Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

Ехоба куәгерлері

Тілді таңдау қазақ

Еліше отты күймелерді көрді — Сен ше?

Еліше отты күймелерді көрді — Сен ше?

Сирия патшасы Құдайдың пайғамбары Елішенің ізіне түсіп, оны тұтқындамақ болады. Патша Елішенің төбеде орналасқан, қорғаны бар Дотан қаласында екенін естиді. Сөйтіп, сол қалаға өзінің атты әскері мен соғыс күймелері бар жасағын жібереді. Таң атқанда олар қаланы қоршап алады (Пат. 4-ж. 6:13, 14).

Елішенің қызметшісі ұйқыдан тұрып сыртқа шыққанда, әскер жасағын көріп қатты қорқып кетеді де: “Ойбай, мырзам, енді не істейміз?”— дейді. Бірақ Еліше оған: “Қорықпа, біздің жағымыздағылар оларға қарағанда әлдеқайда көп!”— деп жауап береді. Содан соң ол: “Уа, Жаратқан Ие, оның көзін аша гөр, көрсін!”— деп сиынады. Әрі қарай не болғанын Киелі кітап былай деп баяндайды: “Жаратқан Ие қызметшінің көзін ашқанда, ол қыраттың бойында Елішені айналдыра жиналып тұрған жалындаған отты аттар мен күймелерді көрді” (Пат. 4-ж. 6:15—17). Елішенің өмірінде болған осы және басқа оқиғалардан қандай сабақ аламыз?

Сирияның әскері қаланы қоршап алғанын білсе де, Еліше зор сабырлық танытты. Өйткені ол Ехобаға сенім артты және оның қорғай алатынын көрді. Бүгінде біз кереметтер болады деп күтпейміз, бірақ Ехобаның өз халқын топ ретінде қорғап жатқанына сенімдіміз. Бізді де, қандай да бір мағынада, отты аттар мен күймелер қоршап тұрғандай. Оларды сенім көзімен “көрсек” және әрдайым Ехобаға арқа сүйесек, біздің де “өміріміз қауіп-қатерсіз” болып, Ехобаның батасына кенелеміз (Заб. 4:9). Қазір Елішенің өмірінде орын алған басқа да оқиғалардан не нәрсеге үйрене алатынымызды қарастырайық.

ЕЛІШЕ ІЛИЯС ПАЙҒАМБАРҒА ҚЫЗМЕТ ЕТУІН БАСТАДЫ

Еліше жер жыртып жүрген кезде, Ілияс пайғамбар оған жақындап, жамылғысын оның үстіне жабады. Ол бұл әрекеттің нені білдіретінін білген еді. Сондықтан қонақасын беріп, ата-анасымен қоштасады да, Ілиясқа қызмет ету үшін үйінен кетеді (Пат. 3-ж. 19:16, 19—21). Еліше өмірін толықтай Құдайға қызмет ету үшін арнауға дайын болғандықтан, Ехобаның қолында құрал болып, Ілиястың орнына пайғамбар ретінде қызмет етеді.

 Еліше Ілиясқа шамамен алты жыл бойы қызмет етті. Сол уақыт аралығында ол Ілиястың “қолына су құйып қызмет көрсеткен” (Пат. 4-ж. 3:11). Сол кездегі адамдар асты шанышқы, пышақ сияқты құралдармен емес, қолымен жейтін. Асты жеп болған соң, қызметші қожайынының қолына су құятын. Сол себепті Елішеге тапсырылған кейбір істер болмашы не маңызсыз болып көрінуі мүмкін еді. Десе де ол Ілиясқа қызмет етуді мәртебе санайтын.

