Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

Ехоба куәгерлері

Тілді таңдау қазақ

Ехобаның ұлы есімін даңқта!

Ехобаның ұлы есімін даңқта!

“Сенің есіміңді мәңгі бақи даңқтаймын” (ЗАБ. 85:12).

1, 2. Ехоба куәгерлері Құдай есіміне қалай қарайды, ал мәсіхшілер әлемінің шіркеулері ше?

МӘСІХШІЛЕР ӘЛЕМІНІҢ шіркеулері, жалпы алғанда, Құдай есімін қолданбайды. Мысалы, олардың Киелі кітап аудармаларының бірінде мынадай алғы сөз жазылған: “Жалғыз Құдайды қандай да бір жалқы есіммен атау... Мәсіхшілер Шіркеуінің бүкіләлемдік сенімі үшін мүлдем жат нәрсе болып табылады” (“Revised Standard Version”).

2 Ал Ехоба куәгерлері болса Құдай есімімен аталып, оны даңқтау мүмкіндігін мақтан тұтады (Заб. 85:12; Ишая 43:10 ЖД). Оның үстіне, біз бұл есімнің мағынасын және оның киелі етілумен байланысты бүкіләлемдік даудың мәнін түсінетінімізді мәртебе санаймыз (Мат. 6:9). Алайда бұған немқұрайды қарап кетпеу үшін үш маңызды сұрақты қарастырайық. Олар: Құдай есімін білу деген нені білдіреді? Қалай Ехоба өзінің ұлы есімінің мағынасына сай әрекет етіп келді және есімінің ұлылығына ұлылық қосты? Сондай-ақ қалайша біз Ехобаның есімімен жүре аламыз?

ҚҰДАЙ ЕСІМІН БІЛУ ДЕГЕН НЕНІ БІЛДІРЕДІ?

3. Құдай есімін білу деген нені білдіреді?

3 Құдайдың есімін білу “Ехоба” деген сөзді білуден әлдеқайда көп нәрсені қамтиды. Бұған Ехобаның қасиеттері, ниеті және іс-әрекеттері, әсіресе қызметшілерімен қарым-қатынасы туралы білу жатады. Ниетін жүзеге асыру барысында Ехоба өзінің қандай Құдай екенін біртіндеп көрсетіп отырады (Нақ. с. 4:18). Ехоба өз есімін алғашқы адам жұбына білдірген. Біз мұны Хауа ананың Қабылды туғанда айтқан сөздерінен білеміз (Жар. 4:1 ЖД). Нұх, Ыбырайым, Ысқақ және Жақып сияқты адал қызметшілер де Құдай есімін білген. Ал Құдай оларды жарылқағанда, қамқорлағанда және ниетіне қатысты жайттарды ашып отырғанда, олар оны жақынырақ тани берген. Жылдар өте Мұса  Құдай есімінің мағынасы туралы ерекше бір жайтты білді.

Мұса Құдай есімінің мағынасын білген әрі бұл оның сенімін нығайтты

4. Неліктен Мұса Құдайдың есімін сұрады және неге ол исраилдіктерді Құдайдың оларды құтқаратынына сендіргісі келді?

4 Мысырдан шығу 3:10—15 оқы. Мұса 80 жасқа келгенде, Құдай оған: “Сен халқым Исраилді Мысырдан бастап алып шығасың!”— деп бұйырды. Сонда Мұса құрметпен мағыналы сұрақ қойды. Ол былайша айтқанда: “Сенің атың кім?”— деп сұрады. Алайда Құдайдың есімі бұрыннан белгілі болды ғой. Онда Мұса бұл сұрақты не үшін қойды? Ол бұл есіммен аталатын тұлғаны жақынырақ білгісі келді. Мұса исраилдіктерді Құдайдың оларды расында да құтқаратынына сендіргісі келді, өйткені олар көп жылдан бері құлдықта жүрген еді. Исраилдіктер ата-бабаларының Құдайы оларды құтқара алатынына күмәнданған болса керек. Кейбіреулері тіпті Мысыр құдайларына бас ұрып кеткен болатын (Езек. 20:7, 8).

5. Мұсаға берген жауабында Ехоба өз есімінің мағынасын қалай аша түсті?

5 Ехоба Мұсаның сұрағына қалай жауап берді? Ол былай деді: “Исраилдіктерге: — Мен кім болсам Сол боламын деген мені сендерге жіберді,— деп айт” * (14-тармақтың сілтемесі). Кейін сөзін жалғап былай деді: “Исраилдіктерге мынаны да айт: — Ата-бабаларыңның... Құдайы — Жаратқан Ие [Ехоба ЖД] мені сендерге жіберіп отыр”. Бұл сөздермен Құдай өз ниетін жүзеге асырып, берген уәдесін әрдайым орындау үшін, кім болуды қаласа, сол бола алатынын білдірді. Сол себепті де 15-тармақта біз Ехобаның келесі сөздерін оқимыз: “Мәңгі бақи Менің атым осылай болмақ. Күллі келер ұрпақтар да Мені осы есіміммен естеріне сақтасын”. Бұл сөздер Мұсаның сенімін нығайтып, Құдайды қастерлеуге талпындырғаны сөзсіз.

