“[Иса] нанды сындырып шәкірттеріне бере бастады, ал олар халыққа үлестірді” (МАТ. 14:19).

1—3. Бетсайда қаласының маңында Иса қалың жұртты қалай тамақтандырғанын айтып бер (Осы беттегі суретті қара).

КӨЗ алдыңа келесі көріністі елестетіп көрші (Матай 14:14—21 оқы). Б. з. 32 жылы. Құтқарылу мейрамының қарсаңы. Иса мен шәкірттері Ғалилея теңізінің солтүстік жағасында орналасқан Бетсайда қаласының маңындағы елсіз жерге келді. Олардың қасына әйелдер мен балаларды санамағанда, 5000-дай ер адам жиналды.

2 Иса қалың жұртты көргенде, оларға жаны ашып кетті. Сөйтіп, ол араларындағы ауруларды сауықтырып, Құдай Патшалығы жайлы көп тәлім бере бастады. Кеш түскенде, шәкірттері Исадан халықты өздеріне тамақ сатып алуға жақын арада орналасқан ауылдарға жіберуді сұрады. Алайда Иса шәкірттеріне: “Тамақты сендер беріңдер”,— деді. Шәкірттері оны түсінбей қалған шығар, өйткені оларда небәрі бес нан мен екі кішкентай балық болатын.

3 Сонда Иса халыққа жаны ашығандықтан, керемет жасады. Бұл Ізгі хабар жазушыларының төртеуі де баяндаған жалғыз керемет (Мар. 6:35—44; Лұқа 9:10—17; Жох. 6:1—13). Иса шәкірттеріне халықты елуден және жүзден топтастырып, көгалға жайғастыруды бұйырды. Дұға айтып болған соң, ол нан мен балықты бөле бастады. Сосын ол тағамды халыққа тікелей өз қолынан бермей, “шәкірттеріне бере бастады, ал олар халыққа үлестірді”. Міне, ғажап! Әр адам тойына жеді, тағам тіпті артығымен қалды! Ойлап көрші: Иса мыңдаған адамды аздың қолымен — шәкірттерінің қолымен — тамақтандырды *.

4. а) Иса үшін ізбасарларына қандай ас-су беру әлдеқайда маңызды болған және неліктен? ә) Осы және келесі мақалада нені қарастырамыз?

4 Алайда Иса үшін ізбасарларына рухани ас-су беру әлдеқайда маңызды болған. Ол рухани ас-су болып табылатын Құдай Сөзіндегі шындықтардың мәңгілік өмірге апаратынын білген  (Жох. 6:26, 27; 17:3). Қарақұрым халықты нан және балықпен тамақтандыруға талпындырған жанашырлығы оны ізбасарларына тәлім беру үшін көп уақыт жұмсауға да талпындырды (Мар. 6:34). Бірақ ол жер бетінде қысқа уақыт болатынын және көп ұзамай көкке баратынын білген (Мат. 16:21; Жох. 14:12). Ал көкте болғанда, Иса ізбасарларын қалай рухани ас-сумен қамтамасыз етпек еді? Ол жоғарыдағыдай істемек еді, яғни аздың қолымен көпті тамақтандырмақ еді. Бірақ бұл аз адам кімдер болмақ? Алдымен, бірінші ғасырда Иса өзінің көптеген майланған ізбасарын аздың қолымен қалай тамақтандырғанын қарастырып көрейік. Ал келесі мақалада біз әрқайсысымыз үшін маңызы зор келесі сұрақты қарастырамыз: Бүгінде Иса бізге рухани ас-суды кімдер арқылы беріп жатқанын қалай анықтауға болады?

Мыңдаған адам аздың қолынан тамақтанды (4-абзацты қара)

ИСАНЫҢ АЗ АДАМДЫ ТАҢДАУЫ

5, 6. а) Өзінің өлімінен кейін шәкірттері рухани тоқ жүруі үшін, Иса қандай маңызды шешім қабылдады? ә) Иса шәкірттерін өз өлімінен кейін атқарылатын жауапты іске қалай дайындады?

5 Жауапкершілік сезінетін отағасы өзі қайтыс болып кеткен жағдайда жанұясы аштық көрмес үшін, көзінің тірісінде барлық қажетті шараларды жасайды. Сол сияқты, көкте қауымның Басы етіп тағайындалмақ болған Иса өлімінен соң ізбасарлары рухани аш қалмауы үшін, қажетті шаралар жасаған (Ефес. 1:22). Мысалы, өлерінен екі жылдай уақыт бұрын, Иса өте маңызды шешім қабылдады. Ол кейіннен көпті тамақтандыратын аз адамның алғашқыларын таңдады. Бұл қалай болғанын көрейік.

