“Жүріс-тұрыстарың қасиетті, ал іс-әрекеттерің Құдайға шын берілген адамдарға тән болу керек” (ПЕТ. 2-Х. 3:11).

1, 2. Құдайдың ықыласына ие болу үшін қандай адам болуымыз керек?

“БАСҚАЛАР мен жайлы не ойлайды екен?” деп уайымдау — кәдімгі нәрсе. Алайда мәсіхшілер ретінде бізді Ехобаның көзқарасы көбірек мазалау керек емес пе? Ол — әлемдегі ең ұлы Тұлға әрі “өмірдің қайнары” ғой (Заб. 35:10).

2 Елші Петір Ехобаның көзінде қандай адам болуымыз керектігіне назар аударған. Ол “жүріс-тұрысымыз қасиетті, ал іс-әрекетіміз Құдайға шын берілген адамдарға тән болу” керектігін айтты (Петірдің 2-хаты 3:11 оқы). Құдайдың ықыласына ие болу үшін “жүріс-тұрысымыз қасиетті” болу керек. Бұл дегеніміз моральдық, ақыл-ой және рухани жағынан таза болуымыз керек дегенді білдіреді. Сондай-ақ “іс-әрекетіміз Құдайға шын берілген адамға тән” болу қажет. Бұған Құдайды терең құрметтегеніміз әрі оған адал болғанымыз талпындырады. Демек, Ехобаның ықыласына ие болу үшін жүріс-тұрысымызға ғана емес, жүрегімізде қандай адам екенімізге де мән беруіміз қажет. Ехоба “адам жүрегін тексереді”, сондықтан ол жүріс-тұрысымыз қасиетті әрі өзіне қалтқысыз берілген адамбыз ба, жоқ па — соны көре алады (Шеж. 1-ж. 29:17).

3. Құдаймен қарым-қатынасымызға қатысты қандай сұрақтарды қарастырамыз?

3 Біздің жауымыз Шайтан Құдай алдында жақсатқа ие болғанымызды қаламайды. Ехобамен қарым-қатынасымызды бұзу үшін ол қолынан келгеннің бәрін істейді. Ол өтірік пен қулыққа жүгіну арқылы бізді өзінің торына түсіріп, Құдайдан алыстатуға тырысады (Жох. 8:44; Қор. 2-х. 11:13—15). Шайтан адамдарды қалай алдайды? Ехобамен қарым-қатынасымызды қалай сақтай аламыз?

ШАЙТАН АДАМДАРДЫ ҚАЛАЙ АЛДАЙДЫ?

4. Құдаймен қарым-қатынасымызды құрту үшін Шайтан нені нысанаға алады және неге?

4 Шәкірт Жақып былай деп жазған: “Әрбір  адам өз құмарлығына елігіп, торға түскендіктен сыналады. Ал құмарлық дамып жетілгенде, күнә тудырады. Күнә болса, ақырында, өлімге ұшыратады” (Жақ. 1:14, 15). Құдаймен достығымызды бұзу үшін Шайтан барлық қалауларымыздың бастауы — жүрегімізді нысанаға алады.

5, 6. а) Шайтан жүрегімізге қандай қаруларды бағыттайды? ә) Шайтан жүрек қалауларымызды бүлдіру үшін қандай айла-амалдарды қолданады және ол қаншалықты тәжірибелі?

5 Шайтан жүрегімізге қандай қаруларды бағыттайды? Киелі кітапта: “Бүкіл дүние Шайтанның билігінде”,— делінген (Жох. 1-х. 5:19). Шайтан осы дүниедегі нәрселерді өзінің қаруы ретінде қолданады (Жоханның 1-хаты 2:15, 16 оқы). Мыңдаған жыл бойы Шайтан айналамыздағы нәрселерді жақсылап ойластырған. Біз осы дүниеде өмір сүргендіктен, оның айла-амалдарынан сақ болуымыз қажет (Жох. 17:15).

6 Шайтан жүрек қалауларымызды бүлдіру үшін неше түрлі айла-амалдарды қолданады. Елші Жохан солардың үшеуін айтып өткен: 1) “тән құмарлығы”, 2) “көздің қалауы” және 3) “дүние-мүлікке мақтану”. Шайтан осыларды Исаны шөл далада азғырған кезде қолданған. Осы айлаларға жылдар бойы әбден машықтанып алған Шайтан бұларды әрбір адамның қалауына қарай бейімдеп, асқан шеберлікпен пайдаланады. Өзімізді қорғау үшін не істей алатынымызды сөз етпес бұрын, Шайтанның кейбір айлаларының Хауаның жағдайында қалай іске асқанын, ал Исаның жағдайында қалай сәтсіздікке ұшырағанын қарастырайық.

