Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

Ехоба куәгерлері

Тілді таңдау қазақ

“Жақсылық жасаудан еш талмайық”

“Жақсылық жасаудан еш талмайық”

“Жақсылық жасаудан еш талмайық” (ҒАЛ. 6:9).

1, 2. Қалайша Ехобаның бүкіләлемдік ұйымы туралы ойланғанымыз сенімімізді арттырады?

БҮКІЛӘЛЕМДІК ұйымның мүшелері екенімізді ойлағанда, біз ерекше сезімге бөленеміз. Езекиел кітабының 1-тарауы мен Даниял кітабының 7-тарауында суреттелгендей, Ехоба ниеті орындалу үшін әрекет етіп жатыр. Иса Құдай ұйымының жердегі бөлігін жетелеп, олар ізгі хабарды уағыздау ісіне баса назар аударуы, бұл істі атқаратындарға қамқорлық көрсетуі және шынайы ғибадатты өркендетуі үшін басшылық беруде. Осыны білгеніміз Ехобаның ұйымына сенім артуға талпындырады (Мат. 24:45).

2 Ал сен осы керемет ұйыммен қатар жүрсің бе? Шындыққа деген алғашқы сүйіспеншілігің суып бара жатқан жоқ па? Өзіңе осындай сұрақтар қойғанда, құлшынысың бәсеңдеп жатқанын байқауың мүмкін. Бірінші ғасырда да елші Пауылға мәсіхшілерді Исаның құлшынысы туралы ойлануға талпындыруға тура келген. Пауыл: “Сонда шаршамайсыңдар, ұнжырғаларың да түспейді”,— деген (Евр. 12:3). Сол сияқты, Құдай ұйымының атқарып жатқан істері туралы баяндайтын алдыңғы мақаланы мұқият қарастырғанымыз құлшынысымыз бен табандылығымызды жоғалтпауға көмектескені сөзсіз.

3. Шаршап қалмау үшін бізге не істеу қажет және бұл мақалада нені қарастырамыз?

3 Алайда Пауылдың айтуынша, “шаршап қалмау”, яғни құлшынысымызды жоғалтпау үшін, бізге Құдай ұйымы туралы ой жүгірту жеткіліксіз. Пауыл “жақсылық жасауымыз” керектігін де айтқан (Ғал. 6:9). Демек, бізге әрекет ету қажет. Қазір бізге табанды болып қалуға әрі Ехобаның ұйымымен қатар жүруге көмектесетін істердің бесеуін қарастырайық. Сонда өзімізге және отбасымызға қай салада жақсару керектігін анықтай аламыз.

 БІР-БІРІМІЗДІ ЖІГЕРЛЕНДІРУ ЖӘНЕ ҒИБАДАТ ЕТУ ҮШІН ЖИНАЛУ

4. Неліктен біз кездесулер шынайы ғибадаттың маңызды бөлігі болып табылады деп айта аламыз?

4 Ехобаның қызметшілері үшін бас қосып отыру қашанда маңызды болған. Көкте рухани жаратылыстар белгілі бір уақытта Ехобаның алдына жиналып тұрады (Пат. 3-ж. 22:19; Әйүп 1:6; 2:1; Дан. 7:10). Ежелгі Исраил халқы “тыңдап, үйрену” үшін жиналуға тиіс болатын (Заң. қ. 31:10—12). Бірінші ғасырда яһудилер мәжілісханаларда жүйелі түрде бас қосып, Жазбаларды оқитын (Лұқа 4:16; Ел. іс. 15:21). Мәсіхшілер қауымы құрылғаннан бері кездесулер маңыздылығын жоғалтқан жоқ. Бүгінде де кездесулер ғибадатымыздың маңызды бөлігі болып табылады. Шынайы мәсіхшілер бір-бірін “сүйіспеншілікке және игі істерге талпындыру үшін” жиналады. Бізге “бір-бірімізді жігерлендіре беру” керек, себебі біз Ехобаның күні жақын қалғанын білеміз (Евр. 10:24, 25).

5. Қауым кездесулерінде бір-бірімізді қалай жігерлендіре аламыз?

5 Қауым кездесулерінде бір-бірімізді жігерлендірудің маңызды бір жолы — түсініктеме беру. Біз келтірілген сұраққа жауап беріп, жазба орнын түсіндіріп не Киелі кітап принциптерін қолдану пайдалы екенін көрсететін оқиға айтып беріп, сенімімізді жұрт алдында паш ете аламыз (Заб. 21:23; 39:10). Қауымға неше жыл келіп жүрмейік, жас пен қарт бауырластардың шын жүректен берген түсініктемелері бізге жігер береді.

