“Құдайға жақындаңдар, сонда ол да сендерге жақындайды” (ЖАҚ. 4:8).

1, 2. а) Шайтанның қандай “айла-амалдары” бар? ә) Құдайға жақындауға бізге не көмектеседі?

ЕХОБА ҚҰДАЙ адамдарды өзіне жақын болу қажеттілігімен жаратқан. Алайда Шайтан біздің Ехобаға мұқтаж емеспіз деп өзі сияқты ойлағанымызды қалайды. Ол адамдарды осы өтірікке иландыруға тырысады. Шайтан бұны Едем бағында Хауа ананы алдағаннан бері істеп келеді (Жар. 3:4—6). Күні бүгінге дейін адамзаттың басым көпшілігі Құдайды қажет деп санамай қателесіп жүр.

2 Қуанышқа орай, біз Шайтанның құрған тұзағын айналып өте аламыз, өйткені оның “айла-амалдарын жақсы білеміз” (Қор. 2-х. 2:11). Ол бізді бұрыс таңдау жасауға итермелеу арқылы Ехобадан алыстатып жіберуге тырысуда. Бірақ алдыңғы мақаладан білгеніміздей, жұмыс, көңіл көтеру мен отбасындағы қарым-қатынасқа қатысты дұрыс таңдау жасай аламыз. Ал осы мақалада Шайтан бізді жолдан тайдыру үшін қолданатын тағы төрт нәрсе жайында қарастырамыз. Бұлар — электронды құрылғылар, денсаулық, ақша және мақтаныш. Осы салаларда байсалдылық танытқанымыз бізге “Құдайға жақындауға” көмектеседі (Жақ. 4:8).

ЭЛЕКТРОНДЫ ҚҰРЫЛҒЫЛАР

3. Электронды құрылғы қалай дұрыс не бұрыс қолданылуы мүмкін?

3 Бүгінде дүниежүзі бойынша заманауи электронды құрылғылар кеңінен қолданылуда. Дұрыс қолдансақ, олар көп пайдасын тигізуі мүмкін. Ал бұрыс қолдансақ, бізді көктегі Әкемізден алшақтатады. Мысал үшін, компьютерді алып көрейік. Сен оқып отырған журнал компьютердің арқасында басып шығарылды. Сонымен қатар компьютер ізденіс жүргізудің, араласудың, ал кейде сергітетіндей көңіл көтерудің тиімді құралы бола алады. Алайда біз электронды құрылғыларға тым әуестеніп кетуіміз мүмкін. Жарнамашылар сені соңғы үлгідегі заттарға мұқтажсың дегенге сендіруге тырысады. Мысалы, бір жасөспірімнің планшет алғысы келгені соншалық, ол жасырын түрде бір бүйрегін сатып жіберіпті. Неткен ақымақтық еді!

4. Бір бауырлас компьютерді шектен тыс қолдану әдетімен қалай күресті?

 4 Электронды құрылғыны бұрыс не шектен тыс қолданғанның кесірінен Ехобамен тығыз қарым-қатынасымыздан айырылғанымыз неткен өкінішті болар еді! “Мен Киелі кітаптың рухани істер үшін “уақыттарыңды барынша тиімді пайдаланыңдар” деген сөздерін білетінмін,— дейді жасы 30-ға келіп қалған Абай * есімді бауырлас.— Алайда компьютерге келгенде, мен өз-өзіме қас жаумын”. Абай жиі түннің бір уағына дейін Интернетте отыратын. Ол былай деп қосты: “Интернетте неғұрлым көп отырған сайын, араласуды, бейнероликтер көруді тоқтату соғұрлым қиын болатын. Оның үстіне, олардың бәрі бірдей жақсы емес еді”. Осы жаман әдетінен арылу үшін, Абай ұйықтайтын уақыты келгенде компьютерін өзінен-өзі өшіп қалатындай режимге қоятын болды (Ефестіктерге 5:15, 16 оқы).

Ата-аналар, балаларыңа электронды құрылғыларды даналықпен қолдануға көмектесіңдер

5, 6. а) Ата-ананың балаларына қатысты қандай жауапкершіліктері бар? ә) Балаларының араласатын ортасы жақсы болуына ата-аналар қалай жағдай жасай алады?