“ТӘН ҚҰМАРЛЫҒЫ”

Хауа “тән құмарлығына” беріліп, құрдымға кетті (7-абзацты қара)

7. Шайтан Хауаны азғыру үшін “тән құмарлығын” қалай қолданды?

7 Ехоба жерді молынан өнім беретіндей етіп жаратқан. Тамақтану — адам баласының табиғи қажеттілігі. Адам азықсыз өмір сүре алмайды. Құдайдың еркін орындауға кедергі ету үшін Шайтан біздің осы бір табиғи қалауымызды пайдалануы мүмкін. Оның бұл айланы Хауаның жағдайында қалай қолданғанын қарастырайық (Жаратылыс 3:1—6 оқы). Шайтан Хауаға “жақсылық пен жамандықты танытатын ағаштың” жемісін жесе, өлмейтінін, қайта, соны жеген күні Құдай сияқты болатынын айтты (Жар. 2:9). Мұнысымен ол өмір сүру үшін Құдайға мойынсұнудың қажеті жоқ дегенге меңзеді. Бірақ бұл қып-қызыл өтірік еді! Бұл ой Хауаның санасына ұялаған соң, ол келесі екі жолдың бірін таңдау керек болды: бұл ойдан бас тарту не сол жайлы қайта-қайта ойлап, жемісті жеуге деген қалауды арттыру. Бақтағы басқа кез келген ағаштың жемісін жей алатынына қарамастан, Хауа Шайтанның бақтың ортасындағы ағашқа қатысты айтқандары жайлы ойлануды таңдап, ақырында  сол “ағаштың жемісінен алып жеді”. Осылайша Шайтан Хауаның жүрегінде Жаратушы тыйым салған нәрсені алуға деген қалауды оятты.

Иса еш нәрсенің мақсатынан ауытқытып жіберуіне жол бермеді (8-абзацты қара)

8. Шайтан Исаны азғыру үшін “тән құмарлығын” қалай қолданды және бұл неге іске аспай қалды?

8 Шайтан Исаны шөл далада азғырған кезде де дәл осы әдісті қолданған. Иса 40 күн, 40 түн бойы ораза тұтқаннан кейін, Шайтан оның тамақ жеуге деген қалауын қолдануға тырысты. Шайтан оған: “Егер Құдайдың ұлы болсаң, мына тас нанға айналсын деп бұйыр”,— деді (Лұқа 4:1—3). Иса екі нәрсенің бірін таңдау керек еді: тамақ жеуге деген қажеттілігін қанағаттандыру үшін керемет жасау не одан бас тарту. Иса Құдай дарытқан бұл қабілетті өз мақсатында қолданбау керектігін білетін. Ол аш болса да, тамақ жеуге деген қалауын Құдаймен қарым-қатынасынан жоғары қоймады. Иса оған: “Адам нанмен ғана емес, Ехобаның аузынан шыққан әрбір сөзімен де өмір сүруі тиіс” делінген ғой”,— деп жауап берді (Мат. 4:4).

“КӨЗДІҢ ҚАЛАУЫ”

9. “Көздің қалауы” дегенді қалай түсінеміз және Шайтан Хауаны алдау үшін мұны қалай қолданды?

9 Жохан “көздің қалауы” да біз үшін тұзақ болатынын айтып кеткен. Адам бір нәрсеге жай қарағаннан-ақ соны қалай бастауы мүмкін. Көздің қалауын ояту үшін Шайтан Хауаға: “Көздерің ашылады”,— деген. Хауа тыйым салынған жеміске қараған сайын, жеміс те ол үшін “көз тартарлық әдемі” бола түсті.

10. Исаны азғырғанда Шайтан “көздің қалауын” қалай қолданды және Иса не деп жауап берді?