6. Кездесулеріміз рухани белсенді болуымызға қалай көмектеседі?

6 Құдай өз халқының бірге жиналып тұрғанын тағы қандай себептермен маңызды деп санайды? Қауым кездесулері мен конгрестер бізге қарсылықтарға не адамдардың немқұрайдылығына кезіккенде, берілмеуге және батылдықпен уағыздауға көмектеседі (Ел. іс. 4:23, 31). Жазбаларды талқылағанда біздің сеніміміз нығаяды (Ел. іс. 15:32; Рим. 1:11, 12). Жиналыстарда тәлім алғанымыз әрі бір-бірімізді жігерлендіргеніміз бізге нағыз қуаныш әкеледі және “қиын-қыстау уақытта” жұбаныш береді (Заб. 93:12, 13). Басқарушы кеңестің Білім беру комитеті Ехобаның жержүзіндегі халқының қауым кездесулерінің бағдарламасын дайындайды. Апта сайын керемет тәлім алып отыратынымыз үшін қаншалықты ризамыз десеңдерші!

7, 8. а) Қауым кездесулерінің бірден-бір мақсаты не? ә) Кездесулер саған қандай пайда әкеледі?

7 Алайда біз кездесулерге жеке өзімізге пайдалы болғандықтан ғана бармаймыз. Жиналып тұруымыздың басты мақсаты — Ехобаға ғибадат ету (Забур 94:6 оқы). Құдайымызды мадақтау біз үшін зор мәртебе! (Қол. 3:16). Ехоба біздің кездесулерге барып, онда атсалысу арқылы оған жүйелі түрде ғибадат етуімізге лайық (Аян 4:11). Сол себепті де біз “кейбіреулер сияқты жиналыстарға бармай қалуды әдетке айналдырмайық” деп шақырыламыз (Евр. 10:25).

8 Қауым кездесулерін осы зұлым дүниенің соңы келгенше табанды болуымызға көмектесетін Ехобаның сыйы деп қарастырамыз ба? Олай болса, осы қарбалас кезеңде барлық кездесулерге қатысу үшін, қолдан келетінді істейтін боламыз (Філіп. 1:10). Сондай-ақ біз бауырластарымызбен бірге Ехобаға ғибадат ету мүмкіндігін, өте келелі себеп болмаса, жібермейтін боламыз.

ҚҰЛШЫНЫСПЕН УАҒЫЗДАУ

9. Неліктен уағыз ісі ең маңызды іс деуге болады?

9 Уағыз ісіне толыққанды атсалысқанымыз да Ехобаның ұйымымен қатар  жүруге көмектеседі. Иса жерде болғанда бұл іске бастама берген (Мат. 28:19, 20). Содан бері Патшалық туралы уағыздау мен шәкірт дайындау ісі Ехобаның бүкіл ұйымының ең басты ісі болып келеді. Бүгіндегі көптеген оқиғадан көрінетіндей, періштелер бұл істі қолдап, бізді “мәңгі өмірге ыңғай танытқандарға” жетелейді (Ел. іс. 13:48; Аян 14:6, 7). Құдай ұйымының жердегі бөлігі осы ең маңызды істі қолдау үшін құрылған. Ал сенің өміріңде уағыздау ісі басты орында тұр ма?

10. а) Шындыққа деген сүйіспеншілігімізді қалай суытып алмауға болатынын мысалмен түсіндір. ә) Қызмет саған “шаршап қалмауға” қалай көмектесіп жатыр?

10 Уағыз ісін құлшыныспен атқарғанымыз шындыққа деген сүйіспеншілігімізді жалындаған күйі сақтауға көмектеседі. Көп жылдан бері ақсақал әрі жалпы ізашар болып қызмет етіп келе жатқан Митчел бауырластың сөздеріне назар аударшы. Ол былай дейді: “Адамдарға шындық туралы айтқанды жақсы көремін. “Күзет мұнарасы” не “Ояныңдар!” журналынан оқыған жаңа мақала туралы ойлағанда, оның қандай даналықпен, түсінікпен әрі ақылға қонымды етіп жазылғанына таңғаламын. Сонда өзге адамдарға бұл мәлімет қалай әсер ететінін, олардың қызығушылығы оянып, көздері жайнағанын көру үшін қызметке шыққым келіп кетеді. Қызмет маған шындықта нық тұруға көмектеседі. Қалған істерді қызметке  жоспарлаған уақыттан бұрын істеп тастаймын не кейінге ысырып қоямын”. Біздің де қасиетті қызметімізден қолымыз босамайтын болса, осы соңғы күндері берік болып қала аламыз (Қорынттықтарға 1-хат 15:58 оқы).

