұл үшін олар қабылдаған шешімдерін ұстануға бел буулары керек. Кейбіреулер ерік-жігерді бұлшық етпен салыстырады. Адам бұлшық етін жаттықтырған сайын, ол нығая түседі. Ал аз қимылдаса, бұлшық еті әлсірей бастайды. Олай болса, шешімімізге сай әрекет ету үшін ерік-жігерімізді нығайтуға не көмектеседі? Бұл орайда Ехобаның көмегі зор болмақ (Філіпіліктерге 2:13 оқы).

14. Пауыл дұрыс нәрсені істеуге күш-қуатты қайдан алды?

14 Дұрыс нәрсені істеу оңай емес екенін Пауыл өз тәжірибесінен білген. Бірде ол: “Жақсылық жасауды қалауын қалаймын, бірақ оны істей алмаймын”,— деп қынжылған еді. Ол нені істегісі келетінін я нені істеуі керектігін түсінсе де, кейде соны жүзеге асыруға оған бір нәрсе кедергі жасайтын. Пауыл осыны мойындап былай деген: “Іштей Құдай заңына қуанамын, алайда бойымда басқа бір заңның бар екенін байқаймын: ол ой-санамдағы заңға қарсы күресіп, мені күнә заңының тұтқыны етеді”. Бірақ оның еш амалы болмады дей аламыз ба? Әлбетте, жоқ! Пауыл: “Иеміз Иса Мәсіх арқылы мені құтқарып алатын Құдайға рақмет!”— деген (Рим. 7:18, 22—25). Сондай-ақ ол: “Маған күш-қуат берушінің арқасында бәрін де істей аламын”,— деп айтқан (Філіп. 4:13).

15. Неге дұрыс нәрсені істеуге бел буғанымыз маңызды?

15 Құдайға жағу үшін сенімділікпен әрекет етуіміз керектігі шүбәсіз. Ілияс пайғамбар Кармил тауында Бағалға қызмет ететіндер мен жолдан тайған исраилдіктерге былай деген: “Қашанға дейін екі ойлы болып толқып жүре бермексіңдер? Егер Жаратқан Ие Құдай болса, онда Оның жолымен жүріңдер! Ал егер Бағал Құдай болса, соның жолымен жүріңдер!” (Пат. 3-ж. 18:21). Исраилдіктер не істеулері керектігін  білсе де, “екі ойлы” болып жүрді. Ал Ешуа болса мүлдем ондай емес еді. Ол бірнеше жыл бұрын Исраил халқына былай деген: “Егер Жаратқан Иеге қызмет етуді қаламасаңдар... кімге қызмет ететіндеріңді таңдап алыңдар. Ал менің өзім және отбасым — біз Жаратқан Иеге қызмет ететін боламыз” (Ешуа 24:15). Оның сенімділікпен әрекет еткені қандай нәтиже әкелді? Ешуа және онымен бірге болғандар “ағы мен балы ағыл-тегіл” Уәде етілген жерге кірді (Ешуа 5:6).

ДҰРЫС ШЕШІМ ҚАБЫЛДАП, БАТАҒА КЕНЕЛ

16, 17. Ехобаның еркіне сай шешім қабылдаудың қандай пайдасы бар?

16 Бір болған оқиғаны қарастырайық. Жақында шомылдыру рәсімінен өткен бір бауырластың әйелі мен үш кішкентай баласы бар. Бір күні оның әріптесі басқа бір компанияға бірге жұмысқа тұруды ұсынады. Ол жұмыстың жалақысы да, сыйақысы да көбірек еді. Бауырласымыз осы жайлы ойланып, дұға етеді. Оның қазіргі жұмысының жалақысы көп емес еді. Алайда ол демалыс күндері отбасымен бірге қауымға және уағызға бара алу үшін осы жұмысқа тұрған болатын. Ол біраз ойланып, жаңа жұмысқа тұрса, қандай да бір уақыт аралығында мұндай мүмкіндігі болмайтынын түсінеді. Оның орнында сен не істер едің?

17 Бауырласымыз ақырында әлгі жұмыстан бас тартуды шешеді. Ол кейін осындай шешім қабылдағаны үшін өкінді ме? Ешқандай да. Ол жоғары жалақы алғаннан гөрі рухани істерден қол үзбеу әлдеқайда маңызды екенін білетін. Он жасар үлкен қызы ата-анасын, бауырластарды және Ехобаны қатты жақсы көретінін айтқанда, әйелі екеуінің қуаныштан төбелері көкке жетеді. Сондай-ақ қыздары өмірін Ехобаға бағыштап, шомылдыру рәсімінен өткісі келетінін де айтады. Ехобаға деген қызметті өмірінде бірінші орынға қойған әкесінің керемет үлгісі оған қатты әсер еткені шүбәсіз.

Дұрыс шешім қабылдап, Құдай халқымен бірге қуанышқа кенел (18-абзацты қара)

18. Күн сайын ақылмен шешім қабылдау неліктен маңызды?

18 Мұсадан жолы үлкен Иса Мәсіх Ехобаның шынайы қызметшілерін Шайтан билеген дүниенің “ен даласымен” ондаған жыл бойы жетелеп келеді. Ешуадан да жолы үлкен Иса жуырда осы зұлым дүниені жойып, өзінің ізбасарларын уәде етілген жерге, әділдік орнайтын жаңа дүниеге, алып кірмек (Пет. 2-х. 3:13). Сондықтан да қазір бұрынғы ой қалпымызға, әдеттерімізге, құндылықтарымыз бен мақсаттарымызға қайта оралатын кез емес. Қазір Құдайдың бізге қатысты еркі қандай екенін жақсырақ ұғатын уақыт (Рим. 12:2; Қор. 2-х. 13:5). Күн сайын қабылдаған шешімдеріңнен және жасаған таңдауларыңнан Құдайдың мәңгі баталарына лайық адам екенің көрініп тұрсын (Еврейлерге 10:38, 39 оқы).

^ абзац 7 Ата-әжелер немерелерін достары мен туыстарына көрсетіп мақтану үшін де оны қолдарына алғысы келуі мүмкін.