Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

Ехоба куәгерлері

Тілді таңдау қазақ

Ехобаның қорғаныш беретін “аңғарында” қала беріңдер

Ехобаның қорғаныш беретін “аңғарында” қала беріңдер

“Жаратқан Ие ежелгі замандарда шайқасқандай, осы халықтарға қарсы шайқасады” (ЗӘК. 14:3).

1, 2. Біз қандай соғыстың табалдырығында тұрмыз және Құдайдың қызметшілеріне бұл соғыста не істеудің қажеті болмайды?

БҰЛ 1938 жылы 30 қазанда болды. Құрама Штаттарда миллиондаған адам радиодан театрлық қойылымды тыңдап жатты. Ол күнгі қойылым “Әлемдердің соғысы” атты ғылыми-фантастика жанрындағы кітапқа негізделген болатын. Актёрлар жаңалықтар жүргізушілердің рөлін ойнап, Марстан келген мақұлықтардың Жерді құртып жіберетіндерін хабарлаумен болды. Мұның жай ғана театрлық қойылым екені ескертілсе де, бұл шынымен болып жатыр деп ойлаған көп адам қатты қорқып кетті. Кейбіреулер тіпті ойдан шығарылған дұшпандардан қорғану үшін белгілі бір шаралар қолданды.

2 Бүгінде біз шын соғыстың табалдырығында тұрмыз. Бірақ адамдар оған дайын емес. Бұл соғыстың болатыны ғылыми-фантастикалық шығармада емес, Құдай рухының жетелеуімен жазылған Киелі кітапта алдын ала айтылған. Бұл — Армагеддон шайқасы, яғни Құдайдың осы зұлым дүниеге қарсы соғысы (Аян 16:14—16). Армагеддонның кезінде Құдай қызметшілеріне соғысудың қажеті болмайды. Олар Құдайдың өздерін керемет түрде құтқару үшін қолданатын орасан зор күшін көреді.

3. Біз қандай пайғамбарлықты қарастырамыз және оның бізге қандай пайдасы тимек?

3 Зәкәрия кітабының 14-тарауында жазылған пайғамбарлықтың Армагеддон шайқасымен тікелей байланысы бар. Осыдан 2500 жыл бұрын жазылса да, бұл сөздер біздің өмірімізге де қатысты (Рим. 15:4). Пайғамбарлықта айтылғанның көбісі 1914 жылы Мәсіхтің Патшалығы көкте орнаған кезден бері Құдай халқына  ықпал етіп келген оқиғалармен және жақын болашақта орын алатын жан тебірентерлік жайттармен байланысты. Онда “өте кең аңғар” мен “тірі суға” баса назар аударылады (Зәк. 14:4, 8). Бұл аңғар Ехобаның қызметшілері үшін қорғаныш болады. Ал тірі су нені бейнелейтінін білгенде, біз оны ішу қажет екенін біліп қана қоймай, оған құштар да боламыз. Ендеше, бұл пайғамбарлыққа ерекше ден қоялық (Пет. 2-х. 1:19, 20).

“ЖАРАТҚАН ИЕНІҢ КҮНІ КЕЛЕ ЖАТЫР!”

4. а) “Жаратқан Иенің күні” қашан басталды? ә) 1914 жылдан бұрын Ехобаның халқы қандай хабарды жариялады және дүниенің көсемдері мұны қалай қабылдады?

4 Зәкәрия кітабының 14-тарауы “Жаратқан Иенің күні келе жатыр!” деген сөздермен басталады (Зәкәрия 14:1, 2 оқы). Бұл қандай күн? Бұл — “Иеміздің күні”. Ол “дүниенің үстінен патшалық ету билігі” “Иемізге және Мәсіхке” тиесілі болғанда басталды (Аян 1:10; 11:15). Бұл күн 1914 жылы Мәсіхтің Патшалығы көкте туылған кезде басталды. 1914 жылдан көп жыл бұрын Ехобаның қызметшілері “басқа ұлттарға берілген уақыт” сол жылы аяқталатынын және дүниеде бұрын-соңды болмаған қасірет заманы туатынын жариялады (Лұқа 21:24). Ал халықтар бұл хабарды қалай қабылдады? Осы уақтылы берілген ескертуге құлақ асудың орнына, дүниенің саяси және діни көсемдері бұл құлшынысты майланған жариялаушыларды келемеждеп, қудалады. Осылайша бұл көсемдер Құдіреті шексіз Құдайды масқаралады, өйткені бұл мәсіхшілер “көктегі Иерусалимнің”, яки Құдай Патшалығының өкілдері болып табылады (Евр. 12:22, 28).

