“Бар бұйрықтарыңды әділ деп санаймын” (ЗАБ. 118:128).

1. Неліктен Құдай Сөзіне деген сеніміміз берік болу керек?

АҚСАҚАЛДАР Киелі кітапты зерттеп жүрген адамның уағыздау қызметіне атсалысуға дайын, дайын емес екенін анықтағанда, өздерінен: “Оның сөздерінен Киелі кітап рухтың жетелеуімен жазылған Құдай Сөзі екеніне сенетіні көріне ме?”— деп сұрайды *. Құдай қызметшілерінің барлығының да сөзі мен ісінен Киелі кітапқа сенетіні анық көріну керек. Неліктен бұл маңызды? Құдай Сөзіне деген сеніміміз берік болса және оны қызметімізде шебер қолдануды үйренсек, басқаларға Ехобаны білуге және құтқарылуға көмектесе аламыз.

2. Неліктен біз “үйренген... нәрселерді бұдан былай да ұстана беруіміз” керек?

2 Елші Пауыл Құдай Сөзінің маңыздылығына назар аударып, Тімөтеге: “Үйренген әрі көзің жеткен нәрселерді бұдан былай да ұстана бер”,— деген. Пауыл мұнда “нәрселер” деп Киелі кітап шындықтарын айтқан, әрі олар Тімөтені ізгі хабарға сенуге талпындырған. Осы шындықтар бізге де дәл солай әсер етті және “құтқарылуға жетуге” көмектесуде (Тім. 2-х. 3:14, 15). Пауылдың келесі сөздерін біз әдетте өзгелерге Киелі кітап Құдай рухының жетелеуімен жазылғанын түсіндіру үшін қолданамыз. Тімөтеге 2-хат 3:16-да (оқы) жазылған бұл сөздердің жеке өзіміз қандай игілігін көре аламыз? Қазір бұл жазба орнын тереңірек қарастырып, Ехобаның тәлімдерінің бәрі “әділ”, яки дұрыс екеніне деген сенімімізді нығайтайық (Заб. 118:128).

“ТӘЛІМ БЕРУГЕ... ТИІМДІ”

3—5. а) Петірдің Елуінші күн мейрамында айтқан баяндамасын жұрт қалай қабылдады және неге? ә) Неліктен Салоникада көп адам шындықты қабыл алды? б) Адамдар біздің қызметіміздің қандай ерекшелігін байқайды?

3 Иса Исраил халқына: “Мен сендерге пайғамбарларды,  дана адамдар мен тәлімгерлерді жіберіп отырмын”,— деді (Мат. 23:34). Бұл жерде Иса өзінің шәкірттері туралы айтқан. Иса оларға қызметте Жазбаларды қолдануды үйреткен. Б. з. 33 жылғы Елуінші күн мейрамының кезінде осы “тәлімгерлердің” бірі елші Петір Иерусалимде жиналған қалың жұрттың алдында сөйлеген сөзінде Еврей жазбаларынан үзінділер келтірді. Петір бұл сөздерді түсіндіргенде, көбісі күнәларына өкініп, Құдайдан кешірім сұрады. Сол күні олардың үш мыңдайы мәсіхші болды (Ел. іс. 2:37—41).

4 Ал тағы бір тәлімгер елші Пауыл ізгі хабарды Иерусалимнен алыс жерлерге жеткізген. Мысалы, Македониядағы Салоника қаласында ол мәжілісханада ғибадат етіп жүрген яһудилерге уағыздады. Пауыл “үш Демалыс күн қатарынан Жазбалардың негізінде пікір алысты. Ол Мәсіхтің азап шегуі және қайта тірілуі керек болғанын түсіндіріп, Жазбалардан дәлелдемелер келтірді”. Нәтижесінде, “[яһудилердің] кейбірі, сондай-ақ Құдайға ғибадат ететін көптеген гректер мен беделді әйелдердің біразы Исаның ізбасары болды” (Ел. іс. 17:1—4).

