14 ҚАРАША, 2024
ҚҰРАМА ШТАТТАР
Ехоба куәгерлерінің дүниежүзілік бас басқармасының қасындағы орманда тілсіз жау жалаңдап тұр
2024 жылдың 9 қарашасында Уорвиктегі (Нью-Йорк штаты, АҚШ) Ехоба куәгерлерінің дүниежүзілік бас басқармасының солтүстік-батысында 2 шақырымдай жердегі орманнан өрт шықты. Өрт баяу тарап жатқанымен, орманның шамамен 2000 гектар жерін жалмап үлгерді. Жергілікті билік өкілдерінің айтуынша, өрт осы өңірде жауын-шашын болмайынша жалғаса бермек.
Дәл қазіргі уақытта Бетел ғимараттарына, атап айтқанда, Уорвиктегі кешенге, Таксидо-парктегі JW Broadcasting студиясы мен Рамаподағы құрылыс алаңына тікелей қауіп төніп тұрған жоқ. Алайда бауырластарымыз қырағылық танытып, Бетел отбасы мен филиал ғимараттарын қорғау үшін қажетті шараларды жасауда (Нақыл сөздер 22:3). Құрама Штаттардағы филиалдың комитет мүшесі Люк Саладино бауырлас былай дейді: “Өрт басталысымен, біз Уорвикте күні-түні күзететін бауырластарды тағайындадық және төтенше жағдайда әрекет ететін топтарды ұйымдастырдық. Бұл топтарға кешеннің айналасында жатқан құрғақ өсімдіктерді алып тастау, ғимараттардың шатырына төселген көк шөпті суғару және басқа да сақтық шараларын қолдану тапсырылды. Бұған қоса, біз Бетел отбасының мүшелеріне дабыл сөмкелерін дайын ұстауды және эвакуация болған жағдайда кетуді ескерттік. Қуанышымызға орай, әзірше эвакуация жасаудың қажеті жоқ”.
Бірнеше ер бауырлас сақтық шарасы ретінде Уорвиктегі кешеннің аймағындағы ағаштарды суғарып жатыр. Суреттің ішінде: өртті сөндіру үшін жақын маңдағы “Көгілдір теңізден” су құйып алған тікұшақ
Жақын аудандардан келген өрт сөндірушілер мен құтқарушылар өрт таралмау үшін қажырлы еңбек етуде. Алғыстарын білдіру үшін Бетелдің кейбір бөлімдері оларды азық-түлікпен және ауызсумен қамтамасыз етіп, басқа да қажетті көмек көрсетуде. Саладино бауырлас сөзін жалғап: “Осындай қауіпті жағдайда біздің және көршілеріміздің игілігі үшін ауыр еңбектеніп жатқан осы ерлер мен әйелдерге шексіз ризамыз”,— дейді.
Біз осы өртпен арпалысып жатқандардың бәріне Ехоба “даналық пен саналылық” берсін деп дұға ете береміз (Нақыл сөздер 3:21).

