“Сүйіспеншілікке және игі істерге талпындыру үшін, бір-бірімізге көңіл бөлейік” (ЕВР. 10:24).

1, 2. Концлагерьдегі 230 Ехоба куәгерінің бәріне “өлім шеруінен” аман қалуға не көмектесті?

ЕКІНШІ ДҮНИЕЖҮЗІЛІК СОҒЫСТЫҢ аяғында нацистік режим құлағанда, концлагерьлерде жатқан мыңдаған адамды мерт қылуға қатысты бұйрық шығарылды. Заксенхаузен концлагерінің тұтқындары теңізге дейін жаяу жүру керек еді. Сосын оларды кемелерге отырғызып, суға батыру жоспарланды. Бұл “өлім шеруі” деген атпен белгілі стратегияның бір бөлігі болатын.

2 Концлагерьдегі 33 000 тұтқын Германияның Любек деген портты қаласына дейін 250 шақырым жерді жаяу жүріп өтуге мәжбүр болды. Олардың арасында алты мемлекеттің азаматы болған 230 Ехоба куәгері бар еді. Оларға бірге жүру бұйырылды. Барлығы аштықтан және аурудан әлсіреп қалған еді. Бірақ бауырластарымыздың бәрі де шеруді аяғына дейін аман-есен жүріп өтті. Бұл қалай мүмкін болды? Солардың арасында болған бір бауырлас: “Тоқтамай жүру үшін біз бір-бірімізді жігерлендіріп отырдық”,— дейді. Иә, Құдай дарытқан “адам күшінен асқан күш” пен бауырластардың бір-біріне деген сүйіспеншілігі оларға осы ауыр жағдайдан аман өтуге көмектескен еді (Қор. 2-х. 4:7).

3. Неге біз бір-бірімізді жігерлендіруіміз қажет?

3 Әрине, бүгінде біз “өлім шеруінде” жүрген жоқпыз, десе де көп қиындыққа кезігеміз. 1914 жылы Құдай Патшалығы орнағаннан кейін, Шайтан көктен жердің аумағына лақтырылды. Ол “өз уақытының аз қалғанын білгендіктен қатты ашулы” (Аян 12:7—9, 12). Армагеддон жақындап қалғандықтан, Шайтан біздің рухани күйімізді әлсірету үшін сынақтар мен қысымды қолдануда. Бұған қоса, күнделікті уайым-қайғымыз да аз емес (Әйүп 14:1; Уағ. 2:23). Кейде қиындықтардың үсті-үстіне үйіліп,  еңсемізді басып тастайтыны соншалық — эмоциялық және рухани жағынан қанша күш жинасақ та, еңсемізді көтере алмауымыз мүмкін. Мысалы, ондаған жыл бойы көп адамға рухани көмек көрсеткен бір ер бауырласпен солай болған. Әйелі екеуінің жастары ұлғайып, денсаулықтары нашарлағандықтан, бұл бауырлас қатты жабырқайтын болды. Осы бауырлас сияқты бәріміз де Ехобадан келетін “адам күшінен асқан күшке” және өзгелердің жігерлендіруіне мұқтаж емеспіз бе?

4. Өзгелерге жігердің көзі бола алуымыз үшін елші Пауылдың қай кеңесіне құлақ асуымыз керек?

4 Өзгелерге жігердің көзі бола алуымыз үшін елші Пауылдың мына бір кеңесін жан-тәнімізбен орындауымыз керек: “Сүйіспеншілікке және игі істерге талпындыру үшін, бір-бірімізге көңіл бөлейік. Кейбіреулер сияқты жиналыстарға бармай қалуды әдетке айналдырмайық, қайта, бір-бірімізді жігерлендіре берейік. Сол күннің жақын қалғанын білгендіктен, бұларды бұрынғыдан да көбірек істейік” (Евр. 10:24, 25). Осы мәнді де мағыналы сөздерді қалай қолдануға болады?

“БІР-БІРІМІЗГЕ КӨҢІЛ БӨЛЕЙІК”

5. “Бір-біріне көңіл бөлу” деген не және бұл біздің тарапымыздан нені талап етеді?