5 Бүгінде Құдай қызметшілерінің Киелі кітапты қалай қолданатыны адамдарды таңғалдырады. Швейцариядағы бір бауырласымыз үй иесіне жазба орнын оқып бергенде, ол: “Сендер қай діннің өкілдерісіңдер?”— деп сұрады. Бауырлас: “Біз Ехоба куәгерлеріміз”,— деп жауап берді. Сонда ол: “Бәсе, Ехоба куәгерлерінен басқа Киелі кітаптан оқып беруге кім келуші еді?”— деді.

6, 7. а) Қауымда тәлім беретіндер Киелі кітапты қалайша тиімді қолдана алады? ә) Зерттеу сабағында Жазбаларды қалай шебер қолдануға болады?

6 Тәлім бергенде Киелі кітапты қалайша тиімдірек қолдана аламыз? Егер мінбеде тұрып қауымға тәлім беретін болсаң, жазба орындарын қолдан. Негізгі тармақтарды ауызша айта салмай не басып шығарылған парақтан я планшеттен оқып бере салмай, Киелі кітаптың өзін ашып, содан оқып бер және тыңдаушыларды да солай етуге талпындыр. Сондай-ақ бұл жазба орындары тыңдаушыларға Ехобаға жақындауға қалай көмектесе алатынын түсіндір. Күрделі мысалдар келтірудің не адамдардың көңілін көтеретін қызықты оқиғалар айтудың орнына, Құдай Сөзінің мән-мағынасын аш.

7 Ал Киелі кітап зерттеу сабағын өткізгенде нені есте ұстауымыз керек? Басылымда жазба орындарына берілген сілтемелерді тастап кетуге болмайды. Зерттеп жатқан адамды жазба орындарын ашып оқуға талпындырып, оларды түсінуге көмектесу керек. Қалайша? Өзіміз сөйлей бермей, оны өз ойын айтуға талпындыруымыз керек. Не нәрсеге сену керектігін не қалай әрекет ету керектігін айта салудың орнына, өзі дұрыс тұжырымға келуі үшін жақсы ойластырылған сұрақтар қоюымыз қажет *.

“ӘШКЕРЕЛЕУГЕ... ТИІМДІ”

8. Пауыл қандай ішкі күрес жүргізді?

8 Ақсақалдар “күнә жасай беретіндерді” “әшкерелеуге”, яки ескертуге міндетті (Тім. 1-х. 5:20; Тит. 1:13). Алайда әрқайсысымыз да өз-өзімізді әшкерелеуіміз керек. Пауыл үлгілі әрі ар-ұжданы таза мәсіхші болған (Тім. 2-х. 1:3). Дегенмен ол: “Бойымда басқа бір заңның бар екенін байқаймын: ол ой-санамдағы заңға қарсы күресіп, мені күнә заңының тұтқыны етеді”,— деп жазған. Бұл сөздердің мәнмәтінін қарастырып, біз Пауылдың өз әлсіздіктерімен қалай күрескенін білетін боламыз (Римдіктерге 7:21—25 оқы).

9, 10. а) Пауыл қандай әлсіздіктермен күрескен болуы мүмкін? ә) Пауыл күнә жасауға деген бейімділігімен қалай күрескен болса керек?

9 Пауыл қандай әлсіздіктерімен күрескен?  Ол бұл туралы нақты айтпаса да, Тімөтеге бұрын өзінің “бетпақ” адам болғанын жазды (Тім. 1-х. 1:13 сілт.). Әлі мәсіхші болмай тұрғанда, Пауыл Исаның ізбасарларын суқаны сүймейтін. Бірде ол: “Ашуға булыққаным сонша — оларды басқа қалаларға да барып қудаладым”,— деп мойындаған (Ел. іс. 26:11). Пауыл ашуға берілмеуді үйренгенімен, кейде оған сезімдері мен сөздерін тізгіндеу үшін көп күш салу керек болған (Ел. іс. 15:36—39). Оған не көмектесті?

