Оңтүстік Америкадағы Чили елінің Сан-Бернардо қаласында Мария Исабель есімді құлшынысты жас жариялаушы тұрады. Оның отбасы жергілікті мапуче тайпасынан шыққан болатын. Олар мапучелер сөйлейтін мапудунгун тіліндегі қауымның құрылуы үшін көп күш салған еді.

Науқан қарсаңында Мария Исабель Еске алу кешінің мапудунгун тілінде де өтетінін әрі сол тілде басып шығарылған 2000 шақыру қағазын тарату қажет екенін естиді. Сонда ол біраз ойланып қалады. Мария Исабель бұған қалай үлес қоса алар еді? Ол сыныптастары мен мұғалімдеріне уағыздаудан көп қуаныш алған басқа да жас Куәгерлердің мысалдарын есіне алады. Сондай-ақ бұл жайлы ата-анасымен сөйлеседі, ал олар Мария Исабельді мектепте шақыру қағаздарын таратудың мүмкіндіктерін іздестіруге талпындырады. Мария Исабель не ойлап тапты екен?

Алдымен, ол мектеп басшыларынан дәл кіре берісте шақыру қағазын іліп қоюға рұқсат сұрайды. Олар келісімдерін беріп, осындай іспен айналысқаны үшін оны мақтайды. Тіпті бір күні таңғы түгендеу кезінде мектеп меңгерушісі дауыс зорайтқышы арқылы Еске алу кешіне шақыру жайлы хабарландыру жасайды!

Кейін Мария Исабель барлық сыныптарға кіріп шығуға рұқсат сұрайды. Ал рұқсат алған соң, оқушылардан мапуче тайпасынан шыққан балалардың бар-жоғын сұрап шығады. “Мен мектепте мұндай отбасынан шыққан 10—15 қана оқушы бар деп ойладым. Бірақ олар әлдеқайда көп екен. Мен бас-аяғы 150 шақыру қағазын тараттым!”— дейді ол.

“ОЛ ЖАСЫ ҮЛКЕНІРЕК БІРЕУДІ КӨРЕМІН ДЕП КҮТКЕН ЕДІ”

Бір әйел кіре берісте ілініп тұрған шақыру қағазын көріп, кеш жайлы білу үшін кімге жолығуға болатынын сұрайды. Он жасар қызға жолығу керектігін білгенде, ол қатты таңғалады. “Ол жасы үлкенірек біреуді көремін деп күткен еді”,— дейді Мария Исабель күлімдеп. Оған шақыру қағазын беріп, қысқаша түсіндіргеннен кейін, Мария Исабель оның мекенжайын сұрайды. Ол бұл әйелге ата-анасымен бірге келіп, Құдай Патшалығы туралы көбірек айтып беруді уәде етеді. Мапудунгун тілінде сөйлейтін аумақта қызмет ететін 20 жариялаушы мапуче тайпасынан шыққан сол әйелдің және өзге 26 қызығушының Еске алу кешіне келгенін көргенде қалай қуанды десеңдерші! Қазір бұл керемет қауым болып отыр.

Жасың қаншада болмасын, сыныптастарыңды не әріптестеріңді Еске алу кешіне, көпшілікке арналған баяндамаға я облыстық конгреске шақырудың осындай мүмкіндіктерін қарастырдың ба? Мұның тиімді жолдарын табуға көмектесетін оқиғаларды неге әдебиеттерімізден іздестіріп көрмеске? Сондай-ақ Ехоба жайлы батылдықпен куәлік беру үшін оған киелі рухын сұрап дұға еткенің абзал (Лұқа 11:13). Осылай етер болсаң, сен де жақсы дайындықтың жемісін көріп, зор қуаныш пен жігер алатының шүбәсіз.