Бүгінде де көптеген мәсіхшілер әртүрлі толық уақытты қызмет атқарады. Осылай етуге оларды Ехобаға бар күштерімен қызмет етуге деген ықылас пен сенім талпындырады. Бетелдік қызмет, ғимараттарды соғу және тағы басқа қызмет түріне тағайындалған бауырластар өз үйлерінен кетіп, көпшілікке маңызсыз болып көрінетін жұмыстарды атқарады. Алайда мәсіхшілердің ешқайсысы мұндай қызметті төмен не маңызсыз деп санамауы керек, өйткені Ехоба біздің атқарып жатқан қызметімізді жоғары бағалайды (Евр. 6:10).

ЕЛІШЕ ҚЫЗМЕТІН ҚАТТЫ БАҒАЛАҒАН

Құдай “Ілиясты құйынмен көкке көтеріп әкетерінің алдында” оны Ғылғалдан Бетелге жібереді. Ілияс Елішеге өзімен бірге бармауын өтінеді, бірақ ол: “Мен сізді еш тастамаймын!”— деп жауап береді. Жолшыбай Ілияс Елішеге қалуды тағы да екі рет айтқанмен, ол алған бетінен қайтпайды (Пат. 4-ж. 2:1—6). Рут Нағимадан ажырамағанындай, Еліше де Ілиястан еш ажырамайды (Рут 1:8, 16, 17). Не себепті? Өйткені Еліше Ілиясқа қызмет етуді Құдайдың берген мәртебелі тапсырмасы ретінде бағалаған.

Біз Елішенің қалдырған керемет үлгісіне еліктеуіміз керек. Құдайдың ұйымында қызмет ету мәртебесіне ие болсақ, оны жоғары бағалауға Ехобаға қызмет етіп жатқанымызды есте ұстағанымыз көмектеседі. Ал бұдан асқан мәртебе бар ма?! (Заб. 64:5; 83:11).

“МЕНЕН ТІЛЕЙТІН НЕҢ БАР?”

Екеуі жол жүріп келе жатқанда, Ілияс Елішеге: “Мені өз қасыңнан алып кетпей тұрғанда айтшы: Менен тілейтін нең бар?”— деп сұрайды. Сүлейменнің өтінгеніндей, Еліше де Ехобаға деген қызметін жақсырақ атқаруға көмек болатын нәрсені сұрайды. Ол Ілиястан: “Өзіңіздегі Рухтан екі есе берілсе екен”,— деп өтінеді (Пат. 3-ж. 3:5, 9; Пат. 4-ж. 2:9). Мұса заңына сай, тұңғыш ұлға мұраның екі есе үлкен үлесі тиісті болған (Заң. қ. 21:15—17). Сол сияқты Еліше Ілиястың мұрагері, яғни оның орнына пайғамбар болуды сұрайды. Бұған қоса, ол “бар ынтасымен қызмет етуге” құлшынысты болған Ілияс сияқты батыл болғысы келген (Пат. 3-ж. 19:13, 14).

Ілияс қызметшісінің мұндай өтінішіне қалай қарады? Ілияс оған: “Бұл өтінішің қиын екен. Әйтсе де, егер мені өз қасыңнан әкетілген кезімде көре алатын болсаң, өтінішің орындалғаны, ал көре алмасаң, онда орындалмағаны!”— деді (Пат. 4-ж. 2:10). Ілиястың жауабы екі маңызды жайтты білдірді. Біріншісі, Еліше сұраған нәрсесіне ие бола ма, жоқ па бұны шешетін Құдай екенін, ал екіншісі, егер қалағанына ие болғысы келсе, онда Еліше алда қандай жағдай болмасын, Ілияспен бірге қалуы керектігін көрсетті.

ЕЛІШЕ НЕНІ КӨРДІ?

Елішенің Ілияс ие болған рухтан екі есе көп берілсе екен деген өтінішіне Құдай қалай қарады? Киелі кітапта былай делінген: “Солай екеуі сөйлесіп жол жүріп бара жатқанда, кенеттен жалындаған отты аттар жегілген жалындаған отты күйме пайда болып, екеуін ажыратып жіберді. Ал Ілияс сол сәтте бір құйынның ішінде көкке көтеріліп кетті. Осының бәрін [Еліше] көріп тұрды” *. Бұл Ехобаның Елішенің өтінішіне берген жауабы еді. Еліше Ілиястың көкке көтерілгенін көрді, оған берілген рухтан екі есе көп алды және оның орнын басқан пайғамбар болды (Пат. 4-ж. 2:11—14).