10 Қорынттықтарға жазған хатында Пауыл әлсіздіктерімен қалай күрескені жайлы айтқан (Қорынттықтарға 1-хат 9:26, 27 оқы). Ол өзінің кемелсіз болмысына дәл рухани соққылар жасаған болатын. Иә, оның Жазбалардан кеңес іздегені, оны өмірінде қолдану үшін дұғада Ехобадан көмек сұрағаны және әлсіздіктерімен күресу үшін көп тер төккені шүбәсіз *. Біз де әлсіздіктерімізбен күрес жүргіземіз, сол себепті Пауылдың мысалынан көп нәрсеге үйрене аламыз.

11. Біз шындық жолындамыз ба, жоқ па — соны қалай “үнемі тексеріп отыра” аламыз?

11 Біз өз-өзімізге сенімді болып кетпеуіміз керек. Оның орнына, шындық жолындамыз ба, жоқ па — соны “үнемі тексеріп отыруымыз” қажет (Қор. 2-х. 13:5). Қолостықтарға 3:5—10 дейінгі тармақтарды не осыған ұқсас жазба орындарын оқығанда, өзіңнен былай деп сұрасаң болады: Әлсіздіктеріммен күресу үшін бар күшімді салып жүрмін бе? Әлде, Ехоба бұрыс деп есептейтін іс-әрекеттерді жақсы көре бастадым ба? Интернетте азғын сайт шыға келгенде, оны бірден жауып тастаймын ба? Не сондай сайттарды көру үшін оларды әдейі іздеймін бе? Егер Құдай Сөзін өмірімізде қалай қолдана алатынымыз жайлы ойласақ, біз “ояу әрі қырағы жүретін” боламыз (Сал. 1-х. 5:6—8).

“ТҮЗЕТУГЕ... ТИІМДІ”

12, 13. а) Жағдайды “түзеткенде” мақсатымыз қандай болу керек және осы орайда Исаға қалай еліктей аламыз? ә) Өзгелермен түсініспеушілікті шешкенде қалай сөйлеуден аулақ болуымыз керек?

12 Гректің “түзету” деп аударылған сөзі “жақсарту, дұрыстау, ретке келтіру” дегенді білдіреді. Кейде біреу сөзімізді не әрекетімізді бұрыс түсінгенде, бізге түсініспеушілікті шешу керек болады. Мысалы, яһуди дінбасылары Иса “салықшылар және күнәкарларға” мейірімділік танытып жатыр деп наразылық білдіргенде, Иса оларға: — Дәрігер денсаулығы жақсы адамдарға емес, ауруларға қажет. Сондықтан барыңдар, “Мен құрбандықты емес, мейірімділікті қалаймын” деген сөздердің мәнін ұғып алыңдар,— деді (Мат. 9:11—13). Иса адамдардың Құдайға қатысты көзқарастарын шыдамдылықпен және мейірімділікпен “түзетіп” отырған. Соның арқасында момын адамдар Ехобаның “мейірімді де қайырымды, Тез қаһарланбайтын да өте рақымды” екенін ұқты (Мыс. ш. 34:6). Нәтижесінде көп адам ізгі хабарға сенді.

13 Өзгелерге көмектескіміз келгенде біз Исаға еліктеуіміз керек. Тімөтеге 2-хат 3:16-дағы басшылық жағдайды түзету үшін батырып-батырып сөйлеуіміз керек дегенді білдірмейді. Жазбалар бізге өзгелердің сезімдерін ескермей сөйлеуге құқық бермейді. Егер тістеп сөйлейтін болсақ, сөздеріміз өзгелерді “семсердей шағады”, яғни ауыр тиеді. Мұндай сөздер әдетте еш пайда әкелмейді (Нақ. с. 12:18).

14—16. а) Ақсақалдар өзгелерге қиындықтарын шешуге қалай көмектесе алады? ә) Неліктен ата-аналар бала тәрбиесінде Жазбаларға жүгінгендері аса маңызды?