10 Ал Исаның жағдайында қалай болды? Шайтан “әп-сәтте жержүзінің барлық патшалықтарын [Исаға] көрсетіп, былай деді: “Осылардың бүкіл билігі мен сән-салтанатын саған беремін” (Лұқа 4:5, 6). Әрине, Иса жержүзінің барлық патшалығын әп-сәтте көре алмас еді. Шайтан оған сол патшалықтардың сән-салтанатын көрініс ретінде көрсетіп, осылайша оның көз қалауын оятпақ болды. Шайтан еш ұялмастан оған: “Маған бір рет табынсаң, бәрі сенікі болады”,— деді (Лұқа 4:7). Иса Шайтанның айтқанын орындағысы келмегені шүбәсіз. Ол бірден: “Ехоба Құдайыңа ғибадат етіп, тек соған ғана қасиетті қызмет атқар!” деп жазылған ғой”,— деп жауап берді (Лұқа 4:8).

“ДҮНИЕ-МҮЛІККЕ МАҚТАНУ”

11. Шайтан Хауаны қалай алдады?

11 Осы дүниедегі нәрселер жайлы айтқанда, Жохан “дүние-мүлікке мақтануды” да атап кеткен болатын. О баста жер бетінде Адам мен Хауадан басқа ешкім болмаған. Сондықтан олар өзгелердің алдында “дүние-мүліктеріне мақтана алмас” еді. Бірақ  олар өздерін менмен адамдар ретінде танытты. Шайтан Хауаға сөйлегенде, Құдай одан бір керемет нәрсені жасырып тұр дегенге меңзеді. Шайтан оған жемісті жеген күні ненің жақсы, ненің жаман екенін біліп, Құдай сияқты болатынын айтты (Жар. 2:17; 3:5). Осы сөздерімен ол Ехобадан тәуелсіз өмір сүруге болады дегенге нұсқады. Мұндай өтірікке сенуге Хауаның менмендігі түрткі болған көрінеді. Содан ол өлмеймін деп ойлап, жемістен алып жеді. Неткен қателік!

12. Шайтан Исаны тағы қалай сынады және Иса оған қалай жауап берді?

12 Иса Хауа сияқты болмай, кішіпейілділік танытты. Неткен керемет үлгі! Шайтан Исаны басқа да жолмен азғыруға тырысты. Бірақ оған таңдай қақтырарлық көрініс көрсетіп, Құдайды сынау жайлы тіпті ой да келмеді. Бұл нағыз менмен адамның әрекеті болар еді! Иса оған: “Құдайың Ехобаны сынаушы болма!” деп те айтылған ғой”,— деп кесіп айтты (Лұқа 4:9—12 оқы).

ЕХОБАМЕН ҚАРЫМ-ҚАТЫНАСЫМЫЗДЫ ҚАЛАЙ САҚТАЙ АЛАМЫЗ?

13, 14. Бүгінде Шайтан қандай айла-амалдарды қолданады?

13 Шайтан кезінде Хауа мен Исаны азғыру үшін қолданған айлаларын бүгінде де қолданады. Ол “тән құмарлығын” қолданып, адамдарды азғындыққа және шектен тыс ішіп-жеуге итермелейді. Сондай-ақ ол порнография арқылы, әсіресе интернеттегі порнография арқылы, бейқам адамдардың назарын жаулап, “көздің қалауын” өршітуге тырысады. Ал менмен, “мал-мүлікке мақтануға” бейім адамдар үшін материализм, билік пен атақ-даңқ нағыз тұзақ болады.

Мына жағдайларда Киелі кітаптағы қандай принциптер ойыңа келеді? (13, 14-абзацтарды қара)

14 Осы дүниедегі нәрселер балықшының қармаққа ілетін жемтігі сияқты. Жемтік тартымды болып көрінгенмен, оның ілмекке ілінгенін ұмытпайық. Шайтан күнделікті өмірдің қажеттілігі деп саналатын нәрселерді қолданып, адамдарды Құдай заңына қайшы келетін істерді істеуге талпындырады. Алайда мұндай жасырын азғырулардың қалауларымызға әсер етіп, жүрегімізді бүлдіруге бағытталғанын есте ұстайық. Шайтан бізді қажеттілігімізді қамтамасыз етіп, жағдайымызды жасау Құдай еркін орындаудан маңыздырақ дегенге сендіргісі келеді. Ал біз бұған алданып қалмаймыз ба?

15. Қалай Исаға еліктеп, Шайтанның азғыруларына қарсы тұра аламыз?