5 Ата-аналар, сендерге балаларыңның әрбір басқан қадамын бақылаудың қажеті жоқ, алайда компьютерді қалай қолданатынын қадағалаңдар. Олардың азғындық пен спиритизм кездесетін сайттарды көруіне, қатыгез ойындар ойнауына не жаман ортамен араласуына жол бермеңдер. Әйтеуір мазамды алмаса болды деп сондай нәрселерге көз жұмсаңдар, балаларың “ата-анам еш нәрсе деп жатқан жоқ қой, ендеше мұнда тұрған ештеңе жоқ шығар” деп ойлауы мүмкін. Ата-ана ретінде сендер балаларыңды, жасөспірімдерді де, Ехобадан алыстататын кез келген нәрседен қорғауға міндеттісіңдер. Аңдар да өз балаларын қорғайды ғой. Қонжықтарына қауіп төнгенде, аюдың не істейтінін елестетіп көріңдерші! (Ошия 13:8 салыстыр).

6 Балаларыңа жас та, үлкен де үлгілі бауырластармен араласуға көмектесіңдер. Сондай-ақ балаларың сендермен уақыт өткізуге мұқтаж екенін есте ұстаңдар. Сондықтан олармен бірге күліп-ойнауға, еңбектенуге және “Құдайға жақындауға” уақыт бөліңдер *.

ДЕНСАУЛЫҚ

7. Неге бәріміз де денсаулығымыз жақсы болғанын қалаймыз?

7 “Денсаулығың қалай?” Жиі еститін осы сұрақ ащы шындықты есімізге салады. Түп атамыз бен анамыз Шайтанның өздерін Ехобадан алыстатуына жол бергендіктен, бәріміз де ауырамыз. Бұл Шайтанды қуантады, себебі ауырған кезде Ехобаға қызмет ету бізге қиынға соғады. Ал қайтыс болсақ, оған мүлдем қызмет ете алмаймыз (Заб. 113:25). Олай болса, денсаулығымыз жақсы болу үшін қолымыздан келгенді істегіміз келетіні анық *. Сондай-ақ біз бауырластардың да денсаулығын ойлап, қам жеуіміз керек.

8, 9. а) Денсаулықты күтуге қатысты қалай байсалды бола аламыз? ә) Қуанышымызды арттырудың қандай пайдасы бар?

8 Алайда бізге денсаулықты күтуде  байсалдылық таныту керек. Кейбіреулер Патшалық туралы ізгі хабардан гөрі, қандай да бір емдәмді (диета), ем-шараларды не дәрі-дәрмектерді көбірек жариялап жүр. Олар шын жүректен өзгелерге көмектесіп жүрміз деп ойлауы мүмкін. Алайда денсаулық пен сұлулыққа арналған өнімдер не тәсілдер жайлы Патшалық сарайында өтетін кездесулерге дейін не кейін, я болмаса конгрестерде айту орынсыз. Неге?

9 Біз қауым кездесулерінде рухани тақырыптарды талқылау үшін, әрі Құдай рухының жемісіне жататын қуанышымызды арттыру үшін жиналамыз (Ғал. 5:22). Осындай жиындарда — біреу сұраса да, сұрамаса да — денсаулыққа қатысты кеңес беріп, өнімдер ұсыну бізді рухани мақсаттарымыздан алыстатуы және өзгелерді қуаныштан айыруы мүмкін (Рим. 14:17). Денсаулығын қалай күтетінін әркім өзі шешеді. Түптеп келгенде, ешкім де барлық аурудың емін таба алмайды. Тіпті ең мықты деген дәрігердің өзі қартаяды, ауырады, ақыры өледі. Сондай-ақ денсаулығымызды тым көп уайымдағаннан өмірімізді ұзарта алмаймыз (Лұқа 12:25). Ал “көтеріңкі көңіл,— дейді Киелі кітап,— шипа болады” (Нақ. с. 17:22).

10. а) Ехоба үшін қандай қасиеттері бар адам сұлу? ә) Мінсіз денсаулыққа қашан қол жеткізе аламыз?