14 Ендеше, жағдайды қалайша шыдамдылық пен мейірімділік танытып  “түзетуге” болады? Ерлі-зайыптылар мәсіхші ақсақалдан ұрысып-керісуді қоюға көмектесуін сұрады делік. Ақсақал не істейді? Ешқайсысына жақтаспай, олармен Киелі кітап принциптері туралы пікір алысады. Бәлкім, ол “Отбасы бақытының сыры” кітабының 3-тарауында келтірілген принциптерді қолданар. Талқылау барысында ерлі-зайыптының әрқайсысы қай принципті көбірек қолдану керектігін байқайтын шығар. Кейінірек ақсақал олардың жағдайын сұрап, қажет болса, қосымша көмек ұсынады.

 15 Ал енді ата-аналар балаларына қалай көмектесе алатынын қарастырайық. Сен жасөспірім қызыңның жаңа досы оған жаман әсер етеді деп ойлайсың делік. Сен бұл жағдайды балаңды рухани нығайтатындай етіп қалай ретке келтіре аласың? Алдымен, сен қызыңның досы туралы көбірек біліп алуың қажет. Егер әлі де оған қатысты күмәнің сейілмесе, қызыңмен сөйлесуіңе болады. Бәлкім, сен “Жастардың сауалдары. Пайдалы кеңестер” кітабының 2-томындағы ойларды қолданарсың. Кейінгі күндері қызыңмен көбірек уақыт өткізуің керек болады. Сондай-ақ оның қызметте не отбасымен уақыт өткізгенде қандай мінез-құлық танытатынын байқап көр. Егер бәрін шыдамдылықпен және мейірімділікпен істесең, қызың оны жақсы көретініңді және қамын ойлайтыныңды сезінеді. Ал бұл оған кеңесіңді қабылдап, үлкен қателік жасамауға көмектесуі ықтимал.

Балаларын мейірімділікпен және Киелі кітапты қолданып “түзететін” ата-аналар оларды көп қиыншылықтан қорғайды (15-абзацты қара.)

16 Біз дәл осындай шыдамдылық пен мейірімділік танытып, денсаулығын уайымдап жүрген, жұмысынан айырылғандықтан ұнжырғасы түскен не Киелі кітаптың кейбір ілімдерін қабылдай алмай жүрген бауырластарды жігерлендіре аламыз. Иә, Құдай Сөзін жағдайды түзету, жақсарту не ретке келтіру үшін қолданған кезде, барлығымыз да мұның көп игілігін көреміз.

 “ӘДІЛ ТАЛАПТАРҒА САЙ ТӘРБИЕЛЕУГЕ ТИІМДІ”

17. Неге ақсақалдардың бізді жөнге салғанына риза болуымыз керек?

17 Тімөтеге 2-хат 3:16-да “тәрбиелеу” деп аударылған сөздің мағынасы ауқымды. Мысалы, ол “ақыл айту, тәлім беру, түзету, жөнге салу және жазалау” дегенді де білдіреді. Әрине, “жөнге салынып жатқанда, бұл қуаныш әкелмейді, қайта, ауыр тиеді. Бірақ сол арқылы тәрбиеленгендерге бұл соңынан татулық пен әділдік жемісін әкеледі” (Евр. 12:11). Шындықта өскен жастардың көбісі ата-атасының жөнге салғандары өздеріне көмектескенін айтып жатады. Сол сияқты Ехоба бізді ақсақалдар арқылы жөнге салғанда, бұл мәңгілік өмірге апаратын жолда қалуымызға көмектеседі (Нақ. с. 4:13).

18, 19. а) Неліктен “әділ талаптарға сай тәрбиелегенде”, Нақыл сөздер 18:13-тегі кеңесті ұстану маңызды? ә) Ақсақалдардың күнә жасаған адамға жұмсақтық пен сүйіспеншілік танытқаны жиі қандай нәтиже береді?