5 “Бір-біріне көңіл бөлу” деген өзгелердің қажеттіліктері жайлы ойлану, оларды ескеру дегенді білдіреді. Қауымда бауырластармен жай амандасып қана қойсақ не әдеттегі нәрселер жайлы ғана сөйлессек, олардың қажеттіліктеріне шынымен көңіл бөлдік дей аламыз ба? Әлбетте, жоқ. Әрине, біз өзгенің ісіне араласудан аулақпыз (Сал. 1-х. 4:11; Тім. 1-х. 5:13). Алайда бауырластарды жігерлендіргіміз келсе, оларды жақыннан тани түсуіміз керек. Мысалы, олардың жағдайын, қасиеттерін, рухани күйлерін, күшті және әлсіз жақтарын біле түскеніміз жөн. Олар бізді өздерінің достарындай көріп, сүйіспеншілігімізді сезінулері қажет. Бұл үшін олармен бірге уақыт өткізгеніміз маңызды. Бауырластарымыз қиындықтарға кезігіп, ұнжырғалары түскен кездері ғана емес, басқа уақытта да оларға көңіл бөлгеніміз дұрыс (Рим. 12:13).

6. Ақсақалдар өздеріне тапсырылған отарға қалай “көңіл бөле” алады?

6 Қауым ақсақалдары “өздеріне тапсырылған Құдайдың отарын” шын көңілмен әрі бар ынта-жігермен бағуға шақырылады (Пет. 1-х. 5:1—3). Олар отарындағы қойларды жақсы білмесе, өздеріне тапсырылған бақташылық істі нәтижелі атқара ала ма? (Нақыл сөздер 27:23 оқы). Ақсақалдар бауырластармен араласуға қуанышты екендерін көрсетсе, бауырластар да қажет кезде олардан көмек сұраудан тартынбайды әрі көңілдеріндегі сезімдері мен уайымдарын ақтарып айтудан жасқанбайды. Осылайша ақсақалдар өздеріне тапсырылған қойларға “көңіл бөліп”, қажетті көмек бере алады.

7. Қиындыққа мойығандардың “ағат” сөздеріне қалай қарауымыз керек?

7 Пауыл Салоникадағы қауымға: “Әлсіздерді қолдаңдар”,— деп айтқан (Салоникалықтарға 1-хат 5:14 оқы). Әлсіздерге “жаны күйзелгендер” мен мойығандар да кіреді. Нақыл сөздер 24:10-да: “Тап болған қиындыққа мойығаның — Тым аздығы бойыңдағы қуатыңның!”— делінген. Жаны қатты күйзелген адам “ағат” сөздер айтуы мүмкін (Әйүп 6:2, 3). Мұндай бауырластарға “көңіл бөлгенде”, олардың айтқандары шын мәнінде жүректен шыққан нәрселер емес екенін есте ұстауымыз қажет. Анасы қатты жан күйзелісіне түскен Рахиль есімді бауырлас осыны өзінің басынан кешіріп, түсінген еді. Ол былай дейді: “Анам жиі көңіліме тиетін ауыр сөздер айтатын. Бірақ мен оның шын мәнінде қандай  адам екенін қайта-қайта есіме салып отырдым. Менің анам — қамқор, мейірімді, қолы ашық адам. Жан күйзелісіне түскен адамдардың шын мәнінде айтқысы келмеген нәрселерді айтатындарын түсіндім. Сондықтан оларға есесін қайтарған нағыз қателік болар еді”. Нақыл сөздер 19:11-де: “Даналығы адамға сабыр сыйлар, Қатені кешіру оған құрмет болар”,— делінген.

8. Әсіресе кімдерге “көңіл бөлуіміз” керек және неге?

8 Жасаған қателіктерін түзету үшін әрекет жасаса да, әлі күнге дейін сол үшін ұялып әрі күйініп жүрген бауырласқа қалай “көңіл бөле” аламыз? Қорынт қаласындағы кінәсіна өкінген бір бауырласқа қатысты Пауыл: “Оны мейіріммен кешіріп, жұбатқандарың дұрыс. Сондықтан оны сүйетіндеріңді көрсетуге шақырамын”,— деген (Қор. 2-х. 2:7, 8). “Ол бауырлас өзін жақсы көретінімді және қамын ойлайтынымды онсыз да біледі ғой” деп ойламауымыз керек. Біздің сүйіспеншілігіміз оған қалай қарайтынымыздан және іс-әрекетімізден көрініп тұру қажет.

“СҮЙІСПЕНШІЛІККЕ ЖӘНЕ ИГІ ІСТЕРГЕ ТАЛПЫНДЫРАЙЫҚ”

9. Бауырластарды “сүйіспеншілікке және игі істерге” қалай талпындырсақ болады?