10 Біз денсаулықпен қатар сырт көрінісімізге де мән беруіміз керек. Алайда жас ұлғайғандықтың әрбір белгісімен күресуге тырысудың қажеті жоқ. Қайта, олар толысқандықтың және ішкі сұлулықтың белгісі болуы мүмкін. Мысалы, Киелі кітапта: “Ағарған шаш — салтанатты тәж, Ақ жолмен жүрген соған қол жеткізер”,— делінген (Нақ. с. 16:31). Ехоба бізге осылай қараса, біздің де өзімізге қатысты көзқарасымыз сондай болу керек емес пе?! (Петірдің 1-хаты 3:3, 4 оқы). Сондықтан сұлу көріну үшін қажеті жоқ әрі қауіпті оталарға, емделу жолдарына жүгініп, тәуекелге барғанымыз даналыққа жатар ма еді? Ішкі дүниемізден көрініс табатын нағыз сұлулық “Жаратқан Иеге деген қуаныштан” бастау алады әрі ол жас пен денсаулыққа байланысты емес (Нех. 8:10). Тек жаңа дүниеде ғана біздің денсаулығымыз толықтай қалпына келіп, жас боламыз (Әйүп 33:25; Ишая 33:24). Ал оған дейін даналық пен сенім танытайық. Бұл бізге қазіргі жағдайымызда қолдан келгенді жасай жүріп, Ехобаға етене жақын болуға көмектеседі (Тім. 1-х. 4:8).

АҚША

11. Қалайша ақша бізге тұзақ болуы мүмкін?

11 Ақша жаман нәрсе емес. Адал жолмен бизнеспен айналысып, ақша табуда тұрған еш нәрсе жоқ (Уағ. 7:12; Лұқа 19:12, 13). Алайда “ақшақұмар” болсақ, Ехобадан алыстаймыз (Тім. 1-х. 6:9, 10). “Осы заманның уайым-қайғысы”, яғни өмірге қажетті нәрселерге ие болуды тым көп ойлау бізді рухани тұншықтырып тастауы мүмкін. Сол сияқты “алдамшы байлық”, яғни ақша баянды бақыт пен қауіпсіздік әкеледі дегенге сену бізді өнімсіз етуі мүмкін (Мат. 13:22). Иса “ешкімнің” Құдайға да, байлыққа да бірдей қызмет ете алмайтынын анық айтқан (Мат. 6:24).

12. Бүгінде ақша табумен байланысты қандай тұзақтар кең тараған және оларға түсіп қалмау үшін біз не істей аламыз?

12 Ақшаға деген бұрыс көзқарас бұрыс әрекеттерге әкеп соғуы мүмкін (Нақ. с. 28:20). Кейбіреулер тез әрі жеңіл ақша табуға қатысты уәделерге алданып, лотерея билеттерін сатып алуға, желілік маркетингпен айналысуға азғырылған. Олар тіпті қауымдағы бауырластарды да осыған тартқан. Ал басқалары болса жоғары пайызбен қайтады деген ұсыныстарға алданып, қыруар ақшасынан айырылған. Ашкөздікке беріліп, алаяқтықтың құрбаны болып қалма. Ақылға салып, жан-жақты ойланып көр. Егер біреу тез арада байып кетесің деп уәде етсе, бұның рас болуы екіталай.

13. Ехобаның және осы дүниенің ақшаға деген көзқарастарында қандай айырмашылық бар?

13 “Құдай патшалығы мен оның әділдігін  әрдайым бірінші орынға қойсақ”, Ехоба біздің қажетті нәрселерге ие болу үшін еткен еңбегімізге батасын береді (Мат. 6:33; Ефес. 4:28). Ол біздің көп жұмыс істеп жүргеніміздің кесірінен кездесуде қалғып отырғанымызды немесе Патшалық сарайында отырып ақша жайлы уайымдағанымызды қаламайды. Ал осы дүниедегі адамдардың көбісі басқаша ойлайды. Олар бас көтермей жұмыс істеп, ақша жинасақ қана ертеңгі күніміз қауіпсіз әрі алаңсыз өтеді дегенге сенеді. Сондай-ақ балаларын да осындай мақсат қоюға талпындырады. Иса болса бұлай ойлаудың даналыққа жатпайтынын айтқан (Лұқа 12:15—21 оқы). Мысалы, Гехезай ашкөздікке бой алдырған, сөйте тұра Ехобаға ұнамды болып қаламын деп қате ойлаған (Пат. 4-ж. 5:20—27).

