“Саған ізашар болып қызмет ету оңай. Ата-анаң шындықта. Саған қаржылай көмектесіп тұрады”. Бұл сөздерді біз толық уақытты қызметті атқарып жүрген досымызға айтқан едік. Сонда ол: “Десе де бәріміздің Әкеміз бір ғой”,— деп жауап берді. Ол бізге маңызды бір жайтты есімізге салды: көктегі Әкеміз қызметшілерінің қамын ойлайды және оларға қажетті күш береді. Біз мұның растығына көз жеткіздік.

 БІЗ Финляндияның солтүстік Эстерботтендегі фермада тұрдық. Отбасымызда он бала едік. Ол кезде Екінші дүниежүзілік соғыс жүріп жатты. Үйіміз соғыс майданынан алыс болса да, біз адамдардың көп қасірет шегіп жатқанын білдік. Бір түні жақын маңда орналасқан Оулу мен Калайоки қалалары бомбаланғанда, аспан қызыл түске айналып кеткенін көрдік. Ата-анамыз бізге соғыс ұшақтарын көргенде дереу жасырыныңдар деп үйрететін. Сондықтан үлкен ағамыз Тауно бізге жерде жұмақ болатыны және қайғы-қасірет болмайтыны жайлы айтқанда көзіміз шырадай жанды.

Тауно шындықты 14 жасында “Киелі кітап зерттеушілерінің” әдебиеттерінен білді. Екінші дүниежүзілік соғыс басталғанда, оның Киелі кітапқа сай тәрбиеленген ар-ұжданы соғысқа қатысуға жібермеді. Содан ол түрмеге жабылды. Түрмеде оны қатты ұрып-соғатын. Бірақ бұл оның Ехобаға қызмет етуге деген шешімін әлсіретпеді, қайта, бостандыққа шыққан соң ол бұрынғыдан да зор құлшыныспен қызмет етті. Ағамыздың үлгісі бізді көрші ауылда өтетін кездесулерге баруға талпындырды. Біз конгрестерге де баратынбыз, алайда жолымызға жеткілікті ақша табу үшін көп тер төгуіміз керек болатын. Біз көршілерімізге киім тігіп беретінбіз және пияз өсіріп, жеміс жинайтынбыз. Фермада көп жұмыс істегендіктен біз бәріміз бірдей конгреске бара алмайтынбыз, сол себепті оған кезектесіп баратын болдық.

Солдан оңға қарай: Мэйти (әкеміз), Тауно, Саими, Мария Емилия (анамыз), Вайно (бөпе) және Аили мен Анники, 1935 жыл

Ехоба туралы және оның ниеті жайлы білгеніміз оған деген сүйіспеншілігімізді нығайтты. Содан біз оған өмірімізді бағыштауды шештік. 1947 жылы екеуіміз (15 жасар Анники мен 17 жасар Аили) бағышталудың белгісі ретінде шомылдыру рәсімінен өттік. Сайми әпкеміз де сол жылы шомылдыру рәсімінен өтті. Сондай-ақ тұрмыс құрған Линиа есімді әпкемізбен зерттеу өткіздік. Ол да отбасымен Ехоба куәгерлері болды. Шомылдыру рәсімінен өткеннен кейін біз арагідік уақытша (не қосалқы) ізашар болып қызмет етіп тұрамыз деп шештік.

ТОЛЫҚ УАҚЫТТЫ ҚЫЗМЕТТІ БАСТАУЫМЫЗ

Солдан оңға қарай: Эйва Каллио, Саими Матила-Сирюля, Аили, Анники және Сара Напонен, 1949 жыл

1955 жылы біз солтүстікке қарай Кеми қаласына көшіп бардық. Екеуіміз де толық уақыт жұмыс істегенімізбен, ізашар болғымыз келетін. Алайда ізашар болсақ, өзімізді асырай алмаймыз деп қорықтық, сондықтан алдымен аз-маз ақша жинауды шештік. Жоғарыда сөздері келтірілген ізашар қыз бауырласпен арамыздағы әңгіме сол кезде болған. Сол әңгімеден кейін біз ізашар болу тек қаражат пен отбасының қолдауына тәуелді емес екенін түсіндік. Ең бастысы — көктегі Әкемізге арқа сүйеу.

1952 жылы Куопиодағы конгреске барар жолда. Солдан оңға қарай: Анники, Аили, Эйва Каллио

Сол уақытта бізде өзімізді екі ай бойы қамтамасыз етуге жететін қаржы жиналды. Сол себепті 1957 жылдың мамыр айында ізашарлық қызметке өтініш қағазын толтырып, Лапландияның Солтүстік поляр шеңберінің жоғарғы жағында орналасқан Пелло қаласында екі ай  бойы ізашар ретінде қызмет еттік. Екі ай өткеннен кейін жинаған ақшамызды сол күйі жаратпадық, сол себепті келесі екі айда да ізашар болып қызмет етеміз деп шештік. Ал тағы екі айдан соң әлгі ақшамыз сол күйінде тұрды. Сонда Ехобаның қамымызды ойлайтынына көзіміз жетті. Міне, қазір ізашар болып жүргенімізге 50 жыл болса да, бір кездері жинаған ақшамыз сол қалпында қалды! Иә, Ехоба қолымыздан жетектеп алып жүріп, бізге: “Қорықпа, Мен сені қолдап-қорғаймын”,— дегендей болды (Ишая 41:13).