15 Хауа Шайтанның азғыруына беріліп  қалды, ал Иса оған қарсы тұрды. Әр жағдайда ол Жазбаларға жүгініп, “деп жазылған ғой”, “делінген ғой” деп жауап берген. Киелі кітапты тыңғылықты зерттесек, Жазбаларды жақсы білетін боламыз. Соның арқасында азғыруға кезіккенде, есті де парасатты болып қалуға көмектесетін тармақтарды ойымызға түсіре алатын боламыз (Заб. 1:1, 2). Сондай-ақ Құдайдың ежелдегі адал қызметшілерінің үлгілерін есте ұстағанымыз солар сияқты адал болып қалуға көмектеседі (Рим. 15:4). Ехобаны терең қастерлегеніміз және ол жақсы көретін нәрсені жақсы көріп, ол жек көретінді жек көргеніміз біз үшін қорғаныш болады (Заб. 96:10).

16, 17. “Ақыл-ойымызды іске қосқанымыз” қандай адам болатынымызға қалай әсер етеді?

16 Елші Пауыл бізге “ақыл-ойымызды іске қосып”, осы дүниенің емес, Құдайдың ой-қалпын қалыптастыруға кеңес берді (Рим. 12:1, 2). Ол не жайлы ойланатынымызды мұқият қадағалауымыз керектігіне айрықша мән беріп, былай деген: “Біз Құдай туралы білімге қайшы ой-пікірлер мен кез келген бөгетті талқандаймыз, сондай-ақ әрбір ойды жеңіп, Мәсіхке бағындырамыз” (Қор. 2-х. 10:5). Біздің ойларымыз қандай адам болатынымызға қатты әсер етеді, сондықтан Құдайға ұнамды нәрселер жайлы “үнемі ойланғанымыз” маңызды (Філіп. 4:8).

17 Жаман ойлар мен қалаулардың санамызға енуіне жол берсек, қасиетті болып қаламыз деп күтпеуіміз қажет. Біз Ехобаны “пәк жүрекпен” жақсы көруіміз керек (Тім. 1-х. 1:5). Алайда адамның жүрегі алдамшы, сондықтан осы дүниедегі нәрселердің бізге қатты әсер етіп жатқанын байқамай да қалуымыз мүмкін (Ерм. 17:9). Сол себепті Пауылдың келесі кеңесіне құлақ асқанымыз маңызды: “Сенім жолындасыңдар ма, жоқ па — соны тексеріп тұрыңдар, әрі кім екендеріңді дәлелдеу үшін өздеріңді үнемі тексеріп отырыңдар”. Ендеше, Киелі кітапты зерттей отырып, “Менің ойларым мен қалауларым Ехобаға ұнамды ма?” деп ойланғанымыз жөн (Қор. 2-х. 13:5).

18, 19. Ехоба біздің қандай адам болғанымызды қаласа, сондай адам болуға неге барынша күш салуымыз қажет?

18 Жоханның киелі рухтың жетелеуімен жазған сөздерін есте ұстағанымыз да осы дүниедегі нәрселерге қарсы тұруға көмектеседі. Ол: “Осы дүние мен оның қалауы өтеді де кетеді, ал Құдайдың еркін орындаушы мәңгі өмір сүреді”,— деген (Жох. 1-х. 2:17). Шайтанның дүниесі шынайы әрі мәңгі тұра беретіндей болып көрінетін шығар. Бірақ күндердің күнінде оның ақыры келеді. Осы дүние ұсынған нәрселердің бәрі өткінші екенін есте ұстағанымыз Шайтанның тұзақтарынан сақтайды.

19 Елші Петір бізді Құдайға ұнамды адам болуға шақырған соң былай деген: “Өйткені сендер Ехобаның күнінің келгенін күтіп, оны естеріңде мықтап ұстап жүрсіңдер ғой. Сол күні аспан өртеніп балқып, аспан мен жердің құрамдас бөліктері қатты қызып еріп кетеді” (Пет. 2-х. 3:12). Бұл күн көп ұзамай келеді, сонда Ехоба Шайтанның дүниесін толығымен жояды. Сол уақыт келгенше, Шайтан Хауа мен Исаны азғырғаны сияқты бізді де азғыру үшін осы дүниедегі нәрселерді қолдана береді. Біз өз қалауын қанағаттандырғысы келген Хауа сияқты болмауымыз керек. Әйтпесе мұнымыз Шайтанды құдайымыз ретінде мойындағанмен тең болады. Қайта, Исаға еліктеп, осы дүниедегі нәрселер қанша тартымды болып көрінсе де, оларға қарсы тұруымыз қажет. Ехоба біздің қандай адам болғанымызды қаласа, сондай адам болуға әрбіріміз барынша күш салайық.