14, 15. Неліктен біз қорғанышты ақшадан іздемеуіміз керек? Мысал келтір.

14 Бір мәліметке сай, ауыр балықты іліп алған бүркіт оны тырнақтарынан босатпай, сол күйі суға батып кеткен жағдайлар болған. Мәсіхшімен де осыған ұқсас жағдай болуы мүмкін бе? Алекс есімді бір ақсақал былай дейді: “Негізі, мен өте үнемшілмін. Егер басымды жуу үшін сусабынды қолыма көп құйып қойсам, артығын ыдысына қайта құямын”. Алайда бір кездері Алекс бизнеспен айналыса бастады. Ол ақша жинап алған соң жұмыстан шығып, ізашарлық қызметті бастаймын деп ойлады. Сөйтіп, Алекс бұл істі зерттеуге басымен кіріп кетеді. Ол үстінен пайда көремін деген үмітпен жиған-тергенін және қарызға алған ақшаны сол бизнеске құяды. Алайда ол барлық ақшасынан айырылады. “Мен ақшамды қайтарып алуға бекіндім”,— дейді Алекс. Ол алған бетінен қайтпаса, бұл іс бір күні болмаса бір күні пайда әкеледі деп ойлады.

15 Алекс бірнеше ай бойы басқа нәрселер жайлы ойлай алмай жүрді. Рухани істерге зейін қою ол үшін қиын болып кетті, түн ұйқысы бұзылды. Ақшасын болса сол күйі қайтара алмады. Ол жинаған бар ақшасынан айырылғандықтан, үйін сатуға мәжбүр болды. “Менің кесірімнен отбасым қатты зардап шекті”,— дейді Алекс. Алайда ол бұдан маңызды сабақ алды. Ол: “Шайтанның жүйесіне сенім артқан әркім өте қатты опық жейді екен”,— дейді (Нақ. с. 11:28). Иә, жинап-терген ақшамызға, белгілі бір іске қаражат құйып, пайда көретінімізге не осы дүниеде ақша табу қабілетімізге бар үмітімізді арту “осы дүниенің құдайы” Шайтанға үміт артумен парапар (Қор. 2-х. 4:4; Тім. 1-х. 6:17). Қазір Алекс “ізгі хабар үшін” қарапайым өмір сүруде. Бұлай еткені оның өзіне де, отбасына да бақыт сыйлап, Ехобаға жақындата түсті (Марқа 10:29, 30 оқы).

МАҚТАНЫШ

16. Орынды мақтаныш пен орынсыз мақтаныш деген не?

16 Орынды мақтануда тұрған ештеңе жоқ. Мысалы, біз Ехоба куәгері екенімізді мақтан тұтуымыз керек (Ерм. 9:24). Өзімізді орынды түрде құрметтей білгеніміз дұрыс шешімдер қабылдауға және құлықтылық нормаларын аяқасты етуден аулақ болуға көмектеседі. Алайда өзімізді өзгелерден жоғары қойғанымыз не көп білеміз деп кеуде қаққанымыз бізді Ехобадан алыстатуы мүмкін (Заб. 137:6; Рим. 12:3).

Қандай да бір қызметке тағайындалуды зарыға күтудің орнына, уағыздан барынша қуаныш ал!

17, 18. а) Киелі кітаптағы кішіпейіл және менмен адамдардың мысалын айтып бер. ә) Қалай бір бауырлас менмендіктің өзін Ехобадан алыстатып жіберуіне жол бермеді?