Ізашар болып жүргенімізге 50 жыл болса да, бір кездері жинаған ақшамыз сол қалпында қалды!

Каису Рейко мен Аили қызметте

1958 жылы аудандық бақылаушымыз Соданкюля қаласына көшіп барып, арнайы ізашарлар ретінде қызмет ете аласыңдар ма деп сұрады. Сол кезде онда тек бір ғана әйел бауырласымыз бар еді. Ол шындықты қызық жағдайда естіген. Оның ұлы сыныптастарымен бірге Финляндияның астанасы Хельсинкиге қыдырып барған болатын. Олар қаланы аралап жүрген кезде, бір қарт бауырлас топтың соңында келе жатқан әлгі балаға “Күзет мұнарасын” беріп, оны анасына беруін сұрады. Анасы журналды оқығанда шындықты тапқанын бірден түсінген.

Соданкюля қаласында біз ағаш кесетін зауыттың үстіңгі қабатындағы бөлмені жалдайтын болдық. Қауым кездесулерін сол жерде өткізетінбіз. Алғашында кездесулерде айналдырған төрт адам — біз, жергілікті әйел бауырлас және оның қызы — болатын. Біз жай ғана зерттеуге арналған мәліметтерді оқитынбыз. Кейін бұрын Куәгерлермен Киелі кітапты зерттеген бір ер адам зауытқа жұмысқа тұрды. Ол отбасымен бірге біздің кездесулерге келе бастады. Уақыт өте келе ол әйелі екеуі шомылдыру рәсімінен өтті. Содан бұл ер бауырлас кездесулерді өткізетін болды. Оның үстіне, зауытта істеп жүрген басқа ер адамдар да кездесулерге қатыса бастап, шындықты қабылдады. Екі жылдан соң біздің топ қауым болды.

ҚЫЗМЕТТІҢ ҚИЫНДЫҚТАРЫ

Қызметіміздегі қиындықтың бірі — үлкен арақашықтық еді. Мысалы, жаздыгүні аумағымыздағы адамдарды табу үшін біз жаяу не велосипедпен жүретінбіз, тіпті қайықпен де жүзген кездеріміз болған. Біз үшін әсіресе велосипедтің көмегі зор еді. Олармен конгрестерге және жүздеген шақырым қашықтықта тұратын ата-анамызға баратынбыз. Ал қыстыгүні таңертең автобуспен аумағымыздағы ауылдың біріне барып, сонда үйме-үй уағыздайтын едік. Ол жерді аралап болғаннан кейін келесісіне баратынбыз. Қалың болып жауған қар жиі жолдарды басып қалатын. Ондай кезде біз сол жермен жүріп өткен ат-арбаның ізімен жүретінбіз. Бірақ кейде  қар қайта жауып, сол іздерді жауып тастайтын. Сондай-ақ көктемнің басында қар еріп, жердің лайсаң болып жатқаны да талай қолайсыздық туғызатын.

Бірге аязда уағыздап жүрміз

Ауа-райы суық болғандықтан және қар жиі жауғандықтан жылы киінуді үйрендік. Біз жүн шұлық, оның үстіне қабаттап тағы бірнеше шұлық, ал содан кейін қонышы ұзын бәтеңке киетінбіз. Десе де бәтеңкелеріміз қарға толып қалатын. Сондықтан үйдің кіреберісінде бәтеңкелерімізді шешіп, ішіндегі қарды қағып тастайтынбыз. Ал ұзын пальтомыздың етегі қардан шылқылдап кететін де, аяздан тастай болып қатып қалатын. Бірде уағызда бір әйел бізге былай деген еді: “Мынандай қақаған аязда жүрсіңдер. Сендердің сенімдердің шынында да мықты-ау деймін”. Бұл әйелдің үйіне жету үшін біз 11 шақырым жол жүрген едік.

Біз көбінесе жергілікті тұрғындардың үйінде түнейтінбіз. Сондықтан кешке таман адамдардан тоқтайтын жер сұрастыра бастайтынбыз. Бұндағы үйлер қарапайым болғанымен, адамдар жылы шырай мен қонақжайлылық танытатын. Олар бізге ұйықтайтын жер ғана емес, тамақ та беретін. Көбінесе біз бұғы мен аюдың терісінің үстінде ұйықтайтынбыз. Барлық жағдай жасалған үйлерде тоқтаған кездеріміз де болған. Мысалы, бірде зәулім үйде тұратын бір әйел бізді екінші қабаттағы қонақтарға арналған бөлмеге орналастырды. Онда аппақ жамылғысы бар әдемі кереует тұрған еді. Сондай-ақ біз жиі үй иелерімен түннің бір уағына дейін Киелі кітап туралы сөйлесетінбіз. Ал бір ерлі-зайыптының үйінде болғанда, олар бөлменің бір бұрышында, ал біз басқа бұрышында ұйықтап қалдық. Себебі олардың кезек-кезек қойған сұрақтарына жауап беріп, таң атқанша Киелі кітап туралы сөйлестік.