9 Елші Пауыл бауырластарды “сүйіспеншілікке және игі істерге талпындыруға” шақырған. Мұны қалай істей аламыз? Мысалы, от өшейін деп жатса, отынды көсеумен қозғап, лаулатып жағу қажет болады (Тім. 2-х. 1:6). Дәл сол сияқты біз бауырластарға Ехоба Құдайға және өзгелерге деген сүйіспеншіліктерін көрсетуге мейіріммен қозғау сала аламыз. Оларды игі істерге талпындыру үшін орнымен мақтағанымыз маңызды.

Өзгелермен уағызға шық

10, 11. а) Мақтау сөздерді кімдер қажет етеді? ә) “Шалыс қадам жасаған” адамға мақтау сөздер қалай әсер етеді? Мысал келтір.

10 Көңіліміз жабырқаулы болса да, болмаса да, бәрімізге мақтау сөздер қажет. Бір ақсақал былай дейді: “Әкем мені ешқашан мақтамайтын. Сондықтан мен үнемі өзімді басқалардан төмен  санайтынмын. Қазір жасым 50-ге келсе де, достарымның ақсақал ретіндегі қызметімді жақсы атқарып жатқанымды айтып, мақтағандарын қатты қажет етемін әрі бағалаймын. Мен өз өмірімнен адамды мақтап отырудың қаншалықты маңызды екенін түсіндім, сондықтан да өзгелерді мақтаудың мүмкіндігін жібермеуге тырысамын”. Мақтау сөздер кім-кімге де, ізашарларға, ақсақалдарға, қамығып жүргендерге де, қанат бітіреді (Рим. 12:10).

11 Өзі аңдамай шалыс қадам жасаған бауырласты рухани толысқандар жұмсақтықпен түзетіп, орынды мақтау сөздерді айтса, оның игі істерді жасауға деген ықыласы қайта жандануы мүмкін (Ғал. 6:1). Мириам есімді бауырластың жағдайында осылай болды. Ол былай дейді: “Жақын достарымның кейбірі қауымды тастап кеткенде, бұл маған ауыр тиді. Бұған қоса, әкем миына қан кетіп ауырды. Содан қатты жан күйзелісіне түстім. Одан арылу үшін осы дүниелік бір жігітпен жүре бастадым”. Нәтижесінде Мириам өзін Ехобаның сүйіспеншілігіне лайықсыз сезініп, шындықты тастап кету жайлы ойлана бастады. Алайда қауым ақсақалы оның бұрын Ехобаға адалдықпен қызмет еткенін әрі Ехобаның оны әлі де жақсы көретінін айтты. Сонда Мириамның Ехобаға деген сүйіспеншілігі қайта оянды. Ол жігітін тастап, қауымға қайта оралды.

Сүйіспеншілікке және игі істерге талпындыр

12. Адамды ұялту, соттау не кінәлау арқылы игі істерге талпындыру дұрыс па?

12 Адамды басқалармен салыстырып ұялту, қатал талаптар бойынша соттау не көп нәрсе істемегені үшін кінәлау оны бірден әрекет етуге талпындыратын шығар, алайда бұл ұзаққа созылмайды. Ал адамды мақтап, Ехобаға деген сүйіспеншілігін алға тартсақ, бұл ұзаққа созылатын жақсы нәтиже әкелуі әбден мүмкін (Філіпіліктерге 2:1—4 оқы).

“БІР-БІРІМІЗДІ ЖІГЕРЛЕНДІРЕЙІК”

13. Өзгелерді жігерлендіруге не жатады? (Мақаланың басындағы суретті қара.)

13 “Сол күннің жақын қалғанын білгендіктен”, бір-бірімізді жігерлендіруге де күш салғанымыз маңызды. Бұл үшін бауырластарды Ехобаға деген қызметтерін әрі қарай да жалғастыра беруге талпындыруымыз қажет. Сүйіспеншілікке және игі істерге талпындыруды өшейін деп тұрған отты лаулатып жағумен салыстырсақ, жігерлендіруді оттың әрі қарай да жана беруі үшін не қаттырақ жануы үшін оған отын салумен салыстыруға болады. Қамыққан жандарды жігерлендіру үшін оларды нығайтып, жұбатуымыз қажет. Мұндайда оларға жылулықпен әрі жұмсақтықпен сөйлегеніміз абзал (Нақ. с. 12:18). Сондай-ақ “тыңдауға жүйрік, сөйлеуге баяу болуымыз” қажет (Жақ. 1:19). Оны жанашырлықпен тыңдайтын болсақ, не нәрсе көңіліне қаяу түсіргенін анықтап, қиындығын жеңуге көмектесетін сөздер айта аламыз.