ЕХОБА ҰЛЫ ЕСІМІНІҢ МАҒЫНАСЫНА САЙ ӘРЕКЕТ ЕТТІ

6, 7. Қалайша Ехоба ұлы есімінің мағынасына сай әрекет етті?

6 Мұсаға тапсырма бергеннен кейін көп ұзамай Ехоба исраилдіктер үшін Құтқарушы болу арқылы өз есімінің мағынасына сай әрекет етті. Ол мысырлықтарға он апат жіберіп, перғауын мен Мысыр құдайларының дәрменсіздігін айқын етті (Мыс. ш. 12:12). Содан кейін Ехоба Қызыл теңізді қақ айырып, ортасымен Исраил халқын алып шықты, ал перғауын мен оның әскерін теңізге батырды (Заб. 135:13—15). Шөл далада Ехоба екі не үш миллион я одан да көп халқын ас-сумен қамтамасыз  етті. Ол тіпті киімдері мен аяқкиімдерінің де тозбауы үшін керемет жасады (Заң. қ. 1:19; 29:5). Иә, Ехобаға теңдесі жоқ есімінің мағынасына сай әрекет етуіне еш нәрсе кедергі бола алмайды. Кейін ол Ишаяға былай деді: “Мен Ехобамын, менен басқа құтқарушы жоқ!” (Ишая 43:11 ЖД).

7 Мұсаның орынбасары Ешуа да Ехобаның Мысырда және шөл далада жасаған үрей туғызатын істерінің куәсі болған. Сол себепті өмірінің соңында ол исраилдіктерге зор сеніммен былай деді: “Шын жүректен, бар жан дүниелеріңмен мынаны мойындауларың керек: Құдай Иелеріңнің өздеріңе берген барлық игілікті уәделерінің біреуі қалмастан бәрі жүзеге асты. Оның бір сөзі де орындаусыз қалған жоқ” (Ешуа 23:14). Расында да, Ехоба есімінің мағынасына сай әрекет етті.

8. Қалайша Ехоба бүгінде өз есімінің мағынасына сай әрекет етуде?

8 Бүгінде де Ехоба кім болуды қаласа, сол болуда. Ұлы арқылы ол осы дүниенің соңғы күндері Патшалық туралы хабардың “бүкіл жер бетінде уағыздалатынын” алдын ала айтты (Мат. 24:14). Құдіреті шексіз Құдайдан басқа кім мұндай істің болатынын алдын ала айтып, оның жүзеге асуына жағдай жасап, бұл істі “арнайы білімі жоқ қарапайым адамдардың” қолымен атқара алады? (Ел. іс. 4:13). Демек, бұл іске атсалысуымызбен біз Киелі кітап пайғамбарлығының орындалуына үлес қосамыз әрі Әкемізді даңқтаймыз. Сондай-ақ уағыздау ісіне қатысу арқылы “Сенің есімің киелі тұтылсын! Сенің Патшалығың келсін! Сенің еркің көктегідей жер бетінде де орындалсын!” деген дұғаларымыздың орындалғанын шынымен де қалайтынымызды көрсетеміз (Мат. 6:9, 10).

ОНЫҢ ЕСІМІ ҰЛЫ

Перғауын Ехобаны Құдай деп мойындаудан бас тартқан

9, 10. Исраилмен қарым-қатынасында қалайша Ехоба өз есімінің мағынасын аша түсті және мұның нәтижесі қандай болды?

9 Исраилдіктер Мысырдан шыққан соң көп ұзамай Ехоба оларға Заң келісімінің негізінде “күйеу” болып, мұнымен байланысты жауапкершіліктердің бәрін мойнына алды. Ал исраилдіктер бейнелі әйелі, оның атымен аталатын халқы болды (Ишая 54:5 сілт., 6). Олар талаптарына мойынсұнғанда, Ехоба оларды жарылқап, қорғап, тыныштық сыйлайтын кемелді “Күйеу” болатынын уәде етті (Ру. сан. 6:22—27). Нәтижесінде күллі халықтар Ехобаның ұлы есімін даңқтайтын болар еді (Заңды қайталау 4:5—8; Забур 85:7—10 оқы). Исраил Құдай халқы болып отырған кезде шынайы ғибадатқа көптеген жатжерліктер қосылды. Олар: “Сіздің халқыңыз менің халқым, сіздің Құдайыңыз менің Құдайым болады!”— деген моабтық Рут сияқты әрекет етті (Рут 1:16).