5, 6. а) Халықтар “қала” мен оның тұрғындарына қарсы алдын ала айтылған қандай әрекет жасады? ә) “Қалада қалдырылғандар” кімдер еді?

5 Зәкәрия халықтардың нақты не істейтінін сипаттап: “Қала [Иерусалим] олардың қолына түседі”,— деді. “Қала” Құдай Патшалығын білдіреді. Майланған мәсіхшілердің жердегі тамтығы осы Патшалықтың “азаматтары” болып табылады (Філіп. 3:20 сілт.). Бірінші дүниежүзілік соғыстың кезінде Ехобаның ұйымының жердегі бөлігінің маңызды мүшелері “қолға түсіп”, Атланта қаласында (Джорджия, АҚШ) түрмеге жабылды. “Үйлер талан-таражға салынды”, яғни осы және Құдайдың басқа да адал қызметшілері әділетсіздік пен қатыгездіктің құрбаны болды. Сондай-ақ қарсыластар майланған тамтықтың әдебиеттері мен уағыз істеріне тыйым салды.

6 Саны жағынан басым қарсыластар Құдай халқына жалған айып тағып, қудалағанымен, шынайы ғибадатты құрта алмады. “Қалада қалдырылғандар”, яғни майланған тамтықтың мүшелері “әкетілуден” бас тартты.

7. Ехобаның майланған куәгерлері бәріміз үшін қандай үлгі?

7 Бұл пайғамбарлық Бірінші дүниежүзілік соғыстың соңында толық орындалып болды ма? Жоқ. Майланған тамтық пен олардың жерде мәңгі өмір сүруге үміті бар адал серіктерін әлі де көп қарсылық күтіп тұрды (Аян 12:17). Мысалы, Екінші дүниежүзілік соғыстың кезінде бауырластарымыз жантүршігерлік қуғын-сүргінге кезікті. Майланған мәсіхшілердің адалдықтың ақ жолынан таймағандары бізді сенбейтін туыстардың, әріптестердің және сыныптастардың келеке-мазағына не кез келген басқа сынақтарға төзуге  талпындырады (Пет. 1-х. 1:6, 7). Дүниенің қай бұрышында тұрмайық, біз “қарсыластарымыздан еш қаймықпай”, “берік әрі өзара ниеттес” болуға белімізді бекем буып отырмыз (Філіп. 1:27, 28). Алайда Құдай қызметшілері өздерін жеккөретін дүниеде қалай қорғаныш таба алады? (Жох. 15:17—19).

ЕХОБА “ӨТЕ КЕҢ АҢҒАР” ЖАСАДЫ

8. а) Киелі кітапта таулар нені бейнелеуі мүмкін? ә) “Зәйтүн тауы” нені білдіреді?

8 “Қала”, яғни Иерусалим Құдай Патшалығының бейнесі болғандықтан, “Иерусалимнің шығысындағы Зәйтүн тауы” да бір нәрсенің бейнесі болу керек. Бұл тау нені білдіреді? Қалайша ол “қақ айырылып”, екі тау болмақ? Неліктен Ехоба оларды “Менің тауларым” деп атаған? (Зәкәрия 14:3—5 оқы). Киелі кітапта таулар кейде патшалықтарды немесе үкіметтерді білдіреді. Сондай-ақ жиі бата мен құтқарылу Құдай тауынан келеді деп айтылады (Заб. 71:3; Ишая 25:6, 7). Демек, Құдайдың аяғы тұрған Иерусалимнің шығысындағы Зәйтүн тауы Ехобаның бүкіләлемдік билігін білдіреді.

9. “Зәйтүн тауы” қай мағынада қақ айырылады?

9 Зәйтүн тауының қақ айырылғаны нені білдіреді? Оның қақ айырылуы Ехобаның басқа бір қосалқы билікті орнатуын білдіреді. Бұл — Иса Мәсіхтің қолындағы Патшалық. Сол себепті Ехоба “Зәйтүн тауы” қақ айырылғанда пайда болған екі тауды “Менің тауларым” деп атайды (Зәк. 14:4, 5). Олардың екеуі де сонікі.