Жақсы ортамен аралас

14. Бір ақсақал ұнжырғасы түскен бауырласқа қалай көмектесті?

 14 Бірнеше жыл бойы уағыздамай жүрген бауырласқа бір ақсақалдың қалай жанашырлықпен көмектескенін көрейік. Ақсақал бұл бауырласты мұқият тыңдап, оның Ехобаны әлі де қатты жақсы көретінін түсінді. Бауырласымыз “Күзет мұнарасының” әрбір санын жақсылап зерттеп, қауым кездесулерінен қалмауға тырысады екен. Алайда кейбір бауырластардың іс-әрекеті оның көңілін қалдырыпты. Ақсақал оны сөкпей, қайта, жанашырлықпен тыңдап, бауырластардың оны және оның отбасын жақсы көретінін айтты. Уақыт өте келе бұл бауырлас бұрын болған келеңсіз жайттардың өзі жақсы көретін Құдайға қызмет етуге кедергі болғанын түсінді. Ақсақал оны қызметке шақырды. Ақсақалдың көмегінің арқасында бауырлас қызметін қалпына келтіріп, ақырында қайтадан ақсақал болып қызмет етуге лайық болды.

Жігерге мұқтаж жандарды шыдаммен тыңда (14, 15-абзацтарды қара)

15. Жабырқап жүргендерді жігерлендіруге қатысты Ехобадан қандай үлгі аламыз?

15 Жабырқап жүрген адам көмегімізді бірден қабылдап, еңсесін көтереді деп күтпеуіміз керек. Біз оған әрі қарай да қолдау көрсете беруіміз қажет. Пауыл: “Әлсіздерді қолдаңдар, барлық адамдарға төзімді болыңдар”,— деген (Сал. 1-х. 5:14). Әлсіреп қалған бауырластарға қолды бір сілтей салудың орнына, қажет болған кездің бәрінде медет болайық. Бұрынғы заманда Ехоба қамыққан қызметшілеріне шыдамдылықпен қолдау көрсеткен. Мысалы, ол Ілиястың сезімдерін түсініп, оған зор мейірімділік танытқан. Қызметін әрі қарай атқара алуы үшін Ехоба оған қажеттінің бәрін берген (Пат. 3-ж. 19:1—18). Ал Дәуіт шын жүректен өкінгенде, Ехоба оған рақымын түсіріп, күнәсін кешірген (Заб. 50:9, 19). Сондай-ақ Құдай тура жолдан тая жаздаған 72-нші Забурдың жыршысына да көмектескен (Заб. 72:13, 16, 17). Ехоба барлығымызға, әсіресе еңсесі түсіп, қамығып жүргендерге мейіріммен қарайды (Мыс. ш. 34:6). “Рақымы Оның сарқылмас дәйім, Жаңара береді ол таң атқан сайын” (Ерм. ж. 3:22, 23). Ехоба бізден де жаны күйзелгендерге мейіріммен қарайды деп күтеді.

ӨМІР ЖОЛЫНДА ҚАЛУ ҮШІН БІР-БІРІҢДІ ЖІГЕРЛЕНДІРІҢДЕР

16, 17. Осы дүниенің ақыры таяп қалғандықтан, не нәрсеге бел буғанымыз жөн және неге?

16 Заксенхаузен концлагерінен шыққан 33 000 тұтқынның мыңдағаны қайтыс болды. Бір қуаныштысы, 230 Куәгердің барлығы да аман қалды. Бір-біріне қолдау көрсетіп, жігер бергеннің арқасында ғана “өлім шеруі” олар үшін “өмір шеруіне” айналды.

17 Бүгінде біз “өмірге апаратын жолмен” келе жатырмыз (Мат. 7:14). Көп ұзамай Ехобаның қызметшілері әділдік орнайтын жаңа дүниеге бірге кіреді (Пет. 2-х. 3:13). Ендеше, бір-бірімізге мәңгілік өмірге апаратын жолмен жүруге көмектесуге бел буалық!