6 Түнімен дұға айтқан соң, Иса шәкірттерін жинап, араларынан он екісін елші етіп таңдап алды (Лұқа 6:12—16). Келесі екі жыл бойы ол осы 12 елшісіне етене жақын болып, сөзімен де, ісімен де тәлім берді. Иса оларға көп нәрсеге үйрену керек екенін білетін, сондықтан оларды әрі қарай да “шәкірттерім” деп атады (Мат. 11:1; 20:17). Ол шәкірттеріне уағыздау ісіне қатысты жан-жақты тәлім берді, сондай-ақ кейбіріне жеке ақыл-кеңес айтты (Мат. 10:1—42; 20:20—23; Лұқа 8:1, 2; 9:52—55). Осыдан көретініміздей, Иса 12 елшісін өзі қайтыс болып, көкке оралғаннан кейін атқарылатын бір жауапты іске дайындады.

7. Иса елшілерінің басты жауапкершілігі қандай болатынын қалай білдіртті?

7 Елшілер қандай жауапты іс атқаруы керек еді? Б. з. 33 жылғы Елуінші күн мейрамы жақындағанда, елшілердің “бақылаушы міндетін” атқаратыны анық болды (Ел. іс. 1:20). Ал олардың басты жауапкершілігі қандай болмақ еді? Мұны қайта тірілген Иса Петірмен сөйлескенде білдіртті (Жохан 21:1, 2, 15—17 оқы). Бірнеше елшісімен бірге болғанда, Иса Петірге: “Қозыларымды бақ [түпнұсқа тілінде “қоректендір”]”,— деп айтты. Осылайша Иса елшілерінің көпшілікке рухани ас-су беретін аз адамның қатарында болатынын көрсетті. Бұдан Исаның өз “қозылары” үшін қам жейтіні көрінеді емес пе?! *

ЕЛУІНШІ КҮН МЕЙРАМЫНАН БАСТАП КӨПТІ ТАМАҚТАНДЫРУ

8. Елуінші күн мейрамында жаңадан мәсіхші болғандар Иса қолданып жатқан арнаны анық көргендерін қалай көрсетті?

8 Б. з. 33 жылғы Елуінші күн мейрамынан бастап, қайта тірілген Мәсіх өзінің елшілері арқылы басқа майланған шәкірттерін тамақтандырды (Елшілердің істері 2:41, 42 (Кк) оқы). Сол күні рухпен майланып, мәсіхші болған яһудилер мен басқа ұлт адамдары елшілердің рухани ас-су беретін  арна екендерін анық көрді. Олар еш күмәнданбай, “елшілердің беріп жүрген тәлімін... берік ұстанып, жалғастыра берді”. Бір ғалымның айтуынша, “берік ұстанды” деп аударылған грек етістігі “қандай да бір істі табандылықпен және бар зейінмен атқаруды” білдіреді. Жаңадан мәсіхші болғандардың рухани тәбеттері зор болды және олар рухани ас-суды кім беретінін нақты білді. Олар Исаның сөздері мен істерінің мәнін және оған қатысты жазба орындарын жаңа қырынан түсіну үшін, елшілердің көмегіне жүгінді * (Ел. іс. 2:22—36).

9. Елшілер Исаның қойларын қоректендіру жауапкершілігін басты орынға қойғандарын қалай көрсетті?

9 Елшілер Исаның қойларын қоректендіру жауапкершілігін басты орынға қойған. Мысалы, олар жаңадан құрылған қауымда туындаған дауға апаруы мүмкін мәселені қалай шешкеніне назар аударшы. Бір қызығы, бұған себеп болған — тәндік ас-су. Еврейше сөйлейтін жесірлерге күнделікті ас үлестірілетін, ал грекше сөйлейтін жесірлер болса елеусіз қалатын. Бұл қиын мәселені елшілер қалай шешті? Он екі елші ас үлестіру ісін қадағалауға тәжірибелі жеті ер бауырласты тағайындады. Елшілердің көбісі кезінде Иса керемет түрде көбейткен тамақты жұртқа таратуға көмектескенімен, қазір олар рухани ас-су берумен айналысу маңыздырақ екенін түсінді. Сондықтан олар өздерін “Құдай сөзін үйретуге арнады” (Ел. іс. 6:1—6).

10. Мәсіх Иерусалимдегі елшілер мен ақсақалдарды қалай қолданды?

10 Б. з. 49 жылы көзі тірі елшілерге басқа тәжірибелі ақсақалдар қосылды (Елшілердің істері 15:1, 2 оқы). “Иерусалимдегі елшілер мен ақсақалдар” басқарушы кеңес ретінде қызмет етті. Қауымның Басы ретінде Мәсіх осы тәжірибелі ер бауырластардан тұратын кішігірім топты ілімдерге қатысты сұрақтарды шешу, Патшалық туралы уағыздау мен тәлім беру ісін бақылап, басшылық ету үшін қолданды (Ел. іс. 15:6—29; 21:17—19; Қол. 1:18).

