Ежелгі Исраилде қылмыскерлерді жазалау үшін оларды бөренеге іліп қоятын болған ба?

Көптеген ежелгі халықтарда кейбір қылмыскерлерді жазалау үшін, оларды бағанаға іліп қоятын болған. Ежелгі Римде бағанаға байланған не шегеленген қылмыскерлер онда бірнеше күн бойы ілініп тұра беретін, сөйтіп, олар әлсірегеннен, шөлдегеннен, қарны ашқаннан не қолайсыз ауа-райының кесірінен қиналып өлетін болған. Римдіктер бағанаға шегеленуді төмен сатыдан шыққан қылмыскерлерге лайық масқара жаза ретінде қарастырған.

Ал ежелгі Исраил халқы туралы не деуге болады? Исраилдіктер қылмыскерді жазалау үшін, оны бағанаға ілген бе? Мұса заңында: “Егер ауыр қылмысы үшін өлімге кесілген бір кісінің мәйітін ағашқа іліп қоятын болсаңдар, оны түні бойы ағашта қалдырмай, сол күні жерлеңдер”,— делінген (Заң. қ. 21:22, 23). Демек, исраилдіктер өлім жазасына лайық қылмыскерді алдымен өлтіріп, сосын бағанаға не ағашқа ілген.

Сондай-ақ бұған қатысты Леуіліктер 20:2-де: “Егер исраилдік не жат жұрттық біреу өз ұрпағын (жалған тәңір) Молохқа құрбан етсе, сондай адамды өлімге кесу керек. Сол жердің халқы оны таспен атқылап өлтірсін”,— делінген. “Аруақ шақырушы не сәуегейлікпен айналысушылар” да өлімге кесіліп, “тас лақтырылып өлтірілген” (Леу. 20:27).

Заңды қайталау 22:23, 24-те былай делінген: “Егер біреу елді мекеннің ішінде басқа біреуге айттырылған қызбен ұшырасып, онымен жақындасса, онда олардың екеуін қала қақпасына алып барып, таспен атқылап өлтіріңдер. Қызды — елді мекеннің ішінде көмекке келетін адамдар болса да, айқайлап көмекке шақырмағаны үшін, еркекті — басқа біреудің қалыңдығының абыройын төккені үшін өлтіріңдер. Зұлымдықты араларыңнан осылайша аластатыңдар!” Демек, исраилдіктерде таспен атып өлтіру ауыр қылмыс жасағандарға қолданылатын негізгі жазалау түрі болған *.

Исраилдіктер өлім жазасына лайық қылмыскерді алдымен өлтіріп, сосын бағанаға не ағашқа іліп қойған

Заңды қайталау 21:23-ке сәйкес, “ағашқа ілінген әркім Құдайдың қарғысына ұшыраған”. Осындай опасыз адамның мәйітін жұрттың көзінше бағанаға іліп қою исраилдіктер үшін ескерту болып табылатын.

^ абзац 6 Ғалымдардың көбісі исраилдіктер Заң бойынша қылмыскерлердің өлтірген соң ғана мәйітін бағанаға ілетін болғанымен келіседі. Алайда бірінші ғасырда яһудилердің кейбір қылмыскерлерді тірідей шегелегіне дәлел бар.