10. Екі таудың арасындағы “өте кең аңғар” нені білдіреді?

10 Бейнелі тау қақ айырылып, бір жартысы солтүстікке, екінші жартысы оңтүстікке қарай жылжығанда, Ехобаның аяғы екі тауда да тұра береді. Ехобаның аяғының астында “өте кең аңғар” пайда болады. Бұл бейнелі аңғар Құдайдың қызметшілері оның бүкіләлемдік билігінің және Мәсіх Патшалығының қол астында табатын қорғанышты білдіреді. Иә, Ехоба шынайы ғибадаттың жойылып кетуіне ешқашан жол бермейді. Ал Зәйтүн тауы қашан қақ айырылды? Бұл 1914 жылы “басқа ұлттардың уақыты” аяқталып, Мәсіх Патшалығы орнағанда болды. Ал Құдайдың шынайы қызметшілері бұл бейнелі аңғарға қай кезде қаша бастады?

ҚҰДАЙ ХАЛҚЫ АҢҒАРҒА ҚАША БАСТАДЫ

11, 12. а) Құдай халқы бейнелі аңғарға қай кезде қаша бастады? ә) Ехоба өз халқын құдіретті қолымен қорғап отырғанын не дәлелдейді?

11 Иса ізбасарларын былай деп ескертті: “Барлық ұлттар менің атыма бола сендерді жек көретін болады” (Мат. 24:9). Осы дүниенің соңғы күндері, яғни 1914 жылдан бері қарсылық үдейе түсті. Алайда Бірінші дүниежүзілік соғыстың кезінде ұлттар қатты қарсылық көрсетіп, кейбірін түрмеге жапқанымен, олар майланған тамтықтың көзін құрта алмады. 1919 жылы олар түрмеден шығарылды, ал кейін Ұлы Бабылдың, яғни дүниежүзілік жалған діндер империясының шеңгелінен босатылды (Аян 11:11, 12) *. Міне, сол кезде Құдай халқы Ехобаның тауларының арасындағы аңғарға қаша бастады.

12 1919 жылдан бері Құдайдың жер-жердегі қызметшілері оның қорғаныш беретін аңғарында жүр. Тарих бойы көптеген үкіметтер Ехоба  куәгерлерінің уағыз ісіне және әдебиеттеріне тыйым салған. Қазір де кей елдердегі бауырластарымыздың жағдайы осындай. Бірақ ұлттар қалай тырыспасын, олар шынайы ғибадатты ешқашан жоя алмайды. Ехоба әрі қарай да өз халқын құдіретті қолымен қорғайды (Заң. қ. 11:2).

13. Ехобаның қорғаныш беретін аңғарында қалу үшін не істеуіміз керек және неге бұлай ету әсіресе қазір маңызды?

13 Егер Ехобаға етене жақын болсақ және шындықта нық тұрсақ, Құдай мен оның Ұлы Иса Мәсіх өз тарапынан барлығын жасайды. Құдай еш нәрсенің және ешкімнің бізді “қолынан тартып алуына” жол бермейді (Жох. 10:28, 29). Ехоба өзіне, яғни Әлемнің Әміршісіне адал болып қалуымыз үшін және Мәсіхтің Патшалығының адал азаматтары болып қалуымыз үшін кез келген көмекті беруге дайын. Ендеше, қорғаныш беретін аңғарда қала бергеніміз аса маңызды, өйткені біз бұл қорғанышқа үлкен қарқынмен келе жатқан зор алапаттың кезінде әсіресе мұқтаж боламыз.

ЕХОБАНЫҢ ШАЙҚАСАТЫН КҮНІ КЕЛЕДІ

14, 15. Құдайдың жауларына қарсы шайқасатын күні қорғаныш беретін аңғардың сыртында қалғандармен не болмақ?

14 Осы зұлым дүниенің ақыры жақындаған сайын, Шайтан Ехобаның қызметшілеріне қарсы шабуылын үдетеді. Алайда Шайтанның шабуылдарының бірі оның соңғы шабуылы болмақ, өйткені Ехоба жауларына қарсы шайқасады. Сол күні Әлемнің Әміршісі өзін ежелгі шайқастарына қарағанда әлдеқайда мықты Жауынгер ретінде көрсетеді (Зәк. 14:3).