11, 12. а) Ехоба Ұлының бірінші ғасырдағы қауымдарды рухани ас-сумен қамтамасыз ету үшін қолданған шарасын жарылқағаны неден көрінеді? ә) Мәсіхтің рухани ас-су беру үшін қолданған арнасы неден айқын көрінді?

11 Ехоба Ұлының бірінші ғасырдағы қауымдарды рухани ас-сумен қамтамасыз ету үшін қолданған шарасын жарылқады ма? Әлбетте! Мұны қайдан білеміз? Елшілердің істері  кітабында былай делінеді: “Олар [елші Пауыл мен серіктері] қалаларды аралағанда, Иерусалимдегі елшілер мен ақсақалдардың қабылдаған шешімдерін жеткізіп, соларды ұстану керектігін айтып жүрді. Осылайша қауымдағылардың сенімі нығайып, күннен-күнге саны арта берді” (Ел. іс. 16:4, 5). Байқасақ, сол қауымдар Иерусалимдегі басқарушы кеңестің нұсқауларын адал ұстанғанның арқасында өркендеді. Бұл Исаның бірінші ғасырдағы қауымдарды рухани ас-сумен қамтамасыз ету үшін қолданған шарасын Ехоба жарылқағанының дәлелі емес пе?! Иә, рухани өсім тек Ехобаның молынан жарылқауының арқасында ғана болады (Нақ. с. 10:22; Қор. 1-х. 3:6, 7).

12 Көргеніміздей, Иса әрдайым аздың қолымен көпті тамақтандырған. Оның рухани ас-су беру үшін қолданған арнасы айқын көрінген. Мәселен, басқарушы кеңестің ең алғашқы мүшелері болған елшілер Ехобаның қолдауына ие екендерін іс жүзінде көрсете алатын. Елшілердің істері 5:12-де айтылғандай, “елшілер халық арасында көптеген белгілер мен кереметтер көрсетті” *. Демек, бауырластардың “Мәсіх шын мәнінде кімдер арқылы рухани ас-су беріп жатыр екен?” деп күмәндануларына еш негіз жоқ еді. Бірақ бірінші ғасырдың аяғына таман жағдай өзгерді.

Бірінші ғасырда Исаның қауымды тамақтандыру үшін кімдерді қолданып жатқаны анық болды (12-абзацты қара)

АРАМШӨПТІҢ КӨБЕЙІП, БИДАЙ САБАҚТАРЫНЫҢ АЗАЙҒАН КЕЗІ

13, 14. а) Иса қауымға шабуыл жасалатынын қалай ескертті және бұл сөздер қашан орындала бастады? ә) Шабуыл қандай екі жақтан жасалмақ еді? (Қосымша мәліметті қара).

13 Иса мәсіхшілер қауымына шабуыл жасалатынын алдын ала айтқан. Естеріңде болса, бидай мен арамшөп туралы астарлы әңгімесінде Иса бидайдың (майланған мәсіхшілер) арасына арамшөп (жалған мәсіхшілер) себілетінін және олардың орақ кезіне, яғни “заманның ақырына” дейін бірге өсе беретінін айтқан (Мат. 13:24—30, 36—43). Бұл сөздер көп ұзамай-ақ орындала бастады *.

14 Жолдан таюшылық бірінші ғасырда қылаң берді, бірақ Исаның адал елшілері жалған ілімдердің әсерін “ұстап тұрған күш” болды (Сал. 2-х. 2:3, 6, 7). Алайда соңғы елші дүние салғанда, жолдан таюшылық барлық қауымдарға жайыла бастады. Содан бидай мен арамшөп ғасырлар бойы бірге өсті. Сол кезеңде арамшөп көбейіп кетті, ал бидай сабақтары аз болды. Рухани ас-суды ұйымдасқан түрде беретін арна болмады. Бірақ жағдай өзгеру керек еді. Қашан?

ОРАҚ КЕЗІНДЕ КІМ ТАМАҚ БЕРЕДІ?

15, 16. “Киелі кітап зерттеушілерінің” Жазбаларды тыңғылықты зерттегені қандай жеміс әкелді және оларға қатысты қандай сұрақ туындайды?