17 Киелі кітапта кішіпейіл адамдармен қатар менмен адамдардың да мысалдары бар. Мәселен, Дәуіт патша кішіпейілділікпен Ехобаның басшылығына жүгінген, әрі Ехоба оған батасын берді (Заб. 130:1—3). Ал паңданып кеткен Набуходоносор мен Балтасар деген патшаларды Ехоба жуасытты (Дан. 4:30—37; 5:22—30). Бүгінде біздің де кішіпейілділігіміз сыналатын жағдайлар болып тұрады. 32 жастағы Дәурен есімді қызмет көмекшісі жаңа қауымға ауысады. “Мен көп ұзамай ақсақал болуға ұсыныламын деп ойладым, бірақ бір жыл өтті, ал мен сол күйі тағайындалмадым”,—  дейді ол. Басқа ақсақалдар өзіне тиісті құрмет танытпады деп, Дәурен ашуланды ма? Ол қауымға баруды қойып, Ехоба мен оның халқынан алыстап кетті ме? Ал сен не істер едің?

18 “Мен әдебиеттерімізден ұзаққа созылған үміт туралы тапқан мәліметтердің бәрін оқып шықтым”,— дейді Дәурен (Нақ. с. 13:12). Ол сөзін жалғап былай деді: “Маған шыдамдылық пен кішіпейілдік жетіспейтінін түсіне бастадым. Ехобаның мені тәрбиелеуіне жол беру қажет болды”. Дәурен бар назарын өзіне емес, қауымдағы және танаптағы адамдарға қызмет етуге аударды. Көп ұзамай ол бірнеше адаммен Киелі кітап зерттеу сабағын жүргізетін болды, әрі олар жақсы рухани қадамдар жасай бастады. “Бір жарым жылдан кейін мен ақсақал ретінде тағайындалдым. Бұл мен үшін тосын сый болды. Себебі бар ойым атқарып жатқан қызметте болғандықтан, тағайындалу жайлы ойламай кеткен едім”,— дейді Дәурен (Забур 36:3, 4 оқы).

ЕХОБАҒА ЖАҚЫН БОЛЫП ҚАЛА БЕР!

19, 20. а) Еш нәрсенің бізді Ехобадан алыстатып жатпағанына қалай сенімді бола аламыз? ә) Ехобаға жақын болып қалған кімдерге еліктей аламыз?

19 Осы және алдыңғы мақалада қарастырылған нәрселердің өмірімізде өз орны бар. Біз Ехоба куәгері екенімізді мақтан тұтамыз. Бақытты отбасы мен жақсы денсаулық — Ехобаның керемет сыйлары. Жұмыс пен ақша болса қажеттіліктерімізді қамтамасыз ету үшін керек екенін түсінеміз. Сондай-ақ көңіл көтеру мен электронды құрылғылар да бізге зор көмегін тигізе алатынын білеміз. Алайда осы нәрселерді шектен тыс әрі ғибадатымызға кедергі жасайтындай етіп қолданғанымыз бізді Ехобадан алыстатуы мүмкін.

Еш нәрсеге өзіңді Ехобадан алыстатуына жол берме!

20 Әрине, Шайтан сендермен осылай болғанын қалайды. Әйтсе де өздеріңе және отбасыларыңа төнетін бұл қауіптің алдын алу қолдарыңнан келеді (Нақ. с. 22:3). Ехобаға жақындай түсіңдер әрі оған жақын болып қала беріңдер. Осылай еткен адамдардың мысалы Киелі кітапта көптеп кездеседі. Енох пен Нұх “Құдаймен тығыз байланыста жүрген” (Жар. 5:22; 6:9). Мұса “көзге көрінбейтін Тұлғаны көріп тұрғандай берік болды” (Евр. 11:27). Иса әрдайым көктегі Әкесіне ұнайтынды істегендіктен, оның қолдауынан ешқашан қол үзбеген (Жох. 8:29). Осы қызметшілерден үлгі алыңдар. “Әрдайым қуаныңдар. Ұдайы дұға етіңдер. Барлық жағдайда Құдайға ризашылық білдіріңдер” (Сал. 1-х. 5:16—18). Еш нәрсенің өздеріңді Ехобадан алыстатып жіберуіне жол бермеңдер!

^ абзац 4 Есімдер өзгертілген.

^ абзац 6 “Баланы қалай жауапты адам етіп өсіруге болады?” деп аталатын 2011 жылғы “Ояныңдар!” (ор.) журналының қазан айындағы санын қара.

^ абзац 7 “Жақсы денсаулықтың бес сыры” деп аталатын 2011 жылғы “Ояныңдар!” (ор.) журналының наурыз айындағы санын қара.