15 Құдайдың шайқасатын күні қорғаныш беретін “өте кең аңғардың” сыртында қалғандармен не болмақ? Оларға “аспан денелері... енді қайтып сәулесін шашпайды”. Демек, оларда Құдайдың ықыласы болмайды. Сондай-ақ бұл шайқас күні “жаулардың жылқылары мен қашырлары, түйелері мен есектері, әрі... барлық басқа малдары да қырылып қалады”, яғни ұлттардың қару-жарағы қолдануға жарамсыз болып қалады. Кейін Ехоба “пәле” не індет жібереді. Бұл тура мағынадағы ауру бола ма, жоқ па, біз мұны білмейміз. Алайда олардың “көздері ұяларында, тілдері ауыздың ішінде шіріп кетеді”, яғни жаулар бізге жамандық жасай да, тіл тигізе де алмайды (Зәк. 14:6 сілт., 7, 12, 15). Шайтанның жағында “жержүзінің патшалары мен олардың әскерлері” болады. Бірақ олардың бірде біреуі Ехобадан қашып құтыла алмайды (Аян 19:19—21). “Сол кезде Жаратқан Иенің қолынан мерт болғандар жердің бір шетінен екінші шетіне дейін барлық жерде жатады” (Ерм. 25:32, 33).

16. Құдайдың шайқасатын күні жақындап келе жатқандықтан, қандай сұрақтардың үстінен ой жүгірткеніміз жөн және зор алапат кезінде не істеуіміз керек болады?

16 Әдетте соғыс бәріне де қасірет әкеледі, тіпті жеңімпаздарға да. Мысалы, өмір сүру деңгейінің төмендеуі әрі азық-түлік тапшылығы болуы мүмкін. Сондай-ақ адамдар дүние-мүлкінен және кейбір құқықтарынан айырылуы ықтимал. Егер басымызға осындай қиындықтар түссе, біз не істейміз? Үрейге бой алдырамыз ба? Қысымға беріліп, сенімімізден бас тартамыз ба? Үмітімізді үзіп, шарасыз күйге түсеміз бе? Зор алапат кезінде Ехобаның құтқарушы күшіне сенім артып, оның қорғаныш беретін аңғарында қала бергеніміз өте маңызды болады (Аббақұқ 3:17, 18 оқы).

 “ТІРІ СУ АҒЫП ШЫҒАДЫ”

17, 18. а) “Тірі су” деген не? ә) “Шығыстағы Өлі теңіз” бен “батыстағы Жерорта теңізі” кімдерді бейнелейді? б) Сендер не істеуге бел будыңдар?

17 Армагеддоннан кейін Мәсіхтің Патшалығынан “тірі су” толастамай ағатын болады. “Тірі су” — Ехобаның адамзатқа өмір беру үшін қолданатын шаралары. Тірі судың “бір жартысы шығыстағы Өлі теңізге, екінші жартысы батыстағы Жерорта теңізіне” ағатын болады. Бұл екі теңіз де адамдарды білдіреді. Өлі теңіз адамзат моласынан қайта тірілетіндердің, ал тіршілікке толы Жерорта теңізі Армагеддоннан аман өтетін “ұлы жамағаттың” лайықты бейнесі болып табылады (Зәкәрия 14:8, 9 оқы; Аян 7:9—15). Осы екі топтың адамдары бейнелі тірі судан, яғни “өмір суының өзенінен” шөлін қандырады. Нәтижесінде олар Адам атадан мұра еткен өлімнен азат етіледі (Аян 22:1, 2).

Ехобаның қорғаныш беретін аңғарында қала беруге бел бу

18 Болашақта Ехоба осы зұлым дүниені жояды, ал бізді құтқарып, өзінің әділ жаңа дүниесіне алып кіреді. Барлық ұлттарға жеккөрінішті болсақ та, Құдай Патшалығының адал азаматтары болып қалуға және әрдайым Ехобаның қорғаныш беретін аңғарында тұруға бел буайық.

^ абзац 11 “Аян. Оның салтанатты шарықтау шегі жақын!” (ор.) кітабының 169, 170-беттерін қара.