15 Бидай мен арамшөптің бірге өсу кезеңі аяқталуға жақын қалғанда, адамдар Киелі кітап ілімдеріне қызығушылық білдіре бастады. 1870 жылдары шындыққа сусаған ақжүрек адамдар арамшөптен, яғни шіркеулер мен ағымдардағы жалған мәсіхшілерден бөлектеніп, кішігірім топ құрды да, Киелі кітапты зерттей бастады. Өздерін “Киелі кітап зерттеушілері” деп атаған бұл кішіпейіл әрі көзі ашық адамдар Жазбаларды мұқият әрі дұға ете отырып зерттеген (Мат. 11:25).

16 “Киелі кітап зерттеушілерінің” Жазбаларды тыңғылықты зерттегені мол жеміс әкелді. Бұл адал жандар жалған ілімдерді әшкереледі және Киелі кітапқа негізделген әдебиеттерді басып шығарып, кеңінен тарату арқылы рухани шындықтарды жариялады. Осының арқасында бұл шындықтар рухани ашыққан қалың жұрттың жүректері  мен саналарына жетті. Олай болса, келесідей толғандырарлық сұрақ туындайды: 1914 жылға дейін “Киелі кітап зерттеушілері” Мәсіхтің қойларына рухани ас-су беру үшін қолданған арнасы болды ма? Жоқ. Ол кез әлі де бидай мен арамшөптің бірге өсетін кезі еді. Ал рухани ас-су берілетін арна енді-енді құрылып жатқан болатын. Арамшөп тәрізді жалған мәсіхшілердің бидай тәрізді шынайы мәсіхшілерден ажыратылатын уақыты әлі келмеген еді.

17. 1914 жылы қандай маңызды жайттар орын ала бастады?

17 Алдыңғы мақаладан білгеніміздей, орақ кезі 1914 жылы басталды. Сол жылы бірнеше маңызды жайттар орын ала бастады. Иса Патша болды және соңғы күндер басталды (Аян 11:15). 1914 жылдан 1919 жылдың басына дейін Иса Әкесімен бірге рухани ғибадатхананы аса қажет болған тексеру мен тазартудан өткізуге келген * (Малх. 3:1—4). Сосын, 1919 жылы бидайды жинау кезеңі басталды. Ал ол кезде Мәсіхтің рухани ас-су беретін арнаны тағайындайтын уақыты келді ме? Иә, келді!

18. Иса кімді тағайындайтыны жайлы пайғамбарлық етті және соңғы күндер басталғанда, қандай маңызды сұрақ туды?

18 Заманның ақыры жайлы пайғамбарлығында Иса рухани “ас-суды уақтылы беріп тұратын” арнаны тағайындайтынын айтқан (Мат. 24:45—47). Ол қандай арнаны қолданбақ еді? Бірінші ғасырдағыдай, ол тағы да аз адамның қолымен көпті тамақтандырмақ еді. Бірақ соңғы күндер басталғанда, “Бұл аз адам кімдер болады?” деген маңызды сұрақ туды. Исаның пайғамбарлығына қатысты осы және басқа сұрақтар келесі мақалада талқыланады.

 

^ абзац 3 3-абзац: Кейінірек Иса әйелдер мен балаларды санамағанда 4000 ер адамды тамақтандырғанда, ол қайтадан тамақты “шәкірттеріне бере бастады, ал олар халыққа үлестірді” (Мат. 15:32—38).

^ абзац 7 7-абзац: Петір өмір сүрген уақытта қоректендірілген “қозылардың” бәрі көкке баруға үміттенген.

^ абзац 8 8-абзац: Жаңадан мәсіхші болғандардың “елшілердің беріп жүрген тәлімін... берік ұстанып, жалғастыра бергені” елшілердің жүйелі түрде тәлім бергенін көрсетеді. Бұл тәлімдердің кейбірі рухтың жетелеуімен жазылған кітаптардың бетіне түсіріліп, Мәсіхшілердің грек жазбаларына енген.

^ абзац 12 12-абзац: Елшілерден басқа мәсіхшілер де киелі рухтан келген сыйларды қабылдаған, алайда бұл сыйлар оларға көбінесе тікелей елшілер арқылы немесе солардың көзінше берілген көрінеді (Ел. іс. 8:14—18; 10:44, 45).

^ абзац 13 13-абзац: Пауылдың Елшілердің істері 20:29, 30-дағы сөздерінен көрінетіндей, қауымға екі жақтан шабуыл жасалмақ еді. Біріншіден, сырттан жалған мәсіхшілер (“арамшөп”) келіп, шынайы мәсіхшілердің “араларына кірмек” еді. Екіншіден, шынайы мәсіхшілердің “өз іштерінен” жолдан таюшылар шығып, “жалған ілімдерді” үйретпек еді.

^ абзац 17 17-абзац: Осы сандағы “Мен осы заманның ақырына дейін әр күні сендермен біргемін” деген мақаланың 11-бетіндегі 6-абзацын қара.