 10 Шамамен 1500 жыл бойы Ехоба исраилдіктерге өзін жаңа қырынан танытып отырды. Халықтың бүлікшілдігіне қарамастан, Ехоба қайта-қайта “мейірімді де қайырымды” екенін әрі “тез қаһарланбайтынын да” көрсетті. Ол төзімді әрі асқан шыдамды Құдай болды (Мыс. ш. 34:5—7). Алайда Ехобаның шыдамының шегі бар. Яһуди халқы Құдай Ұлынан бас тартып, оны өлтіргенде, Құдайдың шыдамы шегіне жетті (Мат. 23:37, 38). Исраил ұрпақтары Құдайдың атымен аталатын халық болудан қалды. Олар рухани өлі күйге түсіп, Ехоба үшін қураған ағаш іспетті болды (Лұқа 23:31). Бұл олардың Құдай есіміне деген көзқарасына қалай ықпал етті?

11. Неліктен исраилдіктер Құдай есімін қолданбайтын болды?

11 Тарих көрсететіндей, уақыт өте келе исраилдіктерде Құдайдың есімін атауға болмайды деген ырым пайда болды (Мыс. ш. 20:7). Бірте-бірте олар Құдай есімін қолданбайтын болды. Есімінің осылайша қорланып жатқаны Ехобаны қатты ренжіткені сөзсіз (Заб. 77:40, 41). Сонда “бір атағы “Қызғаныш” болып табылатын Құдай өзінен бас тартқан және ықыласынан айырылған Исраил халқы бұдан былай оның есімімен аталмайды деп шешті (Мыс. ш. 34:14). Бұл Жаратушымыздың есіміне зор құрметпен қарағанымыз қаншалықты маңызды екенін түсінуге көмектеседі.

ҚҰДАЙ АТЫМЕН АТАЛАТЫН ЖАҢА ХАЛЫҚ

12. Ехоба өз атымен аталатын халықты қалай құрды?

12 Еремия арқылы Ехоба жаңа халықпен, яғни рухани Исраил халқымен “Жаңа Келісім” орнату ниетін білдірді. Еремия айтқандай, бұл халықтың “үлкенді-кішілі барлығы да” Ехобаны “жақыннан танып білетін болады” (Ерм. 31:31, 33, 34). Бұл пайғамбарлық б. з. 33 жылғы Елуінші күн мейрамында Құдай жаңа келісім жасағанда орындала бастады. Жаңа халық — яһудилер мен басқа ұлт адамдарынан тұратын “Құдайдың Исраилі” — “[Құдайдың] өз атымен аталатын халқы” болды (Ғал. 6:16; Елшілердің істері 15:14—17 оқы; Мат. 21:43).

13. а) Ертедегі мәсіхшілер Құдай есімін қолданған ба? Түсіндір. ә) Қызметте Ехобаның есімін қолдану мәртебесіне қалай қарайсың?

13 Құдайдың атымен аталатын рухани халықтың мүшелері Құдай есімін қолданған. Мысалы, олар Еврей жазбаларынан үзінді келтіргенде осылай еткен *. Елші Петір б. з. 33 жылғы Елуінші күн мейрамында яһудилер мен яһуди дініне кіргендерден тұрған қалың жұрттың алдында сөз сөйлегенде, Құдай есімін бірнеше рет қолданған (Ел. іс. 2:14, 20, 21, 25, 34). Ертедегі мәсіхшілер Ехобаны дәріптеген, сондықтан ол олардың уағыздау ісіне батасын берген. Бүгінде де біз оның есімін ашық жариялап, оны қызығушылық білдірген адамдарға, мүмкін болса, өз Киелі кітаптарынан көрсетсек, Ехоба біздің қызметімізге батасын беретін болады. Осылайша біз оларды шынайы Құдаймен таныстырамыз. Бұл — олар үшін де, біз үшін де үлкен мәртебе! Құдайды білуге ықылас білдіргендер үшін бұл әрқашан нығая беретін әрі мәңгіге ұласатын керемет қарым-қатынастың бастамасы болуы ықтимал.

14, 15. Жолдан таюшылықтың жайлауына қарамастан, қалайша Ехоба өз есімін сақтады?