ӘДЕБИЕТТЕРДІҢ ИГІЛІГІН КӨРУ

11. Неліктен әдебиеттердің барлығын оқып, білгендеріміз жайлы ой жүгіртуіміз керек?

11 Ехоба бізге мол рухани ас-су беріп нығайтуда. Әдебиетті оқып жатқанда, “Бұл маған нағыз қажет нәрсе ғой! Ехоба тура мен үшін жазып қойғандай!” деп таңырқаған кезің есіңде болар. Бұл кездейсоқ болатын нәрсе емес. Ехоба әдебиеттер арқылы бізге тәлім мен басшылық береді. Ол: “Мен саған ақыл-кеңес беремін, Жүретін жолыңды көрсетемін”,— деген (Заб. 31:8). Біз әдебиеттердің біреуін де қалдырмай оқып, білгендеріміз жайлы ой жүгіртуге тырысамыз ба? Осылай еткеніміз қызметте жемісті болуға және осы қиын-қыстау күндері рухани мықты болып қалуға көмектеседі (Забур 1:1—3; 34:28; 118:97 оқы).

12. Әдебиеттерімізді бағалауға бізге не көмектеседі?

12 Рухани ас-судың қалай дайындалатыны туралы ойланғанымыз оны бағалауға талпындырады. Әдебиеттеріміз бен Интернет сайтымыздағы мәліметтерді дайындау үшін, алдымен ізденіс жүргізіледі. Сосын олар жазылады, оқып-тексеріледі, суреттермен көркемделеді және аударылады. Бұл жұмыстардың барлығын Басқарушы кеңестің Жазушылар комитеті қадағалайды. Кейіннен әдебиеттерді басып шығаратын филиалдар оларды жақын әрі шалғай орналасқан қауымдарға жеткізеді. Мұның бәрі қандай мақсатпен жасалады? Ехобаның халқы рухани тоқ болып жүру үшін (Ишая 65:13). Ендеше, Ехобаның ұйымы арқылы алып жатқан осы рухани ас-судың бар игілігін көруге тырысайық (Заб. 118:27).

ҰЙЫМНЫҢ ЖАСАП ЖАТҚАН ШАРАЛАРЫН ҚОЛДАУ

13, 14. Ехобаның ұйымын көкте кімдер қолдауда және біз қалай қолдай аламыз?

13 Жохан аянда Исаның Ехобаға қарсы шыққандарды жеңу үшін ақ боз атта шауып келе жатқанын көрді (Аян 19:11—15). Ал Исаның соңынан адал періштелер және көктегі сыйларын алған майланғандар еріп келе жатты. Бұл олардың Исаны Басшылары ретінде қолдайтындарын көрсетеді (Аян 2:26, 27). Олардың керемет үлгісі бізді Ехобаның жасап жатқан шараларын қолдауға талпындырады.

14 Бүгінде ұлы жамағат жерде өмір сүріп жатқан және ұйымда басшылықты қолға алған Мәсіхтің майланған бауырларын барынша қолдайды (Зәкәрия 8:23 оқы). Ал сен Ехобаның жасап жатқан шараларын қолдайтыныңды қалай көрсете аласың? Мұның бір жолы — басшылықты қолға алғандарға бағыну (Евр. 13:7, 17). Мысалы, қауымымыздағы ақсақалдар туралы айтатын сөздеріміз өзгелерді оларды құрметтеуге және еңбектерін бағалауға талпындыра ма? Балаларымызды осы адал ер бауырластарды сыйлауға әрі Жазбаларға негіздеп берген кеңестеріне құлақ асуға үйретеміз бе? Сондай-ақ ұйымды қолдау үшін отбасымызбен бірге отырып, дүниежүзілік іске садақа жасауды жоспарлаймыз ба? (Нақ. с. 3:9; Қор. 1-х. 16:2; Қор. 2-х. 8:12). Патшалық сарайын тазалау мен жөндеу жұмыстары да ұйымды қолдауға жатады. Соларға қатысуды мәртебе санаймыз ба? Бірлік пен құрмет бар жерде, Ехобаның рухы да болады. Осы рух бізге дүниенің соңғы күндерінде шаршап қалмауға көмектесетін күш береді (Ишая 40:29—31).