18 Ақсақал не ата-ана болсақ, дұрыс тәрбие беруді не жөнге салуды қалай үйрене аламыз? Ехоба бұны “әділ талаптарға сай” істеу керектігін айтқан (Тім. 2-х. 3:16). Демек, біз Киелі кітап принциптерін басшылыққа алуымыз керек. Сондай принциптердің бірі Нақыл сөздер 18:13-те жазылған. Онда: “Тыңдамай жатып жауап қайтарған — Ақылсыз, масқара болатын жан”,— делінген. Мысалы, біреу ақсақалдарға бауырластың ауыр күнә жасағанын айтса, ақсақалдар бауырласты түзетпес бұрын жағдайдың анық-қанығын біліп алу керек (Заң. қ. 13:14). Сонда ғана олар бауырласты “әділ талаптарға сай тәрбиелей” алады.

19 Оның үстіне, Құдай Сөзі ақсақалдар өзгелерді “жұмсақтықпен” түзетуі керек деп үйретеді (Тімөтеге 2-хат 2:24—26 оқы). Әрине, күнә жасаған адам Ехобаның есіміне кір келтірді және басқаларға зардап әкелді. Егер ақсақал мұндай адаммен сөйлескенде ашуланатын болса, оған көмектесе алмайды. Ал егер ол “Құдайдың мейіріміне” еліктейтін болса, адамды күнәсіна өкінуге талпындыруы мүмкін (Рим. 2:4).

20. Балаларын тәрбиелегенде ата-аналар қандай принциптерді ұстанулары керек?

20 Ата-аналар да балаларын тәрбиелегенде, Киелі кітап принциптерін ұстанулары керек (Ефес. 6:4). Мәселен, әке біреудің аузынан ұлының бұзықтық жасағаны туралы естісе, не істеуі керек? Баланы бірден жазаламай, алдымен ол шынымен кінәлі ма, жоқ па — соны анықтап алуы керек. Оның үстіне, мәсіхші отбасында қатыгездікке орын жоқ. “Ехоба өте жанашыр әрі мейірімді”. Балаларын тәрбиелеген кезде, ата-аналар да осындай қасиеттер танытулары керек (Жақ. 5:11).

ЕХОБАНЫҢ БАҒА ЖЕТПЕС СЫЙЫ

21, 22. Забур 118:97—104 тармақтардағы қай сөздер сенің Ехобаның Сөзіне деген сезіміңді жақсы жеткізеді?

21 Құдайдың бір қызметшісі Ехобаның заңын не үшін жақсы көргені туралы айтқан (Забур 118:97—104 оқы). Киелі кітапты зерттегенінің арқасында ол даналыққа және терең түсінікке ие болды. Құдайдың кеңесін ұстанғаны оған теріс жолдан аулақ болып, өзгелер сияқты қателік жасамауға көмектесті. Иә, Жазбаларды оқу оған қуаныш пен қанағат әкелді. Ол өзіне көп игілік әкелген Құдай заңын өмір-бақи ұстануға бел буған.

22 Сен “Киелі жазбалардың бәрін” баға жетпес сый деп қарастырасың ба? Олар саған Құдай ниетінің орындалатынына берік сенім дамытуға көмектеседі. Киелі кітап кеңестерін ұстанғанымыз күнә жасаудан, яғни өлімге апаратын жолдан сақтайды. Сондай-ақ оны шебер қолдану арқылы біз өзгелерге өмір жолына тұруға және содан таймауға көмектесе аламыз. Ендеше, асқан дана әрі сүйіспеншілікке толы Құдайымыз Ехобаға қызмет ете жүріп, “Киелі жазбалардың” барынша игілігін көрейік.

^ абзац 1 “Ехобаның еркін орындау үшін ұйымдасқанбыз” (ор.) кітабының 79-бетін қара.

^ абзац 7 Тәлім бергенде Иса жиі “Қалай ойлайсыңдар?” деп сұрап, адамның жауабын тыңдайтын (Мат. 18:12; 21:28; 22:42).

^ абзац 10 Пауыл хаттарында бізді әлсіздіктерімізбен күресуге шақырған (Рим. 6:12; Ғал. 5:16—18). Басқаларға берген кеңестерін оның өзі де қолданғаны шүбәсіз (Рим. 2:21).