ҚЫЗМЕТІМІЗДІҢ ЖЕМІСІН КӨРУДЕМІЗ

Лапландия — құнарсыз болса да, өте әдемі жер. Ол жылдың мезгіліне қарай түрлі әсем түстерге боялады. Алайда біз үшін Ехоба туралы білім алатын адамдар әлдеқайда әдемірек еді. Біз куәлік берген ақжүрек адамдардың қатарында Лапландияға ағаш кесетін зауытта жұмыс істеуге келгендер болды. Кейде біз бір үйшікке кіргенде, ішінде топырлаған еркектерді көретін едік. Сол ірі денелі ер кісілер ізгі хабарды тыңдап, әдебиеттерімізді алуға қуанышты болатын.

Қызметімізде талай қызық оқиғалар болған еді. Бір күні аялдамадағы сағат 5 минутқа алда болғандықтан, автобусымызға кешігіп қалдық. Содан басқа ауылға баруды шешіп, басқа автобусқа міндік. Сол ауылда біз бұрын-соңды уағыздамаған едік. Бірінші кірген үйден жас әйел шығып, бізге: “Мінеки, өздері де келді. Мен сендерді күтіп отырмын”,— деді. Сөйтсе, бұл кісі бізбен зерттеп жүрген әйелдің сіңлісі екен. Бұл әйел әпкесі арқылы дәл сол күні оған келуімізді өтінген екен. Бірақ бізге оның бұл өтініші жетпеді. Осылайша біз онымен және көрші үйлерде  тұратын туыстарымен Киелі кітап зерттеу сабағын бастадық. Көп ұзамай біз олардың бастарын қосып, зерттеу сабағын 12 адаммен бір-ақ өткізетін болдық. Кейін олардың көбісі Ехоба куәгерлері болды.

1965 жылы Солтүстік поляр шеңберінің төменгі жағында орналасқан Куусамо қаласындағы қазіргі қауымымызға тағайындалдық. Ол кездері бұл қауымда бірнеше жариялаушы ғана болды. Алғашында жаңа аумақта уағыздау қиын еді. Адамдар өте діншіл болғандықтан, бізді жақтырмайтын. Десе де көбісі Киелі кітапқа құрметпен қарайтын, ал бұл әңгімелерімізге жақсы негіз болатын. Содан біз бірте-бірте адамдарды жақсырақ біле бастадық және шамамен екі жыл өткеннен кейін олармен Киелі кітап зерттеу сабағын бастау оңайырақ болды.

ҚЫЗМЕТТЕ ӘЛІ ДЕ БЕЛСЕНДІМІЗ

Бізбен зерттеген адамдардың кейбірі

Бүгінде ұзақ уақыт жүріп уағыздауға күшіміз болмаса да, біз қызметке күніге дерлік шығамыз. Ініміз талпындырған соң, Аили 1987 жылы 56 жасында көлік айдауды үйреніп, құжат алды. Сол себепті қазір үлкен аумағымызда уағыздау жеңілдеу. Сондай-ақ біз жаңа Патшалық сарайына жалғанып соғылған бөлмеде тұрамыз. Бұл да бізге үлкен жеңілдік болды.

Финляндияның солтүстігіндегі көп адамның шындықты қабылдағанына біз өте қуаныштымыз. Алғашында бұл жерде бірнеше жариялаушы ғана бар еді. Қазір болса бірнеше қауымнан тұратын аудан бар. Жиі конгрестерде біреу-міреу келіп, өзін таныстырып, оны таныған-танымағанымызды сұрайтын. Кейде біз бұл адамдардың бала кездерінде отбасыларымен зерттегеніміз анықталатын. Жылдар, тіпті ондаған жылдар бұрын себілген тұқым жемісін беріп жатты! (Қор. 1-х. 3:6).

Тіпті жаңбырлы күндері де қызметтен қуаныш алып жүрміз

2008 жылы біздің арнайы ізашарлық қызметте болғанымызға 50 жыл толды. Бағалы қызметімізді жалғастыру үшін, бір-бірімізге демеу бола алғанымызға Ехобаға рақмет. Өміріміз қарапайым болса да, еш нәрседен тарыққан жоқпыз (Заб. 22:1). Басында ізашарлық қызметті бастаудан бекер тартынған екенбіз! Осыншама жылдар бойы Ехоба бізді келесі уәдесіне сай демеп келеді: “Абыржыма, Мен сенің Құдайыңмын! Саған қуат беріп көмектесемін, Жеңімпаз қолыммен сүйемелдеймін” (Ишая 41:10).