 УАҒЫЗДАП ЖҮРГЕН ХАБАРЫМЫЗҒА САЙ ӨМІР СҮРУ

15. Неліктен біз дұрыс нәрсені жасау үшін аянбай күрес жүргізе беруіміз керек?

15 Табанды болу үшін әрі Ехобаның ұйымымен қатар жүру үшін, бізге уағыздап жүрген хабарымызға сай өмір сүру қажет. Бұл “Иемізге не ұнайтынына әрдайым көз жеткізіп отыруымыз” керектігін білдіреді (Ефес. 5:10, 11). Алайда Шайтан мен оның дүниесінің және кемелсіздігіміздің кесірінен дұрыс нәрсені істеу бізге өте қиын болып жатады. Аяулы бауырластарымыз, бүгінде кейбіреулерің Ехобамен қарым-қатынастарыңды сақтап қалу үшін, күн сайын аянбай күрес жүргізудесіңдер. Бұл сендерді Ехобаның көзінде аса бағалы етеді. Сондықтан еш берілмеңдер! Ехобаның еркіне сай өмір сүрсек, терең қанағат сезіміне бөленеміз әрі ғибадатымыз оған ұнамды екеніне сенімді боламыз (Қор. 1-х. 9:24—27).

Өзгелерге Ехобаның ғаламат ұйымының мүшесі бола алатындарын түсінуге бар ынтаңмен көмектес

16, 17. а) Ауыр күнә жасап қойсақ, не істеуіміз керек? ә) Айгерімнің бастан өткергенінен не нәрсеге үйрене аламыз?

16 Ал ауыр күнә жасап қойсаң, не істеуің керек? Мүмкіндігінше тез көмек ізде. Күнәні жасырғаның жағдайды тек ушықтырып жібереді. Дәуіт күнәсін жасырғанда не дегенін есіңе алшы. Ол: “Сонда аяқ-қолым сырқырай берді, Ыңқылдап жүрдім күні бойы”,— деген (Заб. 31:3). Иә, күнәні жасырғанымыз қажытып жібереді әрі рухани күйімізді әлсіретеді. Ал “оларын мойындап, бас тартқан рақым көреді” (Нақ. с. 28:13).

17 Айгеріммен * болған жағдайды қарастырып көрейік. Жасөспірім болған кезінде Айгерім жалпы ізашар болып қызмет еткен. Бірақ кейіннен ол екіжақты өмір сүре бастады. Содан көп зардап шекті. Ол былай деп айтып берді: “Ар-ұжданым мені мазалап қоймады. Өзімді үнемі бақытсыз сезініп, қатты күйзеліп жүрдім”. Бір күні ол жиналыста отырғанда Жақып 5:14, 15 оқылды. Сонда Айгерім өзіне көмек қажет екенін түсінді де, қауым ақсақалдарына жолықты. Өткенді есіне алып, ол былай дейді: “Аталмыш тармақтар — Ехобаның рухани аурудан сауығуымыз үшін жазып берген нұсқауы. Бұл “дәріні” ішу қиын, бірақ ол сауығып кетуге көмектеседі. Мен осы тармақтарда жазылған кеңеске сай әрекет еттім және оның пайдасын көрдім”. Қазір Айгерім қайтадан құлшыныспен қызмет етіп жүр және ар-ұжданы таза.

18. Біз не істеуге бел бууымыз керек?

18 Осы дүниенің соңғы күндері Ехобаның тамаша ұйымының бөлігі болу неткен мәртебе! Ендеше, бұны бағаламай кетпейік. Қайта, отбасымызбен бірге қауым кездесулеріне жүйелі түрде қатысайық, зор құлшыныспен қызмет етейік әрі рухани ас-судың игілігін барынша көруге тырысайық. Сондай-ақ басшылықты қолға алатындарды қолдап, уағыздап жүрген хабарымызға сай өмір сүрейік. Солай етер болсақ, біз Ехобаның ұйымымен қатар жүріп қана қоймай, жақсылық жасаудан еш талмаймыз!

^ абзац 17 Есімі өзгертілген.