14 Кейін ертедегі мәсіхшілердің қауымында, әсіресе елшілер өлген соң жолдан таюшылық белең алды (Сал. 2-х. 2:3—7). Жалған ұстаздар яһудилердің Құдай есімін ауызға алмау  дәстүрін ұстана бастады. Сонда Ехоба өз есімінің ұмыт болуына жол берді ме? Әрине, жоқ! Оның нақты қалай дыбысталу керектігін анықтау мүмкін болмаса да, бұл есім біздің күнімізге дейін сақталған. Ғасырлар бойы Құдай есімі Киелі кітаптың түрлі аудармалары мен Киелі кітапты зерттеген ғалымдардың еңбектерінде кездескен. Мысалы, 1757 жылы Чарлз Питерз Құдайдың көптеген лауазымдарымен салыстырғанда, “Ехоба деген есімнің... оның болмысын ең айқын суреттейтіні” туралы жазған. 1797 жылы шыққан Құдайға ғибадат ету туралы кітабының 7-тарауын Хоптон Хейнс былай деп бастаған: “ЕХОБА деген — яһудилер қолданған ҚҰДАЙДЫҢ есімі. Олар тек соған ғана ғибадат ететін. Мәсіх пен оның елшілері де солай еткен”. Ал Генри Гру (1781—1862) Құдай есімін қолданып қана қоймай, бұл есімнің қараланғанын және киелі етілуі керектігін түсінген. Джордж Сторрз (1796—1879) бен оның серіктесі Чарлз Расселл де Құдай есімін қолданған.

15 Құдай халқы үшін 1931 жыл ерекше болды, өйткені “Халықаралық Киелі кітап зерттеушілері” сол жылы “Ехоба куәгерлері” деген Жазбаларға негізделген атауды алды (Ишая 43:10—12 ЖД). Осылайша олар жалғыз шынайы Құдайдың қызметшілері, яғни оның “атымен аталатын халық” болуды мақтан тұтатынын және бұл есімді дәріптейтіндерін паш етті (Ел. іс. 15:14). Бұл оқиғалар Ехобаның Малахи 1:11-дегі сөздерін есімізге түсіреді: “Күннің шығысынан батысына дейін халықтар арасында Менің есімім зор даңққа бөленеді”.

ЕХОБАНЫҢ АТЫМЕН ЖҮР

16. Неліктен Ехобаның атымен жүруді мәртебе санауымыз керек?

16 Миха пайғамбар былай деп жазды: “Барлық халықтар өз құдайларының атымен жүреді; ал біз мәңгі бақи Ехоба Құдайымыздың атымен жүретін боламыз” (Миха 4:5 ЖД). “Киелі кітап зерттеушілері” үшін Ехобаның есімімен аталу тек зор мәртебе ғана емес. Бұл — олардың Құдайдың ықыласына бөленгендерінің белгісі (Малахи 3:16—18 оқы). Ал сен туралы не деуге болады? Сен “Ехобаның атымен жүруге” барынша тырысасың ба? Бұл нені білдіретінін жете түсінесің бе?

17. Құдайдың есімімен жүруге не жатады?

17 Құдайдың атымен жүруге кем дегенде үш нәрсе жатады. Біріншіден, біз “Ехобаны атын атап көмекке шақырған әркім құтқарылатынын” түсіне отырып, бұл есімді басқаларға жариялауымыз керек (Рим. 10:13). Екіншіден, бізге Ехобаның қасиеттерін, әсіресе сүйіспеншілігін таныту керек (Жох. 1-х. 4:8). Ал үшіншіден, әділ талаптарына қуанышпен бағыну арқылы Құдай атымен жүреміз. Әйтпесе, Әкеміздің есіміне кір келтіреміз (Жох. 1-х. 5:3). Сен “мәңгі-бақи өзіміздің Ехоба Құдайымыздың атымен жүруге” бел будың ба?

18. Неліктен Ехобаның ұлы есімін дәріптейтіндер болашаққа сеніммен қарайды?

18 Жақын болашақта Ехобаны елемейтін не оған қарсы шығатындардың бәрі оны мойындауға мәжбүр болады (Езек. 38:23). Олар “Мен оның айтқанын істейтіндей Ехоба деген кім сонша?” деген, бірақ көп ұзамай-ақ Ехобаның құдіретті Құдай екенін мойындаған перғауынының кебін киеді (Мыс. ш. 5:1, 2 ЖД; 9:16; 12:29). Ал біз болсақ, Ехобаны танып білуге шын ықылас білдірдік әрі оның есімімен аталып, оның мойынсұнғыш халқы болуды мақтан тұтамыз. Сол себепті болашаққа үмітпен қарап, Забур 9:11-дегі (сілт.) келесі сөздерге сенеміз: “Есіміңді шын білетіндер Саған сенім артады, Ием, тастап кетпейсің Өзіңе сиынғанды”.

^ абзац 5 Құдай есімі еврейдің “болу” деген етістігінен шыққан. Демек, Ехоба “ол болғызады” дегенді білдіреді.

^ абзац 13 Ертедегі мәсіхшілер қолданған Жазбалардың еврей тіліндегі мәтінінде тетраграмматон кездескен. Септуагинт деп аталатын Еврей жазбаларының грек тіліндегі аудармасының алғашқы көшірмелерінде де тетраграмматон кездескен деуге негіз бар.