Еліше Ілиястың жерге түсіп қалған жамылғысын киіп алды. Бұл оның пайғамбар болғанын көрсетті. Ал кейіннен Иордан өзенін бөліп керемет жасағанда, бұл оның пайғамбар болғанының тағы бір дәлелі болды.

Ілиястың құйынмен көкке көтерілгенін көргені Елішеге қатты әсер еткенінде сөз жоқ. Иә, отты күйме мен аттарды көрген кез келген адам таңырқап қалады емес пе?! Елішенің көргендері Ехобаның оның өтінішіне оң көзбен қарағанын көрсетеді. Әрине, Құдай біздің дұғаларымызға жауап бергенде, біз отты күйме мен аттарды көрмейміз. Алайда бүгінде Ехоба өз еркін орындау үшін құдіретті күшін қолданып жатқанын біз анық көре аламыз. Ехобаның өз ұйымының жердегі бөлігіне  батасын беріп жатқаны оның көктегі күймесінің алға жылжып жатқанын “көруге” көмектеседі (Езек. 10:9—13).

Еліше Ехобаның құдіреті күшті екенін дәлелдейтін көптеген оқиғаларды басынан өткерген болатын. Құдайдың киелі рухының арқасында ол 16 керемет жасады, бұл Ілияс жасаған кереметтерден екі есе көп *. Еліше отты күйме мен аттарды осы мақаланың басында айтылып кеткендей, Сирия әскері қоршап алған Дотан қаласында екінші рет көрген еді.

ЕЛІШЕ ЕХОБАҒА АРҚА СҮЙЕГЕН

Жау әскері Дотан қаласын қоршап алған болса да, Еліше сабырлы болып қала берді. Неге? Өйткені оның Ехобаға деген мықты сенімі болған. Бізге де осындай сенім қажет. Сол себепті Құдайдың киелі рухын сұрап, дұға етейік. Сонда біз сенім мен киелі рухтың жемісін құрайтын басқа да қасиеттерді таныта алатын боламыз (Лұқа 11:13; Ғал. 5:22, 23).

Дотан қаласында болған жағдай Елішені Ехоба мен оның періштелерінен тұратын әскеріне сенім артуға одан бетер талпындырды. Еліше Құдайдың періштелерді қаланы қоршап, оны жауларынан қорғау үшін жібергенін түсінген еді. Жауларының көздерін соқыр етуімен Құдай Еліше мен оның қызметшісін керемет түрде қорғады (Пат. 4-ж. 6:17—23). Қауіп төніп тұрған кезде де, басқа жағдайларда да Еліше сенім танытып, Ехобаға толықтай арқа сүйеген.

Еліше сияқты біз де Ехоба Құдайға сенім артайық (Нақ. с. 3:5, 6). Солай ететін болсақ, Құдай бізге “рақымды болып, жарылқайды” (Заб. 66:2). Әрине, бізді тікелей мағынада отты күймелер мен аттар қоршап тұрған жоқ. Алайда жақындап қалған “зор алапат” кезінде Ехоба бізді топ ретінде қорғап қалады (Мат. 24:21; Аян 7:9, 14). Ал сол уақыт келгенше, “Құдай — біздің панамыз” екенін әрдайым жадымызда ұстайық (Заб. 61:9).

^ абзац 16 Ілияс Ехоба мен оның періштелері мекендейтін көкке көтерілген жоқ. Бұл жайлы 1997 жылғы “Күзет мұнарасының” (ор.) 15 қыркүйегіндегі санының 15-інші бетінде жазылған.

^ абзац 19 2005 жылғы “Күзет мұнарасының” (ор.) 1 тамыздағы санының 10